Сәрсенбі, 22 Сәуір 2026
Алашорда 176 0 пікір 22 Сәуір, 2026 сағат 13:07

Теңдікке қол жеткізген Тұрлыбек пен Барлыбек

Сурет: e-history.kz сайтынан алынды.

Барлыбек Сыртановқа - 160 жыл!

Барлыбекті өз заманындағы қазақ зиялы қауымы «шабһаз» деп айтады. Шаһбаздың мағынасы – маңдайы кең, аққұба, сұлу, белсенді, құзыретті, елеулі, жомарт, мұқият, шығармашыл деген ұғым екен. Шежіреде Түрлыбек пен Бaрлыбек Сыртaновтың шыққан тегі:  «Матайдан – Келмәмбет – Қолқаған – Мамыт – Күліш, Мұса (Қаптағай) – Қарашора, Сарышора  – Қаражал – Медет, Досан - Шәржетім - Қияс (Қаныш) - Дәулет – Қолдас, Жолдас – Ақбай, Жарбол, Текті (Теке),  Есенгелді - Байқожа - Жарлықамыс, Жалтыр, Жалаң – Асан – Қаржау, Бөрте, Бекболат, Тоқа, Жақсылық, Серке, Қарашора, Сары – Бөрібай – Тоқтыбай, Тортай, Есеналы, Бәйімбет, Елшен, Ақтайман, Мамыш, Байғұл, Сейітқұл, Қалдыбай, Қалдығұл, Қыдыралы, Құлшан – Бейсен – Мейірман – Шақы, Боқы – Сыртан (Дүйсенбі), Сәрсенбі», - деп таралады.

Сыртaнның кіндігінен бес ұл, бір қыз: Тұрлыбек (1860-1906), Керімбек (1862-1915), Бaрлыбек (1866-1914), Бәтимa (1868-1934), Молдaхмет (1870-1919), Кенжехaн (1872-1917) туған. Анaлары – Бөлекбaйқызы Күлдәрия, 1921 жылы қaйтыс болыпты. Сыртан екеуі бір жылғы, 1837 жылы туған. Керімбектен - Боранхан, Кылышхан, Болатхан. Болатханның қызы Нұржікен: «Мен Сырттанның ұрпағымын!» - деп мақтан тұтады екен. Боранханнан – Мырзабек – Самед.

Ұлы Абдүлқадырдың (Кәке) 1967 жылғы қолжазба мұра дәптерінде: «Барлыбек Сыртанов - 1866 жылдың 23 қазанында Қопалы уезі, № 2 ферма Сүттігенде өмірге келген», - деп жазады.  Тұрлыбек пен Барлыбек 1874–1876 жылдары Қопал қаласындағы қазақ балаларына арналған даярлық пансионатында сауат ашады. Оқытқан мұғалімдері Жанғазы Тоғжанов пен оның әйелі есімі белгісіз. Буратова деген меңгеруші болады.

Уезд бастығының көмекшісі штабс капитан Изранцевтің Рапорты (1876 ж.) В октябре 1874 года киргиз Арасанской волости Сыртан Бокин привел в уездное управление двух детей 14-ти и 8-ми летних мальчиков и просил принять их в пансионат с тем условием, чтобы от него не требовали ни на учебу, ни на их содержание, а также, чтобы при них находилась их мать, его старшая жена. Дети были приняты и розмещены в юрту, данной Сыртаном на первое время пока неизучтен средства для найма другой юрты.

1874 года в здании Копальского училища с 4 до 6 часов по полу дни открыт класс два для казахских детей под руководством учителем Буратова. К 1 числу января настоящего года учащихся было уже  - 16.

Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Рашид ОРАЗОВ архивтен тапқан құжаттардан:

Қилы себептермен 1875 жылы Жетісу облысы, Қопал уезі, Арасан болыстарының қазағы Сыртан Бокин мен болыс Тұрысбек Маманов пен Есімбек Тәнекин арасында  тергеу іс қозғалады. Тергеу ісі он жылдан астам уақытқа созылады. Алғашында Сыртан Бокинді Сібірдегі Томск губерниясына жер аударуға шешім шыққанымен, кейіннен сауатты балалары Барлыбек пен Тұрлыбектің араласуымен шешім Верный уезінің Шілік (Шелек) участогіне жер аударумен аяқталады.

Жетісу облыстық басқармасына Қопал уезі, Арасан болысының қазағы Сыртан Бокиннен:

Өтініш

1875 жылы наурызда уездік басқармада Қопал уезі бастығының көмекшісі, подполковник Изразцовтың төрағалығымен өткен болыстық билер сиезінің соты маған Арасан болысының қазағы Есімбек Тәнекиннен 182 қой, 2 түйе және 2 бәйге атын алып беру жөнінде шешім шығарды. Осы қаулының көшірмесі сотта маған берілген мүлікті кінәліден өндіріп алу үшін бұрынғы болыс басқарушысы Маман Қалқабаевқа берілді. Есімбек Тәнекин Маман болыстың немере ағасы болғандықтан, Маман болыс болған уақыттың ішінде мен аталған малдан ешнәрсе ала алмадым. Бірнеше рет берген өтінішімді қарамастан, Маманнан сиез шешімінің көшірмесін де қайтара алмадым. Сонымен қатар, Маман сол кезде Қапал мектебінде оқитын ұлым Барлыбектен 1874 жылы бұрынғы Түркістан генерал-губернаторы Кауфманның оқудағы табысы үшін берген алтын жалатылған күміс саптыаяғын алып қайтармады.

