Шыңырау үстінде
Тарихи миниатюра
1925 жылдың жазғы аптап қайта бастаған күндерінің бірінде, Қазақстанның жаңа астанасы Қызылорда қаласындағы Энгельс көшесінен орын тепкен «Арарат» ресторанына еуропаша киінген екі жас жігіт келді. Жеке бөлме алып отырды. Бұлар Қазақ Республикасы Ағарту халкоматының жауапты қызметкерлері еді. Бірі – халық комиссары Смағұл Сәдуақасов, екіншісі халкоматтың жауапты қызметкері Дінше Әділов болатын. Қызмет уақыты аяқталғаннан біраз уақыт өткеннен кейін екеуі комиссариаттан бірге шығып, ақырын аяңмен осында келіп жайғасқан. Жолшыбай да, мына сөйлесіп-сұхбаттасуға қолайлы оңаша бөлмеге орынығып болғанша да олар біраз уақыт әлгінде ғана кеңседе шұғылданған шаруаларының жай-күйін тілге тиек етіп отырды. Республиканың бес жылдығын лайықты атап өту мәселесі күн тәртібіне шыққан-тын, Смағұл соның жай-жапсарын сөз етті. Мерейтойлық жиналысты дайындау мәселелері үкімет назарында, ескерілуге тиіс жәйттер шаш-етектен... Әйгілі палуанымыз Қажымұқанды ардақтау шарасын бес жылдық мерекеге орайластырып ойдағыдай өткізу үшін үкімет Орынбордан көшпелі цирк шатырын алғызбақ... Дінше де әл-қадарынша бірдеңелер жасап жатыр: Смағұл іссапарда жүрген шақта оның қолымен жер-жерге жеделхаттар жолдаған-тын, кей аймақтан оң жауап та келіп қалған, солардың жайын айтты. Іздеу салған өнерпаздарды жинап ала алса, қазан айының басынан қалада мерекелік думан жасау ыңғайы көрініп тұрғанын әңгімеледі. Содан соң солардың күшімен көктемгі съездің қарарында көзделген, осы отырған комиссар Смағұл Сәдуақасов боп, өлкекекомдағы жауапты хатшының орынбасары Ораз Жандосов боп кейінгі кезде күллі көзі ашық азаматтың аузынан түспей жүрген мақсат орындалып қалар. Иә, қазақ театрын жасауға мүдделі қызметкерлер мен өнерпаздардың баршасы білек сыбанып кірісері хақ... Соларды тілге тиек ете отырып, олар даяшыға тапсырыстарын берді. Соған соң әңгіме-дүкен тақырыбы ауысты...
Дінше (Дінмұхамед, Мұқыш) Әділов 1928 жылғы желтоқсанда ОГПУ тергеушісіне: «Қожанов Өлкекомның екінші хатшысы боп тұрған кезде Сәдуақасов Бюро мүшесі, сонымен бірге Ағарту халкомы (Наркомпрос) еді. Қазақ қызметкерлері арасында Сәдуақасов пен Қожанов (Садвокасов и Ходжанов) республика басшылығындағы екі ерен тұлға («представляют из себя двух китов») деген пікір бар болатын (осы азаматтардың «Қазақстанды іс жүзінде басқарып тұрғанын» бертінде өзінің әйгілі «Өмір мектебінде» Сәбит Мұқанов та жазған – Б.Қ.). Мен екеуін де жақсы танитын едім», – деп әңгімеледі. Ол расымен де бірімен Омбыдағы оқушы жастардың патша заманында ұйысып, елеулі жұмыс атқарған мәдени-ағарту және саяси үйірмесі сынды «Бірлік туы» ұйымында, екіншісімен Советтік Түркістанның астанасы Ташкенттегі педучилище қабырғасында танысып, рухани тұрғыда достасып-туысып кеткен. Екі өлкеге жарылған қазақ елі ақыры бір шаңырақ астына жиылып, астана 1925 жылы Орынбордан Ақмешіт-Қызылордаға көшіп келгенде, сонда өткен Советтер съезіне Шымкенттен келіп қатысқан Дінше біраз үзілістен кейін екеуін де қайта көрді, республика билігі басында қызмет атқарып жүрген осы екі қайраткер жайындағы делегаттардың биік пікірлерін естіді. Олар, әсіресе сырттарынан «алашордашылар», «ұлтшылдар» деп таңбаланатын кісілер бұларды ірі қызметкерлер, «қазақ совет саясатындағы киттер» деп бағалайтын. Міне, осы «екі киттің» ара қатынасы сол 1925 жылдың орта шамасында мүлдем нашарлап кеткен еді. «Бір күні, есімде, – деді Әділов тергеушіге,– Қожанов маған Сәдуақасовпен сөйлесіп, пікірін сұрап білуді тапсырды».
Үйіне емін-еркін кіріп-шығып жүретін, ташкенттік кезеңнен бауырындай боп кеткен Діншеге 1925 жылғы жаз соңына қарай Сұлтанбек Қожановтың мұндай өтініш-тапсырма беруінде елеулі себеп бар болатын. Ол Түркістан Республикасы басшыларының бірі әрі Орта Азияда жүргізілген ұлттық-мемлекеттік межелеудің бел ортасында қызмет атқарған қайраткер ретінде, науқан барысында туған сұрақтарға орай аракідік Қазақ Республикасының астанасы Орынборға Ташкенттен келіп-кетіп жүрген. Мұндағы ахуалды, орынборлық қызметкерлердің бірқатарын тікелей білетін, республика басшыларының кейбірімен белгілі дәрежеде араласып тұрған. Межелеп-жіктеу науқаны дөңгеленіп, Орта Азиядағы қазақтар мекендейтін облыстар Орынбор билігіне қаратылатыны аныққа айналғанда, Бас хатшыға Ташкенттен арнайы хат та жазған. Ескі Қазақстанның жауапты қызметкерлері хақында өз түйгендерін баян еткен. Ұзамай Түркреспублика тарқатылған да, Мәскеу оны Қазреспубликаға жіберген. Сонда, Орталық Комитеттің өзіне жаңа қызмет тізгінін тапсыра келе бата берген сәтін пайдаланып, Сталиннің атына ортаазиялық қайраткер ретінде жолдаған әлгі хатынан туындайтын біраз шаруаның атқарылмақ бағытын Мәскеуде-ақ келісіп те алған болатын. Орынборда Қазақ обкомының жауапты хатшысы лауазымына өзінен бір айдай ғана ертерек тағайындалып, Пермь губерниясынан ауыстырылып жіберілген Виктор Иванович Нанейшвилимен де, сол шамада Семей губкомынан өсірілген Николай Иванович Ежовпен де жақсы түсінісіп кетті. Ойын ірікпей, бірден мынандай мәселе қойды: жер-су аумағы ұлғайып, халқы көбейген Қазақ Республикасында жұмыс жүргізбек Ресей Коммунистік партиясы Қазақ облыстық комитетінің үш жауапты хатшысының үшеуінің де лауазымы бірдей аталуы, Сұлтанбектің ойынша, дұрыс емес. Сондықтан да бұған нақтылық сипат беру керек деп санайды ол. Осыдан туындаған Сұлтанбектің дәлелді талабына Виктор Нанейшвили құлақ асқан. Құлақ асқандықтан да, обком бюросының жабық отырысын өткізген. Онда орталық өкілі Нанейшвили – бірінші хатшы, жергілікті халықтың өкілі Қожанов – екінші, ал Қазақ Республикасының жеке бір губерниясынан келген Ежов үшінші хатшы лауазымында аталсын деп шешілген. Содан соң ескі республикадағы және оған жаңадан қосылған облыстардағы жауапты қызметкерлерді жақсы білетін Қожановтың ұсыныстары сырттан келген осы екі хатшы тарапынан мақұлданып, республиканың басқарушы элитасын жаңаша қалыптастыру шаралары қолға алынған.
Республиканың партия ұйымындағы ішкі ахуалды дұрыстау мақсатында Қожанов өзі көрсеткен мәселелер ойынша Орталық Комитеттің (ЦК-ның) қазақ коммунистеріне арнайы хат жазуын сұраған-тын, сондағы өзінің өтініші бойынша дайындалған ЦК-ның бұл хаты 1924 жылғы 1 желтоқсанда жарық көрді. Ал оған дейін Орталық Комитеттің Ұйымдастыру-орналастыру бөлімінің (Орграспредотдел) меңгерушісі Николай Кириллович Антипов Қожановпен жеке сөйлескен. Қожановтың ескі Қазақстан қызметкерлері арасындағы ЦК назар аударуға тиіс негізгі кемшіліктерді атап көрсетіп, іргесі кеңейген жаңа Қазақстан жағдайында оны түзетуге қажет бағыт беруді сұраған өтініші бойынша Сталин жолдастың Бөлімге тапсырма бергенін, соған сәйкес, Қожанов ұйым жұмысын жақсарту үшін қажет деп санаған арнайы Хаттың дайындалып жатқанын айтқан. Сосын таяу күнде жариялануға тиіс сол Хатта көрсетілетін жәйттер бойынша жұмыс істегенде, Қожановтың Сәдуақасов секілді коммунистерге арқа сүйеуі жөн болмағын аян еткен, бұл ойды Сталин жолдастың пікіріне сүйеніп барып бұған естіртіп отырғанын сездірген. Заворграспредотдел Антипов Қазобком жетекшісі Нанейшвилимен де сұхбаттасқан көрінеді. Иә, обкомның қолға алған істері жайынан Антипов толық хабардар. Не керек, сұхбаттасқандарында Виктор Иванович Султанбек Ходжановичтің ой-пікірін қатты қадірлейтінін, оған қатты сенетінін айтқан. Сонымен бірге ЦК-ның Сәдуақасов жайындағы ойын, оны республикада атқарып жүрген қызметінде қалдыру жөніндегі ұсынысын Нанейшвили жолдас қабыл алғанын хабарлады. Өзі қабыл алып қана қоймай, бұған Ходжанов жолдастың да қарсы болмайтынына сенімдімін деген екен. Султанбек Ходжанович түсінсін, Сәдуақасов жолдастың оған жақсы үзеңгілес болатынына Сталин жолдас та сенеді, әлгінде айтқанындай, Нанейшвили жолдас та ешқандай қарсылық көрсетпейді. Мұны Антипов анық білетіндіктен айтып отыр...
Мәселе мынанда-тын, оны Антипов жасырмайды. Жақында Сәдуақасов жолдас Орынбордан Мәскеуге әдейі келіп, Бас хатшының қабылдауында болып қайтқан. Артынша тіке өзіне арнайы хат жолдапты... Антипов Қожановты оның Сталинге жазған хатымен таныстырды. «Есіңізде ме, мен сіздерде болғанда, Киргизиядағы (Қазақиядағы – Б.Қ.) жұмыс жағдайын айтып беріп, Сізден мені Мәскеуге жұмысқа ауыстыруды сұраған едім, Сіз маған Орынборда қалуға кеңес берген болатынсыз», – деп бастапты ол Бас хатшы Иосиф Виссарионович Сталинге 1924 жылғы 18 қарашада жолдаған хатын. Сосын қажет болған жағдайда Сталин тікелей өзіне хабарласуына рұқсат бергенін есіне салып («...Вы разрешили мне в случае чего обратиться к Вам лично»), хат жазу себебін баян етіпті. «Мәселе төмендегідей: мен Орынборға келген сәтте бетімен кеткен ауыстырулар мен жылжытулардың үстінен түстім («застал вакханалию перебросок и перемещений»), – деп бастап, хатын: «Халкомкеңес төрағасы, Ішкі істер халкомы, Ағарту халкомы, Әділет халкомы (ол бұл қызметке бар болғаны осыдан бір жарым ай бұрын ғана тағайындалған болатын) және басқалар орындарынан ығыстырылып жатыр», – деген мәліметтермен сөздермен сабақтапты. Сосын өзі жайында: «Менің өз басым – Қазмемжоспар (Киргосплан) Төрағасы – Семей губерниясының Павлодар үйезіне «ірі» практикалық қызметкер ретінде жергілікті жерлердегі жұмысты «күшейту үшін» ауыстырылудамын», – деген хабар беріпті. Одан Орынбордағы «вакханалияны»: «Кейбір ауыстырылып жатқандарға (Халкомкеңес төрағасына), олардың үш айлық демалыстан енді ғана оралғанына қарамастан, «денсаулығын түзеп, емделу үшін» [тағы] үш айдан демалыс берілуде, – деп әшкерелей келе, оған: – Және осының бәрі жұмыстың «іскерлік» ыңғайын табу деп аталады («называется «деловым» подходом»). Үш ай-үш айдан демалыс беру үшін орнынан алып тастау. Өте жақсы «деловой подход», – деген сөздермен кекесінді баға бере кетіпті. Содан соң нақты өтінішіне көшкен: «Жолдас Сталин, мен Сізге сонда да айтқанмын, қазір де айтамын. Мені Мәскеуге алыңыз. Орталық Комитеттің нұсқаушысы болып немесе Коминтерннің Шығыс Бөлімінде істей аламын. Немесе менің Орынборда өз қызметімді жалғастыруыма мүмкіндік беріңіз. Өзімнің ауыстырылуыммен («переброской») мен келіспеймін». Келіспейтіндігінің себебін былай түсіндірген: «Мұны Обкомның, жекелеп айтқанда, Қожанов пен оның достарының тарапынан жасалған жәбір («расправа») деп есептеймін». Сосын ЦК-ның Бас хатшысына үміт артып жолдаған хатын былай аяқтаған: «Сіздің жауабыңызды күтемін. Коммунистік сәлеммен Сәдуақасов. Р.S. Ұзақ хатпен Сіздің уақытыңызды алам ба деп қорқамын. Егер оқуға уақыт бөлер болсаңыз, онда мен Сізге қазақ («киргиз») істері жөнінен өз ойымды басқа хатымда толық жазар едім. Сәдуақасов. Мекен-жайым: Оренбург. Киргосплан, Садвокасову С.» Міне, осылай. Николай Кириллович Сұлтанбекті хаттың мазмұнымен таныстыра отырып, оның бетіне Сталин жолдас қойған бұрыштаманы да оқып берді. Онда Бас хатшы (Генсек): «Антипов жолдасқа. Киробкомға енгізілген бе? Переброска қалай? Тексеріңіз» деп жазған екен, генсек кеңсесінің меңгерушісі бұрыштама соңына бұған арнап жазған қосымшасында резолюцияны нақтылап қайталап, Сталин жолдас солардың жайын анықтауды және нәтижесін «өзіне хабарлауды сұрайды» деген сөздерін тіркепті.
