Елеужан Серімов. Қызметтік әдеп әліппесі
Америка ашпаспыз, 5-6 адамнан тұратын кез келген мекеменің әр бөлімінде, сол бөлімнің отынымен кіріп, күлімен шығатын, барлық қара жұмысын істейтін бір итарқасы болады. Қалғаны соның атқарған жұмысымен күн көретіндер. Ісіңнің бітпей, кешеуілдей беретіні де содан. Аз-кем шаруаңды бітірудің өзі қиындық тудырады. Болмашы шаруаңды таудай қылуға, аяқ астынан күрделендіруге шебер-ақ. Жігеріңді құм қылар шенеуніктердің немкеттілігі көңліңді қонтараздатады. Осының түпкі сыры неде? Меніңше, соның бәрі де кәдуілгі адамдықты күйттейтін қызметтік әдепке барып тірелетіндей...
Америка ашпаспыз, 5-6 адамнан тұратын кез келген мекеменің әр бөлімінде, сол бөлімнің отынымен кіріп, күлімен шығатын, барлық қара жұмысын істейтін бір итарқасы болады. Қалғаны соның атқарған жұмысымен күн көретіндер. Ісіңнің бітпей, кешеуілдей беретіні де содан. Аз-кем шаруаңды бітірудің өзі қиындық тудырады. Болмашы шаруаңды таудай қылуға, аяқ астынан күрделендіруге шебер-ақ. Жігеріңді құм қылар шенеуніктердің немкеттілігі көңліңді қонтараздатады. Осының түпкі сыры неде? Меніңше, соның бәрі де кәдуілгі адамдықты күйттейтін қызметтік әдепке барып тірелетіндей...
Жалпы әдепке қатысты мәселелер қызметтiк әдептiлiктiң адамдық, адамгершiлiкке бейiмделген құқық нормаларынан келiп туындайды. Қоғамдағы қалыптасқан жүйелi тәртiп ережелерiн құқық дер болсақ, ол құқықтық санамен тiкелей астасып жатыр. Құқықтық сананы қалыптастыратын түп негiз - құқықтық тәрбие. Құқықтық сананы қалыптастыру үшiн ең алдымен ұлттың құқықтық мәдениет құндылықтарын игеру ләзiм. Демек, қызметтiк әдеп әлiппесi ұлттық салт-дәстүрлер негiз болған құқықтық тәрбиеден бастау алады. Қазақтың халық педагогикасындағы құқықтық нормалардың тәрбиелiк мәнiн ашып, құқықтық мәдениет, құқықтық сана туралы зерттей келе Әдiбай Табылдиев «Қазақ этнопедагогикасындағы құқық тәрбиесi» атты еңбегiнде былай деп пайымдайды: «Ұлтымыздың құқықтық мәдениетi әдептiлiк ережелер мен заңдар, кодекстер, жарғылар, қосымша баптар арқылы қалыптасуымен қатар, халқымыздың қасиеттi болмысына сәйкес салт-саналық өнегелi үрдiстерiмен ерекшеленiп тұр. Жақсы әдет әдепке, әдеп дәстүрге, дәстүр әдет-ғұрыпқа, әдет-ғұрып салт-санаға айналып, заңдылықпен қалыптасып, құқықтық заң болып өмiр қолданысына айналған. Әдет-ғұрып игiлiктерi рәсiмдер мен рәмiздерден, жөн-жоралғылардан, ырым-тыйымдардан көрiнедi. Құқықтық мiндеттер, уәждер, борыш, парыз ұғымдары қазақ халқының әдет-ғұрпында құқықтық өмiр заңы болып сiңiсiп кеткен. Ол кез келген мемлекеттiк заң баптарынан әлдеқайда қуатты да құжырлы. Өйткенi қалыптасқан дәстүрлер мен салттар дара тұлғаның қажеттi түрде орындайтын ұждандық әрекеттерiнiң көркем көрiнiсi» деп уәждейді. Сөз жоқ, аталған еңбегiнде ғалым құқықтық сананы тәрбиелеудiң ең түпкi, бастау алар негiздерiне үңiлiп, оның берiк iргетасы отбасылық тәлiм-тәрбиеде қаланатынын зерттеп, осы iзгiлiк бастаулары кейiннен орта, жоғары мектептерде жүргiзiлетiн пәндермен, қоғамдық заңдармен айқындала түсетiнiн меңзейдi. Яғни, бiз қарастырып отырған мәселеге қатысты қажеттi қызметтiк әдептiлiктiң нормалары ұлттық этнопедагогиканың қайнар бұлағында жатқандығын талдап, талғап көрсетедi. Орнымен, орайымен айтылмаса, сөз жетiм, ретi келгенде айта кететiн ойымыздың тобықтай түйiнi мынаған саяды: болашақ мемлекеттік қызметшілердің ертеңгi бейiндiк қызметiне қажеттi құқықтық кәсiби әдептiң төркiнi халқымыздың әдет-ғұрып, салт-санасында жатыр. Бұл болашақ қызметшілердің құқықтық әлiппесi деуге болатындай. Осы тұрғыдан келгенде, мойындайтын басы ашық келіссіз нәрсе - елiмiздiң болашақ мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындарында, соның ішінде заң факультеттерiнде қазақ этнопедагогикасындағы құқық тәрбиесi әлi күнге дейiн жеке пән ретiнде оқылмай келетiнi. Зайырлы, құқықтық қоғамда ғұмыр кешетiн азаматтарды құқықтық сана-сезiмге бала кезден баулып, жүйелi тәрбие беру үшiн небiр тағылымдылық-тәлiмдiк ақтұма көздерiн ашатын бұл пәннiң шын мәнiнде берерi мол. Қоғам, азамат, табиғат тiрлiгiндегi кемшiн қалып жатқан осал тұстарды бүтiндеуге қатысты айтылатын «бұлақ көрсең - көзiн аш» деген халқымыздың шынайы қағидасы нақ осындай жағдаяттарға байланысты айтылса керек.
Осыдан аттай 15 жыл бұрын, яки 1998 жылы мемлекеттiк қызметшiлердi даярлаудың, қайта даярлаудың тиiмдiлiгiн арттыру мен олардың бiлiктiлiгiн көтеру мақсатында Елбасымыз «Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Ұлттық Жоғары Мемлекеттiк Басқару Мектебi мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы Мемлекет қызметшiлердi қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру институтын қосу арқылы Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанынан Мемлекеттiк қызмет академиясы құрылсын» деген қаулы шығарған болатын. Осы уақытқа дейін бұл академияның атқарған шаруасы қыруар шығар-ақ, әйтсе де онда қызметтік әдепті қазақтың төлтума этнопедагогикамыздағы құқық тәрбиесiнің мәселелерімен қарастылатынына күмәніміз бар. Белгілі қайраткер Әлихан Бәйменов дөңгелетіп отырған Мемлекеттік қызмет агенттігі ісінде кемшін түсіп жатқан тұстың бірі - әдеп мәселесі демекпіз. Кәдімгі күнделікті көріп жүретін қызметшілер әдебі. Ұлттық әдеппен қызметтік те әдіпті де әдіптейтін мезгіл жеткенін еске сала кеткіміз келеді.
Елеужан Серімов,
Қарағанды қаласы