Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3787 0 пікір 28 Ақпан, 2013 сағат 05:50

Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)

8

Айтқандай Әли дауы ұзаққа созылды. Бұл арыз бойынша сұрақшы бірталай тергеу жүргізді. Сол барыста Абдоллаға атты алдыртушы Мамозы екені даусыз, толық ашылған. Ал Әли Мамозыдан өз ақы алашығынан әлі ешнәрсе өндіре алмай жатса да, Шерудің біраз адамының босап шығуына себепкер болды.

Әли алғаш келіп Ли-жүйжаңға кірген күні полиция бастығы одан қысқа-қысқа екі ауыз сауал сұрап:

...- Сойылған биеге Керімбектің қатысы қалай жоқ болады? Қастандықпен үйіне ет тығылған Әмен деген қазақ Керімбектің орнын алған Абдолла болыстың құдасы екен. Сол арқылы Керімбекке Абдолланы шатастыру керек болған. Яғни Абдолладан өш алмақ.

- Жақсы айтасыз, осы Әмен деген қазақ Арыппай алмақшы болып жүрген қызды өзінің інісіне айттырған. Ол Абдолла болыстың қызы, Арыппаймен уәдесі бар қызды інісіне аударып, Абдолламен құда болып отыр. Сондықтан Әменде Арыппайдың өз басының кешпес кегі бар. Абдоллаға да тап сондай наразы. Және Керімбектей кемел адам өз басын осыншалық дауға шатады дегенге кім сенеді? Сізге Мамозының биесін Арыппайға алдыртушы кім екені анық қажет болса, ол - мына мен... Бұған Керімбекті кінәламай, заңмен жеңсең, ататын жеріңде мені ат!

- Сенің атыңды Абдоллаға Мамозы алдыртқанын мүмкін жобамен айтатын боларсың? Содан басқа ойға келуге мүлде болмай ма?

8

Айтқандай Әли дауы ұзаққа созылды. Бұл арыз бойынша сұрақшы бірталай тергеу жүргізді. Сол барыста Абдоллаға атты алдыртушы Мамозы екені даусыз, толық ашылған. Ал Әли Мамозыдан өз ақы алашығынан әлі ешнәрсе өндіре алмай жатса да, Шерудің біраз адамының босап шығуына себепкер болды.

Әли алғаш келіп Ли-жүйжаңға кірген күні полиция бастығы одан қысқа-қысқа екі ауыз сауал сұрап:

...- Сойылған биеге Керімбектің қатысы қалай жоқ болады? Қастандықпен үйіне ет тығылған Әмен деген қазақ Керімбектің орнын алған Абдолла болыстың құдасы екен. Сол арқылы Керімбекке Абдолланы шатастыру керек болған. Яғни Абдолладан өш алмақ.

- Жақсы айтасыз, осы Әмен деген қазақ Арыппай алмақшы болып жүрген қызды өзінің інісіне айттырған. Ол Абдолла болыстың қызы, Арыппаймен уәдесі бар қызды інісіне аударып, Абдолламен құда болып отыр. Сондықтан Әменде Арыппайдың өз басының кешпес кегі бар. Абдоллаға да тап сондай наразы. Және Керімбектей кемел адам өз басын осыншалық дауға шатады дегенге кім сенеді? Сізге Мамозының биесін Арыппайға алдыртушы кім екені анық қажет болса, ол - мына мен... Бұған Керімбекті кінәламай, заңмен жеңсең, ататын жеріңде мені ат!

- Сенің атыңды Абдоллаға Мамозы алдыртқанын мүмкін жобамен айтатын боларсың? Содан басқа ойға келуге мүлде болмай ма?

- Мамозы айтпаса Абдолла менде тіпті аттың бар-жоғын да білмес еді. Мен Мамозыға қандай өш болсам, ол маған сондай қас адамдар екенімізді өзіңіз де білесіз. Оған нанбасаңыз сол аттардың көзін бір жаққа жоғалтсын деп сол бәйек боп отырған Мамозыңыздың жіберген адамы да қолға түсті. Оны сұрақшыңыздан ертелі-кеш ести жатарсыз.

Ли-жүйжаң Әлидің алмастай өткір, дәлелді жауабына қанағаттанбауға шарасы қалмаған. Жасымас кедейдің өзіне-өзі сенімді нұсқасы, төмен, босаға жақтан кәрлі полиция бастығының көзіне тайсалмай, аумай қарап жауаптасуынан ғана емес, барлық табанды, дәлелді қалпынан көрінді. Ел айбынынан жапырақтай тітірейтін Ли-жуй жаң қаһарынан Әли саспаған. Өз достары: Керімбек, Арыппай, Қарымсақтар жолында жан аяп, тайсалуды ойламаған. Қыс азығын қамдап, егін-терімін жинап болған кедей дүңген диқандарын куәлікке тұтас көтеріп әкелген. Әлилерді жиырма үй дүңген деп атағанмен, соның екі үйі анығында қытай кедейлері бола-тұғын. Әли бастаған көршілермен баяғыдан бері бірге келе жатқан жалшы, қытай азаматтары еді. Соның Лән бияу ағай дейтін қартаң біреуі полиция бастығы Ли-жүйжаңға, және үйез әкімі полковникке қытайша жазып, екі арыз жіберген. Әли ұқыптап, орап салған ішкі қойнынан соны алып бергенде, Ли-жүйжаң қабағын шытынып отырып оқыды...

Лән бияу арызы Мамозы жайлы болып шықты. Бұл адам Мамозының малайы болып жүргенде өз қожайынымен біраз жылға дейін тату болады. Үкіметке тәуір көріну үшін, қытай адамын көрсе, жағынып тұратын Мамозы Лән бияудың жесір қарындасын кемпірі өлген әкесіне әйелдікке әпереді. Баласының бектігін бу көріп, өзгеге әкімсіне сөйлейтін болған Мадаңзы кәртейдім демей, өз төсегіне жас тоқал салған.

Сонда Мамозы өзінің ат үсті жорыққа мықты - Рахим деген інісіне бай дүңгендерден іріктеліп кұралған топ жігітті бастатып, мойны қашық елдерден дәл үш дүркін жылқы алдырады.

Алғашында өргі Қызайдан, онан соң ұмыттырып барып, Бұратала - Сарытаудағы Қаракерейден алады.

Жоңғариядағы қалмақтар: Чінәңгі, Хучнінәңгі деп екіге ажыраушы еді. Бір кезде жойылып кеткен Жоңғар қалмағының тұқымы Шыңжаң жерінде аз екен. Қытай богдахандары қойдай қырған, қазір Тәңіртаудың арғы беті Қарашәр - Жұлдыз бойындағы Торғауыт руы Чінәңгісіне жатады. Ендігі кезек қалмаққа тимек болған Мамозы үшін сол Торғауыт жағынан жылқы алу қиын еді. Екі арада жалпақ Қызай елі жатыр. Сондықтан шығыстағы Еренқабырға тауының теріскейін мекен еткен Хучінәңгіден бір жолда тап отыз шақты жылқы қудырып алады. Айналасы төрт-бес жыл ішінде Мамозының жылқысы үш жүзге тартады. Бірақ өз қолымен бір бие тудырып, суығына тоңып мал өсірген Мамозы жоқ. Шарана көріп, шаруа бақпай біткен мал... Әлгі «Лоңқа - торы ат» дейтін. Әмен қорасынан табылған ат осы Лән бияудікі екен.

Ол жазған арыздың мағынасы осы еді. Арыз соңында: «Қолымнан көшіп кеттің. Басыңды бассам, аяғың тыпырламай жата бермедің» деп Мамозы Әлимен қабат маған да өштескен. Туған қарындасымды әкесі әйелдікке алып отырған адам елді жылатпаса маған осыны істей ме? Өзіме таяғы батқан соң, қарындасымды пісіріп жесең де өзің біл деп, Әлимен бірге кеттім» деген.

Әнекүннен бергі барлық даудан кем түспейтін қомақты арыз енді осы болып шыққан. Ли-жүйжаң мұны көрген соң, еріксіз кеңірек толғанып, Мақсұт пен Мамыртайдың арызын еске алды. Қарымсақты босатпай болмайтынын ойлады. Екі жастың өжеттігін ескеріп Әлимен бірге үйез бастығына арызданудан да тайынбайтындарынан сескенді. Неліктен екен, қаншыл төрені Лән бияудың сорлылығы сәл қайыстырғандай болды... Оның қарындасының да, бай шалдың әйелі атанғанда ағасы Лән бияу таяқ жеп жатса ара түсе алмай, бір тамағын асырауға ғана шамасының жетіп жүргенін ойлады. Сонымен Ли-жүйжаң бұл күні сұрақшыны өзіне жеке шақырып сөйлесті.

Арыздың мән-жайын қысқаша білдіріп өтіп:

- Бұл есіңде тұрсын, біздің тергеуімізбен ғана тынбайды, үйез бастығы полковникке де түседі, - дегенді ескертті. Мамозының тасы жеңіл тартып бара жатқанын білдіргені.

Міне, осы күннің ертеңінде Әмен, Қарымсақтар бастаған бірнеше кісі босап шыққан-ды. Әли мен Лән бияу достығының күші әзірше осы болған. Ендігі жатқан; күні де ұзаңқырай түскендер - Арыппай мен екі-үш дүңген жігіті және Абдолла ақалақшы.

Мамозыға келетін пәленің жарымын осы Абдолла арқалап жатыр. Анау жанжалға килігуші үш дүңген кедейінің үшеуін де Мамозы сұрақшыға ым қағып, шығарттырмай отыр. Екінші жақтағы таяқ жеген бай дүңгендер арызы да Әлиге дәл бұл жөнінде жеңістік бермейді. Ал Мамозының биесін Керімбек төлейтін болған. Бірақ бұны інісі Арыппайдың малы жоқ болғандығы үшін төлейсің демейді. Мамозы өз жоғын өндірумен қанағат тауып қалмайды. Оның биесін Керімбек айласы алыста жататын заң алдында, жығынды ретінде төлеген кісі болады. Бұл кейінгі күннің де куәлігі... Осы жағынан келгенде тұтас полиция ордасы ноғала болып, екі көзді тас жұмып отыр. Әлиге тек көзі бар ат қайтарылмақ. Ал анау қолынан бердім деген екі қара: бір жылқы, бір сиыр туралы Мамозы еселеген қарсы дау қоздырып, теңдік бермеуге беттеген. Інісінің алты жылдық жалшылық ақысына өндірілген мысқал ақы жоқ. Ондағы еңбек машақат, бір азаматтың ішкен тамағы мен ара-тұра киген ескілі-жаңалы киімінен «аспаған» болып шықты. Әлимен бірге келіп полиция мекемесінің алдынан ұйлығысып кетпей жүрген бір топ ескі киімді, кедей дүңгендердің сұрақшы алдына кезек-кезек кіргендегі бар куәлігі - Әлиді құптап, өз көршілері Қарымсақты ақтап, шуылдаумен ғана қалған. Енді Әли мен Керімбек ақылдасқанда, Әли өзінің қасындағы бар шоғырымен үйездік үкіметке шағым етуге бармақ болған. Керімбекті қаралап қол қойып, қамай алмаумен бірге оны біржола ақтауға да көзі қимай, ұзақ-сонар сүрлеуге салып отыр. Қойды көріп, қойшысынан тайсалып, күдер үзбей шоқиып отырып алған бөрідей, не көзсіз ұмтылуға дәті жетпей сенделген. Тегінде, Күре полиция мекемесі болсын, үйез бастығы болсын Керімбекті көрсе, баласын алдырған жыртқыш тағыдай боларлық бір суық жай ежелден бар.

Осыдан біраз жыл бұрын үйездік үкіметтің бір жас қытай қызметкері әлдеқалай Шерудің ішінде жасырын өлтірілген.

Мамозы бір дуан елдің бас бәжігер - төресі болса, әлгі жігіт сол Қорғас дуанының орман шарлаушысының қожасы болатын. Бір бұрау алған немесе құрық кескен қазақты көзі шалса, дүресін ала жүгірген пақыр екен. Оны ұстап өлтіруші Керімбектің жақын ағайыны - Қыдырбек деген кісі болады. Күре өздерінің Шеруге шығып кеткен сол әкімсымағының із-түзсіз, қайда, кім өлтіргенін нақтап біле алмай, «иесіз таяққа ит үрместің» кері болып іштен тына, аңтарылып қалса да, өздерінше секемденіп ойлағанда, Керімбектен қауіп күтіп «сол» деп жорамалдаған.

Күренің Керімбекке осылайша сенбеуіне ерте күннен Мамозы себепкер болса, соған қоса Керімбектің өз қолымен істеп, көзге түскен және бір қимылы бұндағы үкімет орнының «қара кітабына» енгізілген. Ертеректе, Күре губернелік штаб болып тұрған кезде, Шыңжаң үкіметінің басына жаңа отырған Шың шы сайдың бөксесі өз тағына әлі мықтап бекіп болмаған шағында, заң әмірі қазақ даласына қазіргіден гөрі бір кез «шуақты» болып тұрған. Сонда Керімбек губернелік штабтың өзінен шыққан тағы бір жас қытай қызметкерімен ойламаған жерден жанжалға кіріптар болып қалғаны бар. Шеруде Көмекбай қажының асы деген үлкен ас болып, атшабыс үстінде әлгі қытай жігіт бәйге үлестіру билігі жөнінен қазақ заңын ұқпай, Керімбекті ерегіспен боқтап салады. Аузынан жаман ианат шығып, қоластындағы бағынышты қазақты сонымен шектеп тыймақ болады. Өзінің баласындай жас адамның бұндай үстемдігін өлімдей көрген Керімбек оны солақай қолындағы қырғыз өрім қамшымен жалғыз тартып, анау аттан домалап түседі. Қытай жігіт бүтін губернелік үкіметтің саяси бөлім бастығы екен. Қайткенмен, өз тірегіне... және қызмет билігіне мықтап арқа сүйегені білінетін.

Оның айналасындағы анталаған қорғаушы, нөкерлерін Шерудің Арыппай сияқты сайма-сай жігіттеріне тырп еткіздірмей қоршатып тұрып, табақтай қағазға сол жердің өзінде Керімбек акт жазғызады. Осындағы қазақ, ұйғыр, дүңгеннің белгілі, инабатты адамдарына қол қойғызып, таяқ жеген әлгі қызметкерді Күредегі Штабқа қолын артына байлатып, атына теріс мінгізіп апарғызып тапсыртады. Аяғына жығып, татуластырмақ болған дүңгендерге де Керімбек көнбейді. «Дінің басқа болғанмен, тілің бір болған соң, мені боқтағанына қарамай, жандарың ашып тұр ма?» деген сөзді айтып дүңгенді тыйып тастайды. Үкіметтің алғашқы жалтаңкөз саясаты Құмылда ұйғырларды бастаған Қожанияз көтерілісінен кейін аз ұлттарға «жақсы көңіл бөліп» отырғандықтан жаңағы штаб қызметкерін Күре губернелік үкіметінің өзі Керімбектің аяғына жығып, кешірім сұратады. Бірақ әне, соның өзі Керімбек тарихы үшін ашылған қара кітаптың бірінші бетіне «жүрек қанымен» жазылып қалған-ды. Гоминдаң дейтін «ұлы өкіметтің» киелі кегімен жазылғандай болған. Өлген шарлаушы жайлы Керімбекке сене алмайтындары да осындай шартты әрекеттерге байланыстырылып, соның бәрі балалаған шемен-беріш түйініндей астасып жататын.

