Сұхбат: 7 жылдық мерзімнің не берері бар?
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей президент сайлауына да санаулы күндер қалды. Біз Қазақстан заңгерлер қауымдастығы Алматы филалының және «Әділдік жолы» қоғамдық ұйымының төрағасы Бауыржан Мақұлбаев мырзамен саяси аламанның заңдық негізі жайлы сұхбаттасқан едік.
- Бастапқы үміткерлер саны біртіндеп азайып, қазір Тоқаевты қосқанда алты кандидат сайлау мәресіне жақындап келеді. Жалпы президенттікке кімдер қатыса алады?
- «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 55-бабына сәйкес президенттікке кандидаттар ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген республикалық қоғамдық бірлестіктерге (РҚБ) тиесілі. Бұл ретте қоғамдық бірлестік Президенттікке бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Кандидат өзін ұсынған РҚБ-де мүше болмауға құқылы.
Қазақстан Президенті лауазымына кандидаттар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 33-бабында, 4 және 54-баптарында айқындалған мынадай талаптарды қанағаттандыруға тиіс:
- әрекетке қабілетті болуы, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында ұсталмауы (Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабының 3-тармағы);
- туған жері бойынша Қазақстан азаматы болуы (Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 2-тармағы);
- қырық жастан кіші емес (Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 2-тармағы);
- мемлекеттік тілді еркін меңгеруі (Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 2-тармағы);
- Қазақстанда соңғы он бес жыл тұруы (Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 2-тармағы);
- жоғары білімі болуы тиіс (Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 2-тармағы);
- өтелмеген немесе алынбаған соттылығы болмауы тиіс ("Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы"Конституциялық заңның 4-бабының 4-тармағы);
- сыбайлас жемқорлық қылмыстар және құқық бұзушылықтар бойынша сотталған болмауы («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 4-бабының 4-тармағы);
- мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 54-бабының 1-тармағы).
- Тіркеуден өткен кандидаттар президент болу үшін қандай нәтиже көрсетуі керек?!
- Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 65-бабының 2-тармағына сәйкес:
1) дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу процентінен астамының дауысын алған;
2) қайта дауыс беру кезінде басқа кандидатпен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының көп санын алған адам қатыса алмайды.
- Сайлауға тәуелсіз бақылаушы болудың шарттары қандай?!
- «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 20-1-бабына сәйкес байқаушы болу үшін 18 жастан асқан Қазақстан Республикасының азаматы Қазақстан Республикасының саяси партияларынан, өзге де қоғамдық бірлестіктерінен, коммерциялық емес ұйымдарынан байқаушының Тегі, Аты, Әкесінің аты көрсетіле отырып, жазбаша нысанда куәландырылған өкілеттігі болуға тиіс. Бұл құжат байқаушыны жіберген ұйымның мөрімен расталады және байқаушының жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде жарамды болады. Құжаттар сайлау комиссиясының төрағасына не оны алмастыратын адамға байқаушыны тіркеу үшін ол туралы деректерді есепке алу журналына енгізу арқылы ұсынылады.
- Алдағы кезектен тыс президенттік сайлаудың бақылаушысы болу үшін аккредитациядан өту керек пе?
- Қоғамдық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдардан байқаушыларды міндетті түрде аккредиттеуге қатысты заңнамаға түзетулер қазір Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр. Заң жобасында міндетті аккредиттеуге қатысты нормалар ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 60 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі деп көзделген.
2022 жылғы 20 қарашадағы Президенттің алдағы кезектен тыс сайлауында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның ағымдағы редакциясының нормалары қолданылады, онда қоғамдық бірлестіктерді міндетті аккредиттеуге қатысты талаптар көзделмеген.
- Сайлау алдындағы үгіт-нәсихат қашанға дейін жүргізіледі?
- 2022 жылғы 22 қыркүйекте Президенттің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөніндегі кеңейтілген отырыста Орталық сайлау комиссиясы сайлау науқаны кезеңдерінің ұзақтығын таныстырды.
Орталық сайлау комиссиясының 22 қыркүйекте № 65/538 қаулысымен бекітілген кестеге сәйкес, сайлау алдындағы үгіт 2022 жылғы 21 қазанда сағат 18:00-де басталып, 2022 жылғы 19 қарашада сағат 00:00-ге дейін 28 күнге созылады.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 32-бабына сәйкес сайлау алдындағы үгіт кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.
Үнсіздік күні - 19 қараша 2022 жыл.
Сайлау туралы заңның 32-бабының 1-тармағына сәйкес сайлау күні және оның қарсаңындағы күні кез келген сайлау алдындағы үгітке тыйым салынады.
- Президент сайлауының қорытындысы қашан шығарылады?
- Орталық сайлау комиссиясы аумақтық сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде сайлаудан кейін жеті күн мерзімнен кешіктірмей Президент сайлауының қорытындыларын белгілейді және тиісті қаулы қабылдайды («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 65-бабының 1-тармағы).
Сайлау күні - 2022 жылғы 20 қараша.
- 20 қарашадағы кезектен тыс сайлаудың қорытындысы бойынша сайланған Президенттің өкілеттік мерзімі қай сәттен бастап есептеледі?
- Қазақстан Республикасының Президенті: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін», - деп халыққа ант берген сәттен бастап қызметіне кіріседі.
- 7 жылдық мерзімнің не берері бар?!
- Қайта сайланбайтын бір реттік 7 жылдық мерзімді енгізу – президенттік билікті монополиясыздандыруға бағытталған конституциялық реформаның жалғасы болып табылады. Бұған дейін Мемлекет басшысы саяси партияның басшысы бола алмайтын нормалар енгізіліп, оның туыстарына мемлекеттік құрылымдар мен мемлекеттік компанияларда қызмет атқаруға тыйым салынды, президенттік өкілеттіктердің бір бөлігі басқа билік институттарының пайдасына қайта бөлінді.
Қайта сайлау құқығынсыз 7 жылдық бір мерзім Президенттің жалпы мерзімін қысқартуға бағытталған.
Қайта сайлау құқығынсыз 7 жылдық бір реттік президенттік мерзім – посткеңестік кеңістіктегі абсолютті жаңалық.
Тағы да қайталап айтамын Биліктің монополиялануына жол бермеу үшін қайта сайлау құқығынсыз бір реттік 7 жылдық президенттік мерзім енгізілді.
Сайлау процесінде жоғары лауазымды тұлғаның тұрақты ауысуы Мемлекет басшысының қолында биліктің шамадан тыс шоғырлануына және монополиялануына жол бермейді. Өкілеттік мерзімін шектеу саяси жүйенің қалыпты жұмыс істеуі үшін қажетті сенімді нығайтады, өйткені ол саяси ауысудың логикасын мемлекеттік істердегі болжамды оқиға ретінде тамырлайды;
Қайта сайлау құқығынсыз бір реттік 7 жыл мерзімде мәлімделген реформаларды іске асыру үшін жауапкершілік пен тиімділік артады.
Қайта сайлау құқығынсыз бір реттік 7 жылдық президенттік мерзім суперпрезиденттік басқару жүйесінен түпкілікті кетуді бекітеді.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz