Жұма, 22 Қараша 2024
Абай.tv 7164 4 пікір 13 Желтоқсан, 2022 сағат 13:40

Мұхтар Шахановтың 1989 жыл Кремльде сөйлеген сөзі

Біз бүгін Abai.kz оқырмандарының назарына ақын, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қырғызстанның халық ақыны Мұхтар Шахановтың 1989 жылы Кремль мінберінде «Желтоқсан көтерілісі» жайлы ащы шындықты жайып салған сөзін ұсынып отырмыз...


Мұхтар Шахановтың 1989 жыл Кремльде сөйлеген сөзі:

Жоғары съезд, мен республикада қалыптасқан өткір жағдайды ескере отырып, әлеуметтік алауыздықтың тағы да өршуіне жол бермеу үшін, Қазақстан КСР 19 халық депутатының атынан келесі мәлімдемені жасағым келеді.

Съезде Грузиядағы оқиғалар туралы мәселе көтерілгеннен кейін Қазақстан депутаттар тобы өз сайлаушыларынан көптеген ұжымдық хаттар мен жеделхаттар ала бастады. Жариялылық пен ашықтық кезеңі келгеніне қарамастан, 1986 жылғы Алматыдағы «Желтоқсан оқиғасы» туралы мәселені съезде көтермейтінімізге олардың көңілі толмайды. Елімізде алғаш рет бейбіт шерушілерге қарсы сапер күректер, әскери иттер қолданылды. Қыздарды дубинкамен ұрып, керзі етікпен тепті. Мұның бәрі митингі туралы жалпыға белгілі жарлық шықпай тұрып істелді.

Демонстранттар арасында құрбан болғандардың саны әлі де көпшіліктен жасырылып отыр. Толық емес мәліметтер бойынша, 2 мыңға жуық адам қамауға алынды. Олардың көпшілігі ұзақ мерзімге сотталды. Мыңдаған адамдар оқу орындарынан шығарылып, жұмыстан қуылды. Саяси дайындығы жоқ жүздеген жас жігіттер мен қыздардың өмірінің мәңгілікке күл-паршасы шықты.

Көрнекті халықаралық қайраткер жолдас Колбин бастаған республиканың партиялық ұйымы жағдайды реттеу үшін көп жұмыс атқарғанын айта кетпесе болмас, дегенмен Алматыдағы сарбаздар мен ішкі әскердің заңсыз әрекеттері туралы шындық әлі күнге дейін құпия күйінде сақталып келеді.

Сол себепті, әртүрлі қауесеттер тарап, халықтар достығына кірбің түсіріп, кейбір кезде араздыққа алып келуі мүмкін.

Осыған байланысты біз Алматыдағы «Желтоқсан оқиғалары» туралы шындықты анықтау үшін түрлі өңірлер мен ұлттардың атынан өкілдік ететін халық депутаттарынан комиссия құруды сұраймыз.

Жоғарыда аталған жайттардан кейін, Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерді интернационалдық және патриоттық тәрбиелеу жөніндегі жұмысы туралы ОКҚҚК қаулысы шықты.

Бұл қаулыда болған оқиғалар қазақ ұлтшылдығының көрінісі деп көрсетілген. 5 мың адамды, 10 мың адамды, 100 мың адамды ұлтшыл деуге болар, бірақ бүкіл қазақ халқын ұлтшыл деп кінәлауға болмайды ғой. Қазақ ұлтшылдығы деген сөз – бүкіл қазақ халқына тағылған айып. Біз халыққа жабылған ауыр әрі лайықсыз айыпты алып тастап, әділеттілікті қалпына келтіруді сұраймыз.

Қазақ халқы өз тарихында халықтар достығына адал екенін бірнеше рет дәлелдеді. Жақында ұлтаралық мәселелер бойынша КСС ОК пленумы өтпек. Көптеген халық депутаттары жиынға қатысуға мүдделі болса да, бұл форумға қатыса алмайды. Өйткені олар Орталық комитеттің мүшелері емес.

Сондықтан, қазақстандық депутаттар тобы пленумға дейін съезде одақтас автономиялық республикалардың, автономиялық облыстардың, ұлттық округтердің және шағын ұлттардың мемлекеттік тіл мәртебесі туралы Жарлықты қабылдауды ұсынады. Сондай-ақ өз елінде әлі күнге дейін жетімнің күйін кешіп отырған кеңестік түріктер мен Қырым татарларының ушыққан мәселесін шешуді ұсынады.

Төралқаға сайлаушылардың, оның ішінде республиканың белгілі жазушылары, ғалымдары мен жастары қол қойған хатты тапсыруға рұқсат етіңіздер.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5270