Бейсенбі, 20 Қараша 2025
Билік 1388 0 пікір 20 Қараша, 2025 сағат 20:37

Әділетті Қазақстан: ӨБК-ні қайта қарау – мемлекетті сақтап қалу үшін керек!

Суреттер: akzhol.kz, e-cis.info сайттарынан алынды.

Бүгінгі әлемде сирек металдар мен табиғи ресурстар тек экономикалық қарым-қатынастар құралы ғана емес, сонымен қатар саяси қаруға айналды.

Мемлекеттер арасындағы достық та, әріптестік те көбіне дәл осы табиғи ресурстардың мол қорына қарай түзіледі. Қазіргі жаһандық геосаясаттағы интеграциялардың сұлбасы қазақтың: «Бай мақтанса – табылар, кедей мақтанса – шабылар» дегеніне әбден сай кеп тұр.

Ал Қазақстан дәлелденген табиғи қорлары бойынша әлем көшбасшыларының бірі.

Сурет: e-cis.info сайтынан алынды.

ҚАЗБА-БАЙЛЫҚҚА МОЛ ҚАЗАҚСТАН

Нақты сандерек келтірсек, биыл Қазақстан сирек металдарының болжамды қоры жағынан әлемде 2-орынға шықты: оның көлемі, шамамен 28,2 млн тонна делінген. Оның құрамындағы элементтер заманауи технологиялардың:  смартфондар, электромобильдер, батареялар, «ақылды» жүйелер және болашақ энергетикасы және т.т. негізін құрайды.

Оның негізгі қоры Карағанды облысында жатыр екен: церий, лантан, иттрий магниттер және басқа...

Әрине, бұл ақпарат осыған дейін де аракідік айтылып келді. Мысалы, осмий, литий және т.т. Бірақ, сирек металдар көбіне «ілеспелі өндіріс» болғандықтан, ол туралы халыққа ашық жария ету – еліміздің тау‑кен өндірісін «меншіктеген» олигархтар мен сол келісімдерді жасырын жасасқан ескі билікке тиімсіз еді. Сондықтан, ол деректер құпия ұсталды, дақпырттан сақтанды.

Сурет: spik.kz сайтынан алынды.

ҚҰПИЯ КЕЛІСІМДЕРДІҢ КЕСІРІ

Алайда соңғы 34 жылда жасалған өнімді бөлу келісімдері (СРП) мен тұрақтандырылған келісімшарттардағы әділетсіз үлес елдің экономикалық, стратегиялық және саяси мүддесін айтарлықтай шектеп отыр. Бұл тек цифрлар мен келісімнің мәселесі емес – бұл халықтың құқығы, мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуы мен тәуелсіздігіне қатысты мәселе!

Жуырда «Cronus Central Asia» порталы Қзақастанда құпия жасалған өнімді бөлу келісімдері (СРП) мен тұрақтандырылған келісімшарттар туралы көлемді зерттеу жариялапты. Онда айтылған кей деректерге көз жүгіртсек:

Қазақстанда Дунга, Чинаревское (Жаикмунай), Солтүстік-Каспий (Кашаган, Актоты, Кайран, Южный Жамбай, Юго-Западный Кашаган) сияқты ірі жобалар бойынша ӨБК (СРП) келісімдері 1990–2000 жылдары жасалған. Дунга жобасы 1994 жылы басталып, 2019 жылы 2039 жылға дейін ұзартылған. Мемлекет үлесі 2023 жылдан бастап 60%-ы «ҚазМұнайГазға» тиесілі. Чинаревское жобасы 1997 жылы жасалған, 2031 жылға дейін күшінде. Солтүстік-Каспий жобалары 1997–2003 жылдары жүргізілген және күрделілігі жоғары болғандықтан инвесторларға 80% шығын өтеледі, мемлекет үлесі кейбір жобаларда 2%-ды ғана құрайды. Тұрақтандырылған келісімшарттар, мысалы Теңіз және Королевское келісімшарттары 1985–1991 жылдары өндірісін бастаған. 1993 жылы 40 жылға келісім жасалған. ондағы мемлекетке түскен үлес 5–20% шамасында, онда да тек коммерциялық пайда басталғаннан кейін ғана.

Бұл келісімдер бойынша шетелдік компаниялардың таза кірісі миллиардтаған долларды құрайды, ал мемлекетке түскен үлес теңізге тамған тамшыдай ғана. 2, 5 және 20 пайыз үлес Қазақстанға бұйырады. Қалғаны «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп жатыр.

Сурет: akzhol.kz сайтынан алынды.

«АҚ ЖОЛ» ҚАҚҚАН ДАБЫЛ: ПЕРУАШЕВ АЙТҚАН ШЫНДЫҚ ЕНДІ ӘШКЕРЕ БОЛДЫ

Бұл туралы алғаш болып дабыл қаққан – Мәжілістегі «Ақ жол» партиясы, төраға Азат Перуашев бастаған «ақ жолдық» депутаттар.

«Ақ жол» демократиялық партиясы 2022 жылдан бері дәл осы ӨБК (СРП) және тұрақтандырылған келісімшарттардың ашықтығын талап етіп 30-дан аса мәселе көтерген. Солардың бірсыпырасы:

БІРІНШІ: «Ақ жол» фракциясы 2022 жылы Үкіметке ӨБК шарттарын ашу және қайта қарау қажеттігі туралы депутаттық сауал жолдаған. Ол кезде Үкіметті Әлихан Смайылов тізгіндеп тұрған.

Азат Перуашев: «Ақ жол» демократиялық партиясы жер қойнауын пайдалануға, тау-кен өндіруге, оның ішінде мұнай мен газ, түсті мен қара металлдар кен орындарына қатысты барлық негізгі келісімшарттарды халыққа жария етуді ұсынады», - деді.

Шын мәнінде Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жасалған бұл құпия келісімдерде Қазақстанның ұтылған тұсы көп болды. Сол кезеңдегі еліміздің саяси аренадағы беделдің жоқтығы, енді-енді бой түзеп келе жатқан іскерлік ахуал, табиғи ресурстарды орналастыру мен өндірудің қиындықтары салдарынан еліміз шетелдік инвестицияларды тарту үшін ірі шикізат алпауыттарының қалауы мен шарттарын орындауға мәжбүр болғаны белгілі.

«Ақ жол» ел билігіне, Үкіметке 4 талап қойды. Олар:

1)Ірі шетелдік инвесторлармен жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың талаптарын жұртшылық үшін ашық ету. Е.Gov ресурсында мұндай келісімшарттарды жалпыға қолжетімді ету;

2) Жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарттарға өзгеріс жасап, iрi шетелдiк инвесторларды кадрлық және ғылыми-техникалық дамуына жәрдемдесуге мiндеттеу;

мелерiн қамтуды қамтамасыз ету;

3) Келісім-шартты ұзарту талаптары көтерілген қолданыстағы келісімдерді қайта қарау;

4) Қазақстаннан ақшалай қаражаттың заңсыз шығарылуының нақты көлемін анықтауға және оларды іздеу мен қайтару тәсілдерін қалыптастыру.

Сурет: akzhol.kz сайтынан алынды.

ЕКІНШІ: «Ақ жол» партиясы осыдан кейін де бұл мәселені бірнеше мәрте көтерді. Мысалы, оффшорға кеткен ақша мен Қазақстанннан заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселесі Үкімет пен қоғамда қызу талқыланған кезде, «Ақ жол» партиясы аталған мәселе аясында жоғарыдағы «құпия келісімдерді» қоғамға ашық әрі қолжетімді ету мәселесін көтеріп, ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов пен ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың атына депутаттық сауал жолдады.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса: «Шетелдіктермен кен орындары жайлы жасасқан өнімді бөлу келісімдерін (ӨБК) ашық жариялау керек. Өнімді бөлу туралы келісім деген не? Ол – ең алдымен инвестордың мүддесі мен пайдасын ғана қорғайтын келісім. Дамыған елдерде мұндай өнімді бөлу туралы келісім жасалмайды», - деп дабыл қақты.

Партия төрағасы Азат Перуашев жуырда: «Президент Қ.Тоқаевтың өнімді бөлу туралы келісімдердің (ӨБК) мерзімін ұзартқан кезде олардың шарттарын қайта қарау туралы тапсырмасын, жалпы алғанда, тарихи деп атаған дұрыс. Себебі, ол Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан бұлыңғыр әрі даулы шарттармен шетелдік инвесторларды тартқан кезеңді аяқтап отыр. Бұл қадам - әділеттілікті қалпына келтіру ғана емес, өз аумағындағы жер мен қазба байлықтардың заңды иесі ретіндегі халқымыздың ұлттық мүддесін түбегейлі ілгерілету», - деп пікір білдірді.

Азат Перушов: «Қазба байлықтардан түскен салықтар теңізге тамған тамшыдай ғана, ал негізгі үлес шетелдік компанияларда», - деп нақты атап өтті.

Сурет: akorda.kz сайтынан алынды.

ӘЛЕМДІК ТӘЖІРБИЕ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН

Қазақстанда орын алып жатқан оң өзгерістерге әлемдік тәжірибе де сабақ бола алады.

Мысалы, Индонезия 2001 жылы ескі ӨБК (СРП) шарттарын өзгертуге тырысқан, бірақ бұл инвесторлардың сенімін жоғалтуға алып келді. Индонезиядағы дау 1990 жылдардың басынан 2012 жылға дейін созылып, соңында арнайы агенттік құрылып, жаңа контракттар жүйесі енгізілді. 2017 жылы Джакарта ӨБК-ге (СРП) балама модель ұсынды, мұнда мемлекет пен инвестор үлестері келісімнің басталуында бекітіледі, шығындарды өтеу қарастырылмайды. Бұл аса тиімділігін көрсеткен жоқ. Кейбір трансұлттық компаниялар елден кетті.

Әлбетте, Қазақстанға Индонезия сияқты қателіктерді қайталауға болмайды, себебі елде өз бетімен кен орындарын игеруге жеткілікті ресурстар мен технологиялар жоқ. Десе де, 2025 жылы Теңіз және Чинаревское жобалары бойынша шарттарды бейбіт жолмен өзгерту мүмкіндігі пайда болды.

Сарапшылардың болжамдарына сәйкес, Теңіз жобасы бойынша шетелдік компаниялардың таза кірісі $45 млрд, Солтүстік-Каспий – $25 млрд, Қарашығанақ – $10–15 млрд болуы мүмкін. Мұндай айырмашылық мемлекетке түскен үлестің мардымсыз екенін көрсетеді.

Қазақстанға әділетті үлес алу үшін жалпы салық режиміне көшу, мұнай мен сирек металдарды ішкі нарыққа жеткізу, барлық келісімшарт міндеттемелерін орындауды қатаң бақылау, экспорттық баж салығын мемлекет мүддесіне бағыттау қажет.

Әділетсіз үлестің салдары кең және ауқымды: экономикалық тәуелділік бюджет мүмкіндіктерін шектейді, стратегиялық шешімдер қабылдауда еркіндікті төмендетеді. Мысалы, миллиардтаған долларлық кіріс тек шетелдік компанияларға ағып кетеді, бұл инвестиция мен әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру мүмкіндігін тежейді.

ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ТАРИХИ МҮМКІНДІК

Сирек металдар мен табиғи ресурстар тек экономикалық капитал емес, сонымен қатар халықаралық саясаттағы құндылық. Дұрыс басқарылған жағдайда олар елдің халықаралық аренадағы салмағын арттырады, ал әділетсіз үлесте тәуелділікті күшейтеді.

Президенттің тапсырмасымен басталған қайта қарау процесі – Қазақстан үшін нақты тарихи мүмкіндік. Елдің стратегиялық капиталы әділетті үлеспен қайта бөлінген жағдайда ғана Қазақстан өз табиғи байлығын тиімді пайдаланып, экономикалық дербестігін нығайта алады. Сирек металдар мен қазба байлықтарының шынайы құндылығы тек мемлекетке тиімді үлес қайтарғанда ғана толық ашылады. Егер бұл мүмкіндік қолдан жіберілсе, миллиардтаған долларлық кіріс тек шетелдік компаниялардың қалтасын толықтырып қана қоймай, елдің болашағын тәуелділікте қалдырады.

Түйін: Қазақстанның табиғи ресурстары – оның стратегиялық капиталы. Оларды тиімді басқару, әділетті үлесті қамтамасыз ету арқылы ғана мемлекет өзінің экономикалық және саяси мүддесін қорғай алады және әлемдік аренада теңқұқылы ойыншы бола алады. ӨБК (СРП) және тұрақтандырылған келісімшарттарды әділетті қайта қарау – тек экономикалық қажеттілік емес, мемлекеттің болашағын сақтау, стратегиялық тәуелсіздігін нығайту жолы.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір