Сенбі, 23 Қараша 2024
Өзекті 2888 10 пікір 23 Желтоқсан, 2022 сағат 14:52

Реформадан көз ашпаған білім саласы...

Қазақстан Республикасы Президенті
Әкімшілігі Басшысының орынбасары
Балаева Аида Ғалымқызының,
Қазақстан Республикасының Премьер-иинистрі
Смайылов Әлихан Асханұлының,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы
Қошанов Ерлан Жақанұлының,
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі
Аймағамбетов Асхат Қанатұлының,
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі
Нұрбек Саясаттың наразына!

Білім беру саласындағы терең жан-жақты зерделенбеген сынақтар салдары қордаланған мәселелерге ұласып, оның шешілу жолдары әліге дейін тығырыққа тіреліп тұр. Нақты айтқанда, еліміздегі білім беру жүйесі жиі реформалар жүргізілетін сынақ алаңына айналған.

Сондықтан мұндағы жаңалықтар көп жағдайда қоғам сынына ұшырап, жекелеген министр қызметтен кетті немесе олар басқа орынға қызмет ауыстырды. Бұл өзекті мәселенің жиі тұралау себебі неде деген сұраққа жауап алу мақсатымен, кезінде жоғары оқу орнында басшылық қызмет атқарған, осы саланы бүтін жетік білетін, бүгіндері еліміз Парламенті Сенатының депутаты ретінде танылған Мұрат Бақтиярұлынан мән-жәйді анықтап, нақты деректердің бәріңен қанық болдық. Ендеше, осы материалда қамтылған, фактілердің негізінен дерлігі сенатор мәліметтеріне қатысты екенін бас айтқым келеді.

- Өкінішке қарай, 30 жыл ішінде қоғамның бәрі реформаға түсті. Соның ішінде реформаға ең көп түскен сала-осы білім беру жүйесі. Кезінде естеріңізде болса, 90-95 жылдары бізге балаларбақшасы керек емес деген пікірлер кең етек алып, соның салдарынан 2 мынға жуық балаларбақшасы талан-таражға түсті. Мұнан өзге, 90 жылдары білім саласы өте төмен дәрежеге құлдырап және айлықтың өте төмен болуы салдарынан бірқатар ең білікті деген ұстаздар базар жағалап кетті. Біз соның зардабын әліге дейін тартып келеміз. Негізінен мектепке көңіл 2007 жылдан бастап бөліне бастады. Осының дәлелі ретінде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы қолға алынып, ол бойынша республикамыз аймақтарында мектептер мен ауруханалар кезең-кезеңімен салынды. Соған қарамастан, осы білім саласына мемлекет тарапынан қаншама қаржат құйылып жатса да, жекелеген өңірлерде әліге дейін мектептер жетіспейді. Осы биыл 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қабылдадық. Бұл бюджет бойынша 30 жылда қарастырылмаған қаражат белгіленіп, ол айқындалды. Мәселен, жылына кезінде мектеп салуға 100 миллиард теңге бөлінсе, қазір 2023 жылға мектептер салуға 500 миллиард теңге бөлініп отыр. 2024-2025 жылдарға арналған кезеңдерге 850 мыңға жуық оқушыны қамтамасыз ететін мектеп салынады, оны қаржылық тұрғыдан есептегенде 2 триллион теңгеге жуықтайды, - деді сенатор сөз орайында.

Жалпы білім саласына қатысты бірнеше реформа жасалды. Соның бірі орта мектепке жаңартылған білім беру бағдарламасын жасауда тым асығыстыққа орын алдырдық. Бас-аяғы 4 жыл ішінде 3,5 миллион оқушыға білім беру реформасын жасап шығып, оқушыларымызға шексіз реформалардың тәжірбиесін ұсыныппыз. Дәл қазіргі кезде мұның тиімділігін айту өте қиындық туғызып отыр. Олай дейтініміз, оқу құралдарын бірнеше мәрте басып шығару ісі оқу стандарттарын үздісіз өзгертуге әкеліп соқтырды. Мысалы, соңғы 5 жылда «Білім» туралы заңға 29 рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. 2000-2017 жылдар аралығының өзінде білім беру стандарты 7 рет өзгеріп, әр өзгерту сайын оқулықтар жаңартылған. Мұның артында қыруар қаржылық шығынның тұрғаны және анық. Осы мәселелермен қатар, орта мектептерде білікті кадрдың жетіспеушілігіне қатысты істің әлі бір ізге түспегені көңілімізді күпті етіп, алаңдатып отыр. Оның олқылық тұстары 1990-2000 жылдар кезеңінен бастау алды. Сол кезеңдерде мектептерде білімі жөнінен төменгі балл алған оқушылар мұғалім мамандығын таңдауы салдарынан, солардың бірқатары қазір мектептерде қызмет жасап жүр. Осылардың қатарында жоғары оқу орнын сырттай бітіргендер де бар. Ал енді осы мәселені түбегейлі зерттеп, одан нақты қорытынды шығарып жатқан кім бар?!

Оқу-ағарту министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетовтің биылғы жылы педагогтердің республикалық тамыз конференциясында келтірген дерегіне жүгінсек, қазіргі кезде оқу үлгерімі төмен 500 мыңға жуық бала бар. Мұның осылай болуының бір салдары жоғарыда атап өткеніміздей, кезінде мектепте нашар оқып, бүгінде сол тұлғаның орта мектептерде мұғалім ретінде қызмет атқаруының әсері емес пе екен деген заңды сұрақ туындайды. Бұл бір. Екіншіден, еліміз бойынша кезінде педагог мамандарын даярлайтын бірнеше жоғары оқу орындары құрылды. Енді түйінді түйткілге назар аударсақ, осы жоғары оқу орындарында педагог мамандарын ақылы негізде даярлауды доғаруымыз тиіс. Себебін, өздеріңіз түсініп отырсыздар, мектепте білімі жөнінен төменгі балл алған оқушының осы педагог мамандығың ақылы негізде білім алуына жол ашылып отыр.

Білім саласындағы келесі проблеманың бірі-жұмысшы мамандығын даярлау ісі екені ешкімге жасырын емес. Мемлекет соңғы төрт жыл бойына жыл сайын 21 мың адамды жұмысшы мамандығына даярлауға тапсырыс беріп келеді. Биыл оның саны тіпті артқан. Дегенмен, осы жұмысшы мамандарын даярлап жатқан бірқатар колледждердің материалдық-техникалық базасы өте нашар және олар жұмыс берушімен тәжірибе алмасуын жеткілікті дәрежеде жолға қоймаған.

- Біз өткен жылы «Ғылым» туралы заңға толықтырулар мен өзгертулер енгіздік. Бұл дұрыс шешім. Осыған қарамастан ғылым саласына қатысты қойылатын талаптарға шектеулер бар. Ол бойынша магистр мен Ph атағың иеленуін үшін шетелдің ғылыми басылымдарында ғылыми еңбегін жариялануы тиіс және бұл ақылы негізде жүзеге асырылады. Тіпті оған ақы төлеу көлемінің өзі қымбат. Мысалы, қазақ тілі мен әдебиеті, педагогика, психология, отандық тарих және экономика сияқты пәндерге байланысты шетелдік басылымдарға ғылыми мақала жариялаудың қажеттілігі жоқ деп санаймын. Егер, олар сол басылымдарға әлгі мақаласын жариялай алмаса, ғылыми атағын қорғай алмайды. Шетел басылымдарында ғылыми мақалалардың жариялануын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ біз өз еліміздің басылымдарында сол мақалалардың шығуына шектеу қоймауымыз тиіс. Себебі мұның салдары заңсыз әрекеттің белең алуына өзіндік әсерін тигізуде. Биылғы жылдың жазында Шымкент қаласында жалған магистр дипломын алғандар осы сөзіміздің дәлелі. Олардың бұл іске амалдың жоқтығынан барғаны мәлім. Бір жағынан магистр дәрежесі барларға мектептерде қосымша ақы төленетіні жекелеген тұлғаның қызығушылығын туғызады.

Жалпы 30 жыл ішінде түк жасалынбады деу әбестік болады. Біздің осы мерзім аралықтарында тапқанымыздан, жоғалтқанымыз көп болды. Кеңестік одақты аңсағандай болармын, бірақ ақиқатында сол уақыттарда фундаментальды білім беру жүйесі өте күшті болды. Алайда кеңестік одақ құрамынан шыққаннан кейін, біздің алдымызда білім саласы бойынша қай жолды таңдау қажеттігі туралы маңызды міндет тұрды. Ол үшін әр мемлекеттің білім беру жүйесін сараладық. Сонымен біз түптеп келгенде, болон білім беру жүйесін таңдадық. Бұл әлемдік білімдердің үдерісі дегенді білдіреді. Яғни бір мемлекеттен алған дипломыңыз басқа мемлекетте жарамды болады деген сөз. Бұл ретте Қазақстаннан алған жоғары білім кез келген Еуропа елдерінде және басқа да мемлекеттерде мойындалуы керек. Алайда бізге келіп жеткен мәліметтер бойынша, шетелде біздің дипломымызды қайтадан дәлелдеуді қажет етеді екен. Осыған байланысты болон білім беру жүйесін әлі де жетілдіру мәселесінің өзекті күйде қалып отырғанын аңғарамыз. Мұның салдары балаларымызды фундаментальды білімнен айырған жоқ па екен деген де ойға жетелеп отыр, - дейді М. Бақтиярұлы.

Біздің ел жастарының жоғары білім алуға ұмтылысы басым. Енді мынаған зер салыңыз. Көптеген Еуропа мемлекеттеріндегі жастардың басым бөлігі ең алдымен, орта арнаулы білім алуға маңыз береді. Осы оқу орнын бітіріп, сала бойынша шеберліктерін шындаған соң ғана, жоғары білім алуға ден қояды. Ал бізде былтыр мектеп бітіргендердің 80 пайызға жуығы жоғары оқу орындарына құжаттарын тапсырған. Қалғандары колледждерге бағын сынап көрді. Мұны пайыздық мөлшер бойынша Еуропа мемлекеттерімен салыстырсақ, біздің көрсеткіш олардан асып түседі. Еуропа мемлекеттерінде жоғары білім алатындар 30-40 пайыз аралығын ғана қамтиды. Мәселен бізде жылына 500 мыңдай адам жоғары оқу орындарына түседі. Жыл сайын осының 120 мыңдайы жоғары оқу орындарын бітірсе, бұлардың 40-45 пайызы ғана өз мамандықтары бойынша қызмет жасайды. Қалған бөлігі нарық қатынастарынан өз беттерінше орнын табады. Ал осылардың ішінде кезінде білім гранттарын иеленіп және өз саласы бойынша жұмыс жасамай, білім грантына бөлінген қаржыны ақтамай отырғандардың болуы әбден мүмкін ғой. Бұл ретте мемлекет тарапынан жыл сайын жоғары оқу орындары мен орта арнаулы оқу орындарына бөлінетін білім гранттарының көлемі ұлғайып келе жатқанын да ескеруіміз қажет. Осы мәселені қорыта келгенде, оқу орындарын тегін түрдегі білім гранттарымен бітіргендер ішінде қайсысының жұмысқа орналасқанын анықтайтын, сондай-ақ олардың мемлекет қаржысын ақтағандығына қатысты мәліметтерді зерделейтін кез келіп жетті. Ол үшін сенатордың ұсынысына байланысты еліміздегі Ұлттық экономика министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі бірлесіп жұмыс жасауы қажет. Сол кезде ғана түрлі салалар бойынша мамандар қажеттілігі мен бос жұмыс орындары айқындалып, осыған сәйкес оқу орындарына білім гранттарын бөлу ісі жолға қойылған болар еді.

Білім саласындағы проблемалармен қатар, нәтижелі істердің барын жоққа шығармаймыз. Кезінде жекелеген әкімдіктер мұғалімдерді «қолбала» ретінде жұмсап, олардың тікелей міндеттеріне жатпайтын жұмыстарды мойындарына жүктеп қойды. Осы және басқа да олқылықтарды реттеу мақсатымен елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Бірінші кезекте осы заң арқылы мектеп мұғалімдерінің құқы қорғалып, олардың мәртебесі анықталды. Бұл заңның сәтті қабылдануына қазіргі Оқу-ағарту министрі А. Аймағамбетовтың де үлесі болғанын атап өткен жөн. Бұл министр орта мектептерде 15-25 жыл бойы бір орында директор қызметінде отырғандарға ротация жасау арқылы, оларды кезең-кезеңімен орындарынан ауыстыруда. Енді Асхат Қанатұлы мектептерде ұзақ жылдар бойына қатардағы мұғалімдіктен әрі аспаған ең тәжірибелі қызметкерлердің лауазымын өсіруге назар аударса деген ұсыныс бар.

Ұстаз-Ұлы тұлға! Оларға қарап еліміздің жасөспірімдері бой түзейді. Сондықтан ұстаздардың әлеуметтік мәселесі алдымен шешілуі тиіс. Соңғы жылдары ұстаздардың айлық табыстары сатылап өсіп жатқаны көңіл қуантқанымен, білім саласы бойынша жоғарыда атап өткен түйінді мәселелер уақыт оздырмай шешілу қажеттігіне ерекше назар аудартады.

Әмірхан Алмағанбетов,

Астана

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394