Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаһан жаңғырығы 2944 15 пікір 6 Желтоқсан, 2022 сағат 13:42

Шыңғыс хан жеріндегі шу

Моңғолия астанасы Ұлан-батырда үшінші күн қатарынан халықтық наразылық жалғасуда. Интернет бұғатталған, ақпарат алу қиын. Сонымен, Моңғолияда не болып жатыр?

Моңғолия бюджетінің 40 пайызы көмірге тәуелді. Ел экспортының тең жартысы да осы сала еншісінде. Моңғолия үшін көмірді сату, сатып алушыларды табу және келісімді дер кезінде іске асыру мемлекеттік бағдарламаларды орындау, әлеуметтік қамсыздандыруды іске асыру деген сөз. Халық көмір саласындағы жаңалықтарға ерекше назар аударады. Қақаған аязда халықтың өре түрегеліп, наразылық танытуы да осы көмірге байланысты болды. Анығы ел шенеуніктері көмір саласындағы жемқорлық пен парақорлыққа жол беріп, млрдтаған доллар қаржы бюджетке түспеген деген ақпарат бар. Кей деректе ол 1.8 млрд доллар деп көрсетілсе, енді бір деректе 12 млрд доллар дейді. Қайсысы болса да аз ақша емес, 3.4 млн халқы бар ел үшін орасан қаржы.

Дүйсенбі күні ашулы халық Ұлан-батыр көшелеріне шығып, үкімет үйін басып алуға тырысты. Артынша олар алаңды өз еріктерімен тастап кетті. Билік қалада төтенше жағдай жариялау туралы ұсынысты қарастырып, ТЖ енгізуден бас тартты. Дегенмен "сақтық үшін" деп қалаға арнайы жасақ кіргізу нұсқасын ашық қалдырды. Парламент сейсенбі күні халықтың талабы бойынша бас қосып, көмір саласындағы жемқорлық фактілерін тексеру шараларын жарияламақ.

Наразылық акциясы сенбі күні басталды. Халық президент резиденциясына қарай бет алған болатын. Бірақ полиция оларды тоқтатты. Ал дүйсенбі наразылық жалғасын тапты. Наразы топ басты алаңдағы Жаңа жылдық шыршаны өртеп, үкімет үйін басып алуға тырысты. Үкімет үйіне кірген адамдарды тәртіп сақшылары ұстап, артынша босатты. Алаңдағы халық өз еркімен тарап, тіпті алаңды жинап, қоқыстан тазартып кеткен деген ақпарат бар.

Моңғолияда оннан астам көмір кеніші бар. Әлемде көмір өндірісі бойынша ірі 15 елдің ішіне кіреді, ал көмір қоры бойынша әлемдегі көмірдің 7 пайызы Моңғолия жерінде дейді мамандар. Ең ірі көмір кенішінің бірі "Таван-Толгой" кеніші. Онда 7 млрд тонна көмір коксы бар. Көмір коксы Моңғолияның ЖІӨ-нің 25% құрадйы. Моңғолия көмірін сатып алушы басты ел - Қытай. Ол Моңғолия көмірі экспортының 80 пайызы осы елге тиесілі.

Наразы халық дәл осы кеніштегі өндірілген көмір мен көмір коксын сатуда үлкен жемқорлық болған, оған Парламентте отырған депутаттардың кейбірінің қатысы бар дейді. Сол себепті де наразы топ жемқорлыққа қатысы барларды жазалаумен бірге, Парламентті таратуды да талап етуде.

Моңғолия билігі қазіргі сәтте көмір саласындағы жемқорлыққа қатысы бар болуы мүмкін 15 адамның үстінен тексеру жұмыстары жүріп жатқанын айтады. Олардың ішінде Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, департамент басшылары да бар.

Ресей Украинаға ашық соғыс ашқаннан кейін, әлемде энергетика саласында үлкен өзгерістер болуда. Мұнай мен газ бағасы өсті. Ресей газына тәуелді болған Еуропа елдері, ендігі таңда Ресей газын тұтынуды азайту үстінде. Мәскеуге тиесілі көгілдір отынды толық алмастыру мүмкін емес болғандықтан, Кәрі құрлық елдері жабылған көмір кеніштерін қайта ашуда. Бұл көмір саласына қайта жан бітіріп, оның бағасының өсуіне әкелуде. Кей елдерде көмір бағасы 210%-ға дейін өскен. Моңғолия сарапшылары көмірден түсетін қаржы еселене түседі деп пайымдаған. Алайда көмір саласындағы жемқорлық көмір экспортынан бюджетке түсетін қаржыны арттыра қоймады.

Ресей-Украина соғысына байланысты әлемдік инфляция шарықтап кетті. Бұл Моңғолияға да әсер етуде. Екі жылдық коронавирустық шектеулерден кейін ел экономикасы әлі есін жимады, ал инфляцияның өсуі жығылғанға жұдырық болды. Халықтың наразылыққа шығып, билікке қатаң талап қоюының бір себебі осында жатыр.

Ка Мырза

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371