Сенбі, 23 Қараша 2024
2629 1 пікір 12 Қазан, 2022 сағат 12:58

Ауысып кетіпті!

Дүниеде ең жаман нәрсе, аусып кеткен жаман. Бір үйге қонаққа, құдайыға барғаныңда, су жаңа туфлиіңді басқа бір ескі туфлиге ауыстырып киіп кетсең, аяғыңды қыса бастаса, ол да жаман. Мына қызықты қараңыз! Әйелі босанып, үйге келген соң, күйеуі баласын иіскеп, «не деген керемет иіс!» – деп, бір кезде:

–Тошына менің балам ба? – деп сұрайды.

–Ия!

–Сен қыз босандым деп едің ғой?

–Не болып қалды, жаным?

–Мынаның шүмегі бар ғой?

–Қойшы? Көзіңді сықситпай, ашып қарасаңшы? – деген соң, күйеуі көзілдірігін киіп, нәрестенің бұтына үңіліп қарады.

–Екі шүмек! Экологиялық катастрофа! – деп жағасын ұстаған күйеуі шошып кетті. Олар дереу перзентханаға барса, шынында, қыздары ауысып кетіпті. Мейірбике байқамай ауыстырып алыпты! Мейлі ғой, ең бастысы, қыздарын тауып алды!

Ал, енді, мына қызықты қараңыз!  Бір күні ашулы әйел дүңгіршекте отырған келіншекке жетіп келді.

–Индира сен бе?

–Ия, мен.

–Кешір, мен Самалмын, күйеуім сенің күйеуіңмен ауысып кетіпті.

–Қалай, өз күйеуіңізді танымайсыз ба?

–Бетіне тіке қарауға ұяламын, бұжыр, бұжыр, ұсқынсыз...

–Менің күйеуім сіздің үйіңізде ме сонда?

–Ия, көже ішіп отыр.

–Ауысып кеткенін қалай білдіңіз?

–Менің күйеуімнің жамбасында қара қалы бар еді.

–Мүмкін емес, қайтармаймын.

–Немене, ұнап қалды ма? Күйеуімді қайтар! Өз күйеуіңе еге бол!

Ия, өмірде мұндай «ауысып кету» болмайды. Бұл енді өтірік. Ауысып кеткеннің өзінде, жарасы жеңіл, ат айналып қазығын, еркек айналып, өз үйін табады.

Мына қызықты қараңыз, сайлау комиссиясының төрағасына бір әйел келді. Қасын керіп, бет-аузын жыбырлатты.

–Сіз бірдеңе айтайын деп тұрсыз ба? – деп сұрады комиссия төрағасы,

–Ия.

–Айта беріңіз?

–Ауысып кетіпті.

–Немене ауысып кеткен?

–Бюллетенім.

–Қалай?

–Негізі Тайотаға дауыс беремін деп жазып, сосын Жигулиге дауыс беремін деп жазып, сосын, ойланееп тұрып, Тайотаға дауыс бергім келген. Жәшікке Жигулиді салып қойыппын. Ауысып кетіпті.

–Қамықпаңыз, бикеш, өзіміз түзетіп қойғанбыз, «аусып кеткен бюллетендерді» Тайотаға өзгерттік.

Бұл енді өтірік пе, шын ба, білмеймін, сайлауға әлі ерте. Дегенмен, сайлауда бюллетендерді ауыстыра салу оңай ғой, Жарасы жеңіл.

Мына қызықты қараңыз! Бір кісі Құдайдың алдына келді.

–Уа, Құдайым, бір нәрсе сұрайын?

–Айта беріңіз, айтыңыз да, үйіңізге қайта беріңіз!

–Менің басымды қайтарыңыз.

–Қайтарғаны несі?

–Менің ақылды басымды министрдің ақымақ басына ауыстырып жіберіпсіз.

–Қойыңыз.

–Ия, тізіміңізді қараңыз.

–Министрдің аты–жөні кім?

–Дымқылбай Кәуекбаұлы.

–Ммм... Шынында, ауыстырып алыппын. Ақымақ болып жүре берсеңіз қайтеді?

–Сіз мені жаратқанда ауыстырып жібердіңіз. Бірақ, ақылды болғым келеді. Сауатты, оянған қазақ болғым келеді. Қазір маубас қазақпын.

–Жарайды. Бір амалын табармын. Данышпан министр өлген күні ауыстырып беремін.

Ия, мұндай «ауысып кеткен» бастар болмайды. Бұл да өтірік енді. Адамдар о бастан ақылды, сосын ақымақтар болып жаратылады. Ал, мына қызықты қараңыз, бұл енді өтірік емес, шаң жұқпаған шындық. Елімізде орын алған шындық. Ауысып кеткен демекші, Ақтөбеде манту сынамасын БЦЖ екпесімен шатастырған дәрігерлерге қылмыстық іс қозғалды! Масқара! Естімеген елде көп деген осы екен! Мектептің бірінші сыныптағы 42 оқушысына манту сынамасының орнына БЦЖ екпесін еге салғанды қалай түсінеміз? Мейірбике ампуланы ажырата алмағанын тек кейін ғана аңғарып, ауызы алты сағат ашылып қалған. Бүгінде мемлекеттік тапсырыс алған «Медикус» орталығымен келісім–шарт бұзылған.  Рауан ауылындағы мектеп оқушыларының білектері ісіп, ине орны жараға айналғанын  көз көріп, құлақ естіді. Ауысып кететін жағдайларды жоғарыда айттық, жарасы жеңіл дедік. Ал, мына ойбайлатқан оқиғаның кінәлілері заң алдында жауап беруге тиіс! Өйткені, медицинада қателесу, ауыстырып алу кешірілмейтін күнә! Шамасы, дәрігерлердің милары да ауысып кеткен-ау?

Мұхтар Шерім

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5470