Әли мен Керімбектің үйездік үкіметке жазған арызында Шың шы сайдің алты ұранындағы: «Шыңжаңның бейбітшілігін қорғау» және «ұлттар теңдігін қорғау» деген үлкен екі жарғы кіргізіліп жазылған. Бұлай сөз сапталу дәл мына тұста үкіметті елең еткізу деген сөз. «Мамозы сияқты үкімет қызметкері қазақтың ішіне іріткі салып, ат ұрлатып отырып, сол жайлы арызданушыларға теңдік бермейді. «Әділ үкіметіміздің «ұлт теңдігі» саясатын еске алғанда Мамозының қазаққа деген үстемдігі аяқ басқан сайын көрініп келеді. Және оны өзінің әкімгершілік қызметін бетке ұстаған баса-көктеушілік түрінде пайдаланады. Міне, осы негіздегі арызды Әли үйездік үкіметтің әкімі Ма шяньгон полковниктің өзіне енгізген. «Арыппай ісі Мамозы қылмысына қарап істелген, соған орай жауап ретіндегі әрекет. Және бұл бір адам, екі адамның ісі емес, көптің мүддесіне, маңдай терін сығып күн кешкен бір қауым елдің мұң-мұқтажына байланысты шыққан іс. Оны істетуші біз - Мамозыдан тепкі көрген жиырма үй кедей дүңгендеріміз. Сол үшін босқа әуре етіп, орынсыз тергеліп отырған Керімбекті біз жан сала ақтаймыз» - деген. Бұл уақытта Керімбектің істі боп Күреге шықыртылып келгеніне міне, жиырма күннен асқан-ды. Қырағы полковник мынандай терең арыздың төркініне мұқияттап зер салды. Тегінде бұл орын тек үйездік үкімет қана емес, сол үйездік үкімет дәрежесіндегі мемлекет қауіпсіздігін қорғау орыны да болатын. Сондықтан аз ұлттар ішіндегі Керімбек, Әли, Қарымсақтар сияқты адамның басқан қадамына зер салу жағы басым.

Шыңжаң өкіметінің мемлекеттік жұмысын тегінде төрт министр, сегіз басқарма атқарады.

Бұрынғы бүкіл Шыңжаң үкіметі, өлкелік ішкі істер басқармасының бастығы генерал-майор Лю бин и Іле аймағының орталығы - Құлжаға губернатор болып келгелі, әсіресе мемлекет қауіпсіздігін сақтау тетігіне ерекше қадауыш назар аударылған. Іле уалаяты он үйез болғанда, гүбернелік штабтың солқылдаған қатал бұйрығын шығарып отырған аты әйгілі Лю бин и осы мемлекет қауіпсіздігін сақтау мәселесі жөнінде ең әуелі сол үйездік үкімет бастықтарының өздерін тұяқтарынан тік тұрғызғандай еткен.

Шыңжаң өкіметінде он гүбернелік штаб бар. Соның үшеуі: Іле, Алтай, Тарбағатай қазақ аймақтары. Шыңжаң үкіметі басшылары осы аймақтың негізгі біреуі Іле уалаятына жаңағы генерал-лейтенант Лю бин и сияқты адамды аса ерекше құпиямен жібергендігі айтпай байқалатын. Алтайда Абақ керейлерін бастаған белгілі Оспан батыр күні бүгінге дейін үкіметке алдырмай, Бәйтік, Қаптық тауында басын бәй тігіп соғысумен келеді. Лю бин и алғаш келіп заңды темір қаусардай қысып ұстағанда, Іле аймағында: қазақ-ұйғыр, қырғыз, өзбек, татарлардан көп адам бірден қамауға алынды. Жергілікті аз ұлттың жылт еткен еті тірі, бас көтерер деген адамы болса, ерте күннен «түп тамырына балта шабу», «күлін көкке ұшыра аластау» қажет... Үрімжі түрмесіндегі ауыр азаппен қойдай қырылып отырған 80 мың тұтқынның ішінде қазақ аймақтары: Алтай, Тарбағатай, Іледегі ұйғыр, қазақ, қырғыз, қалмақ-маңғұлдардың да үлесі олқы емес-ті.

...Әли жаңағы арызды алып кірген күннің ертеңіне, Ма шяньгон осындайда өзінің ең құпия қарарына алатын «оң қол» деген екі-үш қана адамды қасында ұстап өте жасырын бір суық жайды кеңесіп отырды. Орталарындағы Керімбек пен Әли арызына жендет көзбен зер сала үңіліп, түйіле қарап, соны жайып салып отыр. Әлдебір зәру карта жоспарын қауырт жобалап жатқандай, қағаздың әр тұсын - Ма шяньгон қатулана қадалып, түрте шұқып көрсетеді. Сұқ саусағы сұсты көздің ырқына жүгіреді. Арыздағы «әділ үкіметіміз» деген сияқты жерлер өңмендеріне оқтай тиеді. Арызшылар сол сөздің өзі амалсыздан да емес, тіпті барынша жек көре отырып, жазғанын иіскеп білгендей, бір-біріне айтыспай емеүрінсіз ұғады. Және сол тектес, «Мамозы сияқты үкімет қызметкері «ұлт теңдігі» саясатына мән беру орнына бүлікшілік салады» деумен бірге үкіметтің «оң көзім» деп отырған полиция мекемесінің айбынын аяқ асты етіп, оның құзырынан үйездік үкіметке арыз асырудың өзі үңіле қарағанда, Ма шяньгонге жеңіл толғақ болып тимеген. Сонымен келіп бұлар тау ішінде қай-қашанда тыныш жатпайтын Керімбектің өзін бірден қолға алу, қамау жөнінде арнайы бас қоса кеңесіп қалған-ды. Бірақ бұл мәселеге бастан-аяқ байыпты қарауды ә дегеннен ауызға алысып қозғасқан. Кейінгі жағында іс соңы қалай болып бітуі мүмкін... Соған өте зер салынсын. Егер аяқты ағат басса, ертең осы отырғандар жауапты. Губернатор алдында басымен есеп береді. Керімбекті барлық Шеру руы қолдай ма? Әлде болмаса сол ел ішінде оны құптамай, теріс көретін, алауыз, азғын адамдар да табыла ма? Бар болса кімдер? Олар Шеруге беделі өте алатын адамдар ма, жоқ па? Керімбектің ұсталуына риза болып солар қол қоя ма? Әлде сорақылық болып, ел ішінде іріткі туып кете ме? Кейінгі күн үшін осының бәрі де аса құнды да маңызды іс. Халықты «жақсы» ұстау үшін бір шетін түбекке иіріп, «ноқталап» отырмаса болмайды. Шыңжаңды әскери күш назары басқарады. Солай болғанмен ол тек осы Күре сияқты қорғандардың ішінде, халықпен аралас жатқан олардың ешқандай көмекші тірегі, сенер күші жоқ. Сүйенері қолындағы найзалы мылтық... Сондықтан халық ішіне көп тыңшылар қоюмен бағанағы «Әділдікті» бұл тұста тұмшалап жылы жаба тұрады. Бұқара халықта сүйеніш күші болмағандықтан күндеріне жарайтын көбінесе із кескіш, тұмсығы иісшіл жалдамалы, сатқын тыңшылар. Онсыз гоминдаң үкіметінің арал-арал, ойдым-ойдым қорғандарының ішінде ін түбіндегі суырдай тығылып жатып басқаруы дәл ұясының үстінен келіп түскенше сыбыс білмейтін саңырау құрды еске түсірер еді.

Керімбектің ел ішіндегі абырой-салмақ екшеуін толық білу, тану үшін бұл отырғандарға қазір Мамозы керек болған. Сөйтіп, енді Ма шяньгон өз алдына Мамозыны алдырғанда әлденеден шын дәмеленген, қанқұмар бұзық алғашында қатты ынтызарланып, тілеуі қабыл болғандай іштей тыныш таппай өрекпіген. Бірақ Мамозы бұл іске тақаты қалмай төніп түскенмен, Керімбекті тұтқындату үшін қазақтың өз ішінен қол қоятын бірталай куә табу керек деген жерге келгенде, белге соққан жыландай бұлғалақтап қалды. Бұл Мамозының бұрын көңіл бөлмеген, білмеген нәрсесі емес-ті. Оған осының бәрі, бүкіл Шерудің қыр-сыры алақандағыдай. Ойына қысылғанда оралған жалғыз үміті қамауда жатқан Абдолла болып еді. Енді ол да қолдан кетті! Қолдан кетіп, қолайдан кетпей тұрса тағы бір сәрі. Бар жақтастарымен Абдолланың бұдан енді бір-жола ат кекілін кесе, мүлде кеткені анық. Бұл ұйым соңғы шешімді енді Мамозыға да білдірмеді. Тұйық тоқтатып қойды. Сонымен ақырында осы жерге бұлар Керімбектің өзін шақыртты... Оны мұнда дәл Мамозы отырған кезде, соның үстіне алдырып, бір қызығы, бәрі де салиқалы түспен қабылдады. «Бәріміз де ойландық» деген нышан байқатады. Ма шяньгон өз аузымен Керімбектің «қапа болмауын» өтінді. Біраз күн бұл кісіні кездейсоқ жағдаймен әуре етіп қойғанын, оған жасы үлкен, өзі есті адам Керімбек әрине, ғапу етуі керек екенін маймен сылағандай етіп жүйрік тілмәш арқылы сөйледі. Майыстыра, келістіре өздері де тұшынғандай сөйледі.

Еденіне қып-қызыл қытайы жібек кілем төселген ұзын, кең жарық бөлменің дәл төрінде екі иығы бір-бір кездей, мундирлі полковник отыр. Омырау, төсінде, белдегі әскери былғары белдіктің айқыш-ұйқыш асып тасталған қосалқы баулары, жаға, жең, иық пагондарында оқалы, алтын зерлі шітірмек-шытырмалар. Жас шамасы елулердегі, жылтылдаған аппақ шашын тік қайырған денелі адам. Қаны қашқан сұрқыл жүзінде, қас-қабағында айрықша бір жат, суық ызғар беріп тұрған әжім көлеңкесі бар. Сол әжімдер ымырасыз, кәрлі қабақ пен шатынап қарайтын көздерінің алдында, ұрт-езулерінде, қас-қабағында түсін аса салқын тыжырынтып, ерекше қаталдық белгісін шақырып тұр.

Керімбек оның түсі суықтығына зейін қоя қарап отырып, «гоминдаң өкіметі билеген Қытай патшалығының қандай орнына апарып отырғызса да өгейсітпестей кәрі бар-ау, кәпірдің» деп ойлаған.

Мәслихатшы, кеңесшілер тобы бірыңғай екшеліп, Ма шяньгоннен біраз беріде, төмендеу отырған болатын. Олардан тағы беріде Мамозы мен Керімбек, екі жақта бозарып, бір-біріне қарама-қарсы жайғасқан. Бұлар мен Ма шяньгонның арасы біраз жер. Тілмаш аяқ жақта тістей қатып, тік түрегеп тұрған.

Ма шяньгон Керімбекке айтқан жаңағыдай сөздерінің аяғында тас мүсіндей шалқақ отырған бойы:

- Әрине, мұндай-мұндай әурешілік болады, қапа болмаңыз! Елді тәртіппен басқару үшін сіз де, біз де әлегіне шыдаймыз, - деп жадағайлата күліп, төменгі қошаметшілеріне: - Солай емес пе, жолдас кеңесшілер? - деген болды. Отырған сызды топ та өздерінің асқақ әкімі полковниктің бұл сөзіне тегіс түстерін жадыратқан боп, Керімбекке мысық көзденіп ақырын қарасып қойды. Бірақ осы кезде Керімбектің жүрегі жайсыз қағып, үсті-үстіне соғып отырды. Рулы елдің Керімбектей жетекшісін бұл сапардан осылайша «ақтап» қайтарғалы отыруларының арғы жағында көз жаздырып жатқан не бар екенін кім біледі?!

Мамозы ана жылғы Әлимен болған дау, айтыстың үлкен жаңғырығы тұсында адам істемес бір ұшқары сұмдықпен өзге емес, жалын сипатпайтын, асау-асқақ Ма шяньгонның өзін шатылдырғаны бар. Мойны құрықтай, өзі аппақ, қазмойын арғымақты да ояздың алдына сол жолы көлденең тартқан. Құйрық-жалы жібектей, «пері жылқысындай» деп дәріптерлік асқан әсем, жер баспайтын жорға. Егер ат міне алса, тек Ма шяньгонге ғана лайықты екені рас. Жұлдыздағы Торғауыт қалмағынан тура 100 қойға, басқа ұрып санап тұрып, Мамозы өзіне балап алдырған дабыралы аққу боз осы еді. Торғауыттың бүкіл Шыңжаң жеріне даңқы шыққан әйгілі жорғаларынан әдейі арғымақпен будандастырып шығарған қарабайыр екен. Шабысты білмейді.

Әлидің баласы өлгенде адам құнына жығынды болып, ес таппай сасқан Мамозы Ма шяньгонге ойдағыдай нық сеніммен күдіксіз сүйену үшін, осындай бір керемет атты ғана бетке ұстап бара алмаған. Оған жалыныш өткізу оңай емес-ті. Жасы егде тартқан қырқылжың әкімге өзінің уылжып өсіп келе жатқан жалғыз қызын да нағыз тасжүректікпен қызықтатқан!.. Өзіменен шамалас Ма шяньгоннің жолына құрбандыққа қиған жас қызын, жеңгесіндей жетелеп, Күреге өзі әкелген. Ең масқарасы полковниктің үйіне де қаракөңіл Мамозы өзі алып кірген!.. Үйез бастығының тәкаппар әйелі екі баласын алып, жолаушылап Құлжаға кеткенін сұмдықпен көз ашқан, ұры қойын Мамозы біліп кеп отырған. Қыз жолы нәзік екен... Үлкен төренің айдынды ордасына әкесін ілестіріп, «қонақ боп» кіргені оғаш көрінбеді, қайта жарасып тұрғандай. Бұның алдында тілмаш дүңген жігітінен сәлем айтып, «аққу бозды» тартуға апаратынын күнілгері білдірген. Ат даңқын Ма шяньгон жақсы білетін-ді.

Өзін өлермендіктің асқан көзсіздігіне қамшылап айдаған қутұяқ Мамозы, қойнына тығып ала келген «ти жу» арағымен бір қызға бергісіз дерлік боз арғымақты құттықтап, полковникпен азырақ күміс ыдыстар қағыстырып отырды. Әшейінде маңына жан пенде жолай алмайтын үйез билеушісі Мамозымен бүгін қиуадан оң сөйлесіп, оның үй ішінен суыртпақтап жөн сұрастырып еді. Құдай Мамозының көктен тілегенін жерден бергендей:

- Бір үйде біз үш-ақ адамбыз, - деп бастады сөзін, - Алтыным да, гауһарым да, алдыңызда отырған осы мына қарғам, жалғыз қызым... Ұлдарым ақылсыз болып, «Дүңген қашқан» соғысында екеуі де оққа ұшқан... Ұлы өкіметімізге қол көтергені үшін күні бүгін ит өлігіндей көрем! Әлемде теңдесі жоқ ұлы гоминдаң өкіметіне қарсы қару көтеру біздің жаман дүңгендердің не теңі десеңізші! Осы қызым аман болса болды, жүгермектер жатқан жерінен тұрмасын! - деп келді де, жырынды қонақ Ма шяньгон оязды қалыптан тыс шеберлікпен, ендігі айтпағына аузын аштыра таңырқатып:

...- Осы қызым сізді сыртыңыздан көріп...- деп, анық сойқанды ойын сабақтап келе жатты. Полковник мынандай епті мейманының бетіне жалт қарап, қызға бір, бұған бір жан тарта көз тастай бастағанда, биік үстелде, бұлармен бір дастарқанда онсыз да күмілжіп отырған жас, сұлу талдырмаш қыз, жерге кіргендей болып, бар бойымен төмен бұға қызарып кетті. Далада ағаш көлеңкесіне байланған боз арғымақты көріп кіргелі ішінен қуанған атқұмар, даңқшыл төре бұрын Мамозыдан осы ат жайын бір рет сұрағаны бар-ды. Сылаңдаған жануар мойнын аққудай иіп, әдемі ерні қыбырлап қолынан нан жегенде шынымен масаттанып кеткен үй иесі, Мамозының мына сөзі тұсында, бүгін бар бақыт бір ғана өз басына үйіліп-төгілгендей көрді... Ойлап қараса, баласы өлген біреу. Соның орайына сан қабат көпшік болып, құзырына ат бастаған қыз келіп отыр ма, қалай! Мамозы сөзін әрі қарай жалғап:

