Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Дей салдым-ау 2973 6 пікір 28 Қазан, 2022 сағат 13:42

«Валдай! Тілің ащы, сөзің балдай!»

немесе Путиннің сөзіндегі жаңаша реңктер туралы

Ресей сыртқы саясатының біраздан бері қолданып келе жатқан бір ақпаратық-сараптамалық әдісі, құралы бар. Оның аты – «Валдай пікірталас клубы». Яғни, президент Путин жылына бір рет әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшылар мен БАҚ өкілдерінің алдына шығып сөз сөйлейді, олардың сауалдарына жауап береді. Жалпы алғанда, жаман формат емес. Біздікілерде осылай жасаса, артық болмас еді.

Бұл жолғы кездесу Ресейдің Украина қарсы соғыс ашуы жағдайында өткендіктен талқыланған негізгі тақырып та осы төңіректе болғаны түсінікті.

Путиннің сөзі мен жауаптарының біз, яғни Қазақстан үшін қандай салдары бар екенін қысқаша талдап көрелік.

Біріншіден, көрші елдің жерін басып алу себептерін тізбелегенде, бұған дейінгі «денацификация» мен «демилитаризация» секілді уәждер айтылмады. Бұл жолғы «жаңалық» «тарихи тұрғыдан алғанда, Украина жасанды мемлекет ретінде құрылды» дегенге сайды. Қыза-қыза келіп ол: «Шынын айтқанда, украина тәуелсіздігі, егемендігі мен жер тұтастығының бірден-бір, нағыз әрі ықпалды кепілі бүгінгі Украинаны құрған Ресей ғана бола алады», - деп айтып салды!

Бұл өзі Кремльдің неоимпериялық саясатын айқындайтын жаңаша, онымен көршілес боп табылатын Қазақстан секілді мемлекеттерге де тікелей қатысты идеологема!

Бұл дегеніңіз - Кремьдің ортақ тарихымызды қайта қарап, өзінің жамбасына ыңғайлы жаққа бұрып әкетуге, постсоветтік кеңістіктегі елдерді айрандай аптап, күбідей күптеуге бейім арам ниеті мен пиғылынан бас тартпайтынының нақты дәлелі.

Ертең қазақ мемлекеттігі туралы дәл осылай көки бастаса ше?!

Екінші астар өркениеттік мәслелерге жетелейді.

Путиннің сөзіне салсақ, Батыс әлемінің либералдық құндылықтары зиянды әрі қауіпті. Және де олардың жамандығын ол тек қана ұжымдық Батыстың өктемдігінен көреді екен. Сөйтіп, әлемді билеп-төстеп жатқан олардың монополиясына шүйлігеді. Осы қарсылығын паш ету арқылы ол өзін антибатыстық коалицияның көшбасшысы ретінде танытқысы келетіндей, өйткені өз сөзінде көбінесе, Батыспен тіл табыса алмай жүрген елдерге қарап тіл қатады, солардың жоғын жоқтап, сойылын соғуға тырысады.

Батыс елдерімен әріптестікке ұмтылған, олармен экономикалық, сауда-саттық, гуманитарлық байланысы бар Қазақстан өзінің көршісі әрі одақтасы осындай ымырасыз көзқарас ұстанғанда, не істемек керек?

Үшінші астардың психологиялық сипаты бар.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, Ресейдің халықаралық оқшаулауға ұшырап, санкциялардың астында қалуының басты себебі оның Украина жерін аннексиялап, оған қарсы соғыс ашуы екені белгілі.

Енді, «Валдайдағы» мына сөзіне қарасақ, Путин тәубасына келе бастаған секілді.

Осыдан біраз уақыт бұрын «ядролық қаруды қолдануға дайын» екенін айтса, кеше оны қолданбайтыны туралы мәлімдеді. Гвинея-Бисау секілді экзотикалық елдің басшысы арқылы Киевке «біз келіссөз бастауға дайынбыз» деп сәлем жолдауының өзі не тұрады?

Өз басым мұның бәрін Путиннің өзінің о бастағы жоспарының жүзеге аспай, діттеген мақсатына жете алмай, өз айналасындағы іштей тынып келе жатқан наразылықтың күшеюінен деп білемін. Әзірше айылын жия қоймаса да, ол ертеңгі күнінің қиын боларын, бара-бара алдынан дау, аузынан сөз кетпейтін кейіпкерге ұқсап бара жатқынан өзі де сезіп қалғандай.

Батыс санкциялары Ресей экономикасын әбден титықтатып жіберді. Жыл аяғында Еуропа Ресей мұнайы мен газынан түгелдей дерлік бас тартады. Ресей бюджеті сол кезде банкротқа ұшырауы мүмкін. Оның өзі елдегі экономикалық жағдайды күрт төмендетіп жіберуі әбден ықтимал.

Ал Ресей бүлінсе, ол жақтан шатақ шықса, онымен көршілес жатқан бізге де бар жағынан оңай болмайды.

Біз сондай катаклизмдерге дайынбыз ба?

Мәселе сонда!

Әміржан Қосан

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3315
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019