Сенбі, 28 Қыркүйек 2024
Әне, көрдің бе? 3057 5 пікір 21 Желтоқсан, 2022 сағат 13:15

Жаңа партиялар қайдан шықты?

Сонымен Назарбаев заманынан қалған саяси сең бұзылды. «Да, конец то» екі партия тіркелді. Оның бірі - Азаматхан Әміртай мырзаның басшылығындағы «Байтақ» жасылдар партиясы болса, екіншісі - Сырымбек Тау, Қуаныш Шонбай бастаған танымал кәсіпкерлер құрған «Respublikа» партиясы.

Тілшілерге сұхбат берген Азаматхан мырза: «Біз Байтақтықтар 2015 жылы экологиялық қозғалыс құрып, соның негізінде партия құрып отырмыз. Партия құру жөніндегі алғашқы ұйымдастыру комитеті 2019 жылы шақырылған. Сол уақыттан бері партиямызды тіркетуге құжат тапсырып келдік. Жалпы, 18 рет тіркелуге талпыныс жасаппыз.

Соңғы рет 23 тамызда құжат тапсырып, 24 қыркүйекте құрылтайшылық сьезін өткізуге рұқсат алдық. Енді міне, мемлекеттік тіркеуден өттік», - деп ағынан жарылды. Өзі айтқандай тіркелу барысы қиынға соққанымен, Қазақстанда экологиялық мәселелерді қаузайтын партияның биліктің батасын алуы кездейсоқтық емес екені белгілі.

Қазақстандықтарға экологиялық қозғалыстар таңсық емес. Оның бастауында Горбачевтың «Қайта құруы» кезінде «Невада-Cемей» қозғалысын құрған кеңес ақыны Олжас Сүлейменовтің тұрғаны жұртқа мәлім. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Олжас ақын Нұрсұлтан Назарбаевқа бірден-бір қарсылас болды. Қоғамға ықпалы Назарбаевтан артық болмаса, кем болған жоқ. Қырғызстаннан келіп, «Невада-Семей» қорының есеп қисабын басқарған Машкеевичтің қысқа уақытта Қазақстандағы миллиадерлердің көшін бастап, бір кезде Азат Перуашев төраға болған «Азаматтық» партиясының құрылуына мұрындық болғаны жұрттың көз алдында.

Олжекең елші, ерекше уәкіл болып шетелге кеткеннен кейін экологиялық қозғалыстың көрігін Мэлс Елеусізов қыздырды. Өзі басшылық еткен «Табиғат» ұйымының арқасында президенттікке үміткер атанып, Назарбаевтың орнынан дәмелі болды. Партиясы тіркелудің алдында Азаматхан мырзаның экологиялық қозғалыстың көш басында тұрған Олжас Сүлейменовтен, қоршаған ортаның түйткілдерін парламентте көтерген экс депутат Оразалы Сәбден, Ирак Елекевтерден қазақы жолмен бата алуы көңілге қонымды жүріс.

Ал бірнеше айдың алдында ғана партия құратынын мәлімдеген кәсіпкерлердің бастамасының билік тарапынан бірден қолдан тауып, саясатта шашы ағарғанша партиясын тіркете алмай жүргендердің алдын орап кеткені бізге түсініксіз. Негізі олардың орыны Парламетте емес, Үкіметте болуы керек еді. Бір білетініміз аталмыш кәсіпкерлер Алматыда Тоқаевты қолдауға арналған үлкен шоуда ерекше белсенділігімен көзге түскен.

Кезінде Назарбаевтың қолдау штабының сайлаудан соң «Отан» партиясына айналғанын, артынан «Нұр Отан», «Аманат» болып Парламетте үстем орынын сақтап келе жатқанын білеміз. Ақорда стратегтері «Елдің бәрі демократиялық партия құрғыш, мына бір жігіттердің респубикалық партия құру талпынысы қолдауға тұрарлық екен, Америкадағыдай бізде де республикашылдар партиясы болсын», деп батасын берген тәрізді.

Сонымен өз ойымыз Жаңа Қазақстандағы саяси партияларды жаңарту үрдісі, келесі жылғы Парламентке дайындық аяқталды деп санаймыз. Десе де, сайлау таяғанда Президент сайлауында бейтаныс кандидаттардың көз қарықтырғаны сияқты, мәлім-беймәлім партиялар лек-легімен бой көрсетуі, додаға қосылуы мүмкін. Бірақ көптің назары саяси партиялардың бәсекесіне емес, өзін-өзі ұсынатын мемлекетшіл тұлғаларға Парламентке баруға орай жасалуына, саяси реформалардың нақты көрініс табуына ауатыны белгілі.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

5 пікір