Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 2264 4 пікір 14 Желтоқсан, 2022 сағат 14:23

Ресейдің ғарыштық фиаскосы

Ресейдің «Космос 2560» барлау спутнигі өз-өзін жойды. 16 қазанда Ресей жұмыс істемейтін «Космос-2560» әскери спутнигін орбитаға шығаруға әрекет жасады. Бір-екі ай жұмыс істегеннен кейін құрылғы атмосфералық кеңістікке еніп, жанып кетті.

Бұл оқиға туралы ақпаратты Джонатан Макдауэлл Twitter-де бөлісті. Ол дәл осындай сериядағы спутниктің бұрында да жанып кеткенін хабарлады. «Биыл қазан айында ұшырылған Ресейдің «Космос 2560» әскери спутнигі 10 желтоқсанда атмосфералық кеңістікке оралды. Ол бұрынғыдай орбитаға шығарылған жоқ», - деді ғалым.

2022 жылдың 16 қазанында Ресей Қорғаныс министрлігі «Космос 2560» спутнигін орбитаға сәтті ұшырғаны туралы хабарлағаны белгілі. Осы мақсатта Плесецк ғарыш айлағынан «Ангара 1.2» зымыран тасығышы ұшырылды. Ресми дереккөздер ұшыру мақсатына қатысты толық мәлімет бермеді.

Алайда кейінірек құрылғы оптикалық бақылау жұмыстарын жүргізуге арналғандықтан, құпия режимде іске қосылғаны белгілі болды. Бұған дейін БАҚ-та осыған ұқсас спутниктік модель бір ай жұмыс істемей, 2022 жылдың 19 мамырында атмосферада өртеніп кеткені туралы ақпарат тараған болатын.

Былтыр белгісіз біреулер Байқоңыр ғарыш айлағына кіріп, аяқталмаған «Буран» ғарыш кемесінде хабарлама қалдырды. Бұл туралы 26 мамырда РИА Новости агенттігі Telegram-да хабарлады.

Белгісіз адамдар кемеге «Юра, біз келдік!» деп жазып кеткен. Тағы бір жазбада: «Адам жұлдыздарға көтерілмей тұрып, жер бетінде өмір сүруді үйренуі керек!» делінген.

Оның астында Shots, Руслан, Андрей және Burs деген қолтаңбалар қалдырылған.

1961 жылғы 12 сәуірде адамзаттың ғарышты игеру дәуірі басталды. Сол күні «Восток» зымыран тасығышы ғарыш кемесін орбитаға алып ұшты. Юрий Гагарин ұшқан зымыранның ұшуы сәтті өтті. Ал ол қонғаннан кейін Юрий Гагарин бүкіл әлемге әйгілі болды. Сол кезде КСРО және оның социалистік саяси-экономикалық жүйесі өзінің мықтылығын дәлелдеуге барлық жағынан қадам жасады.

Алайда, қазіргі Илон Масктың және басқа да жеке америкалық ғарыштық компаниялардың, соның ішінде «SpaceX-тің» жетістіктері «Роскосмосты» қатты алаңдатып отыр. Масктың алғашқы зымырандары «Falcon 1» (2006 жылы ұшырылған) және үлкен «Falcon 9» (2010 жылы ұшырылған) мүмкіндігінше экономикалық тұрғыдан тиімділігі ескеріліп жасалған.

Илонның мақсаты – бәсекелестердің зымырандарына қарағанда әлдеқайда арзан зымыран жасау болды. Содан кейін «Falcon Heavy» (2018 жылы) іске қосылды.  Бұл зымыран өзіне ең жақын деген бәсекелестеріне қарағанда, орбитаға жүкті екі есе артық көлемде шығара алады, ал оның құны үш есе арзан.

Осыдан кейін, «SpaceX» «Super Heavy-Starship» жүйесін, одан да жетілдірілген нұсқасын жариялады. Ол жердегі қалалар арасында жылдам тасымалдауды және Ай мен Марста базалар салуды қамтамасыз етуге арналған еді.

Сонымен қатар, «SpaceX» компаниясы «Dragon» ғарыш кемесін жасады. Ол жүктерді Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) жеткізе алатын және бір мезетте жеті ғарышкерді алып ұша алатын болды.

Ресей Украинадан Қырым түбегін тартып алғанда, АҚШ Ресейге қарсы ауыр санкциялар һәм тыйымдар салды. Сол тұста Ресей үкімет басшысының орынбасары болған, беріде «Роскосмосты» басқарған Дмитрий Рогозин: «Біздің зымырандар болмаса, америкалықтар ғарышқа «батутпен» шығады», - деген еді. Бірақ арада бірнеше жыл өткенде Илон Маск ресейлік Рогозиннің айтқанын өзіне еселеп қайтарды.

Илон Маск 2019 жылы наурыз айында «SpaceX» жобасы аясында жасалған ғарыш кемесімен америкалық ғарышкерлерді ғарышқа аттандырды. Енді АҚШ-тың Ұлттық аэроғарыш агенттігі NASA Ресейге тәуелділіктен құтылды.

Ресей осыған дейін әрбір ғарышкердің ұшуы үшін 80 миллион доллар сұраған. Ал Илон Маск бұл тәуелділіктен құтылудың жолын ойлап тапты. Масктің зымырандарын бірнеше мәрте пайдалануға болады.

Жуырда «SpaceX» пен «Tesla» компаниясының басшысы Илон Маск әлемдегі ең бай адам атанды. Оның байлығы 185 миллиард долларға бағаланған. 2019 жылдың басында Маск әлемдегі ең бай адамдар тізімнің алғашқы 50-не кірген.

Оның дәулетінің күрт өсуі «Tesla» акцияларының өсуіне байланысты болды. Компания акцияларының бағасы тоғыз есеге көтерілді. Компанияның бағалы қағаздары бір акция үшін 799,6 долларға саудаланады, ал капиталдандыру 757,6 миллиард долларды құрады.

Бұл ақшаға «Ford», «General Motors», «BMW», «Volkswagen», «Fiat», «Chrysler» сияқты автокөлік компанияларын сатып алуға болады. Тіпті одан бөлек, «Ferrari» сатып алуға да ақша қалады екен.

Ақпарат көздеріне сенсек, Маск ақшаның көп бөлігін Марста база құру үшін жұмсамақ. Бұл таң қалатын жайт емес. Осыған дейін, Маскті АҚШ ғарыштық бағдарламасының ауқымды болмауы қынжылтса, сол олқылықтың орнын толтыру үшін ол «SpaceX» компаниясын құрды. Маск әлемдегі ең арзан ғарыштық зымырандарды жасау үшін бизнес ашты, қазір оның компаниясы жердегі ғарыштық зымырандардың 60 пайызын ғарышқа шығарады екен.

Маск сондай-ақ, адамзаттың жанармай (мұнайдан) отынынан алшақтауын жылдамдатқысы келетіні жасырын емес. Соған байланысты ол әлемдегі жетекші электромобиль өндіруші «Tesla» компаниясын құрды.

«Morgan Stanley» инвестициялық банкі өткенде (қазан айында) «SpaceX-ті» 100 миллион долларға бағалапты. Аталған компания ғарышқа ұшу нарығында ойын ережелерін өзгертті. Осылайша АҚШ-тың ғарыштық бағдарламасы жаңа серпін алды.

2020 жылы Масктің «Crew Dragon» ғарыш кемесі алты ғарышкерді Халықаралық ғарыш станциясына ұшырды. Бұл АҚШ-тағы «Шаттл» бағдарламасы аяқталған 2011 жылдан бергі алғашқы ірі бағдарлама болды.

Айтпақшы, 2021 жылы 20-22 мамырда «Новое знание» ресейлік телемарафонында Tesla, Space X негізін қалаушы Илон Маск сөз сөйледі. Іс-шара 20-22 мамыр аралығында Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Нижний Новгород, Сочи, Владивосток, Новосибирск және Калининградта өтеді. Ол Ресейдің «Знание» қоғамының сайтында жазылған еді. Осы шараға Роскосмостың басшысы Рогозин (қазір басқа жұмысқа ауысты) шақырылған жоқ.

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5512