Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3793 0 пікір 19 Ақпан, 2013 сағат 06:22

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА. Бізге не болды, жігіттер?!.

...Әлағаң (Әлихан Бөкейхан) алапат алып екен ғой, арыстандай айбаты - мұзтауларды мылжалардай жойқын! Бір-ақ рет туатын толағай тұлға! Қазақтың таңдаулысының тағдырына жалқы рет жазылған жарқыл!

 

Қазағым, елім,

Қайқайып белің,

Сынуға тұр таянып.

Талауға малың,

Қамауда жаның,

Аш көзіңді оянып!...

 

Сол Әлекеңді «әурелеген» қазақтағы сормаңдай ахуал әлі үзілген жоқ...

Жаныңды ауыртып, жүрегіңді сыздата беретін, ақырында, айтпасқа шыдатпайтын гәптер көп. Сондай сойқан гәптің бірінде өзбектер былай депті: «Орыс болу үшін, алдымен, қазақ болу керек. Сосын, орысқа айналу - оп-оңай!..»

Ал, Абай заманынан: «Қазақтың жаманы - орыс болады» - дейтін дәріс-ұлағат қалыпты. Бірақ, Махамбеттің майқы қылышы, Бұқар Жыраудың боран-жыры, Абайдың адуынды, тасжарған тілі, Жұбанның «жылауық» толғауы, бәрібір, «орыс болатындарға» «ор қазып», бөгет жасай алмады...

Таң қаламын: қазақтың орысқа «ғашықтығы» ғаламат, диуана дуалағандай дауылды-күш, тылсым сиқыр...

...Әлағаң (Әлихан Бөкейхан) алапат алып екен ғой, арыстандай айбаты - мұзтауларды мылжалардай жойқын! Бір-ақ рет туатын толағай тұлға! Қазақтың таңдаулысының тағдырына жалқы рет жазылған жарқыл!

 

Қазағым, елім,

Қайқайып белің,

Сынуға тұр таянып.

Талауға малың,

Қамауда жаның,

Аш көзіңді оянып!...

 

Сол Әлекеңді «әурелеген» қазақтағы сормаңдай ахуал әлі үзілген жоқ...

Жаныңды ауыртып, жүрегіңді сыздата беретін, ақырында, айтпасқа шыдатпайтын гәптер көп. Сондай сойқан гәптің бірінде өзбектер былай депті: «Орыс болу үшін, алдымен, қазақ болу керек. Сосын, орысқа айналу - оп-оңай!..»

Ал, Абай заманынан: «Қазақтың жаманы - орыс болады» - дейтін дәріс-ұлағат қалыпты. Бірақ, Махамбеттің майқы қылышы, Бұқар Жыраудың боран-жыры, Абайдың адуынды, тасжарған тілі, Жұбанның «жылауық» толғауы, бәрібір, «орыс болатындарға» «ор қазып», бөгет жасай алмады...

Таң қаламын: қазақтың орысқа «ғашықтығы» ғаламат, диуана дуалағандай дауылды-күш, тылсым сиқыр...

Күні кеше, 2007 жылдары университеттің талдырмаш тәлімгері Жанболат Мамай Мұхтар Шахановтың «Халық рухы» партиясына жақындап, «Жастар қанатын» басқаруға талпынып жүретін. Өз басым Жанболат Мамай бауырымызды «ауылдың қаратопырағына аунап өскен жігіт» деп ойлайтынмын...

Әу баста балғын көңілдің тым әсершіл, тым таза болатыны рас. Жанболаттың табиғат берген жасын жігері мен таудай талабы талай қиындықтардан алып өтті. Жап-жас басымен қапасқа түсіп, қамау көрді. Жанболаттың адуыны менің көз алдыма Ғани Мұратбаевты елестетуші еді...

Бірақ... Бірақ, абақтыда Владимир Козловпен біраз бірге жатып, дәмдес-тұздас болғаннан кейін ілтипатты ініміздің мінез-құлқынан нілдей бұзылған өзгеріс байқағандай болдым. Лайым, мен қателесейін, бірақ өмірдің өткір шындығы өзегіме салмақ сала берді...

Алдымен, Жанболаттың өзі «Жобасының идеялық жетекшісі» болып табылатын "Трибуна - Ашық Алаң" газетінің атауы - Ата Заңымызға қайшы болып шықты. Ата Заңымызда «Мемлекетіміздің тілі - Қазақ тілі» болғандықтан, «Тіл туралы заңға» сәйкес, алдымен (немесе сол қапталдан бастап, әйтпесе, жоғарғы жағында), газеттің қазақ тіліндегі аты жазылуға тиіс еді. Бірақ, «Трибуна - Ашық Алаң» деген атау - Жанболат Мамайдың өзі өмір бойы шырылдап қорғап жүрген қазақ тілінің омыртқасынан бір-ақ басты.

Дұрысы: «Ашық Алаң - Трибуна» болуы керек болатын. Жалпы, бұл газет министрліктегі тіркелімінде «Қазақ және орыс тілдерінде шығады» деп жазылған болса, түгелдей орысша шыққан бұл әрекетімен тәуелсіз елдің «БАҚ туралы заңын» өрескіл бұзып отыр.

Басылымның артқы бірнеше беті ғана көзбояушылықпен «итке тастаған сүйектей» пиғылда қазақша шығып жүр еді, бірте-бірте 1-2 қазақша парағы да «қаза» болып, мүлдем жоғалды. Қазір газет таза орысша шығатын болды. Ал, Жанболат Мамай бауырымыз мақалаларын орыс тілінде (!) бұрқыратып жаза бастады...

Басылымның «тұла-бойында» дәп нендей күлімсінің қолқаны қабатынын дөп баса алар емеспін: бәлкім, бұл масондық мерездік пе, әлде, мағынасыз мылжыңдық па?. Соңғы кезде «Трибуна - Ашық Алаң» қазақтың барлық мүддесін шешіп тастағандай, ендігі жерде қылмыс әлемі тақырыбында «Бауырлық ұйық» тәрізді мақалалар топтамасын жалғасы келесі санда деп жариялап, «блатной» басылымға ұмтылыс жасап жатқандай әсер қалдырды. Әйтпесе, Мәскеудің бір бұрышында итше атылып, қан сасып қалған Хасан Атаның, мысалы, Қаратөбенің немесе Қарағандының қазағына қандай қатысы бар?!. Әлде, бұл тұманды қаладан түскен тікелей тапсырма ма екен?... Түсініксіз...

Алысқа ат шаршатпай-ақ, газеттің ең соңғы санындағы «Төлқұжатта ұлтын көрсету - қажетсіз нәрсе» ( мақал авторы Радик Темиргалиев) деп аталатын дүние күллі қазақ қарсы шыққан «қазақстандық ұлтқа» қарай жасалған тағы бір қадам. Әңгімесін ә дегенде кешегі кеще советтің сасық насихаты: «Соңғы кезде елімізде ұлтаралық аралас некелер көбейіп келеді» - дейтін дәйексіз сандырақтан бастаған мақала: «Қалай болғанда да «қазақстандық» деп аталатын топ (тобыр) пайда болып, буыны бекіп, күшейіп келеді» деп соғып жібереді. Ал, редакция басшылығы мақаланың «Алғысөзінде»: «Автордың тұжырымымен келіспесек те...» - деп жазыпты. Құдай-ау, келіспесеңдер - бір беттен асқан табақтай көлеммен неге жариялайсыңдар? Біреу қорқытып-үркітті ме? Болмаса, қарсылықты - қаржысы құрғыр жығып кетті ме? Тіпті, «Әралуан пікірлер болсын...» дейтін жаттанды желеудің өзінің - онсыз да қалт-құлт еткен қазақтың мүддесінің қасында құны көк тиын емес пе?

Мен осы күнге дейінгі санаулы өмірімде «Әралуан пікірлер болсын...» - деген сылтаумен бірде-бір орыстілді газеттің орыс ұлтының мүддесіне қарсы келетін қазақ тілінде мақала жариялағанын көрмеппін! Бізге не болды, жігіттер?!.

..."Қуырдақтың көкесін" басылымның ақырындағы: «Ұлтыңыз кім? - Ұлтым сотталушы...» (Владимир Козлов) деп аталатын жазбадан көрдік. «Қапас күнделігі» айдарының жазбасы: «Шевченко-Ақтаудың (Ақтаудың «Шевченко» деп аталған тарихи қате атауының алып тасталғанына 20 жылдан асса да, сотталған Козлов әдейі қазақтардың ар-намысына тию үшін «Шевченко-Ақтау» деп қасақана қыстырап жазады.-Қ.Ғ.) басым бөлігін сотталушылар салған...» деп «көсіле-шауып», мықты қазақтардың көліктерінде бірдей үш санының (Мысалы, 111, 333, 555, 777 т.с.с.) жүретін үрдісі жайында қазақты кеміту үшін былайша сандырақтайды: «Менің бір Мәскеудегі таныс әйелім ақтаулық бір жайсаң жігітке: "Сенің көліктеріңде неліктен әрдайым жалғыз ғана сан болады, себебі сен жалғыз саннан артықты есіңе сақтай алмайсың ғой..." - деген еді", деп жазады. Меніңше, бұл - далбаса долбар немесе шылғи өтірік. Өйткені, қазақтың намысшыл жігіті бұлайша былжырап кеміткен шөпжелке қатынының тілін кесіп алар еді...

Сонда Козловтың айтпағы не? Бесенеден белгілі: сотталған Козлов қазақтың барлығы бір санды ғана жаттай алатын «топас» дегісі келе ме? Харам пиғылын тура айтып, көзге шұқымайды, айдаладағы бар-жоғы белгісіз мәскулік қатынның ауызына салып, жанамалап жеткізеді...

Түрмеде жатқан Козлов Сергей Довлатовты оқып жатқанын айтып, атақты жазушының: «Ұлтыңыз кім?» - «Сотталушы...» - деген сөздерін мысалға келтіреді. Енді мұнымен не демекші  Козлов? «Қазақ ұлты ақыры жойылады» дегенге меңзейді ме, әлде, «Қазақтың түгелі сотталады» дегісі келе ме? Болмаса, күллі қазақ даласын қапасқа теңей ме?..

Ақтауды әлем қылмыскерлерінің ордасына айналдыруды аңсаған сотталушы Козлов "жаңа ас мәзірін «Актауский централ-113» деп атадым" деп, түрмелік ала қалпағын аспанға атады...

Мен кейде ойлаймын: «Сөз жоқ, советтің цензурасы «Шаш ал десе, бас алатын» әңгүдік еді, бетін аулақ қылсын! Бірақ, қазақтың: «Ірік ауыздан - шірік сөз шығады» дегені де рас қой, қай басылым да «Екі елі ауызға - бес елі қақпақ қойып», ақырын жүріп, анық баспаса, баспасөз - қоғамдық мінбер емес, қатындардың өсек-алаңына айналып кетпей ме!..»

Қазақтың мүддесіне қарсы дүниелердің «омыртқасын» кешегі (таза ұлтшыл) біз білетін балаң жүрек, адал ниет Жанболат Мамай қақыратып жіберуі керек еді, әттең!..

 

****

 

Менің көкірек қыжылымды келесі қоздатқан - өзім айрықша бағалап, ерекше құрметтейтін Ерағам (Ермұрат Бапи)!

Ерекең өзі Бас оқырманы саналатын 32 беттік «Дат, тақсыр!» («Общественная позиция») қосарлы басылымының да небәрі 12 беті қазақ тілінде де, басым бөлігі, яғни, 20 беті орысша шығады. Біз осыған бәріміз көз жұмып отырып: «Қазақпыз!» - деп, құр кеудемізді соғамыз! Өтірік көлгірсиміз?!.

Бұл газеттің де жарқыраған алдыңғы беттеріндегі айқайлаған адуынды мақалалар орысша ойран салып, «құйрығында» (кешіріңіз!) қатқан құмалақтай қазақшасы тіркеледі. (Қазақтар бұл басылымды құйыршағынан бастап оқиды...) Бұл не сұмдық! Біз АНАМЫЗДЫҢ тілін өзіміз құрметтей алмай тұрып, қаңғып келген келімсектерден қалай талап етеміз?!.

Құдай-ау, кешегі жасындай жарқыраған, әруағыңнан айналып кетейін, орыстілді Асхат Шәріпжан қалайша шырылдап қорғап еді қазағының мүддесін?!. Зәуде, Асхат марқұмның әруағы ғайыптан тіріліп, арамызға келіп; «Бұл былық-быламықтарың не?» - десе, не бетімізді айтамыз?...

...Біраз жылдар бұрын Әміржан Қосанов жазбаларын тек орысша сілтеп, біраз бөкен желіске түскен еді. Ұмытпасам, бұл қылығын: «Қазақтың жан дауысы, шиеленісті мәселелері орыстілділерге жетпейді, «жабулы қазан - жабулы күйінде қалып», өз-өзімізге айта бергеннен не шығады...» - деген сыңайдағы «ақталушылықпен» жуып-шайды. Қазір араға бірнеше жылдар салып, Әбекең біздің орыстілді билікке ақиқатты Гондурастың мемлекеттік тілінде айтсаң да, бәрібір ештеңе өзгермейтіндігіне көзі жетіп, көңілі тоқтаған секілді. Атамыз қазақ: «Адасқанның алды - жөн, арты - соқпақ» демей ме, қазір Әбекең «Фейсбук дәптерінде» таза қазақ тілінде ұлтымыздың дәргейлі дерттерін жиі һәм сауатты қозғап жүр...

...Түптеп келгенде, Ерағаң мен Жанболаттың: «Мәжбүрлік жағдайлары бар ма екен?» - деп те уайымға түсемін. Мәселен, орысша жазбаса - газеттері жабылып, бала-шағалары аш-жалаңаш көшеде тентіреп қалса - бұл сұмдықтан қазақтың да, Қажымұқанның да ұтары бар ма?.. Өз топырағыңда өзегіңді талдыратын мұндай амалсыз жағдайда, бәлкім, мәселенің мәнісін көпшілікке ашық әрі анық айту керек пе екен?!.

Айталық, менің де 15 жылдан бері өз күшіммен газет шығарған кезеңімде шекемнің қызғанынан - тасқа тигені анағұрлым басым болды. Қазақтың мүддесін айтқандықтан, ұлттың мұңын көксегендіктен - газетім талай жабылып, айыппұлдар салынды. Осынау қиындық кешіп, қалыптасу жылдарында бұрынғы аймақ әкімі Қырымбек Көшербаевтан басқа бірде-бір әкім: «Жалғыз қазақ газеті: қалың қалай?» - демеді...

О баста газетіміз «Жүздесу» деп аталған еді, теперіш көріп, тепкіге шыдамағасын газеттің атын «мың құбылтып» өзгертуге мәжбүр болдым. Сосын, «СОЛАЙ», «Ақтөбедегі жүздесу», «Жұмадағы жүздесу» болып кете барды.

Оралдағы қазақ газеті үшін тағы бір тамұқ мынау: билік Оралдағы баспаханалардың барлығына қатаң ескерту жасап, тырнағын батырып қойғандықтан, жалғыз қазақтілді басылым «Жұмадағы жүздесуді» кез-келген уақытта баспахана себепсізден-себепсіз баспай қояды және бүгінгі таңда менің газетім Оралдағы барлық газеттердің ішіндегі ең қымбат бағамен басылып отыр. Сонда біздің 21 жыл бұрын қолымыз жетіп, ақ түйеміздің қарыны жарылған қасиетті тәуелсіздігіміздің құны қанша?..

Менің Елбасымен жоспарлаған кездесуім жүзеге асып жатса, жергілікті биліктің аталған әпербақандықтарын дәйекті деректермен дәлелдеп беретін боламын. Неге десеңіз, жергілікті жерлердегі «Бас-басына би болған өңшең қиқымның» сауатсыз әрекеттері еліміздің екпінді дамуына орасан тосқауыл болып отыр...

Дәп бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облыстық Ішкі саясат басқармасының жаңа басшысы Марат Тоғжанов Оралдың шовинист казактарының Ресей басшысына дұғай хаттар жолдауын тиып тастағандай, жасөспірімдер қылмысының қамысқа тиген өрттей лаулағанын сөндіріп қойғандай, жұмыссыздардың екі қолдарына бір күрек тауып бергендей, баспанасыздарға хан сарайларын сыңғырлатып салғандай, жастар арасындағы қос аяғынан ақсаған маскүнемдік пен нашақорлықты құрықтағандай, күллі күрмеулі мәселелердің түйінін түгел шешіп қойғандай, ендігі жерде «Жұмадағы жүздесу» газетінің беттерінен тырнақ астынан кір іздеп, батыстың қалың қазағының жалғыз қазақтілді басылымында жеті атасының ақысы қалып қойғандай, тіпті, газеттің әріп қателеріне, "Меншік иесіне" шұқшиюды бастап кетті.

Ал, осы жалғыз Орал қаласынан орыс тілінде:  «Надежда», «Досуг», «Диапазон-Уральск», «Информбиржа», «Неделья», «Уральская неделья», «Политра», «Газета для всех», «Приуралья», «Огни приуралья», «Пульс города», «Талап» т.б. газеттер шығады. Бірақ, бір Тоғжанов емес, мың Тоғжанов та орыстың бір газетіне қарап, жарты ауыз жағымсыз сөз айта алмайды. Өйткені, орыс газеттердің артында алып күш-қуаттары бар. Ең жақыны, ат шаптырым жердегі Самараның олигарх-орыстары болса, ең ақыры, Кремльдің құдіретті сұлбасы тұр...

Осындай орыстілді басылымдар «армиясына» менің жалғыз «Жұмадағы жүздесу» газетінің қарсы шығып, бәсекелесіп-белдесіп келе жатқандығына 13 жылға қадам басты.

Оралдан қазақ тілінде шығып Қазақ елінің түкпір-түкпіріне тарайтын жалғыз басылым «Жұмадағы жүздесуге» тиіспеген билік орыны қалған жоқ.

Абай данышпан айтпақшы: «Мыңмен жалғыз алысып...» арқа етім - арша, борбай етім - борша болып жүргенде, қазақ өркениетінің жерұйығы Алматыдан ер мінезді Ерекем мен жайсаң жігіт Жанболаттың өз басылымдарында орысша беттер «бопсалап», намысымды жаншып, зығырданымды қайнатқаны-ай! Тілімді қалай кесіп тастайын?!.

...Маңдайының соры бес батпан қазақ тілі азаттық таңдарында да есін жиып, етегін жинай алмауда. «Айтпаса - сөздің атасы өледі», осыдан 7-8 жыл бұрын «Нағыз Ақжол» партиясының қазақ тіліндегі «Апта kz», орыс тіліндегі «Эпоха» атты газеттері шығып тұрды. Партия басшылары Болат Әбілов, Ораз Жандосов сияқты азаматтар біздің ұжымымызға басын сұқпай, үнемі «Эпоханың» журналистерімен арқа-жарқа әңгімелесіп, әмпей-жәмпей болып жүретін. Ол-ол ма, орыс журналистерінің саны да, жалақылары да бізден артық еді. Бір күні қазақ басылымының бастығы Жасарал Қуанышәлин ағамыз осы әділетсіздікті ашына айтып, қазақ ұжымының намысын қорғаған мәселені күн тәртібіне қойғанда, партия басшылығы біраз уақыт бос сөз, құрғақ уәдемен алдап-сулап жүріп, ақырында, шындық іздеп шырылдаған Жасарал ағамыздың қызметін өзгертіп тынған болатын. Қазір арада 10 жылға жуық кезең өтсе де ештеңе өзгерген жоқ: «Баяғы жартас - бір жартас...»..

Сондықтан, менің қадір тұтатын Ерағам мен өз інім Жанболатқа айтарым: мен бүгінгі күнге дейін мемлекеттен де, бай-манаптан да соқыр тиын қаржы алғаным жоқ. Қарыным бірде аш, бірде тоқ күн кешіп келемін. Күш көрсеткен, доқ қылған, қорқытып-үркіткен кезеңдер көп, қайсыбірін айтайын?!.

Рас, мен де өзекті пендемін: биліктің майбатпан тендерлері мен бай-шонжардың салымды «садақасын» алып, байлыққа бөгіп, балыққарын маңғазданып, мамыражай шалқып жүруге кетәрі емеспін... Бірақ, дәп сол сәтте менің көз алдыма Бейнеудің қара желінде бүрсеңдеген немесе Қатынқарағайдың қақаған қысында қалшылдаған қаратабан қазақтың тілім-тілім қызыл өкшесі елестейді... Сол себепті, қырық қатпар қиындықта да қазағымның мүддесінен тістеп-тырмысып айырылмадым...

 

***

 

...Қазір қазақтың құлдық санасының «қозуының» жаңа дәуірі есік ашты. Қазақ қоғамы: «Латын қарпіне өтеміз бе, жоқ па?» - дейтін текетірестің төңірегінде қырық пышаққа түсті. Қазақ тілінің қазіргі қиын қауқары тасада қалды.

Ұлт көсемі Мұхтар Шаханов бастаған нағыз қазақтар әзірге «Латын қарпіне» «алданып» жүргенде, ата дұшпан, жексұрын жауымыз: «Қазақтың тілін түбегейлі де түбірімен жоятын» мақсат көздеп, арам пиғыл, харам әрекетіне кірісіп кеткендей... Әлде, осынау өте оңтайлы жағдайды тиімді пайдаланып, қайсыбір сыртқы (бәлкім, ішкі) күштер «Трибуна: Ашық Алаң» тәрізді жобаларын жылдам жүзеге асыра бастады ма екен?!. Кім білсін...

...Имандай шыным: қазағы үшін табандаған он бес жылдан аса оғландай ой кешіп, көзмайын тауысып, қиналып-таусылған Ермұрат ағама әсте тіл тигізіп, көңіліне тигім келмейді менің. Сенсеңіз: артымнан еріп, ерік-жігерін жаныған жалынды інішегім Жанболат шырағымның соңынан да шырақ алып түскім жоқ. Менің мақсатым мүлдем бұл емес...

 

Мақсат-мұңым Ақтамберді жырау бабамның базынасымен үндесіп жатыр:

 

...Кеуде бір жерді жол қылсам,

Шөлең бір жерді көл қылсам,

Құрап жанды көп жиып,

Өз алдына ел қылсам!..

...Орын тапқан ер жігіт,

Жерсіз болар деймісің.

Орда тігіп орнаса,

Төрсіз болар деймісің!..

 

Менің де мақсатым - тым қарапайым һәм қастерлі. Қанымыз қазақ болғасын: бәріміз де қазақша ойлап, қазақша сөйлеп, қазақша жазсақ деймін. Қазағымызға адалдығымыз - анамызға, яғни, ана тілімізге адалдығымыздан басталса деймін...

Тағы да ақылман Абайға арқа сүйедім:

 

Сезімпаз көңіл,

Жылы жүрек,

Таппадым деп түңілмес.

Бір тәуір дос,

Тым-ақ керек,

Ойы мен тілі бөлінбес.

 

Осыным қата десеңіз: ертең оянудың мағынасы бар ма, бауырларым?!.

 

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,

«Батыс Алаш» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5396