Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3746 0 пікір 4 Ақпан, 2013 сағат 06:31

Әзірет Барбол. «БОЛАШАҚТЫҢ» болашағы бұлыңғыр болып тұр

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан-ақ қазақ жастары «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасымен әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік алған болатын. Аталған бағдарлама негізінде білім алғандардың алды қазір елімізге келіп, алған білімдерін ел игілігіне, отанға қызмет етуге жұмсауда. Бұл бастама әрине, құптарлық жағдай. Дегенмен соңғы уақытта болашақ бағдарламасының төңірегінде біраз дау шыға бастады. Белді БАҚ-тағы мәліметтерге қарасақ «Болашақ» бағдарламасы бойынша білімін шет мемлекеттерде алған 50-ден астам жас Отандарына қайтып оралмаған. Ал, қазіргі уақытта «Болашақ» бағдарламасына 729 орын беріліп, 16 млрд. теңге қаражат бөлініп отыр.

«Болашақ» бағдарламасы өткен ғасырдың 20-ншы жылдарында яғни, Алаш зиялыларының бастамасы негізінде пайда болғандығын қазір тарих жоққа шығармайды.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан-ақ қазақ жастары «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасымен әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік алған болатын. Аталған бағдарлама негізінде білім алғандардың алды қазір елімізге келіп, алған білімдерін ел игілігіне, отанға қызмет етуге жұмсауда. Бұл бастама әрине, құптарлық жағдай. Дегенмен соңғы уақытта болашақ бағдарламасының төңірегінде біраз дау шыға бастады. Белді БАҚ-тағы мәліметтерге қарасақ «Болашақ» бағдарламасы бойынша білімін шет мемлекеттерде алған 50-ден астам жас Отандарына қайтып оралмаған. Ал, қазіргі уақытта «Болашақ» бағдарламасына 729 орын беріліп, 16 млрд. теңге қаражат бөлініп отыр.

«Болашақ» бағдарламасы өткен ғасырдың 20-ншы жылдарында яғни, Алаш зиялыларының бастамасы негізінде пайда болғандығын қазір тарих жоққа шығармайды.

Ұлт тарихында небәрі он сегіз жаста республикалық «Жас азамат» атты бүкіл қазақтық жастар ұйымын құрып, оған басшылық жасаған, жиырма бес жасында ел тарихындағы ең жас халық комиссары атанған алашордашы Смағұл Сәдуақасов, Ә.Байділдин, Е.Алдоңғаровтармен бірігіп 1922 жылы 19 тамызда ҚазОАК мен ҚазАКСР-і Халық ағарту комиссариятына хат жолдап: «Революция жастарды жасампаздыққа емес, шайқасуға үйретті. Сондықтан да енді жастардың оқуы, жаңалық іздеп, оларды жүзеге асыруды үйрену керек. Батылырақ ақылды іс істеу үшін терең және салмақты білім керек» дей отырып, техниканың тілін меңгеру үшін Германияға 30 қазақ жасын оқуға жіберуді сұрап: «Шығыс үшін буржуазиялық Еуропа «мәдениетін» қабылдаудың қажеті жоқ. Шығысқа еуропалық дамыған техника, тек техника ғана керек» - (Ж.Сүлеймен. Смағұл Сәдуақасов - ұлт азаттығының жаршысы. Отан тарихы 3-4/2000) - деп жазған болатын.

Осылайша, сол уақытта большевиктермен белдесе жүріп, мемлекет билігінде отырған алашордашылар - Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, С.Қожановтардың араласуымен Еуропа елдерінде заманауи техниканың тілін меңгеруге бұдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын қазақ жастарын оқуға жіберу басталған болатын.

Яғни, қазіргі «Болашақ» бағдарламасы өткен ғасырда Алаш зиялыларының идеясы екендігін ескерсек, тәуелсіздік алған тұстағы «Болашақ» бағдарламасының қайта жандануы - сол идеяның жүзеге асуы деп ұққан абзал. Дегенмен, ұлттық интеллигенция өкілдерінің өткен ғасырда ойлап тапқан - «Болашақ» бағдарламасына қазақтың, ұл-қыздарын оқытудағы алашордашылардың негізгі мақсаты, көксеген арманы қазір орындалып отырған жоқ. Қазіргі «Болашақ» бағдарламасында, ондағы оқып жүрген жастардың басым бөлігінде Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, С.Қожанов т.б. көтерген: «Еуропалық «мәдениет» емес, дамыған техника керек», - деген негізгі мақсат жоқ. Негізгі мақсаты дұрыс айқындалмаған, көксегені күмәнді болғаннан соң, қазіргі «Болашақ» бағдарламасының болашағы бұлыңғыр болып барады.

Алаш қайраткерлері артта қалған еліне қорған болатын, ұлт болашағын, жұрт жұмысын ойлайтын тек ұлтшыл һәм білімді жастар деп сеніп, сол жастарды өркениетті Батысқа жіберуді ұйғарып, бірақ, ол жақтан не үйренетіндігін, оны қалай ел игілігіне жарататындығын білді. Яғни, бір сөзбен айтқанда, қазақ жастарының Батысқа білім қуып бару мақсатын айқындап берген болатын. Сондықтан ол жаққа баратын жас әуелі ұлтшыл болып, Еуропа «мәдениетін» емес, тек «техникасының тілін ғана игерем», оны елге келіп қазақ ұлтының игілігіне жаратам деген мақсатпен ғана барған. Осылайша, Еуропаның азғындық «мәдениетіне» қазақ жастары жұтылып кетпес үшін сол заманда Алаш қайраткерлері «Батыс туралы», әсіресе Еуропаның күні біткен «мәдениеті» туралы қоғамдық пікір қалыптастырған болатын.

Алаш зиялыларының батыс туралы айтқандары

Алашорданың рухани көсемі болған Ахмет Байтұрсынұлы Еуропа туралы:

Жер жүзі қызыл қанға боялып тұр,

Ес кетіп, ескі намыс оянып тұр.

Үлгілі Европа ұлттарынан,

Үлгі ал деп айтуға ауыз ұялып тұр - деп атап көрсетеді. Яғни, ұлт ұстазының Еуропадан «Үлгі ал деп айтуға ауыз ұялып тұр» дегені әрине, техникасын емес, С.Сәдуақасұлы айтқан «қабылдаудың қажеті жоқ мәдениетін», «азғындық мәдениетін», «қандықол», «қанқорлық» әрекетін айтып отырғандығы айқын..

Сол секілді алашорданың рухани ұстазы Шәкәрім Құдайбердіұлы:

Европа білімді жұрт осы күнде,

Шыққан жоқ айуандықтан о да мүлде.

Терең ойлап сөзімнің түбін біл де,

Іштен жыла шырағым сырттан күл де - деп азғындықтың батпағына батып бара жатқан батысқа осылай баға берген. «Білімді» бірақ, «айуандықтан шықпағандығын» ескертіп отыр.

Алаш зиялылары атағандай «үлгілі» бола тұра «үлгі ала алмайтын», «білімді» болса да «айуандықтан шықпаған» Еуропаға, жалпы батыс мәдениетіне Алаш зиялыларының берген бұл бағасын шығыстық көзқарас, мұсылмандық мүдде тұрғысынан деп білсек, бірақ Батысты қазіргі батыс ойшылдарының көзқарасы тұрысынан қарасақ, Алаш зиялыларының батыс туралы идеясының ақиқаттан алыс кетпегендігіне анық көз жеткізуге болады.

АҚШ-тың Гарвард университетінің профессоры, америкалық мәдениет философы П.А.Сорокин: «Өмірдің және батыс қоғамындағы мәдениет пен тұрмыс-салттың аса маңызды көріністері елеулі дағдарысты бастан кешіп отыр... Батыс қоғамының тәні мен рухы сырқатқа шалдыққан, және оның денесінде тым болмаса бір сау жердің немесе қалыпты қызмет ететін жүйке тіндерінің табылуы екіталай..» (Әлемдік философиялық мұра. ХХ ғасырдағы мәдениет философиясы. 17-том. Жазушы: Алматы, 2008 ж. 290-б) - десе, Нобель сыйлығының иегері, неміс мәдениет философы, Альберт Швейцер: «.. Біз мәдениеттің құлдырауын сипаттайтын жағдайда өмір сүріп отырмыз. Бұл ахуал соғыстан болған жоқ - ол оның көрінісі ғана. Фактіге айналған қоғамның рухани өміріндегінің бәрі өз кезегінде рухани бастауға енді теріс әсер ететін болады. Материалдық және руханилық арасындағы өзара байланыс күрделі сипат алды...

... Иә біздің қоғамның өзі адамдардың бәрін адами құндылық және адами адамгершілік тұрғысынан қараудан қалды. Адамзаттың белгілі бір бөлігі біз үшін адами материалға, затқа айналды... Ақ нәсілді халықтардың қаншама айуандық істері соңғы онжылдықтарды біздің отар елдердің әдебиеттерінде көрініс тапты. Осыдан жиырма жыл бұрын Еуропа құрлығындағы елдердің біріндегі парламентте депортацияланған негірлердің аштық пен жұқпалы аурулардан жаппай қырылуы туралы жасалған баяндамада олардың өлімін тура малға айтылатындай «шығын болды» деген сөз қолданғанда жиналғандар оны қалыпты түрде қабылдады. Қазіргі мектептерде сабақ беруде және оқулық құралдарында ізгілікті мүлдем ығыстырып тастады, ол адамды тәрбиелеудегі ең қарапайым әрі ең қажетті ақиқат болудан қалды, тіпті ізгілікті сыртқы жағдайлардың әсерінен қорғау және біздің ұрпағымызды тәрбиелеуге қолданудың ешқандай қажеті жоқ сияқты», (ХХ ғасырдағы мәдениет философисы. 17-том. Жазушы. Алматы 2008. «Мәдениеттің құлдырауы және қайта өрлеуі». 138,151,152-бб) - деп ақиқатты аша отырып, Алаш интеллигенциясының батыс туралы тұжырымын тайға таңба басқандай ғып тағы дәлелдеп берген болатын.

Бұл жөнінде де Алаштың ұлтшыл ақыны Мағжан Жұмабайұлы:

Ібіліске ерген есерлер,

Өзімшіл кеуде кеселдер

Тұншықсын, қанға боялсын

Оның өлген үнімен,

Қанды батқан күнімен

Күншығысым оянсын!

Немесе,

Күнбатысты қараңғылық қаптаған,

Жалғыз жан жоқ қараңғыда лақпаған.

Білген емес - иман деген не нәрсе,

«Қарын» деген сөзді ғана жаттаған - деп, өркениетті, ғылым-білімі қарыштап дамудың ең жоғары басқышында тұрған батысты «Ібіліске ерген есерлер», «өзімшіл кеуде кеселдер» деп көрсетеді.

Еуропа елдерінің ХХ ғасырдағы бодан етіп, отарында ұстаған Шығыс елдеріне, озбырлығы, ол елдерге Батыстық үлгідегі білім-ғылым үйретіп отырмыз деген желеумен ол отар елдерді мәңгүрт етіп, қанауы, «миссионерлік» миссиясы өткен тарихтағы Еуропаның жауыздығы болып табылады. Батыстың сол замандағы іс-әрекетіне қанық, оны өз көзімен көріп, сол саясаттың бел ортасында жүрген Алашордашы Н.Төреқұлов ол жөнінде өз ойын былай қорытады: «... Бұл обырлардың кейде біз шығысқа батыстың мәдениетін кіргізіп жатырмыз деулері, өздерінің шығыста істеп жатқан талан-тараж, зорлық-зомбылықтарын бүркеу үшін айтатын сөздері ғой.

Дұрыс, шығыстың кейбір жерлерінде Жауропа мемлекеттерінің коллеж, лицей, миссионер мектептері сықылды мектеп медреселер ашқаны рас. Бірақ мынаны ескеру керек: бұл мектептерде отарлардың жергілікті халықтарының оқып, тәрбие алып жатқаны қанша, жоқтың жанында аз, бұл бір. Екінші, Жауропа империалистері жергілікті халықтың балаларын тәрбие қылғанда әлем империализмінің табанын жалайтын қарғылы тазы, байлаулы бұзауы қылып, ықыласты қызметкері қылып тәрбие қылуға тырысады; Жергілікті халық балаларын өзіне қас, өз елін соратын төре, тілмаш қылып, өздерінің саясаты мен саудасының жергілікті агенті қылып, өздерінің көзі қылып шығарады. Қытайда, Үндістанда, Түркияда, Мысырда, шығыстың т.б. жерлерінде біз осынау істі ашық-ақ көріп отырмыз. Бір Қытайдың өзінде алты мыңдай Жауропаның миссионері бар. Бұлар Қытайдың 120 мың адамды өздеріне күшік қылып ертіп алған. Қытайдағы Америка қамшысынан жағымды қамшы жоқ деген пікірді тарату үшін, бір Американың өзі жылына он миллиондай доллар жұмсап отыр.

Дұрыс, отар халықтары білімге, мәдениетке аңсап отырғаны рас. Бірақ, империалистер ағарту жұмысын мынадай мақсатпен жүргізіп отырған соң, отар халықтары мынау миссионер мәдениетінен, бұл мәдениеттің қожасы мынау обырлардан құтылғанша асық болып отыр... », (Н.Төреқұлов. «Ұлт мәселесі және мектеп» Көптомдық шығармалар жинағы. 3-том) - деп, «мәңгілік дос емес, мәңгілік мүдде» іздейтін батыстың басты отарлаушы пиғылын ашып берген болатын.

А.Байтұрсынұлы: «Мұсылман жұрты өзге күншығыс елдерінен гөрі Арабстанды жақсы біледі. Түркия, Арабстан - мұсылман елдерінің бесігі секілді жерлер. Арабстанда мұсылмандардың «қасиетті» қалалары - Мекке менен Мәдина һәм беттерін бұрып тәжім ететін Қағбасы бар. Міне, осы Арабстанды өзіне бағындыруға, отарына айналдыруға соңғы жылдарда Ангілия қатты кірісулі. Жұрттарды санап, бас бағын іздеуші арабтың байларын, ишандарын пара беріп, өздеріне қаратып алып, бұқара халықты бір-біріне атыстырып, ағылшындар жұрттың берекесін кетіріп, қанын сорып отыр», (А.Байтұрсынұлы: 5-том. Алматы: Алаш 2006. 199 б) - деуінен көп нәрсені аңғаруға болады. Ахаң Ишандарын, яғни, рухани дін иелерінің өзін пара беріп, өзіне қаратып алғандығын айтып отыр. Ал, бұл соңғы жүз жылдықта мұсылман әлемінде «қан төккен», Ахаңның сөзімен айтсақ: «ишандарын пара беріп өздеріне қаратып» Англияның қолдан жасаған «ваххабизмнің» дәл өзі. Осылайша, Батыс мұсылман елінің бесігі саналған Арабияда ислам дінін «бүлдіріп», арабтарды мәңгүрттеп, рухани мәдениетінен қол үздіріп, ғасырлар бойғы қалыптасқан дәстүрлі дүниетанымын, тарихи жадын жойып жіберген болатын.

Америка Құрама Штаттарында бірнеше ай болып, бұл Батыстық азғындық, жауыздық мәдениеттің қоғамға, жалпы жас буынға кері әсерін өз көзімен көріп ой тұжырымдаған Мұхтар Әуезов: «...Сонымен қатар енді, әсіресе, мол және өте бір залалды ықпалы көп Америкадағы жас буын атаулыны анық, айқын жаман аздыратын мол бір суреттер тағы бар.Ол бұзықтыққа, қан төгуге адамды адам иттей талауға арналған және сол жайлар өзінше көрер көзге қызық, қыздырмалы оқиға болып қалыптасатынын көресіз. Бұл нағыз Американың көп айтылатын «Комиксы» дейтін кино суреттерінің, телефильмдерінің (телевизор) мол тобына жатады... Бұл көргеніміз, мұндағы еріксіз сезгеніміз бүгінгі Американың бүгінгі бар мәдениетінің сыртқы көркі. Техникасы, барлығы, байлығы қатарында мынадай жас буынды жабайылық, қанқорлық, жыртқыштық бағытта баулығандай сұмдық аңғарылады. Солай болмасқа, ойламасқа шара да жоқ. Өйткені бұл біздің көргеніміз бір суреттің тұсында, бірер кинотеатрда ғана емес, ол Нью-Йорк, Вашингтон, Лос-Анжелос, Бостон сияқты үлкенді-кішілі қалалардың бәрінде, барлық кино мен телеэкранның бәр-бәрінде жүріп жатқан күндегі көптен-көп шығармалар», - деп, батыстың «қанқорлық», «жыртқыштық» мәдениетін атай отырып, Мұхтар Әуезов: « Ендігі бір айтатын дәл деректі әңгімелеріміз Америка Құрама Штатының бірнеше жоғары оқу орнындарында болатын кейбір қолайсыз, ерсі мінездер жайынан білгеніміз жөнінде болсын.

«Нью-Йорк таймс» газетінің 26 февральда шыққан санында Солсбери Харисон жазған Жоғары оқу орындары жөніндегі бір мол мақала шықты. Мақаланың аты - «Жасырын жазушылар әшкереленуі». Мұнда Солсбери бір аудандық прокурор Френк-Хоган өзі әшкерелеп тапқан бір топ жұмыстар жайын баяндайды, прокурордың анықтауы бойынша, жоғары оқу орындарында студенттер үшін емтихан беріп, жас ғалымдар үшін диссертация жазып қорғайтын бірнеше топтар болды. Олар өзі төрт агентстваға бөлінеді.

Магистрлік диссертация үшін үш мың доллар алып жазатын болады. Студент үшін емтихан тапсырған ақысына елу доллардан бес жүз долларға дейін алатын болады. Кейбір сондай жалдамалар емтиханды студенттер үшін бір емес, бірнеше университеттерде беріп жүреді. Сол қатарда Колумбийский университетте, оқытушылар колледжінде емтихан табыс еткен жолдама адамдар жайы айтылады... Солсберидің жазуында оқытушылар колледжінің президенті доктор Кэсуэлдің бұл жөнінде көп қынжылып сөйлегенін келтіреді.

Сандары көп болмаса да, бұндайлардың оқытушылық құқық-тәрбиеге адамгершілікке жат мінез екенін айта кеп, өз колледжінде мұндай мінездерді жоюға серт бергенін айтады.

...Психология жөнінен үш жүз елу долларға Иешив Университеттің жас ғалымына диссертация жазып бергенін Бенсон өзі мойындайды.

Түстік Батыс университеттерінің біреуінің профессоры докторлық диссертацияны қайта жазып берген адамға қорғаушы бір мың екі жүз доллар төлеп және сол адамға кейін алғыс айтып хат жазғанын да келтіреді.

Колумбийский университетте Елизавета дәуіріндегі драма жайлы диссертация жазып, екі мың долларға жалданып, сол ақшының жарымын алып, кейін қашып кеткен бір жасырын жазушыны еске алады... Әрине, бар университеттер тәрбиесі бұл емес те, барлық ғылым дәрежесін қорғаушылар бұл аталғандар емес, бірақ сонымен қатар Америка жоғары дәрежелі оқу орындары мен ғылым ордаларында кейде осындай да сорақы мінездер сойдия, жарыққа шыға жүретіні бар көрінеді», - (М.Әуезов. 8 том. Шығармалары. «Жаушы» баспасы. Алматы, 1981 ж. «Америка әсерлері», 300-301, 295-297 бб) - деп, дамудың ең биік шыңына шыққан, әлеуметтік-экономикалық жағдайы, ғылым-білімі, мәдениеті өркендеген Батыста да бұл мәселенің шешілмегендігін, ол елде де біздегідей сыбайлас жемқорлық, парақорлық дертінің асқынып тұрғандығын айтқан еді.

