Арнайы экономикалық аймаққа жерді жалға берудің ар жағында не тұр?
Сенаторлар жекеменшік жер учаскелерін жалға алу арқылы арнайы экономикалық аймақтарды құрып, территориясын кеңейту бастамасын мақұлдады. «ҚР арнайы экономикалық аймақтар туралы» Заңға өзгерістер мен толықтыруларды енгізуді көздейтін қаулыға сәйкес, арнайы экономикалық аймақтарды құру, я болмаса, кеңейту кезінде жекеменшік жер учаскелері жалға алынады. Ал ол жердің иесі сан алуан жеңілдіктерді пайдалана отырып, өз кәсібін аша алады. Бұл бастаманың тағы бір «қазақи» жолы бар. Арнайы экономикалық аймаққа өз жерін жалға берген азамат түк істемесе де болады. Себебі оның есеп-шотына онсыз да қыруар қаржы құйылып тұрады.
Сенаторлар жекеменшік жер учаскелерін жалға алу арқылы арнайы экономикалық аймақтарды құрып, территориясын кеңейту бастамасын мақұлдады. «ҚР арнайы экономикалық аймақтар туралы» Заңға өзгерістер мен толықтыруларды енгізуді көздейтін қаулыға сәйкес, арнайы экономикалық аймақтарды құру, я болмаса, кеңейту кезінде жекеменшік жер учаскелері жалға алынады. Ал ол жердің иесі сан алуан жеңілдіктерді пайдалана отырып, өз кәсібін аша алады. Бұл бастаманың тағы бір «қазақи» жолы бар. Арнайы экономикалық аймаққа өз жерін жалға берген азамат түк істемесе де болады. Себебі оның есеп-шотына онсыз да қыруар қаржы құйылып тұрады.
Осындай «өзгерістерді» Парламент Сенатына индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау «арқалап келді». Оның айтуынша, арнайы экономикалық аймақтар үшін өзінің жекеменшік жерін жалға берген азаматтарға барлық жағдай жасалады. Атап айтқанда, жердің иесі жалпыға бірдей ережелерге сәйкес, өзінің инвестициялық жобасын бастап, жеке кәсібін жүргізе алады. Ал оны істегісі келмесе, арнайы экономикалық аймақты басқарушы компанияға өз жерін жалға беріп, табыс көре алады. Ол үшін екі жақты келісімшарт рәсімделеді. Сондай-ақ арыз беруші азамат (жер учаскесінің иесі - авт.) қаржыландырудың бірнеше әдісін таңдап, оның барлығын бірдей пайдалана алады. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, осы іспетті өзгерістер мен толықтырулар арнайы экономикалық аймақтар үшін жекеменшік жер учаскелерін мемлекеттің иелігіне сатып алған кезде бюджет шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. «Бұдан басқа біз мемлекеттік - жекеменшік әріптестігінің тиімді механизмін қалыптастырып, арнайы экономикалық аймақтардың инвестициялық әлеуетін көтере аламыз», - дейді А.Рау.
Ерлан БОҚАЕВ, «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы басқармасының маманы:
- Шынымды айтсам, біз ол өзгерістер туралы естіген жоқпыз. Алайда, заңға сәйкес, арнайы экономикалық аймақтардың жері жекеменшіктің иелігінде болмауы тиіс. Ондай жерлер таза мемлекеттің меншігіне кіреді. Депутаттар осыны өзгерткен болуы керек. Дегенмен қазіргі кезде республика бойынша тоғыз арнайы экономикалық аймақ бар емес пе? «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы болса, мемлекеттік құрылым болып саналады. Сондықтан біз мемлекеттік жерді инвесторларға жалға беріп, тиісті нысандарды салуды талап етіп отырамыз. Ал басқа арнайы экономикалық аймақтарда акционерлік қоғамдар құрылады да, жер - жалға, одан кейін субарендаға беріледі.
Мейрам БАТЫРГЕЛДІ, Астана қаласының тұрғыны:
- Шынымды айтсам, ондай заңдар біреулердің мүддесі үшін жазылатын сияқты. Мәселен, мен арнайы экономикалық аймақтар туралы заңға бүгінгі өзгерістер мен толықтырулардың енгізілетіндігін алдын ала білгенде сол маңайдан жер сатып алып, оның маған қарай жақындағанын күтпеймін бе?! Осыдан кейін ол жерді жалға беріп, ақша алып, үйде тып-тыныш жатпаймын ба?!
Негізі, арнайы экономикалық аймақтар үшін жекеменшік жерді жалға алу сияқты бастаманы депутаттардың өздері өткен жылы көтерген болатын. Бірақ сол кезде А.Рау онымен келіспеген. «Енді сіз ол өзгерістерді өз атыңыздан ұсынып отырсыз. Сонда бір жылдың ішінде депутаттардың шешімі дұрыс болып шыққан ба?» - деп сұрады сенатор Ерлан Нығматулин. Вице-министр ол өзгерістермен әу баста келіскенін, бірақ оны енгізу тетіктерінің болмағанын алға тартып ақталды. Е.Нығматулин онымен қоймай: «Сіз осыдан он күн бұрын біздің алдымызда еліміздегі арнайы экономикалық аймақтар бойынша бюджеттік қаражатты тиімді жұмсауға қатысты толық есепті ұсынуға уәде бергенсіз. Алайда ол сөзіңізде тұрмадыңыз. Сондықтан мына мәселені анықтағым келіп отыр, осы уақытқа дейін арнайы экономикалық аймақтарға 480 млрд теңгенің бюджеттік қаражаты салынды. Ол қаржы қалай бақыланады?» - деп тағы бір сұрақ қойды. А.Рау оған да тұшымды жауап бере алмады. «Енді бүгінде әрбір аймақ бойынша табыстың деңгейі әртүрлі болып келеді ғой. Айып етпеңіз, біз ондай ақпаратты жақын арада ұсынатын боламыз», - деді вице-министр.
Депутат Қуаныш Айтаханов болса еліміздегі арнайы экономикалық аймақтардан түсіп жатқан табыстың тым мардымсыз екендігі туралы айтып отыр. Оның хабарлауынша, қазіргі кезде Қазақстандағы тоғыз арнайы экономикалық аймақта 470 заңды тұлға тіркелген. Олардың инфрақұрылымдық жүйелерді салуына мемлекет тарапынан 94 млрд теңге бөлінген. Осы уақытқа дейін аталған өндірістік аймақтарға 350 млрд теңге көлеміндегі инвестициялар тартылды. Демек, республикалық бюджеттен бөлінген 1 теңгеден 3,7 теңге пайда түсті. «Ал бір арнайы экономикалық аймаққа тартылған бір жылдық инвестицияның көлемі 19 млн АҚШ долларын құраған. Бұл көп пе, аз ба? Бір қарағанда, дұрыс сияқты. Дегенмен басқа елдермен салыстырып көрейік. Мәселен, Польшада ол көрсеткіш - 429 млн доллар, бізден 22 есе көп. Филиппиндерде - 207 млн АҚШ доллары (11 есе артық). Бүгінде барлық арнайы экономикалық аймақта тіркелген 470 заңды тұлғада небәрі 3,6 мың жұмыс орны ашылды. Демек, әрбір кәсіпорынға тек 7,6 жұмыс орнынан ғана келеді», - дейді Қ.Айтаханов.
Сенаттың кешегі отырысы барысында арнайы экономикалық аймақтар үшін жекеменшік жер учаскелерін жалға алу бағасы туралы ештеңе айтылмады. Дегенмен барлық депутат «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын бір ауыздан мақұлдады.
Автор: Арман АСҚАР, Астана
"Алаш айнасы" газеті