Осыларға байланысты сұхбатында Антипов Орграспредотдел меңгерушісі ретінде Қожановпен белгілі бір мәмілеге келді де, соны Сталинге баян ететінін айтты. Қожанов бұл әңгімені Қазобкомның бірінші, үшінші хатшылары талқысына салды, сосын үшеуі жоспарком төрағасы қызметіндегі Сәдуақасовпен сөйлесті. Республиканың жер-су ауқымы кеңейген, халқы көбейген жаңа жағдайында туындап отырған мәселелер мен міндеттерді бірлесіп шешуге қалай қарайтынын сұрады. Смағұл «Қожанов пен оның достарының тарапынан» өзіне жасалмақ «расправа» орнына енді сенім білдірілгеніне қанағаттанды. Және қанаттанды да. Шынымен де сол кезден бастап олардың белсенді, беделді, cенімді үзеңгілес серігі болды. Білікті, білімді, зерделі коммунист, Қазобком Бюросының мүшелігіне кандидат ретінде, Орталық Комитеттің қазақ коммунистеріне жолдаған 1 желтоқсандағы хаты рухында келелі іс-шаралар жүргізуге атсалысып, кадрлардың ауызбірлігін арттыру бағытын ұстанды. Үлкен Қазақстан ахуалындағы басшы органдарға жаңа қызметкерлер тарту жайында да пікірлері жарасып, бір жерден шығып жатты. Сұлтанбек оның әр мәселеге өзіндік оң көзқарасы барын, әдеби-шығармашылық қабілетін біле келе, үстіміздегі 1925 жылдың алғашқы айында партиялық баспасөздің қазақ тіліндегі органын басқаруды (1924 жылдың басынан бері газет редакторы қызметін оқытушылықпен қатар атқарып жүрген Молдағали Жолдыбаев педагогикалық жұмысты және сол бағыттағы ғылыммен алаңсыз шұғылдануды қош көрген) Смағұлға тапсыруға мұрындық болды. Одан осы ой-өрісі кең, алымды қайраткерді Сұлтанбек әуелі Ағарту комиссары лауазымына бекітуге, сосын, Қазобком Қазөлкекомға айналдырылған шақта, Бюро мүшесі дәрежесіне көтеруге бастамашылық көрсетті...
Сұлтанбек осыларды кабинетінде оңаша сөйлесіп отырған Діншеге қысқаша әңгімелеген-тін. Өзінің зайыбы Гүләндәм мен Діншенің келіншегі Әзизә асүйде шүйіркелесіп, шәй-пәй қамдап жатқан, бұларды дастарқанға әзір шақыра қоймаған-тын. Сұлтанбек сырын сабақтай берді: өзінен бес-алты жас кіші Дінше бауырының құрдасы әрі омбылық досы Смағұлдың, өсуіне белгілі дәрежеде бұл да септігін тигізген қазіргі қызметтесі Смағұлдың өзіне Дінше тәрізді іні-дос және сенімді әріптес боларына сеніп қалғанын айтты. Есіне түсіп тұрған мына бір ғана жәйтті алсын, мәселен... 1924 жылғы желтоқсанда Ағарту халкомы Нұғман Залиевтің партияның Гурьев үйездік комитетіне хатшы болуға жіберілуіне байланысты оның орынбасары Ілияс Темірбековті Қазобком Бюросы уақытша комиссар міндетін атқарушы етіп бекіткен. Биылғы ақпанда ЦК-ның ұйғарымымен Қазобком Қазөлкекомға айналдырылған соң Темірбековті өлкеком аппаратындағы ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы қызметіне алып (бір айдан кейін Қарақалпақ облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі лауазымымен Нөкіске жіберілген), оның орнына комиссар лауазымына Өлкеком Бюросы Смағұл Сәдуақасовты тағайындаған, әрі оны кандидаттықтан Бюро мүшелігіне ауыстырған. Ұсынған өзгерістері ойдағыдай жасалғаннан кейін, Сұлтанбек Смағұлмен алда келе жатқан Бесінші Советтер съезінде жасауға тиіс комиссариат баяндамасының жай-жапсарын талқылаған. Халкомның оқу-ағарту мәселелерін Үлкен Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналатын делегаттарға қалай көрсеткені жөн болмағы жөнінде онымен ұзақ пікірлесіп, ақыл-кеңестерін берген-ді. Түркістан Республикасында ағарту саласында ғана емес, басқа да басшылық лауазымдардың көбінде істеп, әбден ысылған саяси қайраткердің сөзіне Смағұл ризашылықпен құлақ түрген. Ол Сұлтанбекті жасы өзінен едәуір үлкен, идеологиялық шаруаларда, ағарту ісін ұйымдастыруда жинақтаған тәжірибесі мол, қазіргі Үлкен Қазақстан партия ұйымы өлкелік комитетінің жалғыз ұлттық басшысы екенін мойындаған. Әйтеуір, Сұлтанбекке солай көрінген-ді. Солай көрінгендіктен де ол Смағұлға риясыз сенім артқан. Бастапқыда екеуінің іскерлік қарым-қатынасы тәп-тәуір секілді еді, алайда, Сұлтанбектің аңғаруынша, бұл рәуіш съезден кейін күрт бұзылды – Смағұл бұған ашық қарсы шыға бастады...
Кутаиси өңірінде дүниеге келіп, Мәскеуде жоғары білім алған, Тбилисиде, Бакуде, Астраханда, Пермьде қызмет атқарған байырғы большевик Виктор Нанейшвили жас алшақтығына, сонау 1903 жылдан басталатын партиялық бай өтіліне қарамастан, Сұлтанбекті өзімен тең көрді, оның ой-пікіріне, әсіресе ұлт мәселесі хақындағы пайымдарына әрдайым құлақ асты. Сұлтанбектің Қазақстан партия ұйымы да Өзбек пен Түрікмен елдеріндегідей республикалық мәртебеге ие болып, өз Орталық Комитетін сайлап алуы қажет дейтін пікірін құлшына қуаттап, Сталиннің алдында көтерген. Республиканың кіндік қаласын Орынбордан әкетіп, қалың қазақ ішінен таңдау қажеттігі жөнінде де Сұлтанбектің пікірін ЦК-да өткізуге күш салған. Астана ретінде таңдалған Ақмешітте Советтер съезін өткізуді дайындауға байланысты көзқарасын, Қазобкомның сәуірдегі пленумында жасаған баяндамасын, қабылданған шешімдерді де толығымен қолдаған. Бірақ екеуінің ұлт мәселесі бойынша осынша біртұтас тұғырда болуы ЦК-ның Бас хатшысына ұнамаған. Мәскеудегі ұзақ іссапарынан оралып, Қазөлкеком бюросының мәжілісін соңғы мәрте өткізгеннен кейін, Қызылордадан орталыққа біржола аттанар алдында, ол Сұлтанбекке сырын шертіп кеткен еді: өзінің ұлт мәселесі хақында Бас хатшы Иосиф Сталинмен қатты сөздерге келіп қалғанын, Қазақстаннан шақырып әкетілуінің астарында сол себеп жатқанын, бәрібір Сұлтанбектің көзқарасы дұрыстығына шүбә келтірмейтінін, оның ұлтының мүддесін көздейтін қызметіне сәттілік тілейтінін айтқан. Алайда қазақ мәселесіне түсіністікпен қараған Нанейшвилиді, оның Қожановқа аян еткен сезігіне қарағанда, Сталин ұнатпады (Үлкен террор құрбандары ұрпақтарының бертінгі естеліктерінен мәлім болғандай, Сталин өзімен ұлт мәселесінде тайталасуға батылдық көрсеткені үшін Нанейшвилиді «менің тікелей өз жеке дұшпаным» деп атаған көрінеді). Сондықтан оны Қазөлкекомның бірінші хатшылығынан тайдырды және, әрине, ұлт мәселесінде өз қағидасын үстем етуге құлдық санадан арыла қоймаған қазақ қызметкерлерінің ішкі алауыздығын содан былай да ұтымды пайдаланды. Олар өздерінің бақталастықтары салдарынан Нанейшвилидің Мәскеуге алдырылуына байланысты туып тұрған мүмкіндікті пайдалануға тіпті де ұмтылмаған-тын. Бірнеше ай бойы бос тұрған биік лауазымды өз іштеріндегі бір азаматқа қиып беруге, сөйтіп елді Өзбек пен Түрікпен республикаларындағыдай өз кадры басқаратын жағдайға жетуді ойларына да алмаған-ды. Оның орнына, іс жүзінде өлкекомның басшысы болып отырған Қожановтың беделін түсіруге бағытталған (Ақмешіт съезі «Алашорданың жасыл туы астында, неонационалистердің басшылығымен өтті» деген мазмұнда Генсекке жолданған арыздар сықылды) түрлі шаралар ұйымдастырды.
Нанейшвили Мәскеуге біржола кетіп, Қазөлкеком жетекшілігі уақытша екінші хатшының қолына өткен күндердің бірінде Бюро мүшесі Сәдуақасов маңызды мәлімдеме жасады. Ол Қожановтың Түркреспубликада істеген кезінде Сырдария облысында көп кемшілікке жол бергенін айтты, таққан кінәсіне түрлі мысалдар келтірді, Өлкекомды басқаруға оның ахлақи хақы жоқ деп мәлімдеді. Қожанов қолын жайды: қисынсыз жала, әйтсе де мұны құзырлы орган мұқият тексерсін... Өлкеком хатшылығы 1925 жылғы 26 маусымда мәселенің анық-қанығына жету үшін мәлімдемені РК(б)П Қазақ өлкелік Бақылау комиссиясына тапсыру жайында шешім шығарды. Арада айға жуық уақыт өткеннен кейін, 22 шілдеде Қазөлкеком Бюросы мен Бақылау комиссиясы Төралқасының бірлескен мәжілісі болып, Сырдария облысы партия ұйымын тексеріп-зерттеу нәтижесінде тұжырымдалған қорытындыларды қарады. Арнайы тексеруді РК(б)П Қазақ өлкелік Бақылау комиссиясы төралқасының мүшесі Макс Идрикович Озол бастаған бригада жүргізген еді. Бұл курляндиялық латыш Қожанов ЦК-ның тапсырмасына сәйкес Орынборға обкомның жауапты хатшысы боп алғаш келген кезде РК(б)П Қазақ облыстық Бақылау комиссиясының төрағасы болатын. Содан бері оның іс-әрекетіне Сұлтанбек бірнеше рет күдікпен қарауға мәжбүр болған еді. Бесінші Советтер съезі дайындалып жатқан кезеңде Қожановтың үстінен жазылған арыздар барын Бюроға бірнеше рет