Сенбі, 23 Қараша 2024
Әліпби 3427 23 пікір 8 Қараша, 2022 сағат 15:00

Түркі әлемі ортақ әліпби жасай ма?

Түркия басқаратын Түркі мемлекеттері ұйымы «Түркі мемлекеттерінің тілдік бірлігіне қол жеткізу және ортақ әліпбиге көшу» – Түркі мемлекеттері ұйымы аясында Өзбекстан, Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан мемлекеттері кіретін жаңа комиссия құруды ұйғарды.

Қазіргі посткеңестік кеңістікте латын әліпбиін дамыту әртүрлі бағытта жүргізіліп келеді.

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер Түркияның Бурса қаласында өткен жиында әліпбилік комиссия құру туралы шешім қабылдады. Комиссияның мақсаты «түркі мемлекеттерінің тілдік бірлігіне қол жеткізу және ортақ әліпбиге көшу» екені хабарланды.

Семинарда түркі мемлекеттерінің ғалымдары өз елдерінде болған әліпби және тарихи тілдік үдерістер туралы мағлұмат беріп, біртұтас әліпбиге көшу және оны түркі мемлекеттері арасында тарату үдерісін жеделдету маңыздылығын атап өтті. Комиссияның алғашқы отырысы Қырғызстанда өтеді, оған әр елден екі өкіл қатысады. Ұйымға Өзбекстан, Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан және Қырғызстан кіреді. Түркіменстан мен Венгрия бақылаушы елдер болып табылады.

Айта кету керек, түркі жазуының латын әліпбиіне көшу тақырыбы жаңа емес. Ал Түркия бұл мәселеде ешқашан пионер болған емес. Керісінше, ол Кеңес тәжірибесін ықыласпен қабылдады. 1920 жылдары Кеңес Одағында түркі тілдеріне арналған латын әліпбиінің енгізілуі жаңа Түркияның басшысы Мұстафа Кемалды да солай етуге итермеледі.

Жаңа әліпби бірнеше аптада дайындалды.1928 жылы қабылданды. Түркі тілінің латын әліпбиінде жазылуының ең алғашқы үлгісі қыпшақ тілінде жазылған Codex Cumanicus («Куман кодексі», XIV ғ.) болып табылады.

Бұл жазу Алтын Ордадағы аздаған католиктер арасында ғана таратылды және ол жойылғаннан кейін көп ұзамай ұмытылды, өйткені католицизм түріктер арасында кең таралмаған. Латын графикасын 19 ғасырда миссионерлер де қолданған. Бірақ мұның бәрі түріктердің өз бастамасы емес еді. Ресей империясының түркілері сан ғасырлар бойы қолданып келген араб жазуын реформалау мәселесін 19 ғасырдың ортасында көрнекті әзірбайжан жазушысы, ағартушы Мирза-Фатали Ахундов көтерген болатын.

Сонау 1857 жылы ол әзірбайжан тіліне арналған латын нұсқасының бірінші жобасын ұсынды. 1911-1912 жылдары татар ақыны Сағит Рамеев астрахандық «Идел» газетінің беттерінде жарияланған бірқатар мақалаларында өз ұстанымын дәлелдеп, латын әліпбиіне көшу қажеттігін айтты.

Оның үстіне ол өз еңбектерінде латын әліпбиін қолдана бастады. Бұл идеялардың барлығы 1920 жылдардың басында, латыншылдық қозғалыс кең өріс алып, қайтымсыз сипатқа ие болған кезде ғана жүзеге асты. Латын әліпбиіне ресми көшу 1920-1923 жылдары болған Якутия мен Әзірбайжаннан кейін Қазақстанда да осындай процесс басталды.

1920-1930 жылдары «коренизация» – Кеңес үкіметінің ұлттық мәселедегі саяси-мәдени науқаны басталды.  Жергілікті ұлт өкілдерін даярлау және басшылық қызметке көтеру, ұлттық-территориялық автономиялар құру, іс қағаздарын жүргізу, оқу-ағарту жұмыстарына ұлттық азшылық тілдерін енгізу, жергілікті тілдегі бұқаралық ақпарат құралдарының басылымдарын насихаттауда көрініс тапты.

Большевиктер ұлттық элитаның адалдығына толық сенбеді. Оларды тыныштандырып, өз жағына бұру үшін осы қадамға барды. Бірақ көп ұзамай, 1930 жылдардың аяғында ингенизация қысқартылды, оның белсенді қатысушыларының көпшілігі сталиндік қуғын-сүргінге ұшырады.

Бұрынғы Кеңес Одағының құрамындағы түркі республикаларында латын әліпбиіне көшу бірінші кезектегі міндет деп жарияланды. Алайда бұл мақсатқа тек Әзербайжан мен Түркіменстан ғана жылдам әрі қатаң шаралар арқылы қол жеткізе алды.

Өзбекстан жарты жолда тоқтады. Қазіргі уақытта екі графикалық жүйе қолданылады. Соның салдарынан 30-35 жасқа дейінгі жастар кириллицаны, ал аға буын латын әліпбиін қабылдай алмайтын жағдайға жетті.

Латын әліпбиіне көшуді аяқтау мерзімі 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін жарияланды. Бірақ ақиқат мынада, кириллицада білім алған ұрпақ белсенді қоғамдық өмірден кетпейінше, бұл үдеріс барынша тежеліп, «саботажға» ұшырайды.

Қазақстанда латинизация процесі өзінің даңғыл жолына түспеді. 2017 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Назарбаев «2025 жылға қарай республика латын әліпбиіне көшеді» деп уәде берген еді. Латын әліпбиіне көшуді билік гуманитарлық саланы жаңғыртудың келесі кезеңі ретінде Кеңес өкіметінің мұрасын түпкілікті бұзуға, сондай-ақ «қазақ тілінің коммуникациялық мүмкіндіктерін кеңейтуге» бағытталған.

Қырғызстан әлі күнге дейін кирилл әліпбиі өз орнын сақтап қалған жалғыз ел. Әзірге латын әліпбиіне көшу туралы белсенді пікірталас жоқ, бірақ мұндай пікірдер бар. Түркі мемлекеттері ұйымының әліпбиі жөніндегі комиссияның алғашқы отырысын Бішкекте өткізу туралы шешім қабылданғаны да кездейсоқ емес шығар.

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383