1876 жылы Маман Қалқабаевтың орнына ұлы Тұрысбек Маманов болыс басқарушы болып сайланды. Есімбектен өндіруді сұраған сол өтінішпен оған да жүгіндім. Тұрысбек әр кезде менен күшпен таңдап алған үш жорға және екі жақсы мініс атты қайтармаған. Ол менің өтінішімді қанағаттандырмағанымен қоймай, өзі де маған сес көрсете бастады. Менің жылқылар үйірінен ең жақсы қара айғырды күшпен тартып әкетті. Мен Маман мен Тұрысбектің үстінен уезд бастығы полковник Резановқа бірнеше рет арыздандым. Бірақ, ол қарекетім болыстың мені одан сайын қыспаққа алуына әкеп соқтырды. Мен ешқандай әділ шешімге жете алмадым. Өткен 1882 жылдың тамызында Арасанда уезд бастығының өзі төрағалық еткен уездік билер сиезінің шешімімен Сарқан болысының қазағы Жабай Бекбауловтан менің пайдама 23 бие, 80 сом ақшалай берілуі шешілді. Ол қаулының көшірмесін Сарқан болысының басқарушысына ұсыну үшін болыс Тұрысбек Мамановқа апарып бердім. Бірақ, билердің бұл шешімі де дәл 1875 жылғы билер сиезінің шешіміндей болды. Яғни, болыс басқарушы Тұрысбектен маған берілген мүлікті де, сиез қаулыларының көшірмелерін де кері ала алмадым. Осы қаңтардың басында болыстың үстінен уездік бастыққа арыздандым. Бірақ, ол мені сол болыс басқарушысының өзіне жіберді. Содан мен болыс үстінен облыстық басқармаға шағым түсіру үшін уезден Верный қаласына баруға билет (рұқсат) сұрадым. Уезд бастығы билет (рұқсат) бермей, полиция арқылы үш тәулікке қамауға алды. Қамаудан босаған соң, мен Верный қаласына билетсіз (рұқсатсыз) кетуге мәжбүр болдым. Маған әртүрлі әдіс-тәсілдермен зәбір көрсетіп жүрген болыс Мамановқа шағымданудан басқа жолы болмады. Мысалы, болыстықтан қашып кеткен Бөгембай Мұрынбаевты табу керек болғанда, ол мені осы үшін Сергиопольге жұмсаған еді. Сергиопольден оралған соң, Мамановтың қашқынға кепілдік үшін менің үйірімнен жеті жылқы алғанын білдім. Осы жылқыларды қайтару үшін Қопал уезінде қашқынды іздеуді жалғастыруға мәжбүр болдым. Оның соңы Есімбек Тәнекин (болыс басқарушының туыс ағасы) жігіттерінің менің екі жиенімді өлтіруімен, ұлым Тұрлыбекті қанжармен жотасынан жаралаумен аяқталды. Ол туралы менің балам Тұрлыбек Жетісу облысының әскери губернаторына шағымданған болатын. Болыстың өзі ғана емес, оның туыстары да халыққа тізе батыруда. Мәселен, болыстың әкесі Маман Қалқабаев топбасшы атағын өз бетімен иемденіп, билер қараған әрбір істе шешім қабылданғанда, би еместігіне қарамастан, айыпталушы жақты ақшалай немесе жылқымен билік ақы төлеуге мәжбүрлейді. Маман бірінші әйелі қайтыс болғаннан кейін үйленуге қамданып, қалың малды толтыру үшін менен екі түйе мен екі тайтұяқ (әрқайсысы 35 сом тұратын қытай күміс құймасы) алып, бұлар үшін қалыңдықтың жасауынан 11 жылқы төлеуге уәде бергенімен, әлі ештеңе төлеген жоқ.

Болыс Маманов Тұрысбек өзі үшін келесі теріс әрекеттерге жол береді:

1) Бұрын қазақтар үй басынан салық төлейтін. Кейін кедей үй иелеріне жеңіл болуы үшін Қопал уезінде түтін салығы орнына малдан алым белгіленді. Ал Тұрысбек Маманов екі есе: түтін басынан да, малдан да салық ала бастады.

2) 1882 жылы болыс басқарушы Арасан мен Бүйен-Қоянды болысы тұрғындарынан әкесі Маманның осы екі болыс өкілі ретінде императордың таққа отыруы салтанатына бару сапарына деп 3000 сом ақша жинады. Маман оған бармады. Ал, болыс ақшаны елге қайтармады.

3) Арасан бекетінде солдаттарға арналған барақ құрылысына әр үйден 1 сом 75 тиыннан, барлығы 5000 сом ақша жиналды. Осы сомадан казарма салынғаннан кейін артылып қалған қаржы халыққа қайтарылмай, болыстың өзінде қалды.

4) Болыс қазақтардың жақсы қыстауларын өз еркімен тартып алып, оларды басқаларға жылқылармен немесе ақшамен өтеуге береді. Болыс тарапынан мұндай қызмет бабын асыра пайдалану әрекеттеріне қарамастан, жұрт болыстың жазасыздығынан қорқып, оның үстінен шағымданбайды. Егер облыстық басқарма Тұрысбек Мамановты тым болмаса қызметінен уақытша босатуды мүмкін деп тапса, жұрт бірден оған қарсы көптеген талап қояр еді. Олардан облыстық басқарма оның болыс ретіндегі билігін және Дөсеттер әулетінің мүшесі ретіндегі ықпалын қаншалықты асыра пайдаланып отырғанын көре алар еді. Дөсет әулетінің қаншалықты сенімсіз екені Жетісу облысының жоғарғы мәртебелі бұрынғы әскери губернаторы, қазіргі Дала генерал-губернаторының бұйрығымен де дәлелденіп, бұл әулеттен болыс түгіл, тіпті онбасылар да сайланбауы керек делінген еді. Дөсеттіктер әртүрлі айла-шарғылар арқылы болыстағы барлық билікті қайтадан өз қолдарына алды. Осылайша халықты өздерінің заңсыздықтары туралы шағымдану мүмкіндігінен айырды. Ал, болыс басқарушысы қызметі осы әулеттің мұрагерлік меншігіне айналды. Осылайша, Есімбек Тәнекин (Дөсеттің немересі) қызметінен босатылған соң, қара қазақ Сәрсен Мыңжасаров болыс сайланды. Есімбек Тәнекин Верный қаласындағы түрмеден босатылып, болыстыққа қайтып оралған соң, оның айла-шарғыларымен Мыңжасаров орнынан алынып, орнына Есімбектің немере ағасы Маман Қалқабаев сайланды. Ол әкесі Қалқабайдың (Дөсеттің ұлы) атымен Қалқабаев деген атпен үміткер ретінде ұсынылып, болысты сайлаған елуліктер (жартылай пара алу, ішінара қоқан-лоққы жасау арқылы) Маманның Дөсеттің немересі екенін уезд басшыларынан жасыруға мәжбүр болды. Маманнан кейін, оның баласы, қазіргі болыс басқарушы Тұрысбек Маманов та осындай амалдармен сайланды.

Жоғарыда айтылғандардың барлығын облыстық басқарманың назарына ұсына отырып, 1875 және 1882 жылдардағы сиездердің шешімдерімен маған берілген мүлікті және Маман Қалқабаевтан күміс саптыаяқ, екі түйе мен екі тайтұяқ және Тұрысбек Мамановтан үш жорға, тоғыз мініс ат пен бір айғырды менің пайдама өндіру туралы басқарманың бұйрық етуін өтінемін.

