Жұма, 22 Қараша 2024
Бұ не мазақ? 6822 49 пікір 20 Қазан, 2022 сағат 13:14

Қазақтың тілін қорлаған Мухоряпов заң алдында жауап берсін!

Chocolife компаниясының басшысы, кәсіпкер Рамиль Мухоряпов Қазақстанға келген ресейліктермен кездесуінде қазақ тілі туралы жағымсыз пікір айтып, елдің ашу-ызасына тиді.

Кешеден бері әлеуметтік желілерде қазақстандықтар кәсіпкердің ойсыз қылығын сынға алып, оның компаниясының өнімдерін ұялы телефондарынан өшіріп жатыр.

Оқиғаның мән-жайы былай: әлеуметтік желіде тараған бейнероликте бейтаныс қыз бала қазақ жеріне келген ресейліктерге «Егер жергілікті тұрғындар сіздің сұрағыңызға қазақша жауап берсе, бұл сізді жек көру деген мағынаны білдірмейді. Түсіністік танытуға тырысыңыздар» дейді.

Ал  Мухоряпов қыздың сөзі бөле-жара «Егер маған орысша біле тұра, осылай сөйлесе көңілім түсіп қалар еді. Бұл бәрібір біртүрлі. Бұл ұлтшылдықтың белгісі және мәдениетсіздік» деп қойып қалды.

Кәсіпкердің логикасына салсақ, сіз Қытайға барып, қытай азаматынан қытайша жауап алсаңыз, Ұлыбританияға барып, ағылшын тілінде жауап алсаңыз – бұл олардың мәдениетсіздігі екен.

Dala Inside телеграм арнасы Chocolife компаниясының жұмысын басқа қызмет көрсету қосымшалары оңай алмастыра алатынын жазды.

«Мухоряпов елге қашып келген ресейліктермен өткен кездесуде "егер сіз орысша сұрап, сізге қазақша жауап берсе, сол адам ұлтшыл және оның мәдениеті төмен" деп қадап айтты. Бір қызығы, Қазақстанда орысша білмейтін, сөйлеуге қиналатын адамдардың да баршылық екенін ол ұмытып кеткен сияқты. Және қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып саналатынын, демек біздің осы елде қазақша сөйлеуге моральді құқығымыз бар екенін Рамиль Мухоряпов жоққа шығарып тастады.

Бас прокуратура Мухоряповтың бұл сөздерін ҚР Қылмыстық Кодексінің 174 бабы бойынша тексере алады. Тек ол үшін оның үстінен кез-келген Қазақстан азаматы шағым түсіруі тиіс.

Рамиль Мухоряповтың Chocofamily Holding қызметіне Chocolife.me купондары, Chocotravel авиабилет сервисі, Chocomart.kz, Lensmark.kz интернет-дүкендері, Chocofood.kz тағамға тапсырыс беру және жеткізу қызметі, iDoctor.kz дәрігер іздеу сервисі мен кэшбэк алуға арналған Рахмет мобильді қосымшасы кіреді. 2021 жылдың қортындысы бойынша холдинг выручкасы 17,8 миллион долларға жетті.

Choco өнімдерін тұтынбай, толық алмастыруға болады. Қазақ аудиториясы Chocolife.me купондарын BeSmart-қа, Chocotravel авиабилет сервисін Kaspi Тревелге, Chocomart.kz, Lensmark.kz интернет дүкендерін Kaspi.kz дүкеніне, iDoctor.kz дәрігер іздеу сервисін Doq.kz сервисіне, Рахмет кэшбек мобильді қосымшасын Dosmart қосымшасына алмастыра алады.

Әрине, Мухоряповтың ертең кешірім сұрайтыны анық. Бірақ "айтылған сөз - атылған оқ". Қазақ аудиториясының көңілін қалтыру бизнеске де, имиджге де бәрібір салқынын тигізбек»,-деп жазды Dala Inside.

Журналист Зарина Ахматова Мухоряповты империялық репрессияның мұрасынан бас тартуға шақырды.

«Иә, ресейліктер мобилизациядан, өздерінің фюрері ойлап тапқан орыс әлемінен, өлімнен қашып жатыр. Біздің жанымыз ашып та жатыр. Енді олардың «барлық жердің қожасы емес екендеріне көздері жетіп», есін жиятын тарихи сәт келген шығар. Ендеше бұл Мухоряповтың да миына жетуі керек.

Ал оның «өзінше» өзінің адамдары туралы «оған назар аудармаңдар, олар мәдениетсіз ғой» дегеніне жауабым, керісінше өркениетті әлем қазір олардың мәдениетінен бас тартып жатыр. Шовинизмнен, империялық репрессиялық мұрадан бас тартып жатыр»,-деді журналист.

Ол сондай-ақ Мухоряповтың «КСРО кезінде күшпен жер аударылған шешендер мен мобилизациядан қашқан орыстарды салыстыруын» өзін-өзі ақтау екенін айтты.

Себебі Chocolife басшысы «шешен халқына ешкім кел демесе де , оларды қазақтар сыйлап қарсы алған» депті.

Ахматова кезіндегі халықтарды күштеп депортациялау  қазір болып жатқан жағдаймен салыстыруға келмейтінін айтты.

Журналист Айбар Олжаев Мухоряповтың қылығы заң бойынша жазасын алуы керек де санайды.

«ChocoFamily басшысы Рамиль Мухоряповтың желіге тарап кеткен репликасы қоғамның ашуын туғызғаны рас. Бірақ ашу - ол эмоция. Эмоция заңмен реттелмейді.

Рамиль Мухоряпов заңды бұзды ма? Басты сұрақ осы. Оған тек қана құзырлы орган арнайы тексеруден кейін жауап бере алады. Бірақ ол үшін азаматтық қоғам құзырлы органға жүгінуі тиіс.

Осындай, тек заңдық, конституциялық принциппен Рамиль Мухоряповтың репликасын ҚР Қылмыстық Кодексінің 174 бабы, 1 тармағы бойынша тексеруді сұрап, Алматы қаласының Прокуратурасына арыз жібердім. Арыз ЖТ-2022-02543155 нөмірімен ресми тіркелді. 11 қарашаға дейін Прокуратура ресми жауабын жібереді.

Осы 174 бап не дейді және оның жазасы қандай?

ҚР Қылмыстық Кодексіның 174 бабы әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру бойынша мәселелерді реттейді.

1-ші бабында "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер, сол сияқты азаматтардың дiнге көзқарасы, тектiк-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсiлдiк қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айрықшалығын, артықшылығын не толыққанды еместігін насихаттау, егер бұл іс-әрекеттер жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып, сол сияқты әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты насихаттайтын әдебиетті немесе өзге де ақпарат жеткiзгiштердi дайындау немесе тарату жолымен жасалса", – деп көрсетілген.

Ал жазасы - екі мыңнан жеті мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл не екі жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру.

Рамиль Мухоряпов қылмыс жасады ма?

Алдымен Прокуратура оның белгілерін анықтайды. Егер, ия, анықталса, материалдар жинап, сараптама жасап, сотқа жібереді. Сот тараптардың дәлелдерін тыңдап, шешім шығарады. Яғни, барлық іске нүктені Сот қояды. Егер прокуратура қылмыс белгілерін таппаса, ол нақты дәлелмен ресми жауап береді.

Егер Мухоряповтың қылмысы дәлелденіп, сот шешімі шықса, ол қандай жазаға тартылуы мүмкін?

Мұндағы ең минималды жаза - 2 мың айлық есептік көрсеткіш. Қазір бір АЕК - 3063 теңге. Демек, ChocoFamily басшысының ең аз жазасы - 6 126 000 теңге айыппұл болуы мүмкін. Бірақ тек мүмкін деп тұрмын. Себебі мәселені құзырлы органдар мен сот қана шешеді», -деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Chocolife басшысы қазақ тілін құрметтейтінін, Қазақстанды өзінің отаны екенін айтып, өз сөзін көпшіліктің дұрыс түсінбегенін жеткізіпті.

 

Abai.kz

49 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1457
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3225
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279