Сенбі, 23 Қараша 2024
Ғибырат 1902 1 пікір 19 Желтоқсан, 2022 сағат 12:39

90-ның төрінде

Көзі қарақты қазаққа іштей де, сырттай да жақсы таныс қаламгер Уахап Қыдырханұлымен 1962-1964-жылдары Шығыс Қазақстан облыстық «Коммуниз туы» (бүгінгі «Дидар») гәзетінің редакциясында бірге қызмет істедік. «Мәдениет және тұрмыс» бөлімінің меңгерушісі Уахап Алматыға көшіп, «Социалистік Қазақстан» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») гәзеті редакциясына  орналасты. Редакцияның жауапты хатшысының орынбасары болып жүрген мені де Алматының дәмі тартып (1966-жылы), «Қазақ әдебиеті» гәзетінің редакциясына келіп, қатардағы әдеби қызметкер болдым.

Екеуіміздің достық құшағымыз суымай жүргенімізге 60 жыл!

Тағдырдың тауқыметіне тап болған Қыдырхан әулеті 1933-жылы, Уахаптың 1 жасында, Зайсаннан ауып, Қытайдан пана тапқан. Сонда, Шығыс Түркістанда, ержеткен Уахап ол жақтағы қазақтардың тірлігіне араласып, мүмкіндігінше жәрдемдескен. Олардың атамекенге оралар алғашқы көшін ұйымдастырысқан.

1955-жылы елге оралып, қазіргі әл-Фараби атындағы ұлттық мемлекеттік университеттің журналшылар факултетіне оқуға түсіп, тәмәмдап шыққан соң «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») гәзеті редакциясына орналасқан. Одан «Коммунизм туына» келіп, бөлім меңгенушісінің орынбасары, меңгеруші болды.

Уахап әдеби жолын өлеңнен бастады.1960-жылы жас ақындардың «Жырға сапар» жинағында бір топ өлеңдері жарық көрді.

Жас жазушының алғашқы «Ант» хикаяты «Жол басы» атты ұжымдық жинаққа енді. «Шаңқай түс», «Таң нұры», «Тасқайнат», «Алтын ай» атты әңгіме-хикаяттар жинағының, «Сағыныш саздары» атты диаспоралық шежіре кітаптың, басқа да кітаптардың (жиырма шақты) авторы. Орыс және түрік халықтары тілдерінен бірнеше кітап аударған. 1991-жылы Құран Кәрімді Қазақстанда қазақ тіліне алғаш аударды. «Құран Кәрімді ана тіліме аударғаным – ең басты еңбегім, халық алдындағы бірінші парызымды өтегенім!» - деді Уахап, шынайы шүкіршілік сезіммен.

Қаламгер-тарихшының Өр Алтай қазақтарының тарих-тағлымдары арқылы тұтас ұлт тағдырын аңғартқан тарихи-деректік қос кітабы – «Әттең «Алтай», «Марқакөл» 2008-жылы жарық көрді.

Уахаң Халықаралық әдеби «Алаш» силығының иегері. Журналистер Одағының сыйлығымен үш мәрте марапатталды. «Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері», «Құрмет белгісі» орденін алған. «Зайсан қаласының  Құрметті азаматы».

Мінез-құлқының қарапайымдылығының, ат-атаққа, сый-сияпатқа   ұмтылмайтын ұстамдылығының «арқасында» өзіне тиесілі сыбағадан құр қала беретін Уахаптың  азаматтық ұстанымы, жазушылық дарыны, халықаралық «Шалқар» (бұрынғы «Біздің Отан») гәзетінің  бас редакторы болысымен (1965 ж.) халқымыздың көне тарихын, көркем өнерімізді, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды насихаттаудағы, өзімізде «ескіре» бастаған Наурызымызды жағырту-жаңартудағы, шет елдердегі қазақтарымызбен байланысты нығайтудағы («Шалқар» гәзеті әлемнің 30 еліне 40 мың дана болып тараған)  еңбегі зор. Қиырлардағы қандастарымыз гәзетке елге оралу жөніндегі ой-пікірлерін, өлең-жырларын, әңгімелерін жолдап, гәзет оларды жариялап тұрды. Шетке кете барған байырғы «Аушадияр» жырымыз да бізге сол жолмен  оралды.  Әңгімеміздің ауанына орай бірнеше шумағын оқылық:

