Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаһан жаңғырығы 3011 2 пікір 14 Желтоқсан, 2022 сағат 14:50

Қарабақта тағы шиеленіс

Қарабақта тағы шу, тағы дау.  Екі жыл бұрын екінші Қарабақ соғысы аяқталды. Әзербайжан басқыншы армян әскерін ұрыс даласында тас-талқан етті. 44 күнге созылған соғыстың нәтижесінде Әзербайжан оккупацияда болған жеті ауданының бесеуін қайтарды. Қалған екі аудан келісім аясында қайтарылу керек болатын. 

Армения, Әзербайжан және Ресей 2020 жылдың 10-қарашасында үшжақты келісім жасасты. Келісім аясында тараптар ұрыс қимылын тоқтатып, мәселені ары қарай бейбіт форматта шешуге уағдаласты. Ресей Ереван мен Баку өзара қаруға жүгінбеу үшін бітімгерлік күштерін кіргізетін болды. Келісімге қол қойылған сәтте Ханкенді басқыншылар қолында болатын.

Қарабақтағы Әзербайжан әскері мен Армения әскерінің арасындағы қақтығыс болуы ықтимал нүктелерге және Лашын дәлізіне Ресей бітімгерлік күштері орналастырылды. Бітімгерлік күштері армян әскері шығырылған соң, орналасуы керек болатын. Ресейдің бітімгерлік күштері тараптардың келісімі бойынша 5 жыл сайы қарастырылуы тиіс еді. Армения Әзербайжанға Ағдам, Лашын, Келбажар аудандарын қайтаруға міндеттелді. Армения мен Ханкендіні жалғап тұрған жолда Ресей бітімгерлік күштері жайғасуы тиіс-ті. Армения да өз тарапынан міндеттемелерді мойнына алып, Әзербайжан мен Нахычевань арасындағы жолдың қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін айтты. Бұл орындалуы тиіс келісімнің негізгі шарттары. 

Алайда міне екі жылдан астам уақыт болса да, Армения тарапы созбалақтап келісім бойынша міндеттемелерін орындамай келеді. Қарабақтан ауыр әскери техникасы мен сарбаздарын әкетуі тиіс еді. Ол толық орындалмады. Салдарынан 2022 жылдың тамыз-қыркүйек айларында тараптар арасында бірнеше мәрте қарулы қақтығыс болып, 300-ден астам адам оққа ұшты.

Армения Әзербайжанды, Әзербайжан Арменияны келісімді бұзды деп айыптап келеді. Енді міне Қарабақта тағы шу, тағы дау, тағы шиеленіс. Шуша-Ханкенді жолын әзербайжан экологтары мен еріктілері жауып тастады. Олар Қарабақтан Ресей бітімгерлік күштері мен армян басқыншылары бірлесе отырып қазба байлықтарды шығарып жатыр деп дабыл қағуда. Екі күн бұрын Әзербайжан тарапы Ресейге наразылық нотасын жолдады. Баку Ресей бітімгерплік күштерінің уақытша қарамағындағы Қызылбұлақ және Дәмерлі кен орындарын армян басқыншылары тонап жатыр дегенді айтты. 10-желтоқсан күні екі кен орнын тексеру мақсатында Әзербайжан экологтары мониторинг жүргізуге барып, оларды Ресей бітімгерлік күштері кіргізбей қойған. Бұл дауды тіпті ушықтырды.

Әзербайжан экологтары кен орындарын тексеруге кіргізу, армян әскерін Ханкендіден толық шығару талаптарын қойып Шуша-Ханкенді жолын жауып тастады. Ханкендідегі армян күштері Ресей бітімгерлік күштеріне жолды ашып беруін сұрауда. Ал Ресей жолды күшпен ашуға ниетті емес, себебі ол тараптар арасындағы қарулы қақтығысқа ұласатынын біледі. Ханкендідегі армяндар қаладағы азық-түлік дүкендеріндегі сөрелерді бос қалдыруда. Олар үшінші күнге созылған жолды жабу акциясы ұзаққа созылса, онда жағдай нашарлай түсетінін біліп отыр. Лашын дәлізін жауып тастаған әзербайжан экологтары талабымыз орындалсын дейді. Ал халықаралық қауымдастық Қарабақты Әзербайжан аумағы деп мойындайды.

Сарапшылар бұл оқиғалар жыл соңына дейін Пашинянды бейбіт келісімге қол қоюға мәжбүрлеуі мүмкін екенін айтады.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1485
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5514