Рубльдің қаупі қандай?
Қазақстан экономикасында 88 миллиард Ресей рублі бар. Оның 40 миллиард рублі соңғы үш айда ғана қосылған екен.
LS басылымының жазуынша, Ресей азаматтарының салымдары мен ағымдағы шоттары бойынша қалдықтардың көлемі 2022 жылғы 10 қазанда 678,2 млрд теңгеге жеткен. Жыл басында бұл көрсеткіш 145,6 млрд теңге деңгейінде болды. Яғни жыл басынан бері өсім 532,6 млрд теңгені құраған.
Сонымен қатар, Қазақстан банктерінің клиенттер саны – 156,4 мыңнан 272,9 мың адамға дейін көбейді.
Ұлттық Банктің деректері бойынша биылғы жылдың 1 қыркүйегінде банктік салымдар көлемі 28,2 трлн теңгеге дейін өсті. Жыл басында көрсеткіш 26 трлн теңгеден сәл ғана асып тұрған.
Салымдардың ең көп сомасы Халық банкіне – 9,8 трлн теңге, Kaspi Bank – 3,5 трлн теңге, ЦентрКредит Банкі – 2,4 трлн теңге, Forte банк– 1,9 трлн теңге, Фридом Финанс банкіне – 279,5 млрд теңге салынған екен.
Рубль массасы артып бара жатыр, дәлірек айтсақ 1 қаңтар мен 10 қазан аралығында рубль көлемі 3,5 есеге өсті. Қыркүйектің басында Қазақстандағы банк депозиттерінің жалпы көлемі 28,2 триллион теңгені құрады. Оның ішінде ресейлік капиталдың үлесі 2 пайыздан асып отыр.
Бұл нені білдіреді? Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, Қазақстан қаржы жүйесінде Ресей рублінің артуы экономикаға кері әсерін береді.
«Жақсы әсер беріп жатқан жоқ. Рубль америкалық валюта сияқты болса, біз оны басқа елдерден тауар сатып алуға жұмсай алатын едік. Мәселе сонда, біз рубльді тек Ресейдің өзіне ғана өткізе аламыз.
Өткенде қаржыгерлер форумы өтті. Сол жиында Банк Центр Кредит басшылығы «банктегі жинақталып қалған қаражатты шығарып жіберуге аз ғана уақыт бергенін» айтты.
Оның үстіне біз оны кез-келген уақытта жеткізе алмай отырмыз. Қазір көріп отырмыз, соңғы уақытта Ресей капиталы елімізде көбейіп келеді. Егер елде зауыт-фабрикалар, өндіріс орындары ашылып жатса, Ресейден кеткен компаниялар бізге келіп жатса, онда бұл жақсы әсерін береді, одан қорқудың қажеті жоқ.
Бірақ бұл жердегі мәселе – бізде Ресей рублінің артық массасының болуы. Банк оны тез арада ешжаққа өткізе алмайды. Еліміздің қаржылық жүйесіне кері әсерін тигізіп тұр. Мемлекетте рубльді ауыстыра салатын, халық сұраса, ұстата салатын қаражат жоқ деген сөз. Рубль сол қаржының орнын басып тұр.
Бұл мәселеге байланысты экономистер тарапынан «рубльдің еркін кіруіне шектеу қойылса, комиссия талап етілсе» деген сияқты ұсыныстар болған. Біз қазіргі уақытта «негізгі жүргізетін саясат осы болу керек», деп айтып жатырмыз.
Бізде тұрған рубльді өз ішімізде де қолдана алмаймыз, Ресейден басқа ешкімге өткізе де алмаймыз. Сондықтан бұл бізге валюталық қиындықтар туғызып отыр. Ресей тарапы мұны өзінше шешу жолын ұсынып жатыр. Өткенде ортақ электронды валюта шығарайық деген ұсыныс болған. Егер олай жасасақ, рубльден теңгеге, теңгеден рубльге ауыстырып жүрмейміз. Бірақ, менің ойымша, оны да қолдаудың қажеті жоқ.
Еуропалық Одақ елдерінде Халықаралық Валюта Қоры құрған және әртүрлі айырбасталатын валюталардың орташа өлшенген мәні ретінде айқындалатын халықаралық ақша нысаны – «SDR» (арнайы қарыз алу құқығы) бар.
Мысалы Италия киім-кешек сатса, Франция әтір суларын сатуы мүмкін. Осылайша олар «SDR» арқылы есептесе салады. Бұл Қазақстан мен Ресей жағдайында тиімсіз. Өйткені біздің Ресейден сатып алатын тауарымыз көп. Ал өзіміз сататын тауар аз. Сондықтан үлкен айырма шығады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасында 24 миллиард доллорға тауар айналымы болды. Біз 6 миллиард доллорға тауар саттық, 18 миллиард доллорға сатып алдық. Айырмасы 12 миллиард доллор. Енді ертең біз 12 миллиард доллорға не береміз? Қалай қайтарамыз? Олар белгілі бір талаптар қояды. Мінекей осындай жағдайлар бар»,-деді экономист.
Айта кетейік, 21 қыркүйекте Ресей ішінара мобилизация жариялағаннан кейін, Қазақстанға ресейліктердің көші ағыла бастады. 21 қыркүйек пен 4 қазан аралығында елімізге 200 мыңнан астам Ресей азаматы келді, ал 147 мың азамат кетті.
18 қазанда Қазақстанның ішкі істер министрі Марат Ахметжанов қазір көшіп-қонған ресейліктер ағымы «бұрынғы қалыпқа түскенін» айтқан болатын.
"Ресейден келіп жатқандардан кетіп жатқандар көп. Тәулігіне 8-9 мың ресейлік келеді, 10-11 мың Ресей азаматы кетеді", - деді ол
Abai.kz