Риши Сунак және Ресей
Ағылшын элитасы да, қара халқы да импершілдік көзқарастан бас тартып, өркениетті қоғам құра алған екен. Соның бір дәлелі кеше премьер-министр лауазымына 42 жасар Риши Сунак сайланды. Түп-тұқияны үндістандық, діни көзқарасы - индуизм! Осы жігіт Ұлыбританияның ішкі-сыртқы, саяси-экономикалық мәселелеріне жауап береді. Ғажап па? Ғажап!
Үндістан 350 жылға жуық ағылшын отары болған ел. Отар елдің ұлына, сеніп билік берді ағылшындар! "Ағылшын қоғамы неге қарсы болмады",-деген пікірлерді де оқыдым. Оның жауабы қарапайым ғана. Ол Заң үстемдігі орнаған қоғам. Өркенитетті елдерде билік бір қолға шоғырланбайды. Билік тармақтары мүлтіксіз жұмыс жасайды, қия басса қоғам да, Заң да аямайды.
Біздің мемлекеттік саясатымызда, баяндамаларда жиі айтылатын толеранттылық деген жұмыс істемейтін ұстаным бар. Жұмыс істемейді дейтінім, мінберде осы сөзді айтқан адамдар, қабылдауында руыңды сұрайды. ҚР Президентінің сөздерін түсінбеуі мүмкін, бірақ, өз руының "президенті" үшін біразға шабады...
Борис Немцов пен ІІ Елизавета кездесуінде Ханшайым Бористан сұрапты:
- Ресей мен Британияның айырмашылығы неде?
- Айырмашылық көп емес, екеуі де империя
- Ия, империя болды. Бірақ, біздер өз империялық амбициямыздан бас тартып, отар елдерге алдымен мандаттық, одан доминант, соңынан азаттық бердік. Ал, Ресей әлі сол империялық амбициясынан бас тартпады,-деп тамаша салыстыру келтірген екен.
Жалпы байқағаным, Ресеймен жақындасқан елдердің не ұлттық саясатында, не экономикасында ілгерілеу болмайды екен...
Жәнібек Елшібаев
Abai.kz