1 қыркүйектен бастап ағылшынша оқимыз
Үкімет жетекшісі Серік Ахметов, Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігі мен Премьер-министр кеңсесі өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, ЖОО ректорлары, білім және ғылым саласында жұмыс істейтін өңірлік департамент басшылары, ғылыми-зерттеу институттары мен мектеп директорлары қатысқан алқа мәжілісі үстіміздегі жылдың 29 қаңтар күні Алматы түбіндегі ұшақ апатынан қаза болған азаматтарды 1 минут үнсіздікпен еске алумен басталды.
Үкімет жетекшісі Серік Ахметов, Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігі мен Премьер-министр кеңсесі өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, ЖОО ректорлары, білім және ғылым саласында жұмыс істейтін өңірлік департамент басшылары, ғылыми-зерттеу институттары мен мектеп директорлары қатысқан алқа мәжілісі үстіміздегі жылдың 29 қаңтар күні Алматы түбіндегі ұшақ апатынан қаза болған азаматтарды 1 минут үнсіздікпен еске алумен басталды.
Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың бұл жиында жасаған баяндамасы білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының 2012 жылы іске асырылу қорытындысы мен Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясына орай алдағы уақытта қолға алынатын шараларға арналды. Баяндаманы министрліктің ресми сайтынан оқып алуға болатындықтан, оған егжей-тегжейлі тоқталмаймыз. Өйткені, министр айтқандай, өткен жылы білім мен ғылым саласында көптеген жаңарулар болды, барлық міндеттер толығымен орындалды. Әрине, министрдің бұл байламымен келіспейтіндер бар. Ол туралы сәл кейінірек. Ең бастысы, алдағы қыркүйек айынан бастап 1-сынып оқушыларына ағылшын тілін оқыту енгізіледі. Мұны ата-аналардың құлағына алтын сырға деп айтып отырмыз. Сонымен қатар маман даярлау сапасы төмен ЖОО-нан құтыламыз, ал мамандар экономика, оның ішінде аймақ қажеттілігіне сәйкес даярланады. ЖОО-ның екінші курсынан бастап кәсіпорындарда міндетті өндірістік тәжірибеден өту заңмен бекітіледі. Ал ЖОО бітірушілердің жұмысқа тиімді орналастыруға ректорлардың өздері жауапты болады. Осылайша, ЖОО-ның жұмысы олардың түлектеріне деген сұраныспен бағаланбақ.
Ал енді әлгінде ғана айтқанымыздай, білім және ғылым саласындағы әттеген-айларға тоқталсақ. Өз кезегінде сөз алған Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева қазақстандық білім жүйесіндегі реформаторлық әуестенушілікті тоқтатуға шақырды. «Біз көптеген, аяғына дейін жетілдірілмеген реформалардың куәсі әрі қатысушысы болып келеміз. Сондай реформаларды бастар кезде халықаралық стандарттарға сілтеу сәнге айналып кетті», - деген депутат білім жүйесіндегі реформаларды тоқтату керек деп санайды.
Бүгінгі таңда мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін көп нәрсе жасалып жатқанын тілге тиек еткен депутат әлі де болса ЖОО-да жас мұғалімдерді даярлауға айрықша маңыз беру керек деген пікірде. Яғни баламен жұмыс істей алатын, тіл табыса білетін, ең бастысы, баланы жақсы көре алатын мұғалім даярлау үшін стандарттар мен талаптарды өзгерту керек, себебі қолданыстағы Ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тестілеу болашақ мұғалімдердің шешендік, баламен жұмыс істей білу қабілетін, өз ойын түсінікті жеткізе алатын қасиеттерін анықтай алмайды. Сондықтан болашақ педагогтарды сапалы іріктеу үшін олармен әңгімелесу, кешенді түрде медико-физиологиялық, психонейролингвистикалық диагностика жүргізілуі керек. Д.Назарбаева сонымен бірге педагогтардың еңбекақысын төлеуге қатысты да сөз қозғады. «Мектеп директорларының жалақысы мектеп оқушыларының санына байланысты белгіленбейді. 500 бала оқитын мектеп пен 2000 бала оқитын мектептің директорлары бірдей жалақы алады. Олай болса мектеп директорлығына жақсы дайындалған ұстаздар барады деп айта аламыз ба? Себебі бұл жауапкершілігі өте жоғары лауазым», - деген ол сынып жетекшілеріне төленетін қосымша 4-5 мың теңгенің де мұғалімдердің ынтасын оята қоймайтынын айтты. Халық қалаулысының мына бір ұсынысы мектеп оқушыларының ойынан шығары даусыз.
«Барлық түлектердің оқу жылының соңында ҰБТ немесе кешенді тестілеу тапсыруды өзі таңдау құқығын заңмен бекітуді қарастыруымыз керек секілді. Бұл қадам демократияға неғұрлым жақын және ҰБТ төңірегіндегі дүрбелеңді азайтар еді», - деді Д.Назарбаева. Ол сонымен бірге «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңына өзгерістер енгізуді де ұсынды. «Мәселен, оқу орындары жыл сайын күзет қызметін жалдау үшін келісімшарт жасайды. Оқушыларды тамақтандыру үшін де тендерлер өткізуі керек. Егер жалданған күзет фирмасы жақсы қызмет атқарып, мектеп әкімшілігі тарапынан лайықты бағаланып жатса, оқу орындарында тамақтандырумен қамтамасыз ететін компания өз ісін жақсы атқарып жүрсе, онда қайта-қайта тендер өткізудің қажеті бар ма? Алайда барлық жерде мемлекеттік сатып алу заңнамасына сілтейді де, жыл сайын тендер өткізеді. Мүмкін бұл заңның кейбір жерлерін икемдеп, тиісті өзгерістер енгізу керек болар», - дейді депутат. Ол жергілікті жерлерден мектеп оқушыларын тамақтандыруды мемлекеттік сатып алу саласынан шығаруды немесе сатып алу конкурсын 3-5 жылда бір рет өткізуді ұсынды.
Алқа мәжілісін қорытқан Үкімет жетекшісі Серік Ахметов бірінші кезекте мектепке дейінгі білім беруде балаларды даярлау әдістемесіне маңыз беруді тапсырды. «Біз 2009 жылдан бері «Балапан» бағдарламасын жүзеге асырып келеміз. Бұл бағытта өте көп жұмыс атқарылды және оның нәтижелерін көрудеміз. Мектепке дейінгі тәліммен балаларды қамту екі есеге артты. Бұл аз ба, көп пе? Әрине, бұл нәтижелер өңірлерде әртүрлі: Қостанай облысында 100 пайызға жуық, Қарағанды облысында 98 пайыз, Павлодар облысында 95 пайызға жуық, ал кейбір облыстарда 50-60 пайыз көлемінде. Жалпы алғанда ел бойынша мектепке дейінгі тәрбиемен және білім берумен орташа алғанда 71 пайыз қамтылған. Меніңше, бұл көрсеткіш аздық етеді», - деді С.Ахметов.
Оның айтуынша, балабақшаларға инвестиция тартуда министрлік пен әкімдіктердің жұмысы белсенді болуы тиіс. Үкімет басшысы мектептерде үш ауысымда білім беру мен апатты мектептер проблемасына нүкте қоюды тапсырды. Сонымен қатар бір айдың ішінде ЖОО оңтайландыру бойынша ұсыныс енгізуді жүктеді. «Жекеменшік жоғары оқу орындары бізге керек. Алайда олар сапалы білім беруі шарт», - деді ол.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ
"Айқын" газеті