Верный қаласы, 1882 жыл, 19 қаңтар. Әкем сауатсыз болғандығынан өз өтініші бойынша есімі жазылған мөрін басу арқылы, оның ұлы Тұрлыбек Сыртанов қолымды қойдым.

Тұрлыбек пен Барлыбек екеуі 1876–1880-1886 жылдары Верный ер балаларға арналған классикалық гимназиясында оқиды. Верныйдағы ер балалар гимназияға 8 жастан 10 жасқа дейінгі барлық әлеуметтік топтағы балалар қабылдаған. Олар гимназияда мемлекеттік қазына есебінен (қазақ қоғамынан жиналған салық есебінен), жеке өз қаражатымен және атаулы стипендия иегері негізінде оқи алатын болған. Оқушылардың басым көпшілігі қазынадан алынған қаражат есебінен білім алады. Гимназияда мынандай пәндер бойынша: математика, физика, химия, тарих, латын тілі, орыс тілі, грек тілі, география, неміс тілі, таза жазу, тригонометрия, француз тілі, сурет салу, діни ілім, арифметика, ән-айту, гимнастика, логика, геометрия, қолөнер, философия, табиғаттану, космография, математикалық география, педагогика (дидактика мен әдістеме) заңтану білім алады. Гимназияда алғаш оқыған қазақ балалары: Жексенбі Деңгілбаев, Барлыбек Сыртанов, Тұрлыбек Сыртанов, Құсайын Жанғазинов, Дәулет Мәмбетов, Шымбай Кенжебаев. Тұрлыбек төрт класс, Барлыбек он класс бітіреді.

1880 жылы қазан айында Верный ерлер гимназиясының 4-сыныбында оқитын Тұрлыбек Сыртанов денсаулығына байланысты оқуды тастап кетеді. Сыртанның баласы Тұрлыбекті 1880 жылы Есімбек Тәнекиннің жігіттері қанжармен жотасынан жаралайды. Ол туралы Тұрлыбек Жетісу облысы әскери губернаторына шағымданады. Сол салдардан Тұрлыбек гимназиядағы оқудан қол үзуге мәжбүр болады. 1883 жылы денсаулығының оңалғанына орай, қайта оқуды жалғастыру үшін Верный ерлер гимназиясының директорына өтініш жазады. Бірақ, оқуға қайта алынбайды.

Жетісу облысының әскери губернаторына Қапал уезі Арасан болысының қазағы Сыртан Бокиннің әйелі Күлдәрия Бокинадан:

Өтініш

Өткен жылдың желтоқсан айында Арасан болысының қазағы күйеуім Сыртан Бокин Верный қаласына іспен баруға мәжбүр болды. Рұқсат жолдама алуға Қапал уезінің бастығы мырзаға өтініш жазып еді. Рұқсат жолдаманы  болыстан немесе ауыл старшинасынан алуды ұсынды. Соңғысы уезд бастығының өсиетін сылтауратып, уезд бастығы пәрменісіз, еш себепсіз демалыс билетін беруге құлықсыз екенін көрді. Өтінішін қанағаттандырмады.  Рұқсатсыз Верный қаласына кетуге батылы барды. Күйеуім кеткеннен кейін Арасан болысының қазақтары болыс Тұрысбек Мамановтың бұйрығымен менің күйеуімнің ісі шешімінен 575 сомға жалған қағаз жасап, кейбір қазақтарға, атап айтқанда: Тілеуқа Әлібеков күйеуімнен үш бие мен екі айғырды, Есімбек Тәнекиннен екі түйе мен бір жылқысын өндіріп алсын деп шешім шығартып алады. Аталмыш іс көшірмесін алған қазақтар күйеуімнің үйде жоқ екенін біле тұра, біздің табынымыздағы жоғарыда аталған малды өз бетінше тартып алды. Сонымен қатар Арасан болысында сауда жасайтын Маманов пен оның туыстарының айтқаны заң болуда.

1) Қапалдағы екінші гильдия көпесі Нажми Бекболатов күйеуім Сыртанның қарызы үшін ең жақсы 10 қойды басып алды.

2) 100 сомға жылқы алған Жүсіп те менің күйеуім мен Арасан болысының қазақтары, Мамановтың жақын туысы Разбек Тәнекиннің үйі үшін уәде етілген қойдың 5-ін неге алып кеткенін білмеймін.

Бұлар болыс басшысы Мамановтың талабы бойынша жасалды. Ол біздің екі жылқымызды, айғыр мен биемізді үйірімізге алды, Неге қайтармайтынын білмеймін. Мен бұл туралы уездік бастықтың қожасынан сұрасам да, кім тарапынан аталған малды маған қайтару туралы бұйрық шыққан, бірақ болыс бастығы уездік бастығының бұйрығын орындамай, мал осы күнге дейін маған қайтарылмады деді.

Сондықтан, мен жоғары Мәртебелі сізден осы өтініште түсіндірілгендей, күштеп тартып алған малдың көрсетілген мөлшерін қайтару туралы бұйрықты кім арқылы жүзеге асыратындығын және жайдан-жай қалдырмауыңызды кішіпейілділікпен сұраймын.

1883 жылғы 17 шілде. Қопал қаласы. Күлдәрия Бокина. Сыртанның әйелі. Сауатсыздығынан және оның қалауымен, оның ұлы Верненский ерлер гимназиясының 6-сынып оқушысы Сыртанов Барлыбек қол қойдым. Өтініш жазған Сыртанов Барлыбек.

Барлыбек Сыртанов 1886 жылы Жетісу әскери губернаторы тағайындаған стипендия негізінде Санкт-Петербург Императорлық университетінің шығыстану факультетіне оқуға қабылданады.

Петербургте Барлыбекпен бірге оқыған Оралдық Мұхамеджан Қаратаев, Ә. Ниязов, Қостанайлық Жанша Сейдалин, Көкшетаулық Мәмбетәлі Сердалин, Ақтөбелік Абдолла Теміров, Бақтыгерей Құлманов, Ақмешіттік Серәлі Лапин, Семейлік Д.Сұлтанғазин сияқты сондағы қазақ жастарын біріктіріп, «Жерлестер» үйірмесін құрады.

Шелек (Шілік) участогіне 1887 жылы жер аударылған Сыртан Бокиннің отбасы туралы архив деректері: «Сыртан Бокин - жасы 50-де (қазір Верныйда), бірінші әйелі - Күлдәрия жасы 50-де, одан туған балалары:

1) Тұрлыбек (Верный қаласында әскери-сотта аудармашы), жасы 25-те, келіні Күміс жасы 27-де, немересі Рақила бір жаста.

2) Барлыбек - жасы 20-да (Санкт-Петербург университетінің студенті), келіні Еркежан жасы 20-да. 3) Молдахан 16-да, 4) Кенжехан 11-де, 5) қызы Фатима 18-де.

Сыртан Бокиннің екінші әйелі - Сымбат жасы 24-те, баласы Құмарбек – бір апталық. Керімбек Сыртанов жасы - 27-де, әйелі - Тәжі 30-да, баласы Әлімбек  - 1 жаста, баласы Қылышқан - 7-де, қызы Нұрила - 8-де, қызы Күлжәмила - 3-те, қызы Рақымжан - 2-де. Барлығы үш отбасы, 9 ер адам, 10 әйел адам, оның 2-уі сауатты.

Сыртан Бокин Верный уезіне қарасты Кіші Алматы болыстығында 6 жылдай тұрып, Арасан болыстығынан бөлініп шыққан Көлдей-Жұмай болыстығына 1893 жылы көшіп барады. Кіші Алматы болыстығында тұрғанда Сыртан жыр алыбы ақын Жамбылмен кездесіп, өз басынан өткен қиындықтарын, бұл болыстыққа қалай жер аударылғанын айтады. Жамбыл Жабаев1888 жылы Сыртан батырмен кездесіп, «Сыртанға» деген өлең арнайды.

Жоғарғы оқуды бітіргені жайында Мұхамеджан Тынышбаев «Университетті бітіріп, Барлыбек 1891 жылы елге келді. Барлыбек өз ауылына келіп жатқанда мен күздігүні оқуға бара жатып, Барлыбектікіне қонып, алғаш таныс болдық. 1894 жылы оның ағасы Тұрлыбек Шәуешектен келіп, Алматыда әскери губернаторға тілмаш болды. 1894 жылдан 1905 жылға дейін «Барлыбек-Тұрлыбек» аталып, ағайынды екеуі Алматыда тұрды. Жетісу облысына қараған қазақ-қырғыз бәрі оларға ағайын-туған болып, бұлардың үйінде топырлап жатпаған кезі болмаған емес. Теңдікке қолы жетпегендер Барлыбек, Тұрлыбекке жылап келіп, теңдік алып, мауқын басушы еді. Ешкімді жылатуға Барлыбек, Тұрлыбек себеп болған емес. Бұлай болған соң бүтін бір облыс қазақ-қырғыз Барлыбек, Тұрлыбектің сөзінен еш уақытта шыққан емес», – дейді.

Семиречье облысы әскери губернаторының ерекше тапсырмалары бойынша титулярлы кеңесшісі, кіші шенді Барлыбек (Бардыбек) Сыртановтың қызметтік өмірбаяны:

Түркістан қазыналық палатасының № 1364 жарлығымен 1891 жылы 27 мамырда палатаның стол бастығы болып тағайындалған (Ташкент). Басқарушы Сенаттың департамент герольдии № 119, 1892 жылы 15 қазандағы бұйрығымен коллеж хатшысы шені берілген. Басқарушы Сенаттың департамент герольдии № 128, 1893 жылы 10 қарашадағы бұйрығымен жақсы қызметі үшін титулярлы кеңесшілікке көтерілген. Семиречье облысы әскери губернаторының сұранысымен 1894 жыл, 29 қыркүйек, № 213 бұйрықпен Семиречье облысының іс қағаздарын меңгеруші қызметіне тағайындалған. Семиречье облысының әскери губернаторы № 390, 1902 жылы 14 қазандағы бұйрығымен Барлыбек Сыртанов ерекше тапсырмалардың кіші шені қызметкері болады. Семиречье облысының әскери губернаторы № 455, 1902 жылы 30 қарашадағы бұйрығымен облыс пен қала іс қағаздарының меңгерушілігіне тағайындалады. Семиречье облысының әскери губернаторы № 390, 1902 жылы 14 қазандағы бұйрығымен Барлыбек Сыртанов ерекше тапсырмалардың кіші шені қызметкері болады. Семиречье облысының әскери губернаторы № 455, 1902 жылы 30 қарашадағы бұйрығымен облыс пен қала іс қағаздарының меңгерушілігіне тағайындалады. Дерек көзі: 1904 жылы 23 желтоқсанда жазылған.

Барлыбектің алған марапаттары: 1896 жылы 26 ақпанда император Александр ІІІ-ні еске алуға орай күміс медальмен және Александр лентасымен марапатталса, 1899 жылы 6 желтоқсанда ІІІ дәрежелі әулие Станислав орденімен марапатталған. 1905–1914 жылдары Патша жандармдарының бақылауына алынады.

1887 жылы А.Ульянов пен бір топ революционерлердің ІІ Александарға жасаған қастандығы Б.Сыртановтың әлеуметтік-саяси көзқарасының қалыптасуына үлкен ықпал етеді. 1905  жылы желтоқсанда Орал қаласында «Бес облыстың делегаттар съезінде» Қазақ конституциялық партиясын құру туралы бастама ұсынады. 1905 жылы Қарқаралыда ақ патшаға петиция жазады. 1905 жылы Алматы қаласынан Мұсылман кітапханасын аштырады.  1905 жылы мешіттерге ақ патшанын суретін  ілуге қарсы тұрады.

Уезд бастықтарының парақорлығы туралы Барлыбек Сыртанов облыстық әскери губернатор Г.И.Ивановқа бірнеше рет мәлімдейді. Н.Н.Пантусовқа соны анықтау жүктеледі. Қопал уезінің басшысы С.Махонин қомақты пара ала отырып, әлсіз руларды жығып беріп отырады. Барлыбек пен Тұрлыбек соны әшкерелейді. Махонин орнынан денсаулығына байланысты босатылады.

«Қазақтар өмірін жақсарту мәселесі туралы» Жетісу облысы әскери губернаторы жанындағы ерекше тапсырмалар жөніндегі кіші шенеунік Барлыбек Сыртанов 1907 жылы 9 маусымда жасаған баяндамасында қазақтар арасындағы болыстық сайлаудағы заңсыздықтарды, болыстық хатшылықты, елубасылар, ауыл старшыны, билер, жер, дін мәселесін әсерлі, өзекті талдап жеткізеді. 1908 жылдың 28 желтоқсанында саяси көзқарасы үшін қызметінен босатылады.

Верный уезі - Жайылмыш, Шығыс-Талғар болысы, Қопал уезі - Арасан болысы  қазақтары атынан Түркістан әкімдігі шенеунігі Барлыбек Сыртановтың Семиречье облысы  басқармасына, Мемлекеттік думаға, Жоғарғы басқарма сенатына, Қоныстандырушылар басқармасына, Ішкі істер басқармасының жер басқармасына 1909 жылы жіберген  ұсыныс телеграммасынан:

  1. Қазақтар отырықты қонысы болған орындарға переселендерді қоныстандырмау.
  2. Қазақ жерлерін переселендерге бұйрықпен беруді доғару.
  3. Переселендерге жерді беру ортақ комиссия арқылы шешу.

Осы телеграмма аясында  Шығыс-Талғар болысы бойынша 1911 жылы дұрыс шешім шығарылады. Ал, қалған екі болыс бойынша іс немен біткені белгісіз.

Ұзынағаш съезі. 1910 жылдың 21 қазанында Ұзынағашта қазақ-қырғыз беделді азаматтарының басын қосқан жасырын съезде Барлыбек Сыртанов қазақтың оянуы керектігі жайында баяндама жасайды.

Жетісу облысы  қазақ-қырғыздарының съезі 1910 жылы орыс  әскерлерінің Қоқандықтармен Ұзынағаш түбінде болған шайқастағы жеңісінің  50 жылдығын жергілікті әкімшілік орындары салтанатты түрде атап өтуі кезінде  ұйымдастырылады. Салтанатты атап өтуге орыс өкілдерінен басқа облыстағы  қазақ  және  қырғыз халықтарының қадырлы азаматтары шақырылады. Жиын кезінде жергілікті қайраткерлер, облыстық  басқарма қызметкерлері: Барлыбек Сыртанов пен Ыбрайым Жайнақов, Верный уезі Шамалған  басқарушысы М.Смаилов, Алматы облысының уәкілі Болатбек Әшекеев, Пішпек уезінің қырғызы Дүр Сауранбаев, қырғыз манабы Шабдан Жантаев пен ұлы Мұқыш жасырын түрде съезд өткізеді. Қазақ пен қырғыздың 50 уәкілі қатысқан Ұзынағаш съезі 21 қазан күні кешкісін Казанско-Богородский селосында  өтеді.

Петербургке арнайы уәкіл жіберу мәселесі  қаралып, көпшілік ұсынысы бойынша Петербургке жіберілетін уәкіл Барлыбек Сыртанов болады. Барлыбек Сыртанов Петербургке баруы үшін 5000 сом ақша жиналады.  Сыртановтың сапары үшін Абдухалық Габдулвалиев ақша жинайды. Жандармерияға Сыртановтың құпия сапарына кімдердің ақша бергенін анықтау мүмкін болмайды. Сұралған куәлардың көрсетуінде, ол істің мағынасы: облыста мүфтиат ашу, мектеп мәселесі және приказничный демалыс жайында болған екен.

Мұсылмандар арасындағы қалыптасқан дәстүрлік әдеттерге байланысты, мәселені куәлардың көрсетуі арқылы анықтау қиындық тудырады. Аталған іс бойынша шешуші нәтижеге, сірә барлығының дем берушісі болып отырған Сыртановты тінту арқылы ғана жетуге болар еді. Алайда, ол адамға тінту жүргізу туралы талап етілген Қопал уездік бастығы оны тез жүргізбей, ротмистр Астраханцевпен хат-хабар алысады. Тінтуді оның әскери губернаторға түсірген шағымынан кейін жүргізеді. Соның салдарынан Габдулвалиевтің ісі бойынша жүргізілген тінту туралы Сыртановқа дейін жетті де, одан тіпті бір жапырақ та жазылған қағаз табылмапты.

Барлыбек Сыртанов Жетісу қазақтары мен қырғыздардың саяси өмірінің ұйытқысы болуымен қатар, Ұзынағаш сиезінің шешімдерін насихаттау мақсатында Лепсі, Қопал, Пржевальск, Пішпек уездерін аралап, Пішпек қаласынан Петербургке аттаныпты.

«Қазақ елі Уставы» және «Ынтымақ» ережесі. Барлыбек Сыртанов 1910 жылдың желтоқсанынан 1911 жылдың қыркүйегіне дейін қазақ жерінің тағдыры үшін Петербургке барып, патша үкіметіне өтініш білдірмекші болады. Барлыбек Сыртанов 1911 жылдың 13 маусымында  Петербург қаласында Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен  «Қазақ елінің Уставы» деп аталған еуропалық стильдегі алғашқы қазақ  уставын (ережесін) жазады. Ол төрт бөлім, 28 баптан тұрады. «Қазақ елі Уставы» Сәкен Өзбеков архивтерден іздеп таппай, 1992 жылы Барлыбектің қызы Бибиқанипадан арапша жазған қолжазбасын табады. Әже мұқият ұстап, тығып сақтапты.

«Ана тілі» газетіне 6 қараша 2019 жылы зерттеуші Биқұрман Жансая: «Барлыбектің құнды бір еңбегі – «Ынтымақ ережесі» деп аталады. Бұл еңбектің құқықтық-әлеуметтік маңызы мен сипаты әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жоймаған. Ол құжатты заңгер 1910 жылдың көктемінде жазған», - деп жазады.

Қопал уезінің Ақешкі болысында Сексенбай Өтегенов деген бай, ауқатты, болыс адам болған. «Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» болмағанымен оның сөзінің десі еліне жүрген. Сексенбай Барлыбектің әкесі Сырттан батырмен жақын араласып, оның ұлдарының алғырлығы мен көл-көсір білімділігін бағалаған. Барлыбекке Сексенбай «Бұқабай балаларына ортақ» заң (ереже) жазуын сұрайды. Сексенбайдың өтінішімен жазылған мәні терең, мазмұны ауқымды құжат «Ынтымақ ережесі» деп аталады. Барлыбек ол құжаттың бас жағына Бұқабай балаларының «Ынтымақ ережесі» деп жазған екен. Құжат небәрі 15 баптан тұрады. Әбдүлқадыр (Кәке) Барлыбекұлы Сыртанов 19.IV.1967 жылы жазған қолжазбасында: «Барлыбек Сыртановтың Балақты тауының үстіндегі Ақтасты мен Қоңыр деген екі қыстақты салдыруда зор қатынасы болған», - деп жазады. Яғни, Бұқабай ұрпақтарын Барлыбек Сыртанов отырықшы жасап, заң-ереже жазып береді.

Верный тыңшылық бөлімі бастығының Барлыбек Сыртановтың Санкт-Петербург қаласына сапары жөніндегі агентуралық мәліметі:

Верный, 1911 жылдың 28 қарашасы. Өте құпия.

Верный тыңшылық бөлімшесінің бастығы губерниялық хатшы Склюев төмендегідей агентуралық мәліметтер алды: облыстық басқарманың аудармашысы Ыбырайым Жайнақов Қопалдан демалыстағы кеңесші Барлыбек Сыртановтан хат алды. Хат облыстық және уездік әкімшіліктерге және қоныс аудару ұйымдарына қатысты. Таяу күндері Қопалдағы түземдік мектепке Торғай облысынан аты-жөні белгісіз бір қазағы келді. Ол хатты Жайнақовқа әкелді. Хатты алғаннан кейін Жайнақов болыс басқарушылары мен қадірлі қазақтарды өзіне жинады. Не мәселе талқылағаны нақты белгісіз. Дегенмен, Сыртанов Жайнақовтан өзінің Верный қаласына келетіндігін болыс басқарушылар мен қадірлі адамдарға ескертуді және әрбір қазақ болысынан Сыртановтың Санкт-Петербург қаласына баратын сапары үшін екі жүз сомнан жинауды сұраған деген сыбыс бар.

1911 жылдың 7 желтоқсанындағы агентуралық мәліметте: «Барлыбек Сыртановтың жақын танысы Затыльниковтың үйінде тұратын, фамилиясы Өтенов Тәшен дейтіннің айтуында: Барлыбек Сыртанов облыстық басқарманың аудармашысы Жайнақовқа, Мірқасым биге бірнеше рет хат жазып, Сәт Ниязбековке телеграмма салып, оған Қопалға 300 сом жіберуін және барлық болыстардан сенімхат дайындауын сұраған. Омбы генерал-губернаторының бұрынғы аудармашысы Абылайханов осы жердің қазақтары мен Шабдан Жантаевтың шақыруымен келген. Губернатор және әкімшіліктің басқа шенділері жер сілкінісінен кейін берілген жәрдемақыны өздері бөлісіп алып, қазақтарды құр қол қалдырған. Жайнақов осы жағдайды комитеттің анықтамасымен растауға кіріскен. Қоныс аударушылар басқармасынан мұндайды Тоқаш Бокин жеткізетін көрінеді. Сол үшін Барлыбек Сыртанов, Шабдан Жантаев, Абылайханов патша ағзамға шағым жасамақ. Шағым жасалса жергілікті бастықтардың біреуі де орнында қалмайды. Алынған жерлер қайтарылады. Абылайханов осы орындалады деп сендіруде», - деп жазады. Барлыбек Сыртанов жоғары білім алған, мұсылмандар арасындағы ықпалы зор, облыстан тысқары жерлерге де кеңінен белгілі адам болған соң, тексеріледі деген хаттарды жауап беруге тиісті адамдардың тұрған жерінен сақтықпен алыс жақта сақтапты.

Ішкі істер министрлігінің жоғары мәртебелі А.В.Кривошейннің атына1911 жылы 24 наурызда жолданған хатта:  «Сиезд осы жылдың 21 қазанында Ұзынағаш елді мекенінде болып өтті. Депутация Бұқар әміріне барып, мәртебелі императордың қабылдауына жазылуға ықпал етуді сұрамақшы. Барлыбек Сыртанов сиездің өкілеттігін қабылдап алған соң, Верный қаласына келді. Мұнда ол бірқатар ықпалды түземдіктермен кеңесіп, қабылданған қаулылар барынша нақтылана түсті. 26 желтоқсанда Барлыбек Сыртанов жергілікті жандармдық офицерге өзі келді, мұсылмандардың, оның ішінде Жетісу облысы қазақтарының кезек күттірмейтін мұқтаждықтары, оларды қанағаттандырудың тәсілдері мен құралдары туралы баян етті. Өзінің түземдік мұсылмандардың атынан келіп отырғанын, барлық мәселелер бойынша табанды түрде ашықтық, жариялылық жағында екенін мәлімдеді. Сыртанов 21 қазанда Верный, Пішпек және жартылай Копал, Пржевальск уездері қырғыздарының сиезі өткенін растады. Жоғарғы мәртебелі императордан ол қазақтарды жерге орналастыру, отырықшы өмір үшін қолайлы жерлерді қоныс аударушылардың тартып, басып алуларын тоқтатуды сұрамақ. Жоғарыда айтылғандарды мәлім ете отырып, Жоғары мәртебелі мырза Сізден тиісті шаралар қабылдауды өтініп сұраймын», - делінеді.

Арада апта өтпестен, сол жылдың 31 наурызында Кривошейн аталмыш хатты Қоныс аударушылар жөніндегі басқарманың жерге орналастыру және жерді игеру бас басқарушысы Самсоновқа жолдаған. Ол өз қатынас хатында Ішкі істер министрі жолдас штальмайстер Курловтың мәлімдемесін алға тарта отырып, жоғарыда аталған хаттың мазмұнын толықтай келтіреді де, сөз соңында: «Жоғары мәртебелі мырза, Жетісу қазақтары өміріндегі қазіргі қауіпті жағдайда Жетісу әкімшілігінің өзіңізге бағынышты шенеуніктеріне қоныс аударушылар партияларының қиындықты істеріне ықпал етуді тапсырсаңыз.  Сондай-ақ олардың қазақтарға қоныс аудару учаскелерін ұйымдастыру жөніндегі жұмыстар қатаң түрде заңға сәйкес жүргізіліп жатқанын, жұмыстар қандай жағдайда да тоқтатылмайтынын, отырықшы құрылымды қалайтын қазақтар қандай да бір ерекше негізде емес, өлкеге орналасып жатқан орыс қоныс аударушыларымен тең дәрежеде жер ала алатындықтарын түсіндіруін сұрасаңыз», - деп жазады.

Осы мәселеге қатысты Б.Сырттановтың есімі 1912 жылдың 24 қарашасында Ішкі істер министрі В.А.Сухомлиновтың атына жазылған, Н.Золотарев деген шенеунік қол қойған, бас штабтың Азия бөлігінің іс жүргізушісі растаған хатта да ұшырасады. Түркістан Генерал-Губернаторы Н.П.Михневичке  А.Самсонов 1913 жылдың 30 мамырында жолдаған хатта да негізінен жерге қоныстандыру, осыған қатысты жергілікті халық тарапынан болып жатқан қарсылықтар, арандатушылықтар кеңінен сөз болады. Онда да істің басы-қасында түрткі, ұйытқы болып жүрген Барлыбек Сыртанов есімі аталады.

Патша өкіметінің «Қара» деп аталатын бүркеншік есімдегі тыңшысының жандармерияға берген мәліметінде: «Жетісу облысындағы қазақтар мен қырғыздардың саяси қозғалысына орта дәрежелі білім алып, әкімшілік орындарында төменгі дәрежедегі қызмет атқарып жатқан Тымбай Серікбаев, Найзабек Тулин, Дүр Сауранбаев, Мәмбетәлі Мұраталин, Ибраһим Жайнақов, Ермұхамед Абылайханов секілді қазақ-қырғыз халқының зиялы қауым өкілдері жетекшілік етіп жүр», - делінеді.

Жас ғалым Мирас Әбдраһимнің Узбекстан Республикасы орталық архивінен тапқан құжаттан: Миржақып Дулатовтың «Оян қазақ» туындысын қазақ арасына таралуы туралы агент «Қара» дегеннің іздеу пунктінің меңгерушісіне жеткізуінен. Өткен жылғы 1910 жылғы съезде Пішпек уезді басқармасының губерния хатшысы, Пішпек қаласының түрғыны Тымбай Серікбаев уездің барлық болыстарына «Оян қазақ» кітабын қарақырғыздарды құлақдар етуге бір-бірден таратып берді. Кітапта қазіргі көшпенді қазақтың патша империясы кезіндегі нашар жағдайы айтылып, одан құтылудың амалдарын ұсынады. Миржақып Дулатов жазған туындысы үшін бір жылға түрмеде отыруға сотпен кесілген деседі. Бірақ, кім соттады және Миржақып қайда екені бимәлім. «Оян қазақ» кітабы аудармашылар арқылы бүткіл Жетісуға таралған. Верный уезі халқына Ыбрайым Жайнақов бас болып таратқан. «Оян қазақ» кітабын Томск қаласынан товарлармен бірге бір қазақ жеткізген. Оның аты-жөнін кейінірек анықтап жеткіземін.

Верный қаласы, 6 наурыз, 1911 жыл.

Барлыбек Сыртановтың саяси ұстанымы мен көмегі. 1910-1913 жылдар аралығында Б.Сыртанов өз тарапынан құпия түрде қазақ өлкесін Ресейдің отары қатарынан шығаруды көздеген жарғы әзірлейді. П.А.Столыпиннің реакцияшыл саясатына қарсы шығады.

Қазақ зиялылары М.Тынышбаев, С.Аманжолов, О.Жандосов, Ж.Бәрібаев Б.Мәмбетов, Н.Жақыпбаев, Ы.Дүйсенбаев, Қ.Боранбаев Верный гимназиясын Барлыбек Сыртановтың көмек, ықпалымен бітіріп шығады. Қазан университетінде білім алып жатқан Жетісудың тумасы Базарбай Мәметовке қаржылай қолдау көрсеткендердің арасында жерлесі Барлыбек Сыртанов та болады.

«Қазақ» газеті,  1913 жылғы №17 санында: «Қопал уезіне қараған 22 болыс бас қосқанда, Барлыбек Сырттанов салмақты, жатық сөйледі. «Заманың қалай болса, бөркіңді солай ки» деген. Енді қарап жатқанымыз жарамас, не қылсақ та балаларымызды оқыталық, мектеп салалық, бақша орнаталық, Қопалға ортамыздан не прогимназия, не реальный школа ашалық деп еді. Матайдың 9 болысы көнсе де, Жалайырдың болыстары көнбеді. Бәр айтқан сөздері: «Орыс бол десеңші...». Сыртанов мырзаның сөздерін Қопал уездной начальнигі, полковник Лебедев қуаттап еді. Жалайыр болыстары «шоқындырғалы жүр» деп, болмай тарқады», - деп жазыпты.

Ақсу өңіріне 1913 жылы Барлыбек Сыртанов ақын Әсет Найманбаевты шақыртып келтіртеді. Әсетке А.Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасын орысшадан жолма-жол қазақшаға аударып оқып беріп, «Татьянаның хаты» деген қазақша туынды шығартады. Туындыны ақын Қуат Терібаев пен Сәкен Шәріпов жаттап алып, халыққа таратыпты.

1914 жылы Қопал уезіндегі «Мамания» мектебінде 31 наурызда орысша емтихан өтеді. Оқушылардың білім деңгейін тексеру үшін емтиханға Барлыбек Сыртанов қатысыпты.

Барлыбекке жазған бір хатында Бақытжан Қаратаев: «Меніңше жалғыз сен ғана халықтың сеніміне ие болдың. Жалғыз сенің ғана «халық үшін еңбек еттім» деп айтуға қақың бар», - деп ерекше ілтипат білдірсе, «Очерки национального-освободительного движения в Средней Азии», Ташкент, 1925 жыл, Е.Федоров:  «Қазақ әлеуметтік-саяси  ахуалынан «Айқап» журналына күрделі мәселелерді «Алатау баласы», «С.Б.Алашинский» деген бүркеме атпен жазып шығарған - Барлыбек Сыртанов», - деп жазады.

Қазанама. Барлыбек Сыртанов 1914 жылдың 26 қарашасында ауыр науқастан, мезгілсіз Мұхамеджан салып берген үйде қайтыс болады (Бұрған). Ата қорымы «Бөлек» деген жерге жерленеді. Кәке Сыртанов, Мұхамеджан Тынышбаев: «Денсаулығын аямай жүріп, жөтелін ұлғайтып алды. Сол жөтел 48 жасында ата-анасы, бала-шағасы, аға-інілері көзінше Барлыбекті алып кетті.

«Айқап» журналына:  С.Қиясов, шәкірті М. Тынышбайұлы «Барлыбек Сыртанов» атты қазанама, Жүсіпбек Басықараұлы «Барлыбек марқұмды еске түсіру» естелігі басылады. 1914 жыл. «Қазақ» газеті, «Барлыбекті (Сыртанов) ұмытпасқа» Әлихан Бөкейханов:

Су сылдырлап, жел гулеп, күн шуақтап,

Жылылықты, достықты тұрсын мақтап.

Өңген-өскен жақсы деп емен ағаш,

Теңселіп айтып тұрса, ол шалқақтап, (Абай)

Қош, қарағым, Бәке, қабірің осындай болсын!- деген қазанама жазады.

«Қазақ» газеті, 1916 жылғы №184 санында: «Мамырдың 25-і күні Қопал уезінде атақты Сыртан батыр дүниеден қайтты. Жас күнінен Сыртанның батырлық атағы шығып, балалары Барлыбек, Тұрлыбекті жаңаша орысша оқуға беріп, марқұмның есімі көп жұртқа жайылды. 1914 жылы 26 қарашада Барлыбек опат болды. Былтыр, 1915 жылы жаздыгүні неше жылдай науқас болып, Керімбек деген үлкен баласы опат болды. Енді батырдың өзі де дүниеден қайтты», – деп жазыпты.