 

Қорытынды сөз

«Халықаралық бағдарламалар орталығының» мәліметі бойынша Отанына оралудан бас тартып шет елде қалып қойып жатқан, ол жақта не істеп, не қойғаны белгісіз «Болашақ» бағдарламасымен оқитын бір степендиаттың өзіне ғана жылына он мың доллардан асатын қаражат жұмсалады екен.

Ұлт мүддесінің не екендігін, өзінің кім екендігін білмейтін өз үйінде жат тілде сөйлесіп, төл мәдениетінің, ұлт руханиятының «уызына жарымай» өскен жастардың «Болашақпен» Батысқа оқу іздеп барып, Нәзір Төреқұлұлы айтқандай: «Батыс империализмінің табанын жалайтын қарғылы тазы, байлаулы бұзауы болып, ықыласты қызметкеріне айналып» сол жақта қалып жатыр. «Халықаралық бағдарламалар орталығындағылар» атап өткеніндей өткен жылы 25 адам, ал оған дейін 29 «Болашақ» түлегі елге келуден, өз ұлтына қызмет етуден бас тартқан екен. Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болады» - деп үкілі үміт артып отырған «Болашақтың» жастары, осылай жылда 25-30, одан да көбі шетелде қала берсе онда ондай «Болашақтан» не қайыр?! Үміт артқан жастардан не пайда?!

Меніңше, бұл олқылықтардың басты себебі - «Болашақ» бағдарламасының мақсаты нақты айқындалмай, ондағы шетелге жіберілетін жастарға қойлатын талаптың дұрыс жолға қойылмауы деп білемін. Мемлекет қаражатын осыншама жаратып, мемлекет игілігіне алған білімдерін жаратады деп үлкен сенім білдірілген жастарды шетелге жіберуден бұрын әуелі Алаш интеллигенциясының ұстанған тәсілі қолданылып: «Шығыс үшін буржуазиялық Еуропа «мәдениетін» емес, дамыған техника, тек техника ғана керек» - дейтін қағида басты орынға шығу керек! Ол үшін «Болашақтың» болашақ түлектерін сынақтан іріктеп өткізетін комиссия мүшелері әуелі өздері ұлтына жаны ашып, қаны қызатын, қазақ елінің, қазақ жастарының болашағы үшін бауыр етін үзіп бере алатын «ұлтшыл», «ұлт руханиятын меңгерген», «Алаш идеясына бекем» болуы керек. Содан соң Алаштың ардагерлері Бөкейхан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Тұрар, Шоқай, Мұхаммеджан, Сәкендер кейінгі толқын жас алашшылдар - Нәзір, Мұхтар, Қаныш, Смағұл, Сұлтанбектерді шәкірт етіп, ұлтшыл азамат қылып тәрбиелегеніндей, «Болашақ» бағдарламасына баратын жастарға әуелі ұлттық мүдде, ұлттық рухты санасына сіңіру керек. Ұлттық санасы пісіп жетілген, екіншіден, барлық қойылған талаптарды орындаған жастар ғана жіберілу керек. Егер де басқа талаптарын орындап, бірақ ұлттық рухы бұлдыр, намысы жоқ болса жіберілмеуі қажет. Басқа ұлт өкілдері де осы талап үдесінен шығуы керек. Өйткені біз Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің ұзақ мерзімді қамтитын «Қазақстан-2050» стратегиясында атағандай: «Мәңгілік Қазақ елін» құруға атсалысып жатқан қазақ елінің перзенттеріміз. Сондықтан еліміздегі өзге ұлт өкілдері болашақта қазіргі Батыс елдеріндегідей сол елдің тілін білмесе, мәдениетін құрметтемесе күн көре алмайтын дәрежеге жетуі тиіс.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылдың қыркүйек айындағы «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты «Назарбаев университетінде» оқыған лекциясында: «Біз қаражатымызды шығарып, батыстың озық технологияларын сатып алуымыз керек. Алайда олар бізге ең үздік үлгілерін қолымызға оңайлықпен бере салмайды. Өзіне бәсекелесті дамытуға кім мүдделі болсын? Сондықтан мұндай озық технологияны өзімізде шығарып, революцияға қажетті білім мен ғылымды да осы жерден өркендетуге тиіспіз» - деп атағандай өзіне бәсекелес болуды қаламайтын, қашанда «мәңгілік дос емес, мәңгілік мүдде іздейтін» Батыс біздің «Болашақ» жастарының қолына озық техникасының кілтін ұстата салмайды, әрине. Ондай техниканы сатпайды да. «Болашақ» бағдарламасына басымдық беріп отырған Н.Назарбаевтың өзі осыны айтып отыр. Сондықтан Н.Назарбаев айтқандай ол жақтан алып келген бірлі-жарым техниканың тілін осында «одан әрі дамыту керек». Оны да істейтін ұлты үшін туған жастар ғана. Ол үшін қазақ жастары Н.Назарбаевтың сөзімен айтсам: «Отанымыздың дәулеті артуы үшін мен не істедім деп сұрауы керек» өзінен. Және сол қағидаға берік болуы керек. Ондай жұмысты ұлт намысына қаны қызып, ұлт жұмысына жаны ашитын жастар ғана жасай алады. «Қазақстан-2050» стратегиясында Н.Назрбаев айтқандай: «Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік Ел»боламыз».

Хош. Болашақты бітіргеннің бәрі Батыста қалып жатқан жоқ.

Байға мал, оқығанға шен мақсұт боп,

Ойлайтын жұрттың қамын адам аздан - деп, Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, еліне келген «Болашақ» түлектерінің өзі - «мал қуып», «шен іздеп» кетсе, Ахаң айтқан: «жұрттың қамын кім ойлап», Н.Назарбаев айтқан: «Батыс бермеген» білімді, техниканы қалай жаңғыртпақ?!

Ал «Болашақ» бағдарламасы қазіргі еліміздегідей сипат ала беретін болса, онда М.Әуезов айтқан: «Батыстың оқу орындары мен ғылым ордаларындағы сорақы мінездер - студенттер үшін емтихан беріп, жас ғалымдар үшін диссертация жаздыратын топтарға» қазақ жастарының айналып, Н.Төреқұлов атаған: Батыстың «миссионер мәдениетіне» жұтылып кетуі ғажап емес.

Нобель сыйлығының иегері, неміс мәдениет философы, Альберт Швейцер айтқандай: «адами құндылық жойылып», «мектептерде оқулық құралдарында ізгілікті мүлдем ығыстырып тасталған», АҚШ-тың Гарвард университетінің профессоры, америкалық мәдениет философы П.А.Сорокин атаған: «Тым болмаса бір сау жердің немесе қалыпты қызмет ететін жүйке тіндерінің табылуы екіталай..» Батысқа білім қуып баратын қазақ жастары Алашорда зиялылары көксеген: «тек дамыған техниканы меңгерем» оны «ұлт мүддесіне сарп етем» деген мақсатты ғана көздеп баруы керек!

Алаш қайраткерлері: «Ібіліске ерген есерлер елі», «Үймелеген жын ұясы» деп таныған айуан қылмаған іс - ері мен ерін, әйелі мен әйеліне жеке отау тігіп, үй қылған елге өзге мақсатты көздеп барсаң құрыдың қазақ жастары! Осыны әбден ұқ! Мықтап есіңде сақта!  «Болашақтың» батыл да, елін сүйетін қайсар қазағы!

ABAI.KZ

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371