Жыл қорытындысы: Жаз (III бөлім)
Басы: Қазақстан. 2022 жыл... (I бөлім)
Жалғасы: Жыл қортындысы. Көктем. (II бөлім)
Жаздың алғашқы айы Қазақстанның Ата Заңына өзгеріс енгізген референдумнан басталды десек болады. Маусымның бесінде 27 жылдық үзілістен кейінгі ел тарихындағы екінші референдум өтті.
Референдум
Референдум нәтижесінде 1995 жылы 30 тамызда жалпы дауыс беру арқылы қабылданған елдің қолданыстағы негізгі заңының үштен біріне өзгеріс енгізуге шешім қабылданды. Референдум өткізу идеясы ұсынылғаннан кейін, оны қолдағандар да, қарсы шыққандар да болды.
Президент Тоқаев өткізіліп отырған референдум «Қанды қаңтардың» қайталанбауының кепілі екенін айтты. Сондай-ақ, мемлекет басшысы сол кезде «20 мың содыр» деген статистиканы бұрынғы құқық қорғау органдары басшыларының бергенін айтты.
Ол «Қанды қаңтар» кезінде қаза тапқандардың ресми тізімі көп ұзамай жарияланатынын әрі тергеуді өкілетті органдар мұқият жүргізіп жатқандықтан, қаңтарда болған тәртіпсіздіктерді зерттеуге халықаралық сарапшыларды шақырудың қажеті жоқ екенін де атап өтті. Президент «Қаңтар қырғынына» бандиттер мен содырлардың қатысқанын айтты.
Атаулы күн наразылық акцияларынсыз өтпеді. №253 референдум учаскесінде тіркелмеген «Демократиялық партия» өкілдері Инга Иманбай мен Аружан Дүйсебаева және бірнеше адам қамауда отырған саясаткер Жанболат Мамайды босатуды талап етті.
Референдум аяқталып, Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді дауыс берушілердің 77 пайызы қолдады, 18,66%-ы қарсы болды.
Жаңа үш облыс
8 маусымда республикада ресми түрде үш жаңа облыстың құрылғаны туралы жарияланды. Абай, Жетісу, Ұлытау облысы құрылып, Алматы облысының әкімшілік орталығы Талдықорған қаласынан Қонаев қаласына көшірілді. Елде 17 облыс пайда болды.
Мамайға араша
10 маусым күні Freedom House халықаралық ұйымы Қазақстан билігінен саясаткер Жанболат Мамайға тағылған айыптардың барлығын алып тастап, оны босатуды сұрады.
Ұлттық құрылтай
15 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлттық құрылтай құрылды. Ұлттық құрылтай жылына кемінде бір рет өткізілетін болды. Құрылтайдың төрағасы - президент Тоқаевтың өзі.
16 маусымда Ұлытау облысында Ұлттық құрылтай өтті. Бұл жиынға еліміздің белгілі тұлғалары, ғалымдар, Мәжіліс депутаттары, сарапшылар, кәсіпкерлер, азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдері шақырылды. Құрылтайға бас-аяғы 117 адам қатысты. Ұлттық құрылтайға экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шақырылмады.
25 қазан Республика күніне ұлттық мереке болып қайта қатарға қосылатыны айтылды. Президент үкіметтегі ескі кадрлардың орнынан асықпай кететінін айтты.
Петербор форумы. Тоқаевтың сөзі
18 маусымда президент Тоқаев Ресей басшысы Путиннің шақыртуымен Петербург қаласында өткен экономикалық форумға қатысты. Сол жиында Тоқаев Қазақстанның өзін-өзі жариялаған Луганск мен Донецк облыстарын мемлекет ретінде мойындамайтынын айтты.
«Біз Тайваньды да, Косовоны да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз әрі бұл принцип, біздің ойымызша, квазимемлекеттік территорияларға да қатысты қолданылады, ал Луганск пен Донецк сол санатта болып табылады», - деді ол.
Ресейдің кезекті бопсасы
6 шілдеде Ресей Қазақстан мұнай экспортының басты маршруты болып саналатын Каспий құбыр консорциумының жұмысын тоқтатты. Новороссийск аудандық соты мұнайды жеткізу барысында теңізге қалдықтардың төгілуіне байланысты Ространснадзор кемшіліктер тапқанын айтты. Шілдеде құбыр жұмысы үшінші рет тоқтатылды. Бұл туралы «Ресей Орталық Азиядағы өз ықпалының төмендеуінен сескенеді, сондықтан да түрлі қысым жасау рычагтарының бар екенін ОА елдерінің есіне оқтын-оқтын салуда» деген болжам жасады сарапшылар.
Петиция: Жақсылықов кет!
Әскерге кеткен сарбаздар өлімі жиілеп кеткеннен кейін, тамызда Қазақстанның Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты орнынан босатуды талап еткен петиция жарияланды.
«Қасым-Жомарт Тоқаев Қаскелеңнің тумасы Руслан Жақсылықовты Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа 2022 жылғы 19 қаңтарда қол қойды. 2022 жылы 6 мамырда оған «Генерал-полковник» атағы берілді.
Содан бері бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын жас сарбаздардың өлімі туралы деректер толастаған емес. Қазақстан әскерінде сұмдық тәртіпсіздік орнаған. Ата-аналар балаларын әскерге жібергісі келмейді. Жастарды ұрлап, оларды еріксіз әскерге жөнелткен жағдайлар да болды. Біз, петицияға қол қойған азаматтар, ел Президентінен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты отставкаға жіберуді табанды түрде талап етеміз», - делінген петицияда.
Сағынтаев далада қалған жоқ
10 тамызда Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаев Еуро-Азия ынтымақтастығы қаржы-іскерлік қауымдастығы (ФБА ЕАК) Бақылау кеңесінің төрағасы болып сайланды. Ол биылғы 31 қаңтарда Мемлекет басшысының Жарлығымен Алматы қаласының әкімі лауазымынан басқа жұмысқа ауысуына байланысты босатылған болатын.
Қаңтар тізімі
17 тамызда ҚР Бас прокуратурасы Қаңтар оқиғасында қаза тапқан азаматтардың тізімін жариялады. Тізімде 238 адамның есім-сойы жазылды.
«Қаңтар оқиғалары кезінде 238 адам қаза болды. Олардың ішінде қылмыскерлер, әрі кінәсіз адамдар да бар. Біз әрбір фактіні жан-жақты қараудамыз», - деді Бас прокуратура өкілі.
Ресейден ағылған көш
18 тамызда 2022 жылы сәуір-маусым айларында Қазақстанға Ресейден 570 мың адам келгені белгілі болды. Осы уақыт аралығында шекарадан 4,99 млн Ресей азаматы өткен. Бұл алғашқы үш аймен салыстырғанда 28 пайызға көп.
Сайтыбалдының саудасы бітті
24 тамызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Іс «Қазақтелеком» АҚ мен «Көліктік сервис орталығы» АҚ қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша қаралды.
Тергеу барысында заңсыз сатып алынған активтер мен айыпталушылардың жалпы сомасы 240 миллиард теңгеден астам немесе 500 миллион АҚШ долларынан астам ақшалай қаражаты мемлекетке қайтарылды.
Мәсімов пен оның қолшоқпарлары
25 тамызда ҰҚК бұрынғы басшылығы К.Қ. Мәсімовке, А.Т. Садықұловқа, Д.Е. Ерғожинге, М.С. Өсіповке және лауазымды адамдар Д.М. Акиповке, Н.К. Бекмұратқа, А.А. қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады.
Мәсімовтің және Садықұловтың әрекеттері Қылмыстық кодекстің 175-бабы 1-бөлігі (мемлекетке опасыздық жасау), 179-бабы 3-бөлігі (билікті күшпен басып алу) және 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану)
Ерғожин ҚК 179-бабы 3-бөлігі (билікті күшпен басып алу) және 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану);
Өсіпов ҚК 362-бабы 3-бөлігі бойынша (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану); Акипов және Бекмұрат ҚК 362-бабы 1-бөлігі бойынша (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) сараланды.
Іс материалдарымен танысу кезеңіне қамауда ұстау мерзімі Мәсімов пен Садықұловқа үй жағдайында 6 қазанға дейін, Ерғожинге үй жағдайында 13 қазанға және Өсіповке үй жағдайында 22 қазанға дейін ұзартылған болатын.
Жалғасы бар...
Айжан Темірхан
Abai.kz