Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 4074 1 пікір 23 Желтоқсан, 2022 сағат 13:59

Таңжарық көрген тарихи кезең

ӘЙГІЛІ АҚЫН ТАҢЖАРЫҚ ЖОЛДЫҰЛЫН ЕСКЕ АЛҒАНДА

Мағазбек Миянұлы Шарафи

Байқасаң Іле жердің ортасындай,
Егерде дене болса қолқасындай.
Тауы алтын, тасы күміс, ағашы жез,
Сулары еркек қойдың сорпасындай.

Іленің басы Күнес жылжып аққан,
Қосылған әрбір бұлақ әр тараптан.
Қасында шапқы деген бір өзен бар,
Ағыны артығырақ шапқан аттан.

Қас деген сол жағында бір сіңілісі,
Баладай асау мінген жалпаң қаққан.
Жырғалаң, Көксу, Текес оң жағында,
Текыртіп мас адамдай атқа шапқан.
Қосылып бәрі келіп бір Ілеге,
Аптығын сонда басып тыным тапқан, –деп басталатын ұзақ толғауы Іле туралы түсінікті айқандай түседі.

Бала Таңжарық

Ақын Таңжарық Жолдыұлы 1903 жылы туып, 1947 жылы қайтыс болады. Осы қысқа өмірінде қыруар шығармалар жазып артына өшпейтін өнеге, із қалдырып, нағыз адамдық қасиеттерін әйгіледі. Ақынның осы қысқа өмірі ақиқатпен қатыгездіктің шиленіскен, құлдық езгінің арпалысына тура келсе де кеудесінен атылып шыққан өлеңдерін тоқтата алған жоқ. Әдеби шығармалары, дастандары, өлеңдері халықтың жүрегінде сақталып келеді. Біртуар дарын иесі осылайша артына өлмейтін із қалдырып кетті.

Ол әдеттегі ауылдан аспаған ақын емес. Таңжарық шығармалары ұшан-теңіз дарядай ағыны күшті, өміршең туындылар. Ақынның жазған шығармалары, өлең-дастандары халық жүрегінің терең түкпірінен орын алып, азаттықтан бұрын аздап баспа бетін көрсе де, кейінгі жиырма жылдан аса уақыт солшылдық идеяның кеселінен ақындызялылар қатарында сары ізіне шырақ алып қарсы тұрған, «көненің қалдығы» деп қудалаған. Сол тұста Халық ішіндегі шығармалар жиналмай аяқсыз қалған. Сөйтіп, жылдар аунап, 1978 жылдың аяғында халықтық сипатқа ие, Қытай компартиясының 11 кезекті үшінші жалпы мәжілісінен кейін яғни 1980 жылдан бастаған нақақ, жалған, қате идеялар анықталып, әр ұлт халқы өзінің жолымен жүруі керек деген сөз барынша айқындалып әр ұлттың оқу-ағартуы, тарихы, әдебиеті, мәдениеті салт-санасы, әдеп-ғұрпы, ділі, діні қалпына келіп, өндіріс жауапкерлік түзімі атқарылып, әр ұлттың, әр адамның жауапкершілік түзімі өзіне беріліп, халықтың көкейтесті арманы орындалған еді.

Халыққа күн сәулесі түскен жылдарды ұмытуға болмайды. Міне осындай жақсы саясаттың арқасында әр ұлт халқы оның алғабасарлары, жол бастаушылары өзінің қазақ халқына тән оқу-ағаруды кемелдендіру арқылы тарихи құндылықтарды іздей бастады.

Қазақ әдебиетін, мәдениетін, шежіресін жинау, реттеу кемелдендіру  ұлыт болып тұрудағы құндылық екендігін танып жетті. Осы қатарда Таңжарық шығармаларын жинау жоғары өреге көтерілді.

Міне бұл 1980 жылдар іші болатын. Бұған ат салысқан адамдардан Оразанбай Егеубай, Жақып Жүнісұлы қатарлы зерттеушілердің еңбегі зор болған. Осы кезде Таңжарық жоғары өрелі құрдастар, замандастары Таңжарық ақынның хатшысы болған замандастарының көбі көзі бар тірі кезі еді. Ақын шығармалары халқына жағымды болғандықтан өлеңдерінің көбі халықтың көкейінде сақталып жатталып қалған. Тіпті нақтылы білетін адамдардан жазып сызып, біреуден енді біреуге тез таралып кеткен.

Әйгілі ақын Таңжарықтың өлеңдерінің халық жүрегінде көбірек сақталып қалуы – Таңжарық заманының адамдарын баурап алғандықтан іздеп жүріп қол жазбаларды көшіріп қолдан қолға өткізіп кеткенінен еді. Халық аузынан жиналған өлеңдерді баспа беті бірін бір, екісін екі Іле халық баспасына жарялап отырған. Осындай тырысшаңдықтан көптеген өлең дастандары халық аузынан жинап баспа бетінде халықпен қайта жүздесіп отырғандықтан, осылай іздеудің арқасында 2000 жылдарға дейін әйгілі ақын Таңжарықтың 3 томдық шығармалары жиналып кемелденіп баспадан шыңып, жұртқа таратылған болатын.

Ақын 43 жылдық қысқа өмірінде «Сәнуар патша», «Нәзгиүл», «Садық пен Сәлиха», «Молда мен бақсы», «Бөрі мен Бөрібасар», «Шын тілек», «Арманым менің», «Кім жатыр абақтыда», «Елге амандасу», «Жерге амандасу», «Ел сыры», «Сады еліне», «Алпысбай ақалақшыға», «Түрме халы», «Түрме тарихы», «Жігітті сұлу көрсеткен», «Ақын сыры», «Өткен күн», «Кілтшіге», «Анар сәуле» сияқты көптеген әйгілі шығармаларын кейінгі жұртқа қалдырды.

Дегенмен, бұл туралы менің де білмейтіндерім қаншама? Ақын шығармаларын айтып таусу мүмкін емес. Әйгілі ақын Таңжарықты туада біткен қасиеттерден кенде емес, қайта бөлекше дарыны мол деп қарауға болады. Оған қоғам және заман ағыны қосылып адам өзін ұштай түсуіде де бір жетекшілік рөл ойнайды.

«Ойшылдық, сезімталдық, зеректік» ана сүтімен бітетін қасиет деп зерделейді ойшылдар.

Дарындылық дами келе, есейе келе, жүре-жүре адамдық өреге жететіндігі даусыз ақиқат. Әйгілі Таңжарық ақын алып тұлға. Ақынның алыптығы бала жасынан-ақ білінген. Туада біткен алымды, дарынды, қайтпас қайсарлығын байқаған әкесі Жолды оны өз ауылындағы  Мыңбай молдадан оқытады. Ол заманда қазақ балаларын ислам дінін негіз етіп оқытатыны белгілі. Ислам оқуы бойынша алдымен «Иман шарт», «Әптиек» пен сауат ашады. Діни қағидалар ол заманда басты орынды иеледі. Сол Мыңбай молда жағынан зерек бала, білгіш қайсар бала аталып, әке-шешесінің құрметіне бөленеді. Әкесі Жолдының өзіне тән ауқаты болса да кейіндеп кедейлесіп, өз ішіндегі Қамабайдың жылқысын бағып, тұрмысын қамдап жүреді. Бай ел шақырып, биебауда дастарқан жайып, бие байлап жатқан.Сонда айғырдың сауырнамай жағып жатқан әкесі Жолдыны қапылыста айғыр теуіп жіберіп, аузы-мұрнынан қан саулап кетеді. Әкесіне жаны ашыған он жастағы бала Таңжарық:

Жолды әкем еді бас қалқам,
Жиылмай қапты дастарқан.
Қас қаққанша болғаны-ай,
Аузы-басы тас талқан, – деп суреттеп, жиналған жұртты өзіне жалт қаратады. Қан-жоса болған әкесіне жұртың қабырғасы қайысады.

Өстіп жүріп сауатын аша бастаған бала Таңжарық әкесі Жолдыға еріп мешітке намаз оқуға да барады.

Жасапты бұл мешітті діңгек қойып,
Арқалықты діңгекке мін деп қойып.
Ішінде ақ сәлделі бір молла отыр,
Пайғампар бар құдайым бір деп қойып.
Молдекем әбден менің зәремді алды,
Бес уақыт намаздан міндет қойып, – деген өлең жолдары ел арасына тезден тарап кетеді. Таңжарықтың дарынын байқаған ел оны «Бала ақын» - деп атап кетеді. Енді ислам жазуына келсек: Түрік халқы деп аталатын халықтың бір тармағы болған қазақ халқы өзін арабтың Әнес сақабасынан таратып, жалған шежіре жазған. Онда қазақ халқының түп атасы сахаба араб деп мойындатып, он тоғызыншы ғасырға дейін осылай жалған шежіре ұстанып келеді.

Бұның шындығына келсек, түрік халқының бір тармағы болған қазақ халқы өзінің тарихының түрік халқымен қатарласып бүгінге жеткендігі айқын.

Түріктер мен түркештер заманында қазақ даласына, Орта Азияға арабтар шапқыншылық жасады. Түркеш қағаны Сұлу қаған Орта Азия елдерімен бірлесіп, арабтардың бетін бірнеше рет қайтарған болса да, 737 жылы Аму дарыия жағасындағы соғыстарда арабтардан жеңіліп қалды.

Арабтар Орта Азияны бүкілдей басып алаып, осылай Түрік халқының жазуын келмеске кетіреді. Түрік жазуын білген өзінің тарихын, мәдениетін айтқандарды аяусыз қудалайды, қырғындайды келмеске кетірді. Тас бетіндегі жазуларды қырып өшірді.

Өз тарихын білетіндердің барлығының көзін құртады. Түріктің жазу мәдениетін тарих бетінен өшіреді. Араб жазуымен бүкілдей исламдастырды. Араб жазуы бізге осылай келген. Жазу мәдениетіне келсек бұрынғы найман, керейлерге дейін сан төңкеріс, сілкініс өткен. Қазақ наймандары соғды жазуын қолданған. Наймандар хандығы кезінде «Найман жазуы», Шағатай кезінде «Шағатай жазуы» және «Парсы жазуы», кейін «Татар жазуы» қолданылып келді. Тіпті, қазақтар он тоғызыншы ғасырдың аяғына дейін осы Шағатай жазуын, Араб жазуын қолданып келді.

Қазақты осы жағдайдан құтылдыру үшін қазақ ғалымы Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуы негізінде қазақ ана тіл жазуын, қазақ жазу әліппесін барлыққа келтіріп, өзінің төте жазуын жасап, 1912 жылдан бастап қазақ халқы осы жазумен мектептер ашып, өз ана тілінде оқитын болған.

1930 жылға дейін Ахмет Байтұрсынұлы жазуымен көптеген әдебиет, әдеби кітаптар жарық көрген. Бұл төте жазу «Ахмет Байтұрсынұлы әліппесі» деп аталады. Әйгілі ақын Таңжарық шығармалары және қолжазбалары осы төте жазуда жазылған. Бұл жазуды Қытайдағы қазақтар күні бүгінге дейін қолданылып келеді.

Академик Рабиға Сыздықованың «Туған тіл» журналынан А.Байтұрсынұлы туралы жазылған түсініктемелерінен көріп отырмын. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сияқты жазушыларымызда өмірінің ақырына дейін шығармаларының қолжазбасын Ахмет Байтұрсынұлының жазуымен жазған екен.

Әйгілі ақын Таңжарықтың Шотаң[1] мектебіне оқуға түсуі

Осы жылдары Іле Күре қаласында тілмаштар тарбиелейтін арнаулы Шотаң мектебі ашылып, оған қазақ пен моңғолдан оқушы қабылдайды. Бұған  қабылданатын бір оқушының жылдық қаражаты үшін 40 қой салық алынып, оны оқытатын үй иесі төлеуге тиіс болған. Отбасы  кедей болса, сол жердің зәңгісі яғыни болысы жауапты болып төлейді екен деген ұқтыру таратады. Ол кезде қазақ байлары баламыз ханзуша[2] оқыса мұсылмандықтан шығады деп қарап балаларын оқуға беруден бас тартады. Мешеуліктің кеселінен бала қытай болып кетеді деп санады. Өзінің тар өрісінен шыға алмай, кедейдің балалары оқсын деп, басқаларға итермелейді.

Бала Таңжарық «мен сол оқуға барамын деп» атылып ортаға шығады. Әкесі Жолды Таңжарықты Машақа болысқа ертіп барып ақылдасады. Таңжарықтың зеректігін, қайсарлығын естіп біліп жүрген Машақа болыс «мектептің алым-салығын елден жинап беремін» деп атсалысып, 40 қойды елден жинап, Таңжарықтың Іле Күре Шотаң мектебіне барып оқуына  мүмкіндік жаратады.

Іле Күреде ашылған Шотаң мектебі қытай тілінен басқа есеп, жағарапия, тарих қатарлы жаңа пәндерді қосып оқытқан деп тағы айтылады. Ел-жұртымен  үлкендердің қолдауын алып аңсаған оқуға дайындалады.

«Іле Күресіне барып ханзу болсам мен-ақ болып кетейін» деп қиын сәтте қырпулы ой айтып, ертеңгі болашақ халық қамы үшін, қытай тіл-жазуын құлшына үйренуге сенімді түрде бел байлап, сертін беріп, оқудан қашқан олақ надан елді үрейден құтқарып, 1919 жылы 16 жасында Іле аймағы орталығы Күре қаласына келіп, Шотаң мектебіне оқуға түседі. Бала Таңжарықтың армандап аңсап келген Шотаң мектебі жүйелі оқу программасы болмаған, аты бар, заты жоқ алан-ашық алты ауызды там үй, бар орын тар болғандықтан, қытай тілін үйреніп халық қажетінен шығам деп, алыстан ат арытып аңсап келген Таңжарықтың таудай талабы басқа ұрғандай, тығырыққа тірелгендей болады. Білім беріп санасын ашу емес, оқытуды перде етіп отырған, әр жердегі аңқау елді алман-салыққа сылқия тойып қарындарын қампиту екендігі, арада он күн болмай-ақ айпарадай әшкере болып қалады. Жоспарлы, сатылы жүргізілетін мектеп сабағын қанағаттандыра алмайды.

Жазда балаларды ұзақ демалысқа жіберіп, қыста небәрі 2-3 ай сабақ өтеді екен. Осының өзінде араны аш қасқырдай ашылған Әншиң мұғалім Дауғалдайлар және бір қаншасы бар, бай балаларына ілесіп, сол маңдағы ауқатты отбасыларды аралап, қазы-қарта, жал-жая асап дәніккен құқық иелері қарын тойғызып сауық-сайран салып күн өткізеді екен.

Алыс аудандардан бала салығынң орнына айтылмыс білімін ұштағалы келген кедей-кепшіктің жұпыны киімді балалары ішіп-жем, жатын орынның нашарлығынан құйға батқандай қиналып, қатқан қара нанмен қатықсыз қарасудан қалжырап қайғы теңізіне батып, ғарып болғандай күй кешеді.

Шотаң мектебінде қиналып жүрсе де зерек қайсар бала Таңжарық жатпай-тұрмай, күндіз-түні қытай тілін үйрену жазумен болып тынбай құлшынып заманның ағысын игеріп міндетіне алған қытай тілін мұқият үйренуге күш салады. Зейін зердесін жұмсап үйреніп өзінің тапқырлығын көрсете жүреді. Мектеп қаражатын тапсырмадың, қу кедейдің баласы деп шетке қағыла бастайды. Әншің мұғалім бастығы Ғалдайларға өз семиясының жағдайын жұмсақ тілмен жеткізіп айтады. «Зәңгі және болыстық  ауылдарымыз, мектепке тапсыратын қаражатын елден жинап береді. Күте тұрыңыздар» деп өзінің зар мұңын жеткізіп айтса да, оны тыңдайтын адам болмайды.

Бұл кезде қызай дербіс елінің Машақа болысы қайтыс болып кеткен, орнына Алпысбай болыс сайланған кез болатын. (Мектепке берілетін қаражат кешігіп қалған) мұғалімдер басқарушылар өздеріне пайдасы тимейтін кедейдің баласын «қара сирақ қу кедейдің баласы, мектептен кет» деп қуады. Таңжарық олардан таяқ та жейді.

Оларға дәт айтса да тыңдайтын құлақ жоқ. Ашынған бала Таңжарық ақын Шотаң мектебінің мұғалімдерінің кейіп-кеспірін суреттеп өлең шығарып сабақтас балалар арқылы елге таратып жібереді.

Бұл Шотаң отыз бала жатқан жері,
Дәм-тұзын Тұрдақынның татқан жері.
Қырық қой салып төлеп киім кимей,
Тон шалбар борбайында қатқан тері.
Кейбіреуі құрттап, биттеп, жүдеп те жүр,
Құдайдың осы емес пе атқан жері, - деп Шотаң мектебінің кейіп-кеспірін ашып көрсетеді.

Заман ағымы қоғамдағы ақ пен қараны жеріне жете көрсетіп, былғы мен шылығын жас жаны күйе суреттеп қағаз бетіне түсірген. Сабақтастарына:

Теріс жазу жаттасаң да әмір таппай,
Суреттеп келтіре алмай құр жыладың.
Заманның не боларын біле алмайсың,
Қалтаңның көрсетпесең пұлды жағын, - деген ақын бұл арада жазудың терістігіне емес, оны үйрететін оқымысты атын жамылған мұғалімдерге іші қазандай қайнап, олардың құлқынын байқап кекетіп отыр.

Майпазымен ұрады Бақшы пұшық,
Дәуғалдай кеп ұрады арақ ішіп.
Тәңірідң әділеті қайда кеткен,
Бір пенде жоқ алатын ара түсіп, -деп аһ ұрады. (Осы сөз балалар арқылы таралып кетеді).

Бұл арада ақын бақшы пұшық деп Әншиң мұғалімді айтып отыр. Басқарушыны ол заманда ғалдай деп атаған қазақтар Әншиң мұғалімді бақшы пұшық деп атап кеткен. Ал Дәуғалдай деп отырғаны сүйегі үлкен адам болса керек Дәулеткелді ғалдай деп айтылып отыр.

Әншиң мен Дәуғалдай астасып өздерінің халық алдында беттері түсіп атақ абройына дақ жетіп, Таңжарық мектеп тартібін бүлдірді, ұрлық қылды дегендерді ойдырып шығарып мұғалімдерді ианаттады, қол жұмсады ауыр қылмыс өткізді. Жазаламаса мектеп тәртібін сақтау қиын деп жаптырып тастайды. Екі ай тұрмеде жатып қалған Таңжарық бала кезінен түрменің дәмін татты. Туыс-туған ел жұрты болып түрмеден шығарып алады. Бұл туралы айтқан өлеңдеріде бар.

Алпысбайға:

Сенің көзің тұрғанда,
Дербіске пәле келмесін.
Құдай өзі жөндейді,
Құлым деген пендесін.
160 сом берді Сүлеймен зәңгі өлмесін.
Бес кісіні босатып ораза айтқа кіргізді.
Жамандық басын көрмесін,
Нүсіп күнде Еңсебай,
Жиырма мен отыздан беріп кетті теңгесін.
Қасен келді жүгіріп, шамасы сол байқұстың,
Бермесе мейлі бермесін.

Сүлеймен дербістен тараған «Сады» елінің зәңгісі бұл кез ораза айт кезі екен. Таңжарықтың ел-жұрты сады елі жиылып бала Таңжарық ақынды түрмеден босатып алады да, еліне, туған жеріне үйіне оралады.

Енді Таңжарық заманына аздап назар аударып көрсек, ХХ ғасырдың басынан басталған Шынжаң жеріндегі ала сапырандық халықтың мойнына таңылған ауыр салықтан қан қақсаған халық қаншама? Міне бұл төңкерісшіл ақын Таңжарық Жолдыұлының заманына тұп-тура келді.

Бүкіл Қытайды уысына сидырған Цин патшалығы (Манжу хандығы) еді. Бұл Нұрқаш және Сұрқаш сияқты батырлардың күшімен манжу хандығы құрылып бүкіл Қытай елін уысына сыйдырған Цин патшалғы деп аталатын хандық болатын.

Бұл 260 жылдан артық дәурендеген хандық. Цин патшалығы Іле генарал мекемесі арқылы 1762 жылдан бастап Шынжаңға билік жүргізеді. Цин патшалығы халыққа салықты көбейтіп, іріп-шіріген билігіне қарсы көтерген диқан шаруалар көтерілісі барған сайын үдей түскен. Сун Жұңшан (Сунь Яацен) басшылық еткен халық көтерілісі ақыры 1911-1912 жылдар Цин патшалығын аударып тастап Жұңхуа Мингоны құрды.

Бірақ ол төңкерістің жемісін патшалық феодалдық бай шонжарлар тартып алды.

Ақырында Сун Жуңшан сияқты алғабасар қалың диқан шаруаларға өкілдік етіп Қытай Гоминдаңын[3] құрған еді. Бірақ патшалық түзім жойылған болса да тәртіп түзім Цин патшалғының түзімі бойынша қала берді. Және Совет Одағының көмегімен Қытай коммунистік партиясы 1921 жылы құпия құралған болатын.

1911 жылдан бастап 1928 жылға дейін Яң Зыңшың генарал  Шынжаңның бар билігін қолына алып, Шынжаң халқын аузына қаратып тұрған кезі еді. Шынжаң халқы уысында ұстауды мақсат еткен кең көлемде оқыту жолын ашпаған халықты мешеу ұстамаса қолға тұрмайды деген өзінің ішкі есебі болған. Ал қазақтардың ішіндегі мансап ақалақшы (болыс) мампаң, зәңгі, елубасы, онбасы деген басқару билігін берген Іледегі күре суйдің мекемесі арқылы басқарған. Билікті малға (пұлға) сатып алып отырған, үлкен мансап иелерін ұлық деп атаған қазақ ішіндегі болыс, мампаң зәңгілер ұлыққа барып бас иіп мал-мүлкін ұлық жолынан аямай өз мансаптарын алып отырған. Халқына салықты көбейтіп, ауыр алман салықты басым күшпен шабарман арқылы жинап алып отырған Қазақ ішіндегі мансап иелерінің ақысы халықтың мойынна артылған.

Сөйтіп өнер біліммен кеш қалған халықты сүліктей сорып отырған. Атадан балаға қалған мансап патшалық түзімнің тәртібі сол аузы қисық  болса да байдың ұлы сөйлесін деген сөз сол заманнан қалған.

1928 жылы Яң Зышың өлгеннен кейін Шұншорын[4] билік басына шығады. 1933 жылы саяси өзгеріс туылып екі жүзді қанқұйлы жендет Шың Шысай Шынжаңның билігін уысына түсіріп, халықты адам айтқысыз естен кетпес ауыр қырғыншылыққа ұшыратты. Сол кездегі Шынжаңдағы аласапыран қанды қырғынның бәрі қанды қол Шыңсайға байланысты.

Таңжарық Жолдыұлы Шың Шысай түрмесінде 6 жыл 7 ай жатқандығы жазғаны болатын.

Түрмеде алты жыл, жеті ай жатып,
Жүр екен түзеткелі кімді дерсің.
Бұл сөздің астарына түсіне алсаң.
Айтыпты жалғаны жоқ шынды дерсің, - деген ұзақ толғауы бар.

Қосымша:

[1]Шотаң – қытайша Шуетаң. Моңғол мен қазақ жастары оқыған, Үрімжіде ашылған институт.

[2]Ханзу, хансу –қытай.

[3]Қытайда құрылған либералдық партия.

[4]Жин Шурынды меңзейді.

Мағазбек Миянұлы

Жалғасы бар...

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5391