Журналистке жала жабылмасын!
Қазіргі таңда біз «Әділетті Қазақстан» қоғамын құруға талпынып жатқанымызда көңілді күпті қылатын кей жайлар маза бермейтіндігі бар. Бізде әлі де болса, қоғамымызда ашықтық пен әділдік жетісе бермейтін секілді.
Бір ғана факті. «Время» газетінің тілшісі Михаил Козачков деген азаматтың басына іс түскені қатты алаңдатып отыр. Оның үйіне тінту жүргізіліп, өзіне «рейдерлікке қатысып, біреулерді бопсалап, мол көлемде ақша алған» деген айып тағылып, абақтыға қамалды.
Менің онымен туыстығым да жоқ, таныстығым да шамалы. Алайда, оның аталмыш газет пен телеграмм-арнасындағы аса өзекті мақалалары ешкімді де бей-жай қалдырмады. Әсіресе, сот жүйесіндегі былық-шылықтар, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, тамыр-таныстықпен жайлы орындарға жайғасу, туған-туыстарды жоғары мансапқа сүйрелеу секілді жиркенішті жағдайлар бүкпесіз ашық жазылды.
Мұның сыртында Алматы облысындағы сандаған казиноларға жоғары лауазымды шенеуніктердің ондаған емес, жүздеген миллион теңгені еш қымсынбастан ұтқызып, дым болмағандай тайраңдап жүргендігін ашып көрсеткендігінің өзі неге тұрады? Мұндай турашыл журналист кімге жағушы еді? Мүмкін, мәселенің өзі осыған тіреліп тұрған шығар? Кезінде, өзге түгілі, Қазақстан Журналистер олағының төрағасы Сейітқазы Матаевты баласымен бірге жалған айыппен түрмеге тоғытқандығын ешкім де ұмыта қойған жоқ. Бұл да сондай жағдай еместігіне кім кепілдік бере алады?
Айтпақшы, ұлты украиндық бұл азамат Ресейдің басқыншылық саясатын ашық сынап, қашанда өз пікірін еш қымсынбай, ашық айтып жүретін. Мүмкін, соның да салқыны тиіп кетті ме, кім білсін?..
Біз, әрине, Козачковты «судан таза, сүттен ақ» деп отырған жоқпыз. Болмаса, анау зерттеу жүргізген қаржылық бақылау агенттігінің таққан айыптарының бәрі жалған деуден де аулақпыз. Біздіңше, мұндай жағдайлар ашық та әділ тексеріліп, шындық салтанат құруы тиіс. Сонда ғана «Жаңа Қазақстанға» деген сенім нығаяры сөзсіз.
Жайберген Болатов
Abai.kz