Зұлым. Суровикиннің қылмыстары...
Бұл Сергей Суровикин деген орыс генералы. Украина майданына жауапты болып, өткен сенбіде ғана тағайындалған. 10 қазандағы Украинаның қалаларын, бейбіт тұрғындарын, тұрғын үйлер мен балалар алаңдарын т.б. жаппай бомбалауға жауапты адам.
56 жаста. Ресей батыры. Армия генералы. Тамыз төңкерісі, Сүрия, Шешен соғыстарын көрген.
1991 жыл: ГКЧП ОҚИҒАСЫ.
1991 жылы тамызда капитан шенді Суровикин 2-гвардиялық мотоатқыштар дивизиясының 1-мотоатқыштар батальонын басқарып, ГКЧП бұйрығы бойынша, Садовая кольцода (Мәскеу) пост орнату үшін барады. Олардың алдына наразы халық шығып, жолдарын кесіп, тоқтатпақ болады. Суровикин мәселені сөзбен шеше алмаған соң, әуеге ескерту ретінде оқ атып, наразыларды таптап өтуге бұйрық береді. Сол жерде 3 адамды Суровикиннің БМП-сы мыжып өте шығады. Ал ГКЧП жеңілісінен кейін Суровикин тұтқындалып, 7 ай бойы қамауда болады. Кейін ол бар болғаны бұйрықты орындаушы саналып, айып алынады.
1995 жыл: ҚАРУ САТУ
Әскери академияда оқып жүргенде, Мәскеу әскери соты Суровикинді заңсыз қару сатып алу және сату ісіне айыпты деп танып, 1 жылға шартты жазаға кескен. Кейін бұл айыпты да алып тастаған. Ол тапанша сатқан.
2004 жыл: ҚАРАМАҒЫНДАҒЫЛАРДЫ ҰРЫП-СОҒУ
2004 жылдың наурызында подполковник Виктор Цибизов өзін генерал-майор Суровикин «саяси көзқарастары үшін ұрып-соққты» деп айыптады. Цибизов сол жылы наурызда Думаға үміткер Зяблецева деген адамның сайлауалды штабына бақылаушылық жасаған. Суровикин оның саяси көзқарасы үшін айыптаған. Кейбір орыс ақпараты, Суровикиннің подполковник Цибизовты жеке кабинетіне шақырып, ауыр сөздермен балағаттап, ұрып-соққанын жазған. Суровикин сотта бұл айыптың ешбірін мойындамаған. Ол «подполковник өз жұмыс орнын 30 тәулікке қалдырып кетті», - деп айыптаған. Суровикин мен Цибизовтың кабинеттегі айқайынан кейін, Цибизов Суровикиннің кабинетінде өзін-өзі атып тастаған. (Кей деректерде суицид жасаушы Андрей Штокал деген адам деп аталады).
Украина майданына жауапты болып генерал Суровикиннің тағайындалғанына ең бірінші болып қуанған Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров пен ЖӘК «Вагнердің» қожайыны Евегний Пригожин. Британ әскери сарапшылары Суровикинді «қанқұмар, қатал» басшы деп атаған.
ШЕШЕН СОҒЫСЫ
2004 жылдың маусымында Суровикин 42-гвардиялық мотоатқыштар дивизиясының командирі болды. Бұл дивизия Шешен соғысына жауапты еді.
2005 жылы Суровикин дивизиясындағы «Шығыс» батальоны Бородзиновская елдімекеніне кірді. Суровикиннің солдаттары қарапайым халықтың үйлерін тонап, ұрып-соғып, ұрлық жасаумен аты шықты. Жергілікті орыстар мен аварларды мектеп ауласына күшпен апарып, еркектердің барлығын аяқ-қолдарын байлап, ет бетінінен жерге жатқызып қойған. Әлгілер 6 сағат жауынның астында, солай жатқан. Жай жатпаған. Суровикиннің солдаттарының тепкісін жеп жатқан.
ДОНЕЦККЕ ӘСКЕР ЖІБЕРУ
Суровикин 2014 жылы Донецкке әскер жіберуге жауапты болған. Ресей мобилизацияны сол кезде-ақ бастап кеткен.
СҮРИЯ: БАШАР АСАДТЫ ҚОРҒАУ
2017 жылы РФ Қорғаныс министрлігінде бірнеше қызмет ауыстырған Суровикин Сүрияға аттанады. Суровикин Башар Асад жақтастарын әуеден қорғауға жауапты болады. Сөйтіп, Суровикин Сүрияның оппозиция бақылауныдағы қалаларын бомбалайды.
Мұнда да Суровикиннің жақсы аты шықпады. Суровикин басқаратын Ресей авиациясы бейбіт тұрғындарды, тұрғын үйлер мен ауруханаларды бомбалап, химиялық қару қолданады. Сүриядағы сойқаны үшін президент Путиннің қолынан «Ресей батыры» деген атақ алады.
Суровикин Украинаның бейбіт қалаларын, азаматтық нысандар мен тұрғын үйлерді бомбалау ісіне байланысты Халықаралық сотта қылмыскерлердің бірі.
2022 жылдың 8 қазанында Украина майданына жауапты болып тағайындалады. Бұған шын қуанған екі адамның бірі - Рамзан Қадыров Суровикинді: «Нағыз жауынгер», - деп атаса, Пригожин: «Аңыз тұлға», - деп мақтаған.
Түйін. Халықаралық соғысты зерттеу институты 10 қазанда Ресей армиясының Украина қалаларын жаппай бомбалауын - Украинада масқарасы шыққан Ресей әскерінің имиджін көтеру үшін жасалған амал деп бағалаған.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz