Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 3736 0 пікір 30 Қыркүйек, 2022 сағат 13:02

Жақсымен жүздесулердің жылнамасы

Жолжазбалар 

І. Танысу

«Біздің бір-бірімізді танып, таңдау
жасауымызда еш кездейсоқтық жоқ... Біз
санамызда сұлбасы қалыптасып үлгерген,
түйсігіміздің түкпірінде бұрыннан бар
жандарды ғана құшақ жая қарсы аламыз!»
Зигмунд ФРЕЙД

Қас қарайған шақта қаланың жоғарғы жағында орналасқан танымал мейрамханаға баруға желкемнің қыры жібермей, құнан қымызды құнығып ішкен Қанағат досым (Қаражалға жол түскенде атына заты сай болмай, Құдай төбесінен қос қолдап ұрғаны бар!) құсап, жұртта қалған қара қазандай төңкеріліп біраз жаттым. Қожекеңнің: «Аға, жетіден қалмай жетіңіз, бір бекзат адаммен танысасыз», - деген «биязы» бұйрығына да бірден бой ұсына қоймай, біршама тартыншақтағаныммен, түбінде түстікті бетке алғанмын. Шөпкетышар шенділерден шаршау басым кекір мен дөкірді күнара көріп, жер-көкті тіреп тұрғандай төбеңнен төмен түксие қарайтын «тізгінұстарлар» мен әлімсақтан әулетіне әл-ауқат біткендей едіреңдейтін әумесер, есерсоқ әулекілерден әбден зәрезап болса керек, ми міскіннің ішіне әлдебір күмән кіріп алып, кібіртіктетіп қойғаны рас енді... Алайда, тап сол сәтте кісікиіктігім мен күмілжулі көңілімді пендәуи қызығушылығым жеңіп: «Қандай адам болды екен?» - деген сыңар сауалдың жетегінде жандарыңызға жылдам-ақ жеттім. Қарындасымыз таныстырып, қасыңыздан орын ұсынды. Әдемі әңгіме де айтылды, әсем ән де әуелеп тұрды... әлсін-әлсін, құсқанат қар сынды. Мәнді сөзге әуестігіміз сиқырлы сазды кідіртіп, әредік сүйкімді әнді үзді. Біздің бауырларымыздың таланттары – Тау Толағай, олардың орындауында мін жоқ-ты, бәріне кінәлі – ЕКІНШІ ИНТЕРНАТ! Жарықтық Жәдігер ағайымыздан бастап, жүзден аспай жүдемегір Сапа Ысқақұлына дейін еске алдық сол кеште. Сіздің Мәруа апайыңызға деген сағыныш пен құрметке толы лебізіңізден жып-жылы леп есіп тұрды. Арамыздағы жыл айырмашылығы Ақылбайға әке атанғандағы Абайдың жасындай бар болса да, бір балбастаудан сусындап, бір алқаптың астығын орып, дәнін теру бұйырған екен бізге, аға. Ұзақ әңгімелестік. Байырғы тамырларша, бір туған бауырларша емен-жарқын отырдық. Сыралғы достардай ашылып, сағатқа да көз салмаппыз. Бұл не тылсым болды?! Таң-тамаша қалмасқа әддің қайсы?! Жауап бар ма?!

Қош айтысар сәт туған. Өлең оқыдым... күркіретіп. Сілтідей тынып тыңдаған айналама да, өзіме де разы едім. Тыныштықты сіз бұздыңыз... дүркіретіп. «Ап, бәрекелді!» - деп, қолымды қысып, Сейіл екеуміздің маңдайларымыздан кезек сүйдіңіз. Үркерге үн жеткізген Сейіл ғой, «алты ішекті жетігенімен» сүйемелдеуіне-ақ суындай сәйгүлік байлар ем, қол қысқа болмаса... Сіз жолыңыздан жығылмай, жөн-жоралғыны жасап болып, баршамызға: «Балталасаң, бұзылмас бүтіндік болсын!» - деп, берекелі бірлік тілегеніңізде нәсілінде құрайыштың қаны бар қыздың, әсілінде, көп қазақтан көреген екеніне көзім жетті. Күмәнданғаныма ұялдым.

Содан бері жиырма жеті рет ай жаңғырды, жыл(дар) жылжып, екі рет есеп ашты. Тілегіңізді Тәңір құп көрді ме екен?! Жаныңыздамыз. Біргеміз!

Жадымдағыны жолда хаттадым, ғадет қой... Уақыттан тапшылық танымас күнге де аса асықпайық, аға. Сол дұрыс, шамасы...

Түйін: «Күмән – сенімге жетелейтін баспалдақ». Хорвуд Хантингтон.

«Бұл қайсы еді?» - деп, бір жолға қинамай қоясыз-ау, аға. Білмейді екенмін. Сэмюэл Филлипстен басқа Хантингтонды оқымаппын, бірақ, сөзінде қисын бар құрғырдың... Тап осы сөзім Бекболаттың «оң жамбасына орай» келіп-ақ қалар ма еді?!

ІІ. Тамыр

«Туып, өскен елің қымбат,
Кіндік кескен жерің қымбат,
Әлпештеген анаң қымбат,
Еркелеген балаң қымбат,
Мейірімді әкең қымбат,
Жақсы дос, жарың қымбат,
Бәрінен де ұят пен арың қымбат!»
Қабылиса АСАНҰЛЫ

«Таңда дайын отырарсың, Айдын саған соғады. Ауылға барамыз», - деп, қысқа қайырдыңыз. Дауысыңыздан қуаныш сезіліп тұрды. Туған жер, төл топырақ, түп тамыр, тек төркіні, тарихқа тағзым... Турасын айтқанда, осынау тіркестер тіл ұшында тұрғандай көрінді. Әлде, араға бір жарым мүшелді молынан тастап қана атақонысына ат ізін салу маңдайына жазылған менің мұндар көңілімнің «Кісенашқан» күйін көксеген көрінісі ме еді бұл?!

Алагеуімде мен үшін алыс, сіз үшін жақын ауылға аттандық. Алыс болатыны – Алматыдан ұзап шықпағаныма жылға жуықтаған. «Жақын» демеске мүлде негіз жоқ! Ауылын аңсаған адамға шақырымдар сөз боп па?! Ауылың мен бауырыңа бүйрегің бұрып, сол бір ұлық ұғымдар жүрегіңе жақын тұратыны тағы рас. Әлдебір жайсаңдар елің мен жерің жайлы жақсы айтса, ішің жылып, базбіреулер тектен-текке текіректеп, ауыл-аймағыңның «итін» жамандаса, жаның шығып кете жаздайтыны да жасырын емес. «Жазған құлда жазық жоқ», сірә...

Жеңгемнің үйден сайлап шыққан қазы-қартасын қарбыта асап, әрнені әңгімелеп, әзілдің түбін түсіріп (Тоқ адамда көп алаң да жоқ қой!),езуімізді жия алмай, желмен жарысқандай жүйткіп-ақ келе жатқанбыз. Арқарлы асуынан ары асқанда күлкіні де қидық, басы артық сөзді де тидық. Себебі, сіз Ақын Атаның жырын тәпсірлегендей тебіреніп, кімнің не үшін қымбат болатынын, тек пен топырақтан тамыр үзуге болмайтынын толғауға кірісіп кеттіңіз және мұныңызды жөн білгендік деп түсіндім мен сонда. Жол үстінде Арқарлының қос қапталынан қол созып, асуға жапсарлас жатқан Итжон мен Малайсырыны, әрідегі Мұқыры мен Албасуды, алтын бесігіңіз – Ақтекшені аймалай құшқан Қарт Шағанды тілге тиек еткеніңізде түйсікпен ғана түйсінер жарасым бар еді, аға. Бұл мағыналы баянмен үндесіп, үйлесім тапқан тәтті күйдің керуені Басқаннан бастау алатын Көксуды көктей өткенде де, Балпық бидегі бауырларыңызға жеткенде де үзілмеді. Қоңыраулатпай, қоңыр аулатқан күй үшін Айдынға, өмірге келген өлкеңізді өзек еткен әсерлі әңгімеңіз үшін өзіңізге алғаусыз алғысымды іштей айтып болып, аяулы анаңыз отырған құтты шаңырақтың табалдырығынан аттадық. Амандық-саулық сұрасып, «біз келдіктің» мезіретін жасадық та «ықылым замандардан ырзығы аман қалған», бір-бірімен ынтымағы келіскен, ырыс-берекесімен бөліскен бауырлардың арқа-жарқа көңілдері мен ас та төк пейілдерінің куәсі болдық. Ол аздай, айналсоқтап, апамды төңіректей бердім. Арғы-бергі сүрлеу-соқпақтардан сыр тартып көрмек ем, әзиз анаңыз майдан қыл суырғандай талай тәмсілді талқылап-ақ тастады сол заматында. Қадау-қадау қағидаттан қайырып, тарау-тарау тауарихты тарқатты Тезек төренің зәузаты. Тыңдай бердім. Тапжылмадым. Таңданысымды жасыруға тіптен де тырыспадым. Талай жыл бұрын басымнан өткерген өмірдің өзін көрдім... Одан соң, ойға шомдым... Тамырды танығандай болдым.

Түйін: «... Жүгінбеңдер төреге.
             Әділетті төре жоқ,
             Түсетін шөре-шөреге.
             Ақынның елі сондай деп,
             Үлгісі жақсы қандай деп,
             Болыңдар елге өнеге!» Қабан жырау.

ЕСЕН-САУ ЖҮРІҢІЗ, ТАМЫРЫ ТЕРЕҢДЕГІ ЕЛІНІҢ ЕРЕН БЕГІ!

ІІІ. Тойлар туралы толғам

«... Тойсыз өмір – аялдайтын
 бекеті жоқ ұзақ жол сияқты».
Демокрит

Аялдамадым. Аяңдадым... «Саңылаусыз адамдардың амалдарының» арқасында уагондар мен қамалдардың саңылауларынан үміт пен сенімнің сәулесі сығалаған тым ұзақ сапар болды. Сүйкімді сөйлемнің сиқын кетіріп, орынын таба алмай, ортада опынған одағайдай болмайын деп, оралуыма орай орталы, ордалы тұстарға да, йа, омыртқа басын ұстауға да онша-мұнша ықылас танытпадым. Омақаса жығыла құлап, жылдар бойы жалпыдан жырақ, жалқы қам құрап, оңашада омалудың ащы дәмін татқан біледі... Аты-затымен құрысын, қастасқан жанға да, ата жауға да тілемес ем!

Кім біледі, көп елді жиып, той өткермек, өлеңді ол елге жеткермек түгілі, осылайша орман ойдың өзектісін сұрыптап, өзімді өзім құрықтап, әлі де біраз бөрісоқпақтата тұрар ма едім, күндердің күнінде (?!):

Әкемтеатрдың бір бұрышында жыр сағаты өтіп, бұл іс-шараға Бақантай бауырым шақырмаса;

Қаңғалақтап жүріп, құжырама келіп қалған Қанашты емдеп, екеулеп «Алпауыт ақындарды» ойлап таппасақ;

Сатпайтын, сатылмайтын Дәукен досым қолымнан қақпай, бас әдеби басылымнан тұрақты айдар ашуға мүмкіндік бермесе;

Жәукең жақсы көретін жинақ қайта басылып шығып (Толық таралып кетіп, тез таусылуына байланысты төрт рет қайта басылған «Тақсыр, Күнді» ақын Жарас Сәрсек «ең бақытты кітап» атандырған!), Ғазиза ханым өз кітапханасында таныстырылымын жасамаса;

«Алматы TV» телеарнасының басшылығымен жағаласып жүріп, Әлияш өз бағдарламасының бас кейіпкері етпесе;

Қайта оралудың қайырлы жолдарын қарастырып, кіл жақсылармен жарастырып, «Жалғыз Аспан» жарық көргенде тас түнекте шам жаққандай жарқыратып, көз көріп, құлақ естімеген жыр кешін ұйымдастырған, құмайындай жаңғырған жырларымды ән қылған Розатай бегім жанашырыма айналмаса;

Топқа бармағанына, сайран салмағанына, той бермегеніне, думан көрмегеніне ширек ғасырдан асқан, алаң күнде атайы қасқырдай әр қадамын аңдап басқан ініңіздің жалаулап-ақ тұрған жадау жайын жасырып, жеңіскер байрақтай желбіретіп, баршадан бағын асырып, ел ішінде елеусіз жүргенде елеп, арқадан қағып, қолтықтан демеп, зағип заманның ақшел көздері шатынай қанталап, шата(қ) қоғам шалқалап, шамырқанып жатқанда, тал қармайтын шақтарда, тар кезеңде тарықтырмай, күнін қаламақыға қаратып, қара бақыр санатып, киіт пен жемітке зарықтырмай, жолын даңғыл, тегіс қылып, сән-салтанатын келістіріп, Қарақорымдағы қаған ұлындай қалқалап, ағалықтың ауыр жүгін арқалап... Сіз жүрмесеңіз, ағатай!

Дүркіреп той өткен күні сіркіреп жаңбыр жауды. Сүйініші мен күйініші бір мөлдірге сыйып кеткен, қарашықты қиып кеткен көз жасындай...

Түйін: «Мейірімді жүрек әлемнің барлық ақыл-ойларынан гөрі әдемі!»

 Эдуард Бульвер-Литтон

Бұл ағылшын жазушысы қатардағы көп қаламгердің бірі емес, «Занони» романындай шын шаһқар шығарманы дүниеге әкелген бекзада. Британ бароны үш ғасыр бұрын болмыс-бітімі сізге келетін керемет жанмен жақын дос болған секілді. Жақсының шарапатын көрген, оның қадірін біліп, әділ бағасын берген жанның жүрегінен ғана шықса керек мұндай мінсіз сөз. Қанша қазаққа қарайласып, қанша қазаққа қамқор болдыңыз?! Қанша қазақ мектебінің сауабын алып, қанша қандасымызды баспаналы еттіңіз?! Жаяуға топқа барар тұлпар ат мінгізіп, жабырқауға той жасап, көңілін шат қылдыңыз... Малсызды малды еткен, тонсызды тонды еткен ертедегі Ер бабаларымыз секілді... Бәріне ел – куә! Бір менің өзімнің ғана азды-көпті жетістігімнің ешбірі ескерусіз қалмаған екен. Сіз сақилығыңыз мен мәрттігіңіз жайлы айтқанды құптамайсыз, есімде. Бірақ біз айтқанға көнетін бе едік?! Көрсек те көрмегендей болып, тырс етпей, тіс жармай, мысықша «көз жұмып» жүре алмайды екенбіз... Айыпқа бұйырмаңыз, аға

IV. ТАРАҚ ТАҢБАЛЫ ТАРЛАН

«... Қастасқан жаудың залым, найсабын
Қиратқан, артта – алаң күн.
Қол бастаған Ер Қабылғайсамын,
Қайқы ғұмырлы Қабанмын!»