хабарлады (Қожановтың қызметіне Қарақалпақ обкомының хатшысы Аллаяр Досназаров наразылық білдірген, ол, тіпті, Мәскеуге жеделхат жолдап, Қарақалпақстанды Қазақ Республикасы құрамынан шығаруды, сөйтіп тікелей Ресей Федерациясына қаратуды сұраған, сонда оның бұл қылығын Нанейшвили қатты мінеп, ғайбаттаған еді. Ішкі істер халкоматы Бас милиция басқармасының бастығы Дүйсебай Нысанбаев арыз түсіргенде де Виктор Нанейшвили оның Советтер съезі қарсаңында Қожановқа әйтеуір залалын тигізу мақсатында беріліп отырғанын әшкерелеп, шағымын қаратпаған. Өлкеком Бюросы Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Сейітқали Меңдешевті келе жатқан Советтер съезінде босататын болып, оның орнына Адай үйездік ревкомының төрағасы Жалау Мыңбаевты ұсыну жөнінде шешім шығарғанда, белгілі бір топтар оның үстінен арыз ұйымдастырған екен, соны тағы да Озол Бюроның 1925 жылғы 11 сәуірдегі жабық мәжілісінде мәлім еткен. Сонда Қожанов оған қатты наразылық білдірді, Бақылау комиссиясы тарапынан үнемі Бюро шешімдеріне кереғар бірдеңелер шыға келетінін, бұл хабардың Советтер съезі алдында Бюро жұмысын жоққа шығару үшін жасалып отырғанын, жалпы «Озол жолдастың Бақылау комиссиясындағы қызметінде қаскүнемдік сипат барын» айтып, Мыңбаевтың үстінен іс қозғағаны үшін тікелей Өлкелік Бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Макс Идрикович Озолдың өзін кінәлаған-ды. Міне, енді сол Озол Бюро мүшесі Сәдуақасов Қазөлкекомның Бірінші хатшысы міндетін атқарып отырған Қожановқа таққан айыптарды тексерудің қорытындысы бойынша Қазөлкеком Бюросының 22 шілдедегі мәжілісінде баяндама жасады. Қожановқа кек сақтамағанын танытып, Смағұл Сәдуақасовтың сыни мәлімдемесі расталмады, бұл жәйт Бақылау комиссиясы жүргізген тексеру нәтижесінде анықталды деп хабарлады. Сырдария партия ұйымындағы нақты ахуал Сәдуақасов берген картинадан мүлдем басқаша екенін мәлімдемедегі тізілген айыптармен салыстыра отырып көрсетті. Сонда Қазатком төрағасы Жалау Мыңбаев төтесінен былай деп сауал қойды: «Бұдан кейін Сәдуақасов жолдастың қылығына қалай қарайсыз, Озол жолдас? Оның осы істегені – дәлелсіз мәлімдемесімен күллі ұйымды дүрліктіргені – дұрыс па екен?» Сұрағына тиісті байыпты жауап берілді. «Жоқ, – деді Озол жолдас, – дұрыс емес, Сәдуақасов жолдастың айыптауларында бір де бір нақты дәйек жоқ, олары түкке де негізделмеген. Менің ойымша, Сәдуақасов жолдас өзінің жария еткен материалдарын бір ғана мақсатпен – Қожанов жолдастың Сырдария губерниясындағы рөлі мен ықпалын азайтып көрсету және мардымсыз деу үшін жинаған болу керек. Алайда Қожанов жолдастың губернияда ықпалды екендігі даусыз, оның беделін Сәдуақасов жолдастың арыз-шағымымен жоққа шығару мүмкін емес, өйткені Қожанов жолдастың Сырдария губерниясындағы орыны да, әсері де орасан зор». Содан кейін Бақылау комиссиясының баяндамасын талқылау қызу өтті. Жарыссөзде әсіресе Сырдария губкомының бірінші хатшысы Григорий Данилович Каучуковский ұзақ сөз сөйледі. «Сәдуақасов жолдастың губкомдағы оппозиционерлермен ғана пікірлесіп, менімен бұл жайында ештеңе сөйлеспеуі осынша дабыраламаға әкеліп отыр, – деді ол сөзінің түйінінде. – Сәдуақасов жолдас дұрыс істеген жоқ деп ойлаймын. Бақылау комиссиясы мен Крайком бюросынан өтінем, Смағұл Сәдуақасұлының іс-әрекетіне саралап баға берілетін болсын». Өлкеком Бюросы Бақылау комиссиясының баяндамасын талқылауды қорытындылай келе, Сырдария партия ұйымындағы жағдай туралы қабылдаған қаулысын: «Сәдуақасов жолдас Өлкелік комитеттің секретариатында хабарлаған жәйт – оның Сырдария партия ұйымындағы ахуалды құрдымға кетіріп бағалауы – шындыққа жауап бермейді деп саналсын, оның айтқандары жалған хабар-ошарға, өсекке негізделген аса теріс ақпараттың салдары болып табылады», – деген сөздермен қорытқан-ды. Бірақ содан кейін де Смағұлдың Сұлтанбекке көзқарасы өзгермеген секілді... Анығы сол, бірінші басшы жоқ тап осы тағдырлы сәтте екеуінің жұлдызы жараспай тұр. Сұлтанбек сондықтан да оның түпкі ойын, не мақсаты барын білсінші деп Діншеге өтініш айтқан...
Даяшының шапшаң жеткізген дастарқан мәзірінен дәм тата отырып, 1920 жылы шаңырақ көтерген Советтік Қазақстанның алғашқы жоғарғы билік органы Қазатком құрамына жалын атқан жиырма жасында мүше болған қос ғасыр құрдасы емен-жарқын сыр шертісті. Сырласудың елеулі бөлігінде Смағұл мен Сұлтанбектің арақатынасы сөз болды. Бұл жайында Дінше 1928 жылдың соңында ОГПУ тергеушісіне берген көрсетуін: «Мен оның Қожановқа қандай айып тағатынын, көзқарастарында қандай айырмашылық, келіспеушілік бар екенін сұрастыруға кірістім. Сәдуақасов маған бәрін егжей-тегжейіне шейін әңгімелеп берді», – деп сабақтады. Сосынғы естігендерін қысқаша былай тұжырымдады: «Ол наразы күңкілге басты: Қожанов Орынборға қызметке келген кезінде онымен санаспай қояды. Крайкомда оның әлдебір ұсынысын қабылдамай, құлатып тастайды. Соның салдарынан ол Жетісуға іссапарға жіберіледі. Осы іссапарды ол өзін Қожановтың қорлағандығы деп есептейді екен. Жетісуға жүрер алдында ол Қожановқа кіріп, әлдебір тапсырма берер-бермесін сұрапты. Ал Қожанов оған Алматыға ат басын тіреген бетте экскурсия жасап, қаланың айналасындағы көрікті жерлермен танысып шығуға кеңес береді. Әрине, Садуақасов оның мұнысын да өзін мазақтап-кемсіту деп ұққан. Бірақ ештеңе деп жауап қатпай, жүріп кетеді. Қайтып оралғанында оған кіріп, оның өзіне берген кеңесін кәдеге асырғанын, Алматының маңын аралап, танысып шыққанын айтады. Сосын Садуақасов мыналарды да әңгімеледі: Ақмешітке Қызылорда деп қайта ат бергенде – Қожанов ешқайсысымен ақылдаспай, өз бетінше съезде өткізіп-қабылдатып жіберді деді. Оны Садуақасов сонысы үшін де кінәлады». Осы көрсетуден байқалатындай, Қазақстанның үкілі үміттері іспетті, алайда бастары бір қазанға сыймай қалған қос көрнекті қайраткер бір-біріне болмашы өкпені кеше алмаған тәрізді. Тап солай екеніне саяси тұтқын Дінмұхамед Әділұлы сенімді еді. «Олардың араларында соншалықты омырайып-бадырайып тұрған келіспеушілік жоқ-тын, – деп сенімді түрде мәлімдеді ол. – Оңаша дастархан басында сұхбаттасқанымда көзім анық жетті – Сәдуақасовтың Қожановқа ерегісу себебіне келтірген дәйектерін қаперге ілуге тұрмайтын, жәй әншейін балалық егесу дерсің...» Тергеуші алдындағы еске алуы барысында Дінше осынау екі ірі қайраткер жайындағы өзінің осы жеке пікірін әрәдік қайталап айтты. «Менің ойымша, олардың арасында принципті кереғарлық жоқ болатын, – деді ол.– Бірақ солардың қай-қайсысы да дербес көсем болып, соңдарынан бұқараны ілестіріп әкеткісі келетін. Меніңше, бұл тұрғыда екеуінің өзара күресі – таза мансапқорлық тайталас еді».
Дінше Смағұлдан естігендерін, тергеушіге айтқанына қарағанда, Сұлтанбекке баяндап берді, бірақ оларды татуластыру тұрғысынан не істегені және ана екеуінің Діншенің араағайындық әрекетінен не түйгені, өзара түсінісуге әрекет жасаған-жасамағаны беймәлім күйі қалды. Анығы, ОГПУ тұтқынының көрсетуіндегідей: «Ұлтшылдар олардың келісімге келіп, Қазақстанды бірлесіп басқаруларын қалап еді. Тілектері орындалмады». 1925 жылғы 30 тамыздағы Бюро мәжілісіне Қазөлкекомның екінші хатшысы С. Қожанов Орталық Комитеттен келген шифрланған жеделхат жайын баяндайды. Мәскеу құпия құжатында Қазөлкекомға жауапты хатшы болып Ф.И. Голощекин баратынын, хатшылық құрылымының өзгертілетінін хабарлаған еді. Бюро сол отырысында: «РК(б)П Орталық Комитеті Қазақстанда жұмыс істеу үшін іссапарға жіберіп отырған Голощекин жолдас Қазөлкеком Хатшысы болып тағайындалсын, осы шешім туралы РК(б)П Орталық Комитеті құлағдар етілсін», – деген қаулы алды. РК(б)П-ның кадр саясатындағы зобалаңы зор нәубәтке апарған шешім. Қазақ қайраткерлеріне алауыздықтары үшін төбелерінен төнген зауал сынды күрт бетбұрыс әкелген хабар республика саяси басшылығы тарапынан осылай тыныш қана, мойынсұнғандық сипатта қабыл алынды. Голощекинді өлкеком хатшысы лауазымына осындай каулымен алдын ала, сырттай-ақ тағайындап болғаннан кейін, Қожанов Бюроға арнайы мәлімдеме жасады: «Өлкелік комитетке жаңа басшы бекітілгендіктен, әрі қазіргі құрылымның сақталмайтынын Орталық Комитет шифротелеграммасында анықтап-ақ хабарлағандықтан, менің қазіргі қызметімде қала алмайтыным белгілі. Сол себепті, іскерлік пайым тұрғысынан қарап, Өлкеком Бюросынан маған бүдан былай атқаратын нақты міндет жүктеуді сұраймын». Бюро мүшелері күмілжіп, ештеңе дей қоймады. Сонда ол серіктерінен өзін «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы қызметінде пайдалануды өтінді. Бірақ бұған Сәдуақасов үзілді-кесілді қарсы шықты: «Қожанов жолдастың жұмысы туралы мәселе оған қызмет беру секілді тар ұғымда қаралмауға тиіс, – деді ол маңғаз кейіппен, – мәселені өлкекомға үш хатшы қажеттігі тұрғысынан талқылау керек. Осыған байланысты, оны газетке редактор ету жайы тіпті де көтерілмесін. Мәселені өлкеком мүшелері түгел жиналғанға дейін қарамай тұра тұру жөн». Оны Ежов қостайды. Орынды ұсыныс, асықпайық дейді. Алайда Мыңбаев қарсы шығады. Орысшалағанда, теңіз жағасында қолайлы ауа-райын күтіп отыру жарамайды, тағайындауды өзіміз, қазір жасайық, ал жаңа басшы келгенде болар өзгерісті көре жатармыз дейді. Бюро мүшелерінің пікірі екі жарылады. Дауысқа салғанда Николай Ежов, Смағұл Садуақасов, Ораз Жандосов мәселені кейінге қалдыруды жақтайды. Ал Алма Оразбаева, Сұлтанбек Қожанов, Жалау Мыңбаевтар «Қожанов жолдасты «Еңбекші қазақ» газетінің редакторлығына тағайындау туралы» шешімнің жобасын бекітуді қолдап дауыс береді. Үш те үш. Мәселе шешілмейді. Бюро жұмысына қатысып отырған жауапты қызметкерлер қозғалақтап, өз пікірлерін білдіруге оқталады. Сонда Садуақасов бұдан арғы талқылауды жабық мәжілісте жалғастыру жөнінде ұсыныс қояды. Қожанов оны дауысқа салады. Қабылданады. Жабық отырыстағы пікір алмасулар едәуір тартысқа толып, өткір сипатта жүрді. Ақыры пікірталас дөңгеленіп соңына келгенде, Қазөлкеком Бюросының техникалық хатшысы Федор Агутин қағазға түсіріп отырған ұсыныс-тұжырымдардың Бюро мүшелерінің бәрі мәмілеге келген нұсқасын оқып берді. Дауыс берілу барысында бірлі-жарым түзету енгізілгеннен кейін, мынандай түрде қаулы қабылданды: «Қазөлкеком хатшысы Қожанов жолдасты практикалық жұмыста пайдалану туралы. Өлкелік комитет пен өткен партконференцияның қазақ қызметкерлері арасында топтық күрес және топтар арасында принципті алауыздық жоқтығы туралы алынған бұрынғы шешімдерінің принципті тұғырынан айнымай, Өлкеком Бюросы былай санайды: а) Садуақасов жолдастың газет редакторы жөніндегі мәселені принципті келіспеушілік аумағына тасымалдауы дұрыс емес деп есептелсін, өйткені Хатшы жағдайы – газетке саяси басшылық жасауға хұқ береді; б) Мәселені одан әрі талқылау Голощекин жолдас келгенге дейін қалдырыла тұрсын, сондай-ақ Қожанов жолдастың жұмысын нақтылау да кейінге қалдырылсын; в) Сөйлеген жолдастардың бәріне өз пікірлерін Өлкеком Бюросына жазбаша тапсыру ұсынылсын (Сәдуақасов жолдас өз пікірінде қалды және бұл мәселені РК(б)П Орталық Комитетіне жеткізу хұқын өз құзырында қалдырды); Басқа Бюро мүшелері а), б), в) тармақтарын бір ауыздан қабылдады». «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы қызметіне Қожановты тағайындауға қарсылық білдірген ойын Сәдуақасовтың еш өзгертпей, «мәселені РК(б)П Орталық Комитетіне жеткізу хұқын өз құзырында қалдыратынын» мәлімдеуі Филипп Голощекиннің Қазақстанға бекем орнығып алғаннан кейін Иосиф Сталинге жазған хатында: «Нақты топ серкесінің мәселені Орталық Комитетке барып шешетін бұрынғы тәсілі» туралы айтқанына бір дәлел іспеттенеді. Яғни республика партия ұйымын басқаруға орталықтан Голощекиннің жіберілуін, тиісінше ел тыныс-тіршілігінің қатерлі құз ернеуіне жеткізіліп, ұлттық апат шыңырауына құлдырауын, қаласын-қаламасын, «отар шенеуніктері» ішкі алауыздықтарымен мүмкін етті деген ұйғарым еріксіз тілге оралады. Голощекин 1925 жылғы қыркүйекте қызметке кіріскеннен кейін «Қожанов мұндағы қызметінен орталыққа шақыртып алынды, – деді Әділов тергеушіге. – Қожановты Қазақстаннан шақырып әкету ісіне Садуақасов зор үлес қосты десетін жұрт». Қожановтың өзі бұл жәйтті Қазөлкеком мен Сталинге 1927 жылғы 10 тамызда жазған хатында: «1925 жылы Сәдуақасов жолдас менің ең ымыраға келмейтін қарсыласым болды, – деп еске алды. – Ол менің өлкекомның екінші хатшысы лауазымынан шақырып алынуымды жалғыз өзі ғана ашық та табанды түрде талап етті...» Смағұлдың өзіне қарсылығының себебін Сұлтанбек «...жеке бастың түсініспеушілігіне емес, саяси көзқарастың қайшылығына» байланысты деп түсіндірді...
Бейбіт Қойшыбаев,
Жжазушы, тарих ғылымдарының кандидаты
Abai.kz