- Тақсыр, сіз дүниедегі заманы келген жақсының біреуісіз. Құлағанның тілегенін берсең, өтеуін құдай береді деуші еді ғой, тілеуіңізді бергір! Менің осы кездегі жағдайымды өзіңіз де біліп отырсыз... Насырға шабатын түрі бар... Жазатайым, ана бір жалаңаяқ Әли деген дүңгенмен құным бірдей болды. Басына дау келген қожа мен құлдың құны бірдей деген дәл рас екен. «Қосшыңды қорғай жүр» дейтін еді ғой, бір етегіңіздің далдасына ала тұрмасаңыз, жұмыртқадан жаңа шыққан үсті-басы шарана-сатпақ шөжедей панасыз, лыпасыз қалдым. Ақсүйек Мәнжу әулеті, өзіңіздің алдыңызда сөздің айдай ашығы былай, тақсыр!..

Мына ақылы бар қызым да, мәртебелі қожамыз, сіздей ардақты ағасының қалаған қызметінде болып, ырзашылық қасиетіне бөленіп қайтқысы келеді... Жастық тілегін жерде қалдырмай, қабыл алсаңыз екен! - деп салды. Бетін тілсең, қан шықпастай жерге өтті.

Ма шяньгон бейне, түс көргендей боп, ішінен арсалақтағанын жасырғансымақ болса да, жағасын түзегіштеп, шәшін қайырып, қолы тыныш таппай қалды. Жүрегіне ойламаған қуаныш толғанда, талшыбықтай майысқан, өзі әдемі, жас, ұялшақ қызға шәші аппақ қудай қалпында баяу, ұрлана көз салып, отырысын мәнерлеп, өзі байқамай қыбыр қақты. Қарсы алдында отырған мынадай сарамас, бетпаққа не дауа барын білмей, сасқанынан өзінің осы құбылысын жуып-шәйіп, сырттан даяшы-малайын дауыстап шақырды. Мойнын есік жаққа бере, қатаң үнмен:

- Лаухан!* - деген. Өбек қаққан имек қытай адамы есіктен желе басып кіріп келді. Құрақ ұшқан қимылы, әмір күткен қас-қабағы көңіл табушылықтан гөрі адамның адамға құдайдай табынғанын танытарлық. Өз төрінде өзі отырған мундирлі полковник:

 

*Лаухан - шал деген мағынада.

 

- Жангода (отағасы) меймандарға желпуіш керек, - деп еді, әлгі адам өз жасына сәйкес келмейтін, шаңқобыздың дыбысындай үнімен:

- Әзір, әзір, - деп, еңкең етіп қойды да, бүкектей желіп бүйірдегі бір бөлмеге еніп кетті. Ізінше қайта шыққанда, қолында піл сүйегінен жасалған жинамалы желпуіш көрінді. Алғашқы көрген көзге айрықша сөлекет қозғалыспен елбек қағып, біресе Мамозыны, біресе қызды желпе бастады. Атақты ханымдарға жасарлық мына оғаш көрініс суреті көкөрім қыз үшін сый болған жоқ. Бүкең қаққан, өрескел қимылының өзі сәт сайын у жұтқызарлықтай, аса бір жат сезіммен бейбақ жасты жерге кіргендей намыстандырды. Бейқам өмірінде еркек жыныстыларды бірінші рет өте жек көргені де дәл осы сәт шығар. Өз әкесінен бастап адамдық ары қалмаған үш еркек бар наза, бар жанымен запыс еткен!..

Міне, осы күні кертартпа ақсүйектің еркін кетірген Мамозы он екіде бір гүлі ашылмаған, арманды жасты осы үйдің еріксіз, үнсіз, ойда жоқ «қонағы» етіп қалдырып кетті... Уақыт озған сайын ләпсі дәмесінен елес сияқтанып, ұзаңқырап бара жатқан жас иістің көзжұмбайлық қызығымен елуден асқан төрені ықтиярсыз құмарпаз етіп, бозбастықтың шәрбатына дәніктірді. Бүршік атқанымен әлі қауызы жарылмаған өзі сұлу, үркек жастың талдырмаш тәнін дәл сол жұпар иістей, жұмбақ қорқақтығы үшін жан қызығындай еншілеген. Бар әлемнен жасырын бір құпия қызғанышпен іштей арсаңдап, қаталдықтың қайың тоз қалыбын киген ызғарлы ояз ұмыт болған жас деммен қалай алданғанын өзі де білмей қалды. Тіпті сол бір күннен кейін өзінің әлгі орнын айналақтап, иіскелегендей боп, тояттай алмай, қайта анық тықыршып, мазасыз біреу болып қалған.

Ендігі қалпында оны, бұл адамның өз ішкі әлемімен өлшегенде көп жылдар бойы төтенше жауапты істермен көнтақым болған әмір иесінен - ояздан гөрі, әлі өз басының мәселесі шешілмей жүрген кәріп біреудей, қоңылтақ байқұс деуге келетін. Есіне келсе дәл қазір осы отырыстың өзінде жүрегі шаншып кеткендей буынын алған.

Бір белеңнің еске түссе, бұған ауру әкелердей ынтықтық белгісі арманды етіп өтіп кеткен-ді. Жалғыз-ақ, бар суретімен жүрегінде қалғаны ғана олжасы тәрізді.

Әлдене үшін көзі біраз қызарып ісіп, ішінен шексіз тұншығып қалған он алты жасар қызын Мамозы ертеңінде, сәскеде келіп алып қайтқан... Шонжар қытай сыйлаған ортасында гауһары бар асыл тасты, алқа-моншақ та қыз бейбақтың бұйығыңқы қалпына медеу бола алған жоқ-ты.

Ма шяньгон Шыңжаңдағы ең үлкен бір гүбернелік үкімет - Іле уәлиятының генерал-губернаторы Лю бин идің қарындасына үйленген. Мамозының арқа тірей сүйенгені әне сол ояз. Қазір Ма шяньгон сондай Мамозыны Керімбектің алдына кішірейткісі келмей отыруда түбірлі себеп ол да емес. Екеуінің бір-бірімен әлгіндей «тамырлығы» емес. Ол болмаған күннің өзінде-ақ, Керімбек үшін мұнда отырған қай-қайсысының да ағынан жарылмасы әлемге аян. Тек бірақ, Мамозы мен Әли дауы ұзаққа кетіп, тереңдей берсе, Әлидің кесірі басқа емес тура Ма шяньгоннің өзіне таяқ болып тиетін жері бар... Құлжадағы гүбернелік үкіметтің басын ұстап отырған - Лю бин идің туған қарындасы Ма шяньгонның әйелі екенін Әли біледі. Мамозы өзінің жас қызын Ма шяньгонның төсегіне апарып салғанда, Әли оны дер кезінде білмеген. Айтыс, дау барлығы тоқтап, өзі Шеру ішіне көшіп барған соң біліп, санын сонда бір-ақ соққандай болған. Кейін бір рет тағы жанжал үстінде соны Мамозының бетіне шыжғырып басқандай қып айтқаны бар-ды. Соған ішқыста болған Мамозы Әлиді құрттырмақ ниетпен оның осы айтқанын шағым етіп, Ма шяньгонге жеткізген. Бірақ Ма-Шянь гон Әлиді құртудың орнына мынадай қағынған сөздің шығу төркінінен қатты секем алып қап еді. Енді мына жанжал өртіне Әли соны қосып, «Мамозы үстінен айтқан арызымызды осындай себеппен Ма шяньгонның өзі тыңдамайды» деп, ана қаһарлы қайнағасы, генералға арыз жолдауы мүмкін. Лю бин идей губернатор өз қарындасының үстіне, заман өткенде енді кеп, жас қыз сүйіп... қорлаған Ма шяньгонның мойнын астынан келтіреді. Соны іштей анық ұғатын полковниктің бұл жолы Керімбекке шынымен-ақ тісі бата алмас та еді. Айдай ажарыңа иттей нәпсі кір жұқтырады. Ма-шян гон өзін Мамозының қаншалық қылмысқа жетелеп, жар басына апарып қойғанын бір-ақ білген. Осы қырынан ойласа, генералдан зәресі кетіп қорқатын.

Сөйтіп, бірталай уақытқа созылған сұрақ ақыры осылай келіп зорға тынғандай болды.

Ма шяньгонның «ғафу» өтінген сөзінен кейін Керімбек «хош рақметін» сәл үнсіз отыра түскен соң айтып, өзі жалғыз есік алдына шыққанда, сыртта, үйездік үкіметтің аумағы мол, кең алаңына Шерудің елу шақты адамы таудағы елден жаңа келіп түскен екен. Бұлардың өзіне ара түскелі келген топ екенін Керімбек көрген жерде-ақ білген. Іс аяғы жақсы болмай, созылып бара жатқанан естіген соң, әлгі баяғы Күренің орман-ағаш шарлаушысын өлтірді дейтін Қыдырбек бастап жеткен Шерудің бұл тобы Керімбектің дәл осы құтылып тұрғаны үстіне келген. Ал бұл уақытта Күренің соты, Мамозы тілімен тығыздатып, Арыппай мен оның қасындағы үш дүңген кедейіне екі ай, үш айдан кесік кесіп қойған-ды. Шерудің кейінгі қозғалған іс білмес, жайбасар арызшылары өзінің шабан-шардақылығын танытып, мүлде тыңдалмай қалды. Өмір - тағдыр жаншуын сергек, өршіл ызамен қабыл еткен Әли, Арыппай, Қарымсақтардай емес, босбелбеу көпшілік осы тұста өз-өзінен-ақ білініп, орны пәш болып қалып еді. Сонымен ай бойына созылған дау - сарсаң әлегі тиянақ тапты. Әли мен Лән бияу арызы қаншалық үстем дәлелдерге тұнып тұрса да, Мамозыға шара қолдануға жарамады. Жылқыны үйірімен айдатқан  Мамозы қалып, бір мал, екі мал үшін қазақтар қамалды.

Ма шяньгон Керімбекті алдынан қайтарған соң, өз тобына өзгеше бір мәслихат салған-ды. Құлжаға, губернатор - Лю бин иге қатынас жолдап, Шерудің бас көтерер деген адамдарының біразын тұтқындап, қалғанын тұтас руымен түп көтере бөтен жаққа, алысқа жер аударып, өзге елдердің ішіне бөліп-бөліп таратып беруді ортаға қойған. Анау егінші жиырма үй дүңгендерді қайтадан тықсырып әкеп өздерінің бұрынғы қожайындарына қайтарып беру керек деп шешті.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338