«ТАРАҚ ТАҢБАЛЫ ТАРЛАН»
поэма-монологымнан

Жоңғар шапқыншылығы жайлы, жалпы жаугершілік турасында сөз болды бір кеште. Марғасқа, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқарлардың жырларын жатқа айттық, талқы арасында жыраулардың батырлығын қоса қозғадық. Өмірзақ жарықтықтың өлмейтін өлең жолдары да еске түсті:

«... Батыр ақын болмаса – ақындыққа мін емес,

Ақын батыр болмаса – көрген күні күн емес!»

Ғажап емес пе, аға? - деп, сұраулы көзбен сізге қарадым.

Сойқан! - дедіңіз дәстүрлі құптауыңызбен.

Түн ортасына дейін отырдық. Аңырақайлаттық, Еңірекейлеттік. «Ақтабан шұбырынды мен Алқакөл сұламадан азар аман өттік». Бірер сағаттан соң, ес жиып, еңсе тіктедік... Салқам Жәңгір боп Орбұлақта бір ерлеп, қас дұшпанды Қаратаудан қайырып, Тарбағатайдан түре қудық. Нәті жоңғарды жайратып салып қана тыншыдық... Содан кейін... Сырдағы елді бері көшірдік! Сол кезде сіздің бабаңыз жайлы толғадық. Ұзақ «қиссаның қайырмасы» қысқа болды... Заты – Қорасан, хаты – орасан сәйкіден сөз қалыс қалған ба?! Шиырлап барып, қиырдан қайтқан сауалдардың жалғыз оңды жауабын сол тапты. Қабылиса Асанұлының сақталған бар мұрасы, ғұмыры мен шығармашылығы туралы ғылыми зерттеулер, мақалалар мен толғамдар бір кітапқа топтастырылып, толыққанды тарихи-танымдық еңбек етіп шығаратын болдық. Бір бәтуаға келіп, таң қылаң бере тарастық. Сақар бауырымның «сәйгүлігіне» мінгесіп, мен де қайттым... Жердің шетіндегі, желдің өтіндегі елді мекендерге... Көкжиектерге.

Түйін: «... Өмір – теңіз, жүзем онда демеңіз,

 Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз!»

Әбул-Хасан Рудаки

Шығыстың шоң шайыры осы жолдарды хаттағанда бір шындықты біліп айтқаны анық. Қабан жыраудың телегейіне түстік те кеттік. Жыл жарымға жуық уақыт жұмсадық. Мұрағаттардың қанша шаңын жұттық?! Жауабы Жаратқанға ғана мәлім... Алдымен дерек көздерін іздедік, сосын барлық жиған-тергенді топтастырдық. Білікті ғалымдар мен көрнекті қаламгерлердің жазған дүниелерін сұрыптадық. «ТАРАҚ ТАҢБАЛЫ ТАРЛАН» туды. Он төртінші аймен бірге тарихи-танымдық «ҚАБЫЛИСА.ҚАБАН ЖЫРАУ.ТАРАҚ ТАҢБАЛЫ ТАРЛАН» дүниеге келді. Телегейді еңсергенімізге қарағанда, кемеміздің ізгіліктен жасалғаны рас-ау...

V. Туған топыраққа тағзым

«Басқа өлкенің отынан
туған жердің түтіні артық!»
Қазақ мақалы

Ел Тәуелсіздігінің отыз жылдығын әркім әрқалай атап өтіп жатқанда туған жеріңізге үлкен концерттік бағдарлама апаратын болдыңыз. Үрдісті бұзбай:

Ойым қалай? - деп, біздің пікірімізді сұрадыңыз. Үшеуіміз бірдей бас бармағымызды шошайтық.

Онда дайындалыңдар, келесі аптаға ыңғайланайық...

Сұрақ көп еді, бірақ, еш сұрақсыз дайындықты бастадық. Розатай тізім жасап, желіде арнайы топ құрды. Аққу мен Ардақ қонақтарды ауылға жеткізіп, түсірілімді сайлайтын болды. Жұмыстың ең оңайы маған қалды... Сөз бастап, кешті жүргізетініме қатты қуандым. Сахнаға сағынышым күшті еді...

Бағдарламаның аты да табыла кеткені тамаша болды. «Шаһардан – Шағанға!» Шынымен де керемет үйлесімді емес пе?! Бұл атаудың елдегі ақсақалдарға да ұнағанын кеш дүрілдеп өткен соң, алғыс айта келгенде өздері жеткізіп жатты.

Ақтекшедегі сахнаны безендіруге қажетті құрал-жабдық дайындап болып, желтоқсанның жиырма үшінші жұлдызында Қабан жырау атамыздың Қарт Шағанына тартып кеттік. Абыздың атындағы ауылдық округтің шекарасына қалай дем арасында жеткенімізді түсінбей де қалған едік. Жол да тақтайдай болды. Сапарластарымыз да кіл сайыпқыран-ды. Ең бастысы, ниет қандай еді?! Бәрі де керемет болды, имандай шыным!

Мәдениет үйіне жиналған елде есеп жоқ. Бар ықыластарын беріп, көз алмай қарап, тапжылмай тыңдаған жерлестеріңіздің ақ ұлпа қардай тап-таза пейілдерін қиып кете алмадық. Бір жарым сағаттық бағдарламаны үш сағатқа созып, алғаусыз алғысын жаудырған жұртшылыққа біз де бас идік. Қос анамыз (Сіздің анашыңызға серіктесіп, сахнаға Шымқаладан жеткен Розатайдың анасы бірге шыққан еді ғой!) ел көңілін көтерген балаларына ақ тілектерін жеткізіп, ақсақалдар батасын бергенде өзіміздің де төбеміз көкке екі-ақ елі жетпей тұрды. Барша ағайынның айызын қандырған көркем кешті аяқтарда:

Бас аман, бауыр бүтін, Ел есен болсын! Тәңірдің тәуір күндері таусылмасын! - деп, халықпен әп-әдемі қош айтысып, сахнадан сырғып бара жатқанымызда жергілікті әкім – Еркін бауырыңыз қасымызға көтерілді. Екі-үш жылдан бері түрлі жиналыстар ғана өткізіп жүрген сарайға жан бітірген Роза мен «Қоңырға», Аққу мен Әуезге, Әл-Фараби мен Гүлшатқа, Бейбарыс пен Ақылбекке рақмет айтып тұрып, енді мұндай ізгі іс-шараны дәстүрге айналдыру керек екенін ескертіп, сізге дер кезінде құлаққағыс жасап үлгерді. Мен сізге дүйім елдің алдында:

Әкім-қарадан іргеңізді аулақ ұстаңыз, аға! – дедім. Ел ду күлді. Сіздің бас изеп, жылы жымиып тұрғаныңыз жадымда қалыпты... Шағанға биыл да барамыз-ау, аға... Солай ма?!

Түйін: «... Ел ойпаңы білінбес, Еліне сай Ер туса!»

Қабан жырау

Сіз туған жеріңізді қаншалық қадір тұтсаңыз, жерлестеріңіздің де өзіңізге соншалық сүйіспеншілігі бар екен. Ауыл ақсақалдары айтып жатқан жанашырлығыңыз бен жақсы амалдарыңыз да маңызды, әрине. Дегенмен, мәселенің төркіні басқада секілді көрінді маған. Сіздің салып берген ғимараттарыңыз да керек-ақ ауылға. Елден келген жігіттерді жұмысқа алып жатқаныңыз шалғайдағы ауыл адамдарының жандарына жағып жатқанын да жақсы ұқтық. Бірақ ауыл қазағы базбіреулер ойлайтындай ақымақ емес қой... Түгел тұрғындарды «Қазақ әдебиетіне» жаздырып, рухани азығын үйіне жеткізіп беріп тұрған ел ағасының түпкі мақсатының тереңдігін түсінеді бәрі де.

VI. Тосынсый

«Кейбір адамдарға кішкентай
 істер де көп қуаныш әкеледі!»
Ник Вуйчич 

Тек қуалайтын тетраамелия дейтін сұмдық дерт барын мәңгі жасыл құрлықтан шыққан осы талантты жазушының өз өмірінен жазылған «Шекаралары жоқ ғұмыр: Бас айналарлық бақытқа бастар жол» атты кітабын оқығанда ғана біліп, таң болғанмын. Екі қол, екі аяқсыз да еш мойымай, тағдырының тарттырған бар тауқыметтеріне төтеп бере алған алып жүректі адамның рухының күштілігінің алдында басымды игенмін. Содан бері осы аса жігерлі жанның қаламынан шыққан жолдарды назарымнан тыс қалдырған емеспін.

Көптен күткен кітабымыз «ASPAN» баспасынан жарық көріп, Ақын Атаға арналған іргелі еңбекке әбден риза болғаныңызды жасырмай, риясыз алғысыңызды жеткіздіңіз. Сүйіндірген, сүйіншілеткен сол сәттерде біздің де көңіліміз межесінен мол шығып, әуелеп көкке кеткен-ді. Абыроймен аяқтаған жобаның заңды жалғасы ретінде Халықаралық «ТАРАҚ ТАҢБАЛЫ ТАРЛАН» жыр мүшәйрасын өткізбек ниетімізді байырғы мәрттігіңізбен құп көріп, бар шығынды сол бас қосудың үстінде-ақ қолымызға ұстата салдыңыз. Қуанышымыз еселеп артып, аса ауқымды жыр додасының қамына кірісіп кеттік.

Ақберен Қазылар алқасын, мен Үйлестіру кеңесін басқарып, аламанға екеуміз де қатыса алмайтын болдық. Мүшәйра жарияланған күннен бері қырық күн өтіп, жетінші айдың жетінші күнінде Ұлттық Кітапхананың Үлкен залында бұл бәйгінің қорытынды кешімен бірге аталмыш кітаптың таныстырылымын да жасадық. Жампоз жырауға арналған туындылардың сәтті шыққандары да, ауызымен құс тістеген жүйріктердің қарасы да біз ойлағаннан әлдеқайда көп болып, әу бастан хабарланған он тоғыз жүлдеге тағы он екі сыйлық қосуға мәжбүр болдық. Еш налымай, қайта өзімізді арқаландырып, сол көтеріңкі көңілмен мәдениет пен әдебиеттің бірнеше қайраткеріне сыйақы да тағайындап жібердіңіз. Барлық жүлдегерлерді марапаттап болғанда, мүшәйра жеңімпазы болған Несағаң екеуіңіз кішкентай періштеміздің тұсауын кесіп, құлыншақтың қадамына құт тіледіңіздер. Сөйтіп, біздің отбасының екінші оғланының алғашқы аяқ алысына өзіңіз бас болдыңыз...

Кеш соңында сөз алып:

Бұл жобаға атсалысқан ақындардың баршасына алғысым шексіз, қаламдарыңыздан қан қарая берсін! Дегенмен, бір бауырыма ерекше ыстық ықыласымды жеткізіп, өзім іштей атап қойғаныма біршама уақыт болған жүлдесін жарияласам деп едім. Бұл бауырыма атағаным – «шаппай бер» дейтін бәйгі... Ержантай, құтты болсын! – деп, сахнадан түсіп кеттіңіз. Кім не түсінгені де қызық емес болды маған, себебі, бәрін де сезіп тұрдым...

Күні кеше құрылысы аяқталуға таяп қалған үйімізді көріп, құрбандық шалып қайттық. Кешкен аз-кем ғұмырында баспана түгілі, малқораны да иеленіп көрмеген ақын үшін салтанатты сарай салып бергеннің бағамы қандай болатынын сөзбен жеткізу мүмкін емес сияқты... Өзім құрметтейтін Никтің айтқан «кішкентай істері» мұндай қуантар ма еді?! Білмедім... Алла разы болсын, ағатай!

Түйін: «Менің ұлы мұратым – адамдардың өз жолын адаспай табуына көмектесу». Ник Вуйчич

Тағы да рухты азаматтың сөзіне сүйендім. Сізбен мұраттас жан ғой бұл баһадүр. Ник те ұдайы қыжалат көргенге көмек қолын созып (қолдары жоқ болса да!), мұқтаждың қажетін ашып, арманы көп адам баласына жол сілтеп жүрген марғасқа ғой. Сіздің де ерен істеріңіз есеп білмейді... Мұң білмеңіз, мың болыңыз, адал жемін шашып жеген ақсұңқар баласындай асыл затты ағатайым! 

VII. ТҮЙІН ТАРҚАТУ

«Адамгершілік кімде болса,
соны Ер деп есепте!»
Ахмет ИҮГІНЕКИ

Жасыл дәптердегі отызға жуық жолжазбаның бірнешеуін таңдап алып, талғампаз оқырманның назарына ұсындық. Адамдық пен адалдықты ту еткен төл табиғатыңызды таныта алдық па екен?! Өмірдегі қарапайым ғана құндылықтардың өлшемін өзіңіздің өнегеңізбен салыстыра сипаттамақ болдық. Ол ниетіміз оң ниет қой, ойымыз іске асты ма?! Оны да бағамдайтын осы жолдарды оқыған жан болар... Айтқанымыздан айтпағымыз көп еді, Алла ғұмыр берсе, ол баяндар да басылар.

Кей-кейде жиырма бірінші ғасырда аса қатты асқынып, қарға тамырлы қандастарымыздың қара таңбасына айналып бара жатқан трайбализм атты қазақы емес (солай болса екен!), қасақы дерттен ада (сорымыздың соңы сол болар ма еді?!), «география мен биографиядан» биік тұрған тұлғалардың басын қосып, «Қырымның қырық батырындай» қосын құрып, қол жиып, «қазаққа қастық қылармандарды қырар ма еді, барша барақы баласының бастарын жұлар ма еді» деп, қиялға қанат байлаймын. «Ел айрылғанға» дейінгі дастан дәуренді жаңғыртқым-ақ келеді. Сол заңғар заманда ғұмыр кешсек, Азаулының Аймадет Ер Доспамбет ақасындай Ноғайлының «айын оңынан, жұлдызын солынан» тудыра алар ма едік, бір Жаратқан білер... Бірақ Сіз бастап, біз қоштап, ЕЛГЕ (Дәйім үлкен әріптен жазылып, сол сипатқа сай болса етті!) қалтқысыз қызмет қыларымыз хақ, білем!

Арғы замандарда жасаған Хакім бабамыз ғой Жүйнектік Ахмет (XII – XIII ғ.ғ.) ғұлама. Тумысынан біз көрер дүниені көрмейтін болса да, Әдиб Ахметтің көкірегінде КӨЗ бар еді (Біздің көп замандастарымыздың көз ұясында без ғана қалғаны қатты қынжылтады, аға!). Ал, ол КӨЗ көргенді көсемсіген көп «көреген» пендеге көру – зор арман, сезіну – мол мехнат! Әл - Инсан әл - Кәміл болу екінің біріне бұйырмыс болмас, сірә?! Жанарларының жарығынсыз жаралған («Ақиқат сыйының» туындыгерін «соқыр» дей алмадым!) жасампаз жанның жоғарыдағы сөзінен асырып айту қайда?! Әзірге осымен тоқтадық, ЕР АҒА!

Тұжырым:

Атаң – дүр, асыл анаң – дегдар адам,

Аспан мен жаралғандай кең даладан

Ақжүрек, жан жылуын Еліңе арнап,

Айналдың Арда туған Ерге Абадан!

Белгілі кәсіпкер, инженер-құрылысшы, қазақ руханиятының жанашыры Бейсенов Ербол Аманбайұлы – 60 жаста!

Ғұмырнама

Бейсенов Ербол Аманбайұлы 1962 жылы қыркүйек айының 28 күні Жетісу облысының (бұрынғы Талдықорған облысы) Көксу ауданына қарасты Қабылиса ауылдық округінде (бұрынғы В.Куйбышев атындағы ұжымшар) қызметкер әулетінде дүниеге келген. Үлкен үйелмендегі тоғыз перзенттің екіншісі. Отбасылы, балалары мен немерелері бар. Жұбайы – Бейсенова Гүлнар Орынғалиқызы.

Алматы сәулет - құрылыс институтының түлегі. «Құрылыс инженері» мамандығын игерген кәсіби білік иесі. Құрылыс саласындағы еңбек өтілі – 35 жыл. Еңбек жолын «Казпищестрой» Тресті МПМК-06 кәсіорнының прораб-шебері ретінде бастаған. Кейінірек «Межколхозстрой» Тресті МПМК-05 кәсіпорнының бас инженері болып тағайындалған. 1993-2002 жылдар аралығында СПМК-03 кәсіпорны басшысы болған. 2002 жылдан 2006 жылға дейін «Алтын Емел» ЖШС-ін басқарған. 2006 жылы «РемБУС» ЖШС-ін құрып, он алты жыл бойы еліміздің әртүрлі өңірлерінде сан алуан ғимараттардың құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп келді. 2022 жылдың тамыз айынан бастап аталмыш компанияның атауы өзгеріп, «Берекет - ТК» жауакершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылды. Ербол Аманбайұлы күні бүгінге дейін аталған кәсіпорынның құрылтайшысы әрі директоры болып қызмет атқаруда.

Е.А.Бейсенов өз компаниясын құрып, оны басқарып келе жатқалы көптеген ғимараттар мен зәулім құрылыс нысандары салынып, әлеуметтік маңызы зор құрылыстар, руханият пен мәдениет ошақтары бой көтерді. Атап айтқанда, «Берекет - ТК» компаниясы он бестен астам көпқабатты тұрғын үйлерді тапсырып, тоғыз мектептің құрылысын аяқтады. Қазір Алматы қаласындағы үш мектептің сейсмикалық күшейтуін жүргізіп жатқан кәсіби компания бұған дейін №7 Қалалық клиникалық аурухананың, Шонжы ауылындағы 25000 тонна ет өндіретін құс фабрикасын, «КелунКазфарм» фармацевтикалық зауы­тын салып, «Керуен» көпсалалы медицина орталығының және Алатау аудандық ІІБ-нің ғимараттарын абыроймен аяқтаған еді. 2014 жылы салынған «КелунКазфарм» фармацевтикалық зауыты Қазақстан Республикасындағы ең ірі дәрі-дәрмектер мен медицина саласына аса қажет бұйымдарды өндіруші кәсіпорын екені анық. Компанияның лайықты мақтанышына айналған аталмыш зауыттан бөлек, 2016 жылы Алматы қаласында осы саланың тағы да бір нысаны – кезекті медицина орталығының құрылысы аяқталған болатын.

Көпбалалы отбасыларды қолдау бағдарламасына сәйкес, «Берекет - ТК» компаниясы Алматы қаласында еліміздегі ең алғашқы «Бақытты отбасы» атты Көпбалалы аналарға қызмет көрсету Орталығын пайдалануға берді.

Бейсенов Е.А. Түркістан облысының Арыс қаласында орын алған апат­тан кейінгі жағдайда қаланы қалпына келтіруге қатысты аса ауқым­ды жұмыстарға үлкен үлес қосып, бұл сауапты істе зор белсенділік таны­туымен халықтың алғысын алды. Нәтижесінде оның кәсіпорны 239 тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жасап, 17 ғимаратты қайта салып шықты.

Алматы облысының Іле ауданына қарасты Боралдай кентінде болған төтенше жағдайдан кейін «Берекет - ТК» компаниясы қайта қалпына келтіру бағдарламасы аясында Шаруашылық жүргізуге құқылы «Аудандық аурухана» МКК-ыны ғимаратының шатырындағы жаңа жабындыны жасап, құрылыс-жөндеу жұмыстарын сәтімен аяқтаған болатын.

Карантин мезгілі күшінде тұрған уақытта бұл компания Алматыдағы №12 Қалалық клиникалық аурухананың кәсіби қайта бағытталуы бойынша бағдарламаға белсене араласып, аурухананы COVID-19 инфекциясынан сырқаттарды емдейтін стационарға айналдыру жұмыстарын кәсіби деңгейде, аса сапалы әрі абыройлы жүргізді.

Е.А.Бейсенов азаматтық мазмұндағы нысандарды салуға көп күш-жігер жұмсауымен қатар, құрылыс пен жөндеу жұмыстарының технологияларын жетілдіруге мән беріп, осы саланың озық үлгілерін үнемі өндіріске енгізіп келеді. «Берекет - ТК» ЖШС құрылыс нарығында өзін табысты әрі сенімді компания ретінде танытқан, өңіріміздегі бетке ұстар ұйымдардың бірі және мінсіз жұмыс жасап келе жатқан кесек кәсіпорын. Компания аса ауқымды жобаларды іске асыру барысында сапа стандарттарының барша үделерінен шығып, салалық ең тиімді һәм ең үздік үлгілерді өндірісте қолдануда және өз қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыра түсуде көпке өнеге болуда. Ал, компания жетекшісінің жеке өз басы болса, қайырымдылық секілді сауабы мол істе ешқашан аянып қалмайтындығы, ұлттық руханиятқа, төл әдебиет пен мәдениетке ұдайы қамқорлық қылып, жанашырлық танытып жүргендігі көпшілікке мәлім. Бірнеше ай бұрын бүкіл шығармашылық қауымның алғысын алған «ТАРАҚ ТАҢБАЛЫ ТАРЛАН» Халықаралық жыр мүшәйрасын ұйымдастырып, жүлде қоры мен барша үйлестіру шығындарын көтеруі жоғарыда айтылған сөздің шағын мысалы ғана. Ербол Аманбайұлы қайырымдылық шараларынан бөлек, көптеген әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетіп, бірқатар мемлекеттік бағдарламаларға да өз үлесін қосуда. Өз кәсіпорнының ондаған қызметкерлеріне баспана салып беріп, жеке автокөліктер сыйлап, білікті мамандарды ынталандырудың үздік үлгісін қалыптастырған «Берекет - ТК» компаниясы басшысының осындай сауапты да сауатты амалдары көпке өнеге болса керек. Бұл бағыттағы оң ниетті әрі ізгі істер келешекте де жалғасын таба бермек!

Марапат баяны

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, мерейтойға орай 2016 жылы қараша айының 29 күні «Қазақстан Республикасының 25 жыл» медалімен марапатталған.

2015 жылы «Құрылысшы Күні» кәсіби мерекесі қарсаңында, хас шеберлік біліктілігі мен құрылыс саласына сіңірген ерен еңбегі үшін Алматы облысы әкімінің Құрмет хатын (Грамота) иеленген.

2018 жылы «Құрылысшы Күні» кәсіби мерекесіне орай, өндірістік өркендеуде қол жеткізген жоғары көрсеткіштері мен бағындырған биік белестері үшін «Қазақстан құрылысшыларының қауымдастығы» Республикалық заңды тұлғалар бірлестігінің Құрмет хатына ие болған.

2018 жылы «Құрылысшы күні» кәсіби мерекесіне сай, өндірістік іскерлігі мен қол жеткізген жоғары нәтижелері үшін Алғыс хатпен атап өтілген.

2019 жылы «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен марапатталған.

2020 жылы «Қазақстанның Құрметті азаматы» қоғамдық оң ниет пен ізгі ізет Орденінің иегері атанған.

2022 жылы тамыз айының 12 күні «Даңқты құрылысшы» құрметті атағына ие болып, арнайы төсбелгімен марапатталды.

Алаштуған

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321