Барлыбектің ұрпақтары:  әйелі - Сарытау болысы қазағының қызы Еркежан  (1868-1942 ж.ж.) Аталыққызы (Төлеңгіт). Қыздары: Зүбайда – 1892 жылы 10 қаңтарда туған, Бибилатипа – 1895 жылы 15 қазанда туған, Бибиқанипа – 1903 жылы 8 ақпанда туған, Бибисалиқа – 1904 жылы 23 желтоқсанда туған. Ұлдары: Әбдүлқадыр (Кәке) – 1898 жылы 21 шілдеде туған, Дәрібек – 1900 жылы 17 ақпанда туған, әйелі: Гүлсім Юсупқызы Янгалышева, Қызырбек – 1901 жылы 25 қазанда туған.

Семиречье облыстық басқармасының коллеж регистраторы, тәржімеші Тұрлыбек (Тұрдыбек) Сыртановтың қызметтік өмірбаяны:

Тұрлыбек Сыртанов маусым айында 1860 жылы туған. Верныйдағы ер балалар гимназиясында оқып, 4 класын бітіріп, № 697 куәлігі берілген.

1893 жыл 11 мамырдан Сергиопаль (Аягөз) уезд басқармасына жұмысқа жіберілген. 1893 жыл 23 қыркүйекте № 258 бұйрық бойынша тәржімеші қызметіне кіріскен. 1893 жылы 1 қазанда Тұрлыбек Сыртанов 1891 жылы 25 наурыздағы Дала заңы бұйрығына байланысты Семиречье облысының тәржімеші қызметін атқарады. Әскери губернатордың 1894 жыл 23 желтоқсан, № 285 бұйрығы бойынша әскери губернатор Омбыға іс сапармен барғанында қасына тәржімеші әмбе қорғаушы қылып ертіп алады.

Семиречье облысы әскери губернаторының № 4435 бұйрығы, 1895 жылы 22 тамызда іс сапармен келген ерекше тапсырмалар стат кеңесші, шенді Малишевскийді Верный уезі, Сарытауқұм болысына Тұрлыбек Сыртанов кіші кеңесші болып апарады. 1895 жыл 20 қазан № 5433 бұйрығы бойынша іс сапармен келген стат кеңесші Малишевскийді қылмыстық істер тексеруге Малыбай және Батыс-Қастек болысына апарады. 1896 жылы 14 мамырда императорды коронациялауға Мәскеуге барады. Семиречье облысының әскери губернатордың № 342, 1899 жыл, 12 қазандағы Семиречье облысы Түркістан генерал-губернатоствасына қосылу бұйрығымен (оны 11 маусымда 1899 жылы Министрлер комитеті бекіткен) Тұрлыбек Сыртанов 1 шілдеден бастап әскери қызметпен Түркістан аймағының әкімшілік полицей басқармасына қызметке ауысады. Семиречье облысы әскери губернаторы № 359, 1900 жыл, 12 қыркүйектегі бұйрығымен Тұрлыбек Сыртанов Жаркент отрядының бастығы болып тағайындалады. Жоғарғы әскери ведомствасының 1903 жыл, 29 маусымдағы жарлығымен Тұрлыбек Сыртанов сіңірген еңбек қызметі үшін, Семиречье облысы әскери губернаторы № 392, 1903 жыл, 29 шілдедегі бұйрығымен коллеж регистраторы шенін алады. Науқасына байланысты 1905 жылы 24 сәуірде Семиречье облыстық басқармасының тілмаштық қызметінен босайды. Мемлекеттік қызметте 11 жыл 4 ай 13 күн жұмыс істеген. Қызметі үшін алатын зейнетақы мөлшері жылына 114 сом 30 тиын деп белгіленеді. Кейіннен алатын зейнетақысын жылына 214 сом 50 тиынға көтереді. Әйелі: Боранбайұлы Сазанбайдың Алтын есімді қызы. Балалары:  Шеһеризада – 1888 жылы, 1 қарашада туған, Бибинұр – 1896 жылы, 2 ақпанда туған, Бибируфия – 1900 жылы, 7 қыркүйекте туған.

Дерек көзі: 1905 жылы ақпан айында жазылған.

Марапаттары: Жоғарғы Сенаттың арнайы жарлығымен Тұрлыбек Сыртанов 1896 жылы 26 ақпанда Александр ленталы күміс медальмен, Императорды коронациалауда 1896 жылы 14 мамырда күміс медальмен марапатталады.

Император құзыретімен Халық санағы науқанына 1897 жылы 30 қаңтарда белсенді жұмыс атқарғаны үшін мемлекеттік лентада орналасқан қола төс куәлігі № 68662 медалі және император Александр-ІІ күміс медалімен, шыңжырлы алтын сағат және 1897 жылы 9 желтоқсанда Дала генерал-губернаторының № 7358-лі, 30 желтоқсанда Семиречие облысы әскери губернаторының № 6702-лі куәлігімен марапатталады.

Ғалым-тарихшы Мирас Әбдраһимнің «Семереченские ведомости» газетінің «Туземная отдел» бөліміне жазылғанынан тапқан мәліметі.

Барлыбек Сыртанов Ахметкәрім Зейнуллин деген азаматпен бірге Қазан қаласынан араб қаріптері бар баспахана құралдарын алдыртып, «Семиреченские областные ведомости» газетінен қазақтарға арнап, «Туземный отдел» деген бөлім аштыртады. «Семиреченские ведомости» газетінін «Туземный отдел» бөлімінде жарыққа шыққан материалда:

Бұйрық № 536, № 537. Сыртан Бокиннің шағымы бойынша іс қаралып, 18 желтоқсан 1904 жылы қызметінен алынған болыстар:

  1. Қопалы уезінің тәржімәшісі - Әбіш Нұржанов (татар).
  2. Көлдей-Жұмай болысы - Бекберген Байгөбеков,
  3. Сарытау болысы – Айтжан Керейбаев,
  4. Төменгі-Ақсу болысы – Даданбек Тонтаев,
  5. Бүйен-Ақсу – Асылбек Бұғытаев,
  6. Ақешкі болысы – Тоғысбай Амандосов,
  7. Басқан-Сарқан болысы – Қанабек Шиырбаев,
  8. Арасан болысы – Құдайберген Тұрысбеков,
  9. Бүйен-Қоянды – Бекіш Былшықов.                                                   

Жемісбек Толымбеков, өлкетанушы

Талдықорған қаласы

Abai.kz

0 пікір