Отыз жылда қазақ неге өспеді?!
Кеңес одағы құлап «екі тізгін, бір шылбырды қолға алдық» деп алақайлаған 30 жылда ең бір өзекті өртейтін өкініш – жер көлемі әлемде 9-орынға тұрақтаған халқымыздың жан санының өспей қалуы еді. Осыншама уақытта қырғыз, тәжік, әзербайжан, түркімен ағайындардың халқы екі еселеніп, өзбек ағайындар 35 миллионнан асты. Қазір жылына милион адамдық көрсеткішпен қарқынды өсуде. Қырық жыл қырғын болған Ауғанстан халқы 40 миллионға жетіпті.
Ал жуырдағы санақ бойынша Қазақстан халқының саны 19 миллион 600 мың адамнан асып, Кеңес кезіндегі көрсеткішке енді жақындады. Кеңес кезінде қазақтың халық саны 50 пайыздық көрсеткішпен өссе, тәуелсіз кезеңде жеті-ақ пайыз болған. «Өзге республикалардың бәрінен жағдайы жақсы, өңірдегі тұрақтылық бесігі» деп әспеттелген, жалпы ішкі өнім құны жан басына шаққанда 10 мың долларға жеткен Қазақстандағы мемлекет құрушы ұлт – қазақ халқының жан санының өспей қалғанына миымыз жетпей, иланбай келіп едік. Назарбаевтың «бейбіт күнде ел тұрғындары авариядан соғыстағыдай қырылып жатыр» деген сөзін де, Нартай Аралбайдың аузын көпіршітіп: «Елімізде 30 жылда 100 мың адам өз-өзіне қол жұмсаған» деген дерегін де місе тұтпай, бір кілтипанның бар екенін сезгеміз.
Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының бірінші орынбасары, танымал ақын Ақберен Елгезек жеке парақшасында қазіргі тіл дауына байланысты өте құнды жазба жариялады. «Мына Мухоряпов деген сабаз қайдағы-жайдағыны еске түсіріп отыр. 2000-шы жылдардың басы. Алматы қалалық Ішкі саясат департаментінде бас маман боп қызмет етемін. Бір күні бізге жарықтық Мақаш Тәтімов ағамыз келді. Бәкін-шүкін әңгімеден кейін әлгі кісіні астындағы асханаға шайға апардық. Сондағы айтқан сөзі мен көзі жадымда әлі күнге сайрап тұр. Ағамыз көзі қулана ерен жарқ етіп бүй деген еді сонда: “Жақында өткен Халық санағының (1999 ж.болу керек) нәтижесін Нұрекеңе баяндаған едім. Сонда ол кісі солтүстіктегі көршіміз «нервничать» етеді деп қорытынды есептен 5-6 млн қазақтың санын сызып тастады” деп еді. Ал сонда сол есептің сыртында иесіз қалған 5-6 миллион қазақ осы уақыт ішінде ай қарап, шошқа тағалап жүрмеген шығар?! Ол 23 жылда кем дегенде 2 есе өсті делік, сонда тек солар өзі қанша адамға көбейді қазір? Биылғы санақтың нәтижесінде 19,6 млн.болдық. Оған 10-12 миллионды қоссақ, қателеспейміз бе?! 30 миллион халыққа жақындамаймыз ба сонда?! Оны былай қояйық. Сол 19,6 млн халықтың 70%-ы – қазақ. Ал, оның 80%-ы «мемлекеттік тілде еркін сөйлеймін» деп жауап берген. Ал жоғарыда айтқан 10-12 млн санаттан сызылған қаракөздерімізді ортақ тізімге қоссақ, онда кем дегенде 90%-ы қазақ тілінде еркін сөйлейтін халқымыз бар» деп жазды.
Оған жас жазушы, қарымды журналист Қанат Әбілқайыр: «2010-дағы сайлауда 28 млн болғанымыз туралы әңгіменің құлағы қылтиған. Моноұлтты болуға биліктің жігері жетпей тұр ғой. Ол 28 миллионның 82 пайызы – қазақтар. Мемтілді білетін халық дегенде соның 82-і жүр. Сосын, әлгі бір апамыз 68-67 пайыз дегені үшін істі болып, 62 пайызға бір-ақ құлдырадық. Кейіннен қазақтардың үлес салмағын 65 пайызға ілгерілетіп қойды» деп пікір қосты. Елімізде өткен 1999-жылғы, 2009-жылғы халық санағында да шикілік, саяси астар бар болып шықты. Ақберен мырза жоғарыдағы жазбасында ары қарай: «Енді бері келіңіздер. Сонда республика халқының 70%-ы қазақ екен, оның 80-90%-ы қазақ тілінде еп-еркін сөйлейді екен, онда неге көпшілік яғни электораттың басым бөлігінің мүддесі аяқ асты болады? Әгәрәки, сайлаушылардың басым көпшілігі қазақтар болса әмбе оның 80%-қазақ тілінде еркін сөйлейтін болса, онда электораттың басым көпшілігі дауыс беріп сайлаған Парламент, сол арқылы жасақталған Үкімет һәм жергілікті атқарушы билік неге іс қағаздарын электораттың басым бөлігінің тілінде жүргізіп, жиналыс-жиындарын неге электораттың басым бөлігінің тілінде өткізбейді?! Неге электораттың басым бөлігінің тілінде бұқаралық ақпарат құралдары тиісінше қаржыландырылмайды, неге орыстілді БАҚ бізде дәуірлеп тұруы тиіс? Неге қай-қайдағы келімсек электораттың басым бөлігінің намысына тиеді және неге оған электораттың басым бөлігі сайлаған мемлекеттік органдар тиісті жаза қолданбайды?» деп сұрақты төтесінен қояды. Біле білсек ұлт тағдырына бей жай қарамайтын белсенді екі азамат үлкен мәселені көтеріп отыр.
Соңғы жылдары қоғамда әлеуметтік мәселелердің күрт ушыққаны, ашынған аналардың Ақордаға басып кіргені белгілі. Нәтижесінде билік транзиті орын алып, Үкімет әлеуметтік саясатын өзгертуге, халыққа қарайласуға мәжбүр болды. Бұл қайшылықты да марқұм Мақаш Тәтімов айтқан, Назарбаев та, басқалары да сызып тастаған санда да, санатта да жоқ азаматтардың қарасының мол екенің дәлелі ретінде қарастыруға болады. Елдегі балабақша, мектеп тапшылығы да соның көрінісі.
Халық санының сайлаудағы рөлі айтпасада түсінікті. Бізді қойып демократиялы деген Американың өткен жылғы пандемияға байланысты электронды форматта өткен президент сайлауы да қазіргі сандық технология дәуірінде дауыстың қалай ұрланатынын анық көрсетті. Халық санының биліктің мемлекет ішіндегі мүддесіне ғана емес, геосаяси ортадағы мүддесіне де байланысы бары мәлім. Екі алып көршіміз Қазақтың өскенін, жеріне халқы сай қуатты елге айналуын ежелден қаламайды. Өз жерінде алып барып жатқан қазақтардың жан санын азайтып көрсету, тілінен, дінінен айырып, ассимиляцияға ұшыратуы соның айғағы. Өзге түркі бауырларымыздың билігі халық санын асырып көрсетіп, екі державаға айбат танытса, біздің билік халық санын қолдан азайтып, ұл мүдесін жерге таптап келген. Биліктің кіммен мүдделес болып отырғаны осы мәселеден де мен мұндалап тұр. Биліктен ашықтықты, тәуелсіздігіміздің баянды болуына тікелей ықпал ететін халық санына қол салмауды талап етіп, төрт көзіміз түгел, мал-жаны мыңғырған айбарлы елге айналатын уақыт жетті.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz