Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2582 0 пікір 12 Ақпан, 2013 сағат 11:55

Бүркіт НҰРАСЫЛ. АВСТРИЯЛЫҚ СИЫРЛАР АСЫЛЖАНҒА СОР БОЛДЫ

Бізде қай сала болса да көп нәрсе атүсті жасалады. Тергеп-тексеру, тиімді-тиімсіз тұсын түйсіну деген атымен жоқ. Жоғарыдан айтылды болды, ұлардай шуылдап қоя беретін әдетіміз. «Шетелден асыл тұқымды мал сатып алу» науқаны да тура осылай басталды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Өмірзақ Шөкеевтің (ол кезде Шөкеев Премьер-министрдің бірінші орынбасары еді) «2015 жылға қарай жылына 60 мың тонна ет экспорттаймыз. Ол үшін шетелден мал әкеліп, осы саланың әлеуетін көтеру керек» деуі мұң екен күллі шенеунік біткен шекара асып, шұбырып кетті. Берісі - Австрия, арысы - АҚШ, Канада асып барып, келісім жасасып қайтты.

Бізде қай сала болса да көп нәрсе атүсті жасалады. Тергеп-тексеру, тиімді-тиімсіз тұсын түйсіну деген атымен жоқ. Жоғарыдан айтылды болды, ұлардай шуылдап қоя беретін әдетіміз. «Шетелден асыл тұқымды мал сатып алу» науқаны да тура осылай басталды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Өмірзақ Шөкеевтің (ол кезде Шөкеев Премьер-министрдің бірінші орынбасары еді) «2015 жылға қарай жылына 60 мың тонна ет экспорттаймыз. Ол үшін шетелден мал әкеліп, осы саланың әлеуетін көтеру керек» деуі мұң екен күллі шенеунік біткен шекара асып, шұбырып кетті. Берісі - Австрия, арысы - АҚШ, Канада асып барып, келісім жасасып қайтты.
Осы аралықта мың болғырлар, ешкімге жалындырмай-ақ, («ҚазАгроҚаржы» мекемесін айтамыз) «Қазақстан Республикасында ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасын әзірлеп тастады. Араға ай салмай жатып «2016 жылға қарай елімізден экспортталатын ірі қара мал етінің көлемін 60 мың тоннаға, ал 2020 жылға дейін 180 мың тоннаға жеткізу мақсатында алдағы 5 жыл ішінде елімізге 72 мыңға жуық асыл тұқымды мал әкелінеді», - деген табақтай құжат та тастай болып, Үкіметтің талқылауына түсе қалмасы бар ма? «Отандық шаруашылықтарда асыл тұқымды және тиімділігі жоғары малдың жеткіліксіздігін ескере отырып, шет елден ірі қара мал әкеліп, ет өндірісіне бағытталған жоғары тиімді ірі қара мал өсіру шаруашылықтарының желісін құрудың тиімділігі өте зор», - деп Шөкеев мырза күн сайын бұқаралық ақпарат құралдарына қасқайып тұрып сұхбат беріп жатты. Ақырында Үкіметте бағдарламада көрсетілгеніндей, әлемдегі ет индустриясы дамыған Австралия, АҚШ, Канада секілді елдерден 72 мыңға жуық асыл тұқымды мал сатып алынсын», - деген қаулы шығып, қол қойылып, бармақ басылды да «ҚазАгроның» сол кездегі қожайыны Асылжан Мамытбековтің қолына табысталған болатын. Осылайша құны 7 мың доллар тұратын «америкалық күйеу бұқалардың» бірнеше табыны шекарамыздан аман-есен келіп, аттады. Олар қазақтың өңі тұрмақ түсіне де кірмейтін «жұмақ» жағдайда өмір сүріп жатқан еді.
Енді, міне, сол малдан қауіпті ауру табылып отыр. Былтыр ғана Австриядан әкелініп, Солтүстік Қазақстанның «Леонов» және «Полтавское» шаруашылығында күтіп-бапталып жатқан 722 бас сиырдың барлығы ауру да болып шықты. Аттай қалап жүріп мұхиттың ар жағынан алдырылған ірі қаралар қазаққа мал, Мамытбековтің өзіне бақ болып жарытпады. Ауру болғанда да елімізге ежелден таныс - аусыл мен бруцеллез секілді үйреншікті кесел емес, аты да заты да беймәлім вирустық диарея мен шмалленберг деген су жаңа ауру. Ең қорқыныштысы, бұл беймәлім вирус адамға да жұғуы мүмкін көрінеді. Сондықтан ел үкіметі екінші ақпан күні әрқайсысы 5-6 мың доллар тұратын 722 бас ірі қараның барлығынан ақсақ бұзау да қалдырмастан бәрін өртеп жіберу туралы қаулы қабылдап қойыпты. Төтенше жағдайдан кейін шұғыл түрде теріскей өңірге табан тіреген Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Нығмат Жақыпбаев ірі қаралардың Австриядан ауырып келгенін мәлім етті. Оның айтуынша, екі қожалыққа әкелінген сиырдың онға жуығы Шмалленберг ауруынан өліп, бірқатары төлін тастаған көрінеді. «Австриядан әкелінген ірі қараның қаны Ресей мен Ұлыбританияда зертханалық тексерістен өтті. Сараптама асыл тұқымды малдардан вирустық диарея мен шмалленберг ауруының қоздырғышы  табылды. Енді олардың көзі жойылады. Бұл ауруға қарсы күресу ем-шаралары әлемде жоқ. Жаңадан шыққан вирус түрі. Ауа арқылы тарайтын вирус. Сондықтан сиырлардың өкпесіне аммиак егіліп, өлтіріледі. Ал өлген малдың денесі өртеліп жіберіледі», - дейді ол.
Жарайды делік, ең бастысы, ауру ошағы ертерек анықталып, жойылатын болды. Өңірге табан тіреген арнайы санитарлық топ «ауру малдың барлығын бар-жоғы екі-ақ күннің ішінде жоқ қыламыз», - алақандарын ысқылап, дайын отыр. Бәрінен бұрын  ауру малға алданып, қыруар қаржысынан айрылғалы отырған шаруаларға қиын болғалы отыр. Шетелден әкелінген сиырларға төленген қаржы «ҚазАгроҚаржының» қалтасынан төленді дегенімен, миллиондаған доллар мемлекеттің ақшасы. Сол себепті желге ұшқан қаржының қайтуы да екіталай. Ол аздай инспекция өкілдері «Шаруалардың шығыны өтелмейді. Бұл мәселемен «ҚазАгроҚаржы» айналысады. Біз жауап бере алмаймыз. Шаруалар өздері соттаса жатар», - деп онсыз да дегбірі кетіп жүрген малшы қауымның жүрегін одан сайын ұшырып қойды. «Ауру болса, неге алдын-ала ескертпеген. Қыруар қаржы шашып шығындалмас едік», - дейді басына бұлт үйірілген шарушалық басшылары.
Кезінде мамандар мемлекеттен берілетін демеу қаржылардың мөлшері мен субсидиялаудың ережелері халықаралық стандартарға сәйкестендірілмей тұрып,  ауылшаруашылық саласымен ойнауға болмайтынын айтудай-ақ айтқан болатын. Ғалымдардың есебінше, елімізде бір бас малға бар болғаны 14 центнерден ғана азық өндіріледі. Бұл - зоотехникалық нормадан 2,3 есе төмен көрсеткіш. Жемшөбі жарымаса, қандай асыл болса да малдан үлкен жетістік күту ақымақтық деген-тын. Обалы нешік, кезінде Ауыл шаруашылық министрі Ақылбек Күрішбаев «сырттан осыншама мал әкелеміз деп жүріп, саны онсыз да 5-6 мыңға да жетпей тұрған асыл тұқымды малдың көзін құртып алмайық», - деп ашықтан-ашық болмаса да, қарсылық танытқан болатын. Ол сырттан әкелетін малдың санын шектеу керек деген болатын. Сондай-ақ басқа климатқа бейімделген малды әкеліп, ашық шаруашылықтарға шашып жібермей, арнайы жабдықталған орталықтарда ғана жайғастыру жайын көтерген-ді. Алайда бұл ақыл да айтылған жерде қалды. Ақыры айтқандары келді. Еш дайындықсыз шеттен қыруар ақшаға қымбат мал сатып әкелудің арты үлкен шығынға әкеліп соғып отыр. Миллондаған қаржыға түскен жобаның бір бұрышы тесілді де қалды.
Айтпақшы, кеше Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері осы мәселеге байланысты арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаеваның айтуынша, бар гәп Австряда жатқан  көрінеді. Яғни Австрияның ветеринарлық қызметі елімізге тасымалданып жатқан ірі қара малдың арасында қоздырғыш вирустық диареясы бар жануарлар болуы мүмкін екенін ескертпеген. «Солтүстік Қазақстан облысына жеткізілген 722 бас ірі қара Австрияның 400-ге жуық фермерлік шаруашылықтарынан жиналып, елімізге тасымалданған. Сонымен қатар, өткен жылғы жаздың аяғында Австриядағы ірі қараны тексеру барысында жануарлардың 90 пайызына дейінгі көлемінің қанында Шмалленберг вирусына антиденелер табылған. Бұған қоса, аталған топтамада жеткізілген малдың арасында инфекциялық ринотрахеит жұқтырғандар анықталды. Ал мұндай деректерден біздің ветеринар бейхабар болған», - дейді Исаева ханым.
Сондай-ақ ол қазіргі кезде австриялық тарап қазақстандық зертханалардағы зерттеулердің нәтижесін мойындамай отырғанын мәлім етті. Сол себепті, Қазақстан тарапы Халықаралық эпизоотикалық бюроның референт-зертханаларына жүгініпті. «Олар өз кезегінде қазақстандық ветеринарлар қойған диагнозды құптап отыр», - деген ол Австриядан шығын болған қаржыны қайтарып алу мәселесі қозғалып жатқанын атап өтті.
Шмалленберг жаңадан пайда болған ауру түріне жатады. Ол Қазақстан бойынша ғана емес әлемдегі экзотикалық ауру болып саналады. Бұл аурудың вирусы алғаш рет осыдан екі жыл бұрын (2011 жылдың екінші жартысы) Германияның Шмалленберг елді мекенінде тіркеліпті.

"Халық сөзі" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420