Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 2214 1 пікір 24 Қазан, 2022 сағат 12:14

Шнобель сыйлығы

Бір тарихшы құрдасым келе жатқан Республика күнімен құттықтап телефон соқты. «Мерекенің қарсаңында жұрттың бәрі мемлекеттік сыйлық, ордендер мен медальдар, төсбелгілер мен мақтау қағаздар алып жатыр екен. Өзіңе де біреуі бұйырған шығар. Құтты болсын! Естіген жоқпын, ұят болып қалмасын деп жатқаным ғой», – дейді елпектеп. «Ой, рақмет! Марапат алғандардың бәрін де қуаныштарымен құттықтаймыз. Әрине, биыл Республика күнін талай жылдан кейін алғаш рет тойлағалы отырмыз.

Соған орай болса керек, марапатталғандар көп қой, бірақ, оқасы жоқ, бізге ештеңе тимей қалды», – деп қоямын. «Әттеген-ай!» – дейді ол өкініш білдіріп. «Құрысын! Менде медаль да, орден де, атақ та бар ғой, шүкір! Қолы жетпей жүрген жұрт ала берсін!» – деп қоямын. «Ксерокстен шығарған Алғыс хат пен Марапаттау қағаздарының құны белгілі ғой, бір медаль немесе бір орден жасауға қанша қаражат керек екен?» – дейді ол ойға батып. «Айтпақшы, сен мемлекеттік сыйлыққа лайықтысың ғой! Қандай атағың бар?» – дейді тағы да. «Менің атағым одан да жоғары!» – деп қоямын ынтықтырып. «Айтсаңшы, қандай атағың бар?» – дейді досым телефонның арғы жағынан ентігіп. «Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреатымын, Әлем Халықтары Жазушылар Одағының Әбунасыр Әл-Фараби атындағы халықаралық әдеби сыйлығының лауреатымын, «Ғаламшар Мақтанышы – Pride of the Globe» сыйлығымен марапатталғанмын. Құрмет орденінің иегерімін». «Ойбо-о-ой, сен атақтың да, ақшаның да астында қалған екенсің ғой», – дейді ол енді таң қалып. «Қайдағы ақшаны айтып тұрсың? Ақша тек Нобель сыйлығы мен Қазақстан Мемлекеттік сыйлығына ғана беріледі». «Бәсе, ақын-жазушылардың бәрі Мемлекеттік сыйлыққа неге таласып жүр десем... Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының ақшасы көп пе, Нобель сыйлығының ақшасы көп пе?». «Әрине, Нобель сыйлығының ақшасы көп». «Онда біздің ақын-жазушылар неге Нобель сыйлығына таласпайды?».

Осы арада әңгімеміз біраз үзіліп қалды. Тарихшы досым ойға шомып кетті-ау деймін. Кенет соңғы жылдары мемлекеттік сыйлық кім көрінгеннің қолжаулығына айналып бара жатқанын айтып, өзінің әлдебір ақын-жазушыларды ол сыйлыққа лайық емес деп танитынын жеткізіп жатты. «Менің бір ойым бар, – деді ол содан кейін. – Ақын-жазушылардың бәріне де мемлекеттік сыйлық беру керек. Бірақ оларды екі категорияға бөліп, «дарынды қаламгер», «дарынсыз қаламгер» деген сертификат тапсырып, ақшасын да соған лайық бөліп таратқан дұрыс. Сонда талас та, дау да болмайды. Әркім өзінің деңгейін біледі ғой. Зато бәрі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болады!». Екеуіміз күлісіп алдық...

Нобель сыйлығы жайлы бәріңіздің де хабарыңыз бар ғой. Ал жыл сайын қыркүйектің 13-і күні тапсырылатын Шнобел сыйлығын көпшілігіңіз біле бермейтін шығарсыздар деп ойлаймын. Бұл сыйлықтың атауы ағылшын тілінде «Ig Nobel Prize» деп аталады. Ал ағылшын тілінде «ignoble» сөзі «масқара» деген мағына береді екен. Бұл сыйлық ең күлкілі және мағынасыз жаңалық ашқан ғалымдарға берілетін көрінеді. «Ig Nobel Prize» сыйлығының арнайы медалі, сертификаты бар, оған қоса күлкілі қалпақ, көзілдірік және жапсырмалы ұзын мұрын тарту етіледі. Тек ақшалай сыйлығы жоқ. Бір қызығы кеңес физигі Андрей Гейм Нобель сыйлығын да, Шнобел сыйлығын да алған жалғыз ғалым екен...

Досыммен ұзақ әңгімеден кейін бізге де Шнобель сыйлығы секілді Мемлекеттік сыйлықтың «масқара» лауреаты деген атақ белгілеу керек-ау деп ойладым...

Байбота Қошым-Ноғай

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5396