АУШАДИЯР - бір болар,
Жаманның көңілі кір болар.
Ата-анасын силаған
Ақ шалмалы би болар.
АУШАДИЯР - екі дер,
Ержеткеннің еркі дер.
Омырауы толған түймелер,
Қыз баланың көркі дер.
АУШАДИЯР - үш болар,
Атан түйе күш болар.
Екі жаман қосылса,
Өмірбақи өш болар.
АУШАДИЯР - төрт болар,
Жарыңның қойны өрт болар.
Екі жақсы қосылса,
Өмірбақи серт болар.
АУШАДИЯР - бес болар,
Жақсы жарың ес болар.
Жаман жарға кез болсаң,
Қайғыменен кеш болар.
АУШАДИЯР - алты дер,
Бұрынғының салты дер.
Ағайынмен өш болсаң,
Берекесіз халқы дер.
АУШАДИЯР - жеті дер,
Ер тілеуін ел тілер.
Ел ішінде ерлердің
Уəделі серті дер.
АУШАДИЯР - сегіз де,
Су аяғы теңіз де.
Екі жақсы қосылса,
Өмірбақи егіз де.
АУШАДИЯР - тоғыз де,
Күй төркіні қобыз де.
Жаудан қашқан  жігітті
Жорғалаған қоңыз де.
АУШАДИЯР - он болар,
Қой терісі тон болар.
Көптің қамын ойласаң,
Қылған ісің оң болар.


Ертеде қазақта Аушадияр атты хан болыпты. Сол тұста тараған, санамалап айтылатын бұл өсиет-жырдың шет елдердегі қазақтарда 50 шумақтан асатын нұсқасы да бар деседі...

«Бір сырлы, сегіз қырлы» жазушының сезімі сәулелі, шуақты. Көсемсөз болып құйылып, ақ өлеңге айналып, аса айшықтанып кететін сәттері көп. Ол шеберлік қасиеті барша туындысында тұнып, тұщындыра танылып тұр. Мысалы, «Қуан, Қазақ!» деп атаған сүйінші лебізінен үзінді:

«Қуан, Қазақ! Қуанатын күн бүгін. Қунап алар құдіретті туды күн. Сарайың толсын Сахарадан ескен самалға, күн нұры қонсын күңгірттеп қалған жанарға. Биіктегі жаудырап тұрған жұлдызды көсіліп жатып санауға – кең түріп таста Тәуелсіз үйдің түндігін!

Егемендігіңді, егей елдігіңді, ерік-теңдігіңді, кемелденуіңді, кемерленуіңді Заңмен алдың бекемдеп. Ойлама енді, әлі де өгей екем деп. Ұлттық салтың, халықтық қалпың – бәрі де Заңмен қорғалды. Қайтадан таптың қасқайып алға тартатын Қасым хан салған даңғыл да даңқты жолдарды. Ескіріп қалған Есімнің жолы жаңарды. Серпілді санаң, саяси аспан ағарды. Екшеліп елдің бергісі мен арғысы, тасадан шықты Тәукенің «Жеті жарғысы»! Атаңның салты, ұлтыңның нарқы тоғысып, заманға үйлес заңғар бір құжат жасалды. Қолыңа ал да осынау ұлы канонды, Абылай болып қорғай біл ұлы қамалды!

Ұлтыңның үні ілгері шықты ұрандап. Тілі жоқ халық қалайша елдік құра алмақ?! Жаһанға жар сал өзіңнің ана тіліңмен, даңқыңды жеткіз халықтық қоңыр үніңмен! Қазақ қып өсір ұлың менен қызыңды, бояусыз көрсет қазақы нұрлы жүзіңді! Тайсалма, туыс, Тәуелсіз болдың сен толық, бодандық бұғау біржола енді үзілді. Түрікстандағы тайқазаныңды көтеріп, Қазақша дәмде ақ наның мен тұзыңды!..  Қуан, қазақ! Қуанышты күн бүгін! Қорғаламай қорғанатын, Ұлы істерді қолға алатын туды күн!» деп шаттанды, 1994-жылы, Атазаңымыз алғаш қабылданғанда. Қарасөзбен жазылған жыр!

Қадірлі қажы Уаха! 90 жыл жасаған адамға құдайдың қалауымен есепке түзу енді бір 10 жыл жасау көп болмағай! Қаламыңды әлі де бекем ұстап, немере-шөбере-шөпшектеріңнің тек жақсылығын көруіңе сені құрметтеуші баршамыз тілектеспіз!

Өкшеңді басып келе жатқан досың Ғаббас (Қабышұлы).

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5493