Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 3803 5 пікір 1 Қазан, 2022 сағат 13:49

Қазіргі Ресей - 1938 жылғы Германия

1938 жылы 12-13 наурызда Германия көршілес Аустрияға басып кірді. Сөйтіп бір ай өткен соң, 1938 жылы 10 сәуірде Германия Аустрияны қосып алу бойынша референдум өткізді. Ол тарихта «аншлюс» деп аталады. «Одақ, бірлестік» деген мағына береді.

Гитлер Аустрияны Германияға қосқан сәтте «бауырлас елдің құқығын қорғау», «халықтар таңдауы» дегенді айтты. Айтпақшы референдумда «Иә» (қосылуды қолдаймын), «Жоқ» (қарсымын) деген екі ғана бағана болды. Нәтижесінде «Иә» дегенді 99.73 адам таңдады, ал «Жоқ» дегенді 0.27 адам таңдады деді Гитлер. Санмен айтсақ 4.5 млн адам Германияға қосылуды қолдап, 11 мың адам қарсы болған-мыс. Дауыс беру парағында «Иә» деген бағананы «Жоқ» деген бағанадан екі есе ұлғайтып қойғаны тағы бар. Бұл Гитлердің Еуропаны жаулауды бастаған кезі еді. Оған дейін ол түрлі жиналыстар өткізіп, миллиондаған халықты алаңға жинап, «Ұлы Германия, тарихта кеткен есе» жайлы баяндамалар жасаумен болды. Ал одан кейінгі тарихты біз білеміз. Екінші жаһан соғысы, қос тиран арасындағы қанды соғыс, Гитлердің бункердегі өлімі және Германияның екіге бөлінуі.

Кеше Путин Ресейде Украинаның төрт облысын қосып алғаны жайлы мәлімдеме жасады. Жалған референдумды тура Гитлердің ізімен ақтап алуға тырысты. «Халықтардың таңдауы», «құқығы тапталған орыстілді орта», «Киевтегі нацизм» дегенді айтты. Бұл жалған референдумдарда нәтиже 90 пайыздан төмен болған емес және барлығы Ресейге қосылуды қолдапты-мыс. Ең қызығы кеше қызыл алаңда үлкен жиын өтті. Мыңдаған адам алдында Путин сөз сөйледі. «Жаңа әлемдік тәртіп», «Ұлы Ресей», «қуатты әскер мен керемет жеңіс» жайлы айтты. Алаңға жиналғандар жалауларын көтеріп, әндерін айтып, Путинмен бірлесе ұрандатып жатты. Тура 1938 жылғы Германияны іспеттес.

1938 жылы Еуропа елдері, АҚШ Аустрияға көмек берген емес, егер көмектескенде мүмкін Германияны ерте ауыздықтауға болар ма еді. Бірақ қазіргі Еуропа мен АҚШ сол тарихи қателіктен сабақ алған сияқты. Украинаға қару мен қаржы беруде. Ал Ресей ше? Анығы Ресей билігі. Германияның амбициясы Германия үшін қалай аяқталғанын ұмытқан ба?...

Асхат Қасенғали

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338