Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 2586 4 пікір 23 Қараша, 2022 сағат 12:34

Адамзат Гамлеттік мәңгілік сауалды қайталап қоюда!

Бүгінде Жер әлемінде 8 миллиардқа жуық адам өмір сүреді. 2000 жыл бұрын жер бетінде небәрі 300 миллион ғана адам өмір сүрген. 200 жыл бұрын жер бетінде небәрі 1 миллиард адам өмір сүрген.

Миллиардтан астам халқы бар әлемдегі екі ел-Қытай мен Үндістан екенін білеміз.

Бүгінде бір жылда планетада 155 миллион бала туып, 60 миллион адам ақыретке аттанады. Ал бір күнде 387 000 бала туып, 150 000 адам қайтыс болады.

Бүгінде Жер бетінде 854 миллион адам аштықтың зардабын шегіп,  27000 адам ашаршылықтан болып өліп жатыр.

Бүгінде әлемде 788 миллион адамға таза ауызсу жетіспейді, ал 600 000 адам ауызсудың жетіспеушілігінен болып өмірден өтеді.

Бүгінде әлемде жыл сайын жұқпалы аурулардан 13 миллион адам ажал құшады.

Бүгінде әлемде жыл сайын 45 миллион әйел аборт жасатады.

Бүгінде жыл сайын әлемде 1,0 миллионнан астам адам өзіне қол жұмсайды.

Бүгінде жер бетінде секундына 3 адам қайтыс болады. Соғыстар, аурулар, аштық, жазатайым оқиғалар, суицид және жасанды түсік жасатулар  миллиондаған адамның өліміне себеп болуда.

Әлемдегі барлық әйелдердің 70,0 пайызы отбасындағы зорлық-зомбылыққа тап болады.

Әлемдегі барлық отбасылардың 75,0 пайызы ажырасуда. Отбасылық дәстүрлер мен құндылықтар күн өткен сайын жоғалуда.

Тек өткен жиырмасыншы ғасырда 1200 рет әртүрлі соғыстар болып, сол соғыстардың зардабынан 260 миллион адам жер бетінен жойылды.

Дәл қазір әлемде (2022 ж.) 40-тан астам ірі және кішігірім соғыстар мен қақтығыстар  жүріліп жатыр, олардың ең үлкені - Украинадағы соғыс.

Ресей оккупанттары 6 айда Украинада 4500 бейбіт тұрғын мен 300-ден астам баланы өлтірді, тәуелсіз Украинаның Қырым, Луганск, Донецк, Херсон және Запорожье аймақтарына басып кірді. Бұл соғыста 55000 орыс солдаты ажал құшты. Путин Украинадағы соғысты одан әрі өрбітіп, қазір бүкіл Ресейде көлемінде қайталап мобилизация жүргізумен қатар соғысқа қарсы күштерді  түрмеге қамап, соғысқа қарсы болған біріккен Еуропаға ядролық қаруымен қауіп төндіруде.

Ал Солтүстік Корея Америкамен жасалған келісімді аттап өтіп, ядролық қарулар жасап, зымырандар ұшырып, күллі Азия елдерін ядролық қарумен қорқытуда.

Әлемде небәрі екі жүздей ғана ел бар десек соның  екеуі ғана әлемді ядролық қарумен қорқытып  бейбітшілік пен тыныштықты  бұзып отыр.

Ядролық қаруға сонау сексенінші жылдары АҚШ пен Кеңес Одағы тыйым салған болатын. Бірақ қазіргі жағдай мүлдем басқаша.

Адамдар неліктен соғыс ашып бірін-бірі қыруға соншама құмар?

Ашу-ыза-кек, ашкөздік-тойымсыздық, үлкен империялардың амбициялық көзқарасы, фанатизм, геноцид, нәсілшілдік, мәдени, діни қақтығыстар, зорлық-зомбылық және теріс көзқарастар мен пропаганда  салдарынан ұлттар мен адамдар, мемлекеттер өзара соғысуда.  Бұл теріс көзқарасынан адамзат баласы бас тарта алмай отыр.

Бүгінгі таңда ұлттар мен адамдардың өзара жеккөрушілігі мен түсініспеушілігі тіптен өршіп, белең алуда.

Мемлекеттер соғысқа өте көп қаржы мен әскери шығындар  жұмсауда.

Әлемнің ұлы державаларының бір жылға арналған (2021) әскери бюджетін назар салар болсақ:

1. АҚШ  801 миллиард доллар

2. Қытай 293 миллиард доллар

3. Үндістан 76,6 млрд доллар.

4. Ұлыбритания 68,4 миллиар доллар

5. Ресей 65,9 миллиард доллар

Тіптен Азия мен Африканың кедей елдері аштық пен кедейліктен зардап шегіп отырса да әскери секторға шексіз  көп қаражат жұмсайды:

1. Бангладеш 2,7 млрд.доллар

2. Мьянма 2,2 миллиард доллар

3. Нигерия 2,1 миллиард доллар

4. Оңтүстік Судан 1,4 миллиард долларды жыл сайын тек әскери секторға  жұмсайды екен.

Жалпы әлем елдері бір жылда  (2021) 2 трлн 113 млрд. долларды  әскери секторға жұмсайтын көрінеді. Бұл енді нағыз ысырап болған қаражат пен дәулет.  Бұл ақшамен күллі әлемнің  экологиясын қалпына келтіріп, барлық адамдарды түрлі ауру-сырқаулардан құтқаруға молынан жетер еді...

Адамзат әртүрлі жұқпалы аурулар мен аштықтан, соғыстардан, эпидемиядан немесе таза су тапшылығынан әлі құтылған жоқ.

Адамзат қатерлі ісік, жүрек-қан тамырлары аурулары және қант диабеті сияқты ауруларының дауасын әлі тапқан жоқ. Өткенде кенеттен Сovid пандемиясы біздің әлемнің 6 миллион 540 000 адамының өмірін қиды,  сонымен қатар бұл пандемиямен әлі де  616 миллион 587 000 адам ауырып жатыр.

Әуелде тас пен темірден найза-пышақ жасаған адамдар қазір қуатты қаруы бар құбыжық тіршілік иелеріне айналды: ядролық қару, континентальды зымырандар, танктер, ұшақтар мен лазерлер.

Адамзатта  Жер-Ананы  жүз қайтара жоюға  жететін қарулар бар. Жер әлемі бүгінде дәрі толтырған  бөшкеге  ұқсап кеткен.

Жер бетінде бүгінде 13000 ядролық оқтұмсықтың бар болуы  Жер-Ана өзін-өзі жоюға өте жақын тұр деген сөз. Қазіргі заманғы ядролық қарудың бір ғана оқтұмсығы 1945 жылы жапон қалаларына тасталған ядролық бомбадан (бірінші ядролық бомбаның қуаты 20 килотонна болды) үш жүз есе жойқын деп айтады.  Яғни, 1 килотонна дегеніміз 1000 тонна тротилдің жарылысына тең. Бүгінгі заманауи атом бомбасының қуаты - 550 килотонна.

Әлемдегі ең көп  ядролық оқтұмсығы бар ел-Ресей.

Қазіргі уақытта әлемдегі ең үлкен ядролық әлеуеті бар елдер:

Ресей 6255,

Америка 5550,

Қытай 350,

Франция 290,

Ұлыбритания 225,

Пәкістан 165,

Үндістанда 156 ядролық оқтұмсық бар.

Ең соңында Солтүстік Корея ядролық қаруы бар елдер қатарына қосылды. Ядролық қаруды қолданып ядролық соғысты бастауы мүмкін ең қауіпті ел ретінде Ресей мен Солтүстік Корея елдері аталады. Бүгінгі әлем-ядролық бомбалардың үлкен қоймасына айналды.

Егер бір жыл ішінде адамзат әскери шығындарға арнаған 2 триллион долларды медицинаға, ғылымға, мектептерге, ауруханаларға, тұрғын үйге және құрылысқа жұмсаған болса, адамзат бүгін жұмақта өмір сүрер еді.

Сондықтан да адамзатқа жер бетінде өмір сүру қауіпті болғандықтан,  басқа планетаға, басқа әлемге қарай жылжи бастады. Планетадағы ең бай адам- (219 миллиард АҚШ доллар байлығы бар)  американдық жас кәсіпкер Илон Маск өзінің барлық байлығын ғарышты игеруге және  ғылымды дамытуға  жұмсауда.

Илон Маск: «Ядролық қару біздің планетамызды құртуы мүмкін. Әлемде ядролық соғыс болмайтынына кепілдік жоқ. 2031 жылы адамзат Марсқа ұшып, сол жерде станция салып өмір сүретін болады», - дейді. Илон Маск өзінің жеке байлығы арқылы бірнеше қайтара пайдалануға болатын «Falcon» зымырандарын жасап, Жердің айналасында ұшатын «Dragon», «MKC» ғарыш кемелері арқылы қарапайым адамға ғарышқа саяхаттауға мүмкіндік беруде. Яғни, жақында қарапайым адамдар да Айға ұшып, Марсқа бара алатын мүмкіндікке ие болатын секілді.

Жиырма бірінші ғасыр-интеллект пен технология ғасыры.

Адамның орташа жасы қазір жапонияда 85-ке жетті. Жақында адамдардың орташа жасы 100-ге де жетеді. Адам 100 жылда көп нәрсеге қол жеткізе алады. Егерде ядролық соғыс басталып, адамзат өзін-өзі жойып жібермесе адамзаттың болашағы орасан  зор.

Аурудан, соғыстан және аштықтан зардап шегетін әлемді өзгерту және тазарту тәсілі адамзатта әрқашан бар, Жер бетін  тыныштық пен бейбіт өмір үстемдік ететін әлемге айналдыру утопияға айналмайды деп сенейік!

Бірақ, дәл қазіргі күндері адамзаттың маңдайы Гамлеттік мәңгілік сауалға тіреліп тұрғанын да сезіне білейік!

Амантай Тойшыбайұлы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5402