Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Көршінің көлеңкесі 2879 3 пікір 31 Қазан, 2022 сағат 14:20

Астықтан аштыққа: Ресей тағы бопсаға көшті

Ресей мен Украина әлемдегі астық өнімінің  30 пайызға жуығын береді. Ресейдің Украинаға соғыс ашуы әлем елдерінде астық тапшылығын арттырды. Соғысқа дейін екі ел Африка және Оңтүстік Шығыс Азиядағы кедей елдерге астық жеткізу бойынша көшбасшы болатын. 

Ресей Украинаға соғыс ашып, Донецк, Луганск, Харьков, Запорожье және Херсон облыстарын оккупациялаған соң, жергілікті астық қоймаларын тонап, бидайды құрлық және су жолы арқылы Ресейге таси бастады. Біраз бөлігін Сирияға жеткізді. Астық қоймаларын тауысқан Ресей астық оруға, егуге қажетті ауыл шаруашылық техникаларын да еліне әкетті, әкете алмағанын жоюға тырысты. Астық алқаптарына өрт қоюға ұмтылған сәттері де болды.

Ресей Украинаның астығын жою арқылы екі мақсатты көздеді. Украина әлемде 400 млнға жуық халықты астықпен қамтамасыз етіп отыр, оның басым көпшілігі кедей мемлекеттердің халқы. Кедей елдерде астық тапшылығы артса, онда босқындар легі Еуропаға ағылады. Бұл өз кезегінде Еуропада экономикалық дағдарысты күшейтеді, міне, сондықтан да астық тапшылығын Мәскеу саяси құрал еткісі келді. Санкцияны жеңілдетсе немесе толық алып тастаса, онда астықты жоюды, тонауды тоқтатамыз деп бейресми сигналдар жолдады. Ресей Украина аумағынан бір дән шықпауы үшін барын салды. Қара теңізді миналау арқылы Украина порттарынан астық тасымалдауды бұғаттады.

22 шілдеде Стамбұл қаласында астық тасымалдауға шектеу қоймайтын келісім жасалды. Түркия, Ресей, Украина және БҰҰ арасында жасалған келісімге сай арнайы дәліз жасалып, ол бойынша кемелер астықты шығару мүмкіндігіне ие болды. Кемелерді кіру және шығу сәтінде тексеру жұмыстары іске асатын. Келісім жалпы 120 күнге жасалып, артынша оны ұзарту мүмкіндіктері қарастырылуы тиіс еді. Астық тасымалдауға 390-ға жуық жүк кемелері қатасқан болатын.

Қазан айының 29 күні басқыншы қолындағы Қырымдағы Ресейдің Қара теңіз флотына шабуыл жасалды. Севастополь маңында бірнеше камикадзе дрондар кемелерге шабуыл жасап, 4 кеме зақымданған. Украина "бұл шабуылға қатысымыз жоқ" деп мәлімдеді, ал Ресей шабуылды Киев ұйымдастырды деп айыптап, астық келісімінен шығатынын мәлімдеді. Біржақты негізде келісімнен шықты, ал БҰҰ мен НАТО Ресейдің бұл шешімін айыптады.

Ресей Киевті "лас бомбамен" бопсалай алмаған соң, бұрынғы әніне қайта басып, астық тапшылығы арқылы аштық жасап, Европаға қысымды күшейтпек. Ал Киев "келісімді қалаған сәтінде үзе салатын Ресей сынды елмен келіссөз жүргізіп, уақыт жоғалту ақымақтық" дейді.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1965