Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 11661 15 пікір 12 Қазан, 2022 сағат 15:59

«Ұзақ үзіліс стратегиясы» - Қазақстанның «мысықтілеу» пейілдегі тараптарға мардымды жауабы

Халықаралық қатынастар жүйесінің дамуындағы бүгінгі ерекшелікті күрделі трансформация кезеңі немесе сенім дағдарысы мен қақтығыстардың қарқын алған уақыты деп суреттеуге болады. Бұған ықпал еткен себептердің бірі ретінде көпжақты қауіпсіздік институттарының функционалдығы мен дипломатиядағы профилактика, жанжалды реттеу тетіктерінің тиімді деңгейде жұмыс істеуінің әлсіреп кеткендігін айтса болады.

Бүгінде Қазақстан сыртқы стратегияда прагматизмге негізделген көпвекторлы белсенді саясат ұстанады. Мұндай ұстаным әрине Қазақстанның әлемдік қауымдастықтың жауапты мүшесі ретіндегі рөлін нығайта түсуге мүмкіндік берері анық.

Мемлекеттік стратегияның үштағанын құрайтын мемлекеттің, бизнестің және әрбір азаматтың мүддесін қорғау саясатының арқасында Қазақстан әлемді әбігерге салып отырған бүгінгі геосаяси шиенеліс жағдайында да елдегі тұрақтылықты сақтай алып отыр.

Қазақстанның Ресей Федерациясымен ынтымақтастығы маңызының стратегиялық мәнге ие екендігі айтпаса да түсінікті. Бір ғана сыртқы саясат тұжырымдамасында (2030 жылға дейін) Ресей – одақтастық қатынастарды дамытуды жоспарлап отырған елдер қатарында бірінші орында тұр.

Өкінішке орай, соңғы кездері Ресей билігі өкілдері Қазақстан-Ресей арасындағы достық қатынасқа сызат түсіру қаупін туғызатын түрлі арандату мәлімдемелерін таратуда. Әсіресе, Ресей мен Батыс арасындағы текетірес қақтығысы тереңдеген сайын мұндай мәлімдемелердің саны да күрт өсуде. Вячеслав Никонов, биыл қайтыс болған Владимир Жириновский, Геннадий Зюганов, Константин Затулин сында басқа да тұлғалар іштегі қыжылдарын Қазақстан тарапына запыран қылып құсу арқылы көпшілік алдында саяси ұпай жинауға тырысуда.

Әрине, олардың сөз саптауындағы өрескел мәлімдемелер қоғамда терең резонанс туғызып, ақпарат кеңістігін ұрыс майданына айналдыратынына дау жоқ. Кейде тіпті соңғы 30 жыл ғана емес, өзара қарым-қатынас тарихы одан да тереңге кеткен Қазақстан мен Ресейдің арасына мақсатты түрде сына қаққысы келетін сыртқы күштер расыменде бар ма деген ойға қаласың.

Осының кесірінен ақпараттық кеңістікте соңғы кездері достық пейілдегі Ресейдің бейнесі ресми Мәскеудің көзқарасына сәйкес келмейтін ұстанымдағы елдерге надан һәм менмен саясат ұстанатын агрессивті ел ретінде өзгеріп бара жатыр.

Дегенмен, екі мемлекеттің де Сыртқы істер министрліктері өзара стратегиялық әріптестікке негізделген саясатты сақтауға күш салып келеді. Мұндай ұстанымды қос елдің бірінші басшылары да өз мысалдарында көрсетуде. Биыл 19 тамызда Сочи қаласында Владимир Путин мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзара кездесуі осыған айқын дәлел. Екі елдің президенттері сондай-ақ, Петербордағы мемлекет басшыларының бейресми кездесуі аясында да жеке әңгіме өткізген болатын.

Қазақстан Ресей саясаткерлері тарапынан жүйелі түрде болып тұратын арандатушылық пен «мысықтілеу» пейілдегі мәлімдемелеріне көп жағдайда «ұзақ үзіліс» стратегиясын қолданады.

Сауатты ой-қисынға сыймайтын жағдайлар да бар. Мысалы Қазақстанға қатысты таяуда ғана кезекті мәлімдемесін айтқан депутат К.Затулиннің мемлекеттік думадағы негізгі жұмыс бағыты – ТМД елдерімен достық байланысты күшейту екен. Әсіресе ол өзінің жаулық ниеттегі пікірін Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы Елшіліктерінің өзара дипломатиялық қарым-қатынас құрудың 30 жылдығы аясында іс-шаралар өткізіп жатқан тұста айтқаны тіпті қызық болды. Екі елдің сарапшылары, ғалымдары және Сыртқы істер министрліктерінің құрылымдық басшылары бас қосқан аталған шарада, қатысушылар қос мемлекеттің достық қарым-қатынасын қиындататын мұндай түсініспеушіліктердің орын алуы – кейбір саясаткерлердің әрқайсысы дербес мемлекекет ретіндегі біздің елдеріміздің сырттағы барлық оқиғаларға үнемі бірдей көзқараста болуы мүмкін емес екенін қабылдағысы келмеуінен деген қорытындыға келді.

Өздерінің осындай «қортық ойларын» өзгеге таңуға әуес көрші елдегі осындай «бейпіл ауызды» арандатушыларға лайықты жауап ретінде екі ел арасында сараптамалық кеңес жұмысын жандандыру ұсынысы айтылды. Егер аталған кеңес дұрыс жұмыс атқарса – онда өзекті мәселелерді уақытылы анықтап, дер кезінде шешім қабылдауға өз септігін тигізер еді.

Әрине Қазақстан тарапы солтүстіктегі көрші мемлекет туралы пікір білдіргенде әрқашанда неғұрлым ұстамды, объективті пікір айтуды жөн көреді. Әсіресе қазіргі шиеленісті кезең жағдайында «екі елі ауызға төрт елі қақпақ» қағидасын ұмытпаған абзал.

Ресей Федерациясы тарапының үлкен наразылығын тудырған оқиға – Қуат Ахметовтың әрекеті болған еді. Нәтижесінде, аталған азаматтың жасаған ісі Қазақстанның қылмыстық кодексінің 174-бабымен (ұлтаралық алауыздықты қоздыру). рәсімделіп, оған қарсы қылмыстық іс қозғалды.

Дегенмен, ресейлік тараптан айтылған қисынсыз пікірлердің барлығы да назардан тыс қалған жоқ. Оларға берілген жауаптың барлығы да уақыт талабын ескерген, эмоциясыз сабырлы қалыпта айтылды және тұтас елдің ұстанымына емес, жекелеген саясаткерлердің көзқарасына бағытталды.

Қазақстан тарапының бұндай ұстанымының тамыры тереңде жатыр. Тарихтан белгілі, дала дипломатиясын меңгерген қазақ хандары да прагматизмге негізделген көпвекторлы сыртқы саяси стратегиясын сәтті іске асыра білген болатын. Мұндай стратегия Ұлы даладағы сауда жолдарын сақтап, алыс-берісті дамыту, өз иелігіндегі әскери, әлеуметтік, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шет мемлекеттермен тиімді одақ құру қажеттілігінен туындаған еді. Ресей патшалығындағы Бірінші Петрдің заманынан бастап сыртқы саясаттағы басты назар орыс бағытына ауды.

Көпвекторлы саясат, прагматизм ұстанымы – бұл дипломатиялық стратегиядағы Қазақстан жолы. Бұның түбінде әсіресе сыртқы саясатта дұрыс шешімдер қабылдауға жауапты тұлғалардың кемелдігі мен тереңдігі жатыр деуге болады. Әрине, көш тізгінін беделді халықаралық құрылымдарда талай жыл жемісті қызмет атқарған тәжірибелі дипломат ұстап отырғанда бұлай болуы заңды та.

Тактикалық тұрғыдан алғанда, мұндай ұзақ мерзімді реакция ақпараттық кеңістіктегі алашапқынды азайтып, салмақты саясаткерлер мен сарапшылардың ойын пысықтауға мүмкіндік береді. Мұндай салқынқандылық өзінің не жасап жатқанын анық білетін, оның қорытындысының қалай болатынынан нақты болжамы бар билікке ғана тән.

Бұл ретте, көпвекторлы ұстанымды мемлекет үшін өзін дербес ел ретінде дәлелдеуге мүмкіндік бермейтін әлсіз стратегия деп сынайтындар – бұл талай жылғы табысты тәжірибе барысында қалыптасқан байсалды болжамға негізделген күрделі таңдау екенін түсінулері тиіс.

Қазақстан сияқты мемлекеттің сыртқы саясат шеңберін қалыптастыруына жаһандық және өңірлік деңгейде орын алып жататын оқиғалар сынды жүйелік факторлар негізінен көп әсер етеді.

Қалай болғанда да көпвекторлы ұстаным – айналадағы дағдарысты жағдай кезеңінде өзара тепе-теңдікті сақтай отырып ұлттық мүддені қорғаудың нақты жолы. Сондықтан тек осындай іс-әрекет стратегиясы ғана бізге жан-жақты және нақты факторларды ескере отырып Ресеймен ұзақ мерзімді серіктестікті көздейтін қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді.

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435