Сенбі, 23 Қараша 2024
Республика күні 3766 6 пікір 23 Қазан, 2022 сағат 14:43

Республика күнінің құпиялары

Алдымызда 25-қазанда атап өтілетін еліміздің ең басты мерекесі Республика күні келе жатыр. «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға үстіміздегі жылы 29-қыркүйекте енгізілген өзгерістерге байланысты Республика күні Ұлттық мереке мәртебесіне ие болды! Осы заңға сәйкес жыл сайын 16-желтоқсанда атап өтілетін бұрынғы ұлттық мереке – Тәуелсіздік күні қарапайым мемлекеттік мерекелер қатарына ығыстырылды. Өзінің де мереке сыйқы қалмай оған қатысты іс-шаралар 15-желтоқсанға дейін уқан-суқан өткізіле салатын. Жастардың ықтимал толқуынан сескенген билік тәуелсіздік күніне бір апта қалғанда студенттерді ешбір жоспарда қарастырылмаған кезексіз демалысқа жіберетін. Әрі бұл датада ауа райы да көбіне түнеріп тұрып алатын. Көшеге шықсаң, алаңдарға барсаң жан адам жоқ, өлі қалаға тап болғандай күй кешетінсің.

Ұлттық мереке мен мемлекеттік мерекелердің құқықтық айырмашылығы болады. Ұлттық мереке – мәртебесі жағынан мемлекеттік мерекелерден жоғары тұрады. Ұлттық мереке дегеніміз Қазақ мемлекеттілігінің дамуына елеулі ықпал еткен, тарихи маңызы айырықша оқиғаның құрметіне тағайындалған мейрам. Ұлттық мереке кезінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда ресми іс-шаралар өткізу міндетті. Қазақстанда Ұлттық мереке біреу ғана – Республика күні. Қалған 9 мереке мемлекеттік мереке болып табылады.

Биыл ұлттық мәртебеге ие болған Республика күні мерекесі 13 жыл үзілістен кейін алғаш рет қайта тойланайын деп отыр. Бұл мерекеге 1990 жылы 25-қазанда Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақырылған сессиясында қабылданған «Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы» негіз болғаны анық. Ол кезде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің органы – «Халық Кеңесі» газетінде қызмет ететінбіз. Редакция журналистеріне сессия мәжілістеріне депутаттармен бірге қатысып отыруға рұқсат етілетін. Сондықтан қол қалт еткенде ел үшін маңызды құжаттар талқыланып жатқан мәжіліс залынан табылуға тырысатынбыз.

25-қазан күні әйгілі заңгер, академик, депутат Салық Зиманов мінберде екі сағаттай тұрып Декларация жобасын таныстырды. Жобаны талқылау кезінде төрт сағат аяғынан тік тұрып, берілген 50-ден астам сұрақтарға тағы да мүдіріссіз жауап берді. Сол кезде жасы жетпіске таяп қалған Салық аға бізге қолына найза алып майданда шайқасқан алып батырлардай елестейтін. Маңызды құжат 25-қазан күні 18:55-те қабылданды. Жоғарғы Кеңесте 360 депутат болса, сол күнгі сессияға 281 депутат қатысты. 79 депутат түрлі сылтаумен бұл жиынға қатыспады. Мәскеуден сескенген болар. Қатысқан депутаттардың 261-і құжатты қолдады, 18 депутат қарсы болды, 2 депутат қалыс қалды.

Декларацияда Қазақстанда биліктің президенттік формасы қарастырылатыны, одаққа кіру-мен шығу құқығын өзінде сақтайтыны, халықаралық байланыстарда дербес субьект болып табылатыны, ішкі армиясы болатыны, одақтық меншіктен өз үлесін алуға құқылы екендігі үлкен табандылықпен көрсетілді.

Құжатта қазақ халқына қатысты маңызды төрт қағида жарыққа шықты. Онда Қазақ ССР-і қазақ ұлтының тағдыры үшiн жауаптылығы көрсетілді. Қазақ ССР-і ұлттық мемлекеттiлігімізді сақтау, қорғау және нығайтуға қатысты шаралар қолданатындығы тайға таңба басқандай жазылды. Қазақ халқының, елде тұратын басқа да диаспоралардың тілін, мәдениетін дамытуға міндетті екендігі атап айтылды. Республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiл жөнiндегi қажетiн қанағаттандыруға қамқорлық жасайтыны көзделді. Ұлттық ерекшеліктеріне байланысты бұл мерекені өз басым Қазақ Республикасының күні ретінде қабылдайтынмын.

Осындай маңызды мереке 17 жыл тойланып келді де 2008 жылы Тәуелсіздік мерекесіне сіңірілу жолымен жойылды. Одан кейінгі жылдарда Республика күні мерекесін қайтару туралы жиі қалам тербеп келдік.

Бұл мерекені атап өту неліктен тоқтатылды десек, оған Н.Назарбаевтың антиқазақтық ұстанымы себеп болды деп айтуға болады. Өйткені Декларацияда Қазақстанды қазақ халқының өзін өзі билеу құқығының көрінісіне меңзейтін, Қазақстан қазақ халқының дамуына жауапты екендігі, ұлттық мемлекеттілікті сақтауға міндеттілігі туралы қағидалар елдің ұлттық мемлекет бағытында дамитынын қалтқысыз көрсетті. Бастапқы ұстанымы өзгеріп кеткен Н.Назарбаев Қазақстанды ұлттық мемлекет ретінде дамытуға мүдделі болмады.

Енді міне, қазіргі билік сол қателіктерді түзетіп, 13 жыл ұмыт болған мерекені Ұлттық мереке мәртебесінде елімізге қайтарды. Бұл қазақ халқының көңілінен шыққан қадам болды!

Сол ұлттық мерекелеріңіз құтты болсын!

Марат Бәйділдаұлы, жазушы-публицист

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404