Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Билік 2916 0 пікір 17 Қазан, 2022 сағат 14:13

Мемлекеттік тіл – Ұлы даланың ұлтаралық тіліне айналуы қажет

«Сөзі жоғалған жұрттың, өзі де жоғалады» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтқандай халықтың өлмейтін байлығы мен өшпейтін ізі – оның тілі. Осы қағида қазақ елі тәуелсіздік алған жылдары басшылыққа алынды. 1989 жылы 22 қыркүйекте қазақ тілі – мемлекеттік тіл ретіндегі алғашқы мәртебесін алды. Кейін Ата Заңымыз қабылданып, өз алдымызға дербес, тәуелсіз ел болған уақытта Конституцияда «Қазақ тілі - мемлекеттік тіл» деп тайға таңба басқандай айқын жазылды. Содан бері қазақ тілін дамытудың даңғыл жолы қаланды. Мемлекет жыл сайын тіл мәселесіне көңіл аударып, назардан тыс қалдырған емес. Өйткені сан этнос өкілін бауырына басқан Қазақстан Республикасы үшін қазақ тілі – еліміздегі бүкіл ұлтты ұйыстырар, бір арнаға бағыттар, бір мақсатқа жетелер тіл болуы керек.

Мемлекет басшысы өзінің мақаласында  "Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір көбейді. Қазақ тілін, шынтуайтына келгенде, бүкіл елді біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе - ниетте. Қазақ тілін меңгергісі келетін адамдардың да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметтің де ниетінің дұрыс болуы маңызды", - деген болатын.

Таяуда қазақ тілінің мәртебесін көтеретін маңызды жиынның бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық форумы Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында өтті. Ауқымды іс-шара Ассамблея амбассадорларының жеке тәжірибелерін мен практикалық мысалдарын жариялау арқылы қоғамның мемлекеттік тілді меңгеруге деген қызығушылығын арттыруды мақсат етті.

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» РММ-ның ұйымдастыруымен өткен жиынға қоғам қайраткерлері, депуттатар, шығармашылық интеллигенцияның өкілдері қатысты. Өңір басшысының орынбасары Марат Тасмағанбетов «Біздің міндетіміз – ана тілін болашақ ұрпаққа жеткізу» деп атап өтті. Іс-шараның шымылдығын ашқан Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Тауфик Кәрімов қазіргі күні елімізде қазақ тілін меңгеру үшін бүкіл жағдай қарастырылғанын айтты.

«Қазақстан - біздің ортақ мекеніміз болса, ал қазақ тілі - қазақстандықтардың басын біріктіретін символ және негіз. Сондықтан мемлекеттік тілде сөйлеу мен оны үйрену – әрбір азаматтың парызы», - деді Тауфик Кәрімов.

Оның айтуынша, қазіргі кезеңде әлемде күрделі геосаяси жағдай орын алды. Мұндай кезде мемлекеттік тілді үйрену басты қажеттілік. Мемлекеттік тіл Қазақстан халқының жалпыұлттық бірлігін, келісімін нығайтатын қуатты күшке айналуы керек.

Тауфик Кәрімов қазақ тілін дамытуда Ассамблеяның атқарып жатқан шараларын атап өтті.

«Мәселен, «Мың бала» жобасына 1,5 млн.бала атсалысып, қатысты. Достық үйлерінде, этномәдени бірлестіктерде 174 жексенбілік мектеп жұмыс істеп тұр. Онда мемлекеттік тілді оқыту бойынша 124 топ жұмыс істейді. Бұл жобалардың барлығы этностардың өзара қарым-қатынас құралы ретінде мемлекеттік тілдің арнасын ашуға арналған. Қазіргі таңда әрбір сөз сөйлеушінің жеке тәжірибесі барлық халықты мемлекеттік тілге көшудің және қоғамды бірегейлендірудің жалпы процесі аналасына топтастыруға ықпал етеді деген үміттенеміз», – деді ол.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары тілге тиек еткен «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентімен қабылданған Қазақстанның Ұлт бірлігі доктринасына, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №148 Жарлығымен бекітілген Қазақстан халқы Ассемблеясының (2025 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасына және «100 нақты адам»: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті берген тапсырмаға сәйкес өткізіліп келеді.

Мәдени-ағартушылық жобасы еліміздегі түрлі өкілдерінің мектеп жасына дейінгі балаларынан жастарына дейін мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған. Сондай-ақ қоғамды тұтастыратын ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруді мақсат тұтады. Қазақстандағы бірегейліктің, бірліктің азаматтық қағидаларын қалыптастыруды көздейді.

Аталмыш жоба мемлекеттік тілді үйрену арқылы жастарды патриоттыққа тәрбиелеу және балалардың қоғамдық белсенділігін арттыру, жастардың бойына кітап оқу мәдениетін сіңіру, танымдық, сөйлеу қабілеттерін дамыту, қазақ әдеби тілі мен поэзиясын меңгеруге қызығушылықтарын ояту, тіл үйретудің жаңа форматтарын іздестіру, қазақстандық этностардың мемлекеттік тілді меңгерген жас өкілдеріне қолдау көрсету және ынталандыруды өз міндеті санайды. Осылайша бір республикада өмір сүріп отырған халықтарды бірлікке жетелейді.

«Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық форумы отырысында сөз сөйлеген  «Қоғамдық келісім» РММ директоры Қазыбек Майгельдинов тәуелсіздік жылдары Қазақстанда мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту бойынша бірталай жобалар мен курстар ұйымдастырылғанын, сонымен қатар, қазақ тілін оқытудың озық әдістемелері әзірленгенін атап өтті.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру барысында мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған біршама мәдени-ағартушылық жобаларды іске асыруда.

Атап айтсақ, 2021 жылы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен бірлесіп алғаш рет қазақ тілінде «Қазақстан халқының ертегілері» кітабын шығарды. Мемлекеттік тілде жарық көрген екі томдық ертегілер жинағы 4-7 және 8-11 жастағы балаларға арналды. 4000 дана таралыммен шығарылды.  Жинаққа Қазақстанның 25 ірі этносының – орыс, өзбек, корей, неміс, шешен-ингуш және т.б. этностардың 114 халық ертегісі енгізілді. Кітапта мейірімділікті, достықты, адалдықты, туған жерге деген сүйіспеншілікті дәріптейтін, жас жеткіншектерді гуманизм құндылықтары мен ел бірлігі тәрбиелеуге ықпал ететін ертегілер жинақталған. Ертегілер жинағы мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне, жалпы білім беретін мектептерге және кітапханаларға таратылды.

Мемлекеттің болашағына бей – жай қарамайтын азаматтарымыз мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтіп, оны этносаралық қатынастар тіліне айналдыруға жол сала отырып, көпұлтты еліміздің бірлігі мен берекесін нығайтуға өз үлестерін қоса алады. Сондықтан біздің басты ортақ  мақсатымыз – мемлекеттік тілдің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету болып саналады», – деді Қазыбек Майгельдинов.

Қазақстанда мемлекеттік тілді дамыту ісі ешқашан тоқтап қалған емес. Біртіндеп нәтижеге жетіп келеміз. Бүгінгі таңда қазақ тілін білетіндер үлесі 90 пайызға жуықтап қалды. Ал 2025 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендер үлесі 95 пайызға жетпек.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған әр Жолдауында, баспасөз бетіне берген сұхбаттарында әрқашан қазақ тілінің мәселесін көтеріп отырады. Мемлекет басшысы «Ана тілі» газентіне берген сұхбатында «қазақ тілін дамытуда қызбалыққа салынып, тілдің қолдану аясын күшпен көркейту – ұлтаралық араздыққа дейін әкелуі мүмкін екенін, оның орнына жағдайды салмақтап, байыпты түрде тіл саясатын жүргізу керек екенін» айтқан болатын.

«Қайта оны ың-шыңсыз, құр айғайға салынбай, қызбаланбай, бірақ табанды түрде жалғастыра беру қажет. Бұл орайда Өзбекстанның тәжірибесін мысалға келтірсек болады. Олар өздеріне тән жұмсақ, жайлы мінезіне салып, ұрандатып-шулатпай-ақ, қажет кезінде орыс тіліне де жүгіне отырып, тіл мәселесін толық шешудің жолын тапты»,-деді Президент сұхбатында.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1546
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3341
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6149