Туысы жаннан бөлек-ті…
Қалжан Нұрмаханов. Кезінде атақ-даңқы жер жарған осындай бір мықты ағамыз болған. Бүкіл ұлттың мақтанышы. Өрімдей жас кезінде М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін "түркі филологиясы" мамандығы бойынша бітірген бірден-бір қазақ.
Қалжан ағамыз мұнымен де шектелмеген, әйгілі оқу орнын аяқтай сала тағы бір атақты білім ордасына - М.Горький атындағы Әдебиет институтының аспирантурасына түскен. Тақырыбы - Мұхтар Әуезовтің романдары. Ғылыми жетекшісі - баршаға аты мәшһүр профессор Медина Искандеровна Богданова.
Қалжан - Қазалының қазағы. Ауылда өскен қарапайым қара бала. Тіреп тұрған ешкімі жоқ. Парасатты перзент. Жалпақ жұртқа танымал Жалаңтөс баһадүрдің әулеттесі. Әр сөзін кестелеп түсіретін Әйтеке бидің жақын жұрағаты. Тегіне тартқан талант. Екі тілге жастайынан жүйрік болды.
Қазалыдағы мектепті бітіріп, КазГУ-ге түскен аса зерек студентті дана Әуезов бірден байқайды. Ұлы Мұхаң оған Мәскеуде оқуға кеңес берген деседі. Содан елгезек жігіт келесі жылы Алматыдағы оқуын тастап, әйдік шаһарға тартып отырған.
Маңғаз Мәскеу Қалжан көкемді жатырқаған жоқ. Ол студент бола жүріп, "Дружба народов" және "Знамя" журналдарында әдеби редактор болып қызмет істеді. Мұхтар Әуезовтің "Абай" романының 4-томы туралы рецензиясы осы басылымдардың бірінде жарық көрді. Оны айтасың, сол томды орысшаға аударып шыққанда небәрі 22 жаста еді. Қалжанның аудармасын Леонид Соболевтің өзі жатып кеп мақтаған. Ал осы кітаптың Мәскеуде жарық көруі тас жарған талантты қалай құлшындырғанын бағамдай беріңіз...
Түрлі себептерге байланысты диссертациясы қорғалмады. Есесіне бұрынғы одақ жұртшылығына кеңінен таныла бастады. Сол жылдарда жарқырай көрінген Шыңғыс Айтматовпен жан аяспас дос болды. Шықаңның "Жәмиласынан" бастап біраз дүниесін қазақшаға аударды. Бірқатар пьесасын әкемтеатрда сахналады. Ауыр науқасқа шалдыққан Қалжан отыз бес жасында өмірден өткенде Шыңғыс досы Алматыға арнайы келіп, өз қолымен жерлепті. Күні бойы өзі шапқылап жүріп, Кеңсайдың еңселі бір биігінен жер таңдапты...
Қалжанның екі-үш кітабы жарық көрді. Бірқатар қолжазбалары жоғалып кетті. Кейін жалғыз қызы - Маржан Нұрмаханова әдепкіде академик Зейнолла Қабдоловтың жетекшілігімен ғылым еңбегін бастап, ардақты аға өмірден озған соң Асылан Жақсылықовтың жетекшілігімен "Қалжан Нұрмахановтың әдеби мұрасы" деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Жұмыстың сәтті қорғалуына әдебиеттанудың тағы бір алыбы Тұрсынбек Кәкішев ерекше тілеулес болды. Маржан қыз әлі күнге дейін әкесінің мұрағатын жанұшырып іздеп, жиған-тергенін жарыққа шығарудан жалыққан емес. "Орнында бар оңалар" деген осы... Ұсынылып отырған мына сурет те Маржанның жеке архивінен алынды.
* * *
Биыл аса көрнекті әдебиет сыншысы Қалжан Нұрмахановтың туғанына - 95 жыл...
Бауыржан Омарұлы
Abai.kz