Сәрсенбі, 9 Қазан 2024
1827 0 пікір 7 Қазан, 2022 сағат 12:28

Қазнетке 20 миллион кибер шабуыл жасалды

Қазнетке бір ай ішінде 20 миллионға жуық кибер шабуыл жасалды. "Киберқалқан" қоғаныс кешені құралдарымен кибершабуылдарға тойтарыс беру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр”, деп хабарлады "Мемлекеттік техникалық қызмет" АҚ ("МТҚ" АҚ).

«Бүгінгі таңда қауіп-қатер деңгейін төмендету үшін нақты уақыт режимінде барлық желілік трафиктерге талдау жүргізіліп, әрбір пакет тексерілуде. "Киберқалқан" зиянды трафик пен зиянды бағдарламалық жасақтаманы сүзу арқылы ішкі және сыртқы периметрлік шабуылдарға тойтарыс береді», - делінген "МТҚ" АҚ хабарламасында.

Мемлекеттік техникалық қызметтің болжауынша, кибер шабуылдар Қазақстандағы президент сайлау кезеңінің басталуына байланысты.

«Мұндай шабуылдардың негізгі мақсаты – Қазнет инфрақұрылымының жұмысын бұзу болуы мүмкін екенін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан болатын»,-дейді "МТҚ" АҚ,

Тоқаевтың:  «Белгілі бір сыртқы күштер елімізге қиындық туғызуға ниетті. Олар Қазақстандағы оң өзгерістерге кедергі жасағысы келеді. Бірақ біз таңдаған бағытымыздан бас тартпаймыз",-деген сөзін еске алып.

Мемлекеттік техникалық қызмет қазіргі уақытта «Киберқалқанның» күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

Айта кетейік, Қазнетке DDoS шабуылдар жасалғаны туралы 25 қыркүйекте белгілі болды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин министрлікте  DDoS шабуылдардың қайдан жасалып жатқандығы, оның артында қандай ұйым тұрғаны туралы ақпарат жоқ екенін айтқан болатын, өйткені бұл үшін прокси және VPN серверлері қолданылады.

Анықтама үшін: DDoS шабуылы – бұл белгілі бір интернет-ресурсқа немесе интернет сегментіне ретсіз сұраныстар түріндегі арнайы бағытталған қуатты трафик ағыны. Шабуыл нәтижесінде Интернетке қол жеткізу қиындайды (Интернет қызметтерінің жұмысында кідіріс болуы мүмкін немесе ол мүлдем жұмысын тоқтатады).

 

Abai.kz

0 пікір