Ақорданың ақылшылары
БАСҚАША АЙТҚАНДА, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЛОББИСТЕРI
Посткеңестiк елдердiң билеушiлерi шетелдiк кеңесшiлерге құмар. Кеңесшi болғанда да олар қара жаяу сарапшыны емес, халықаралық беделi бар, Батыста сөзi өтiмдi лоббистердi жұмысқа тартатынын өмiрдiң өзi көрсеттi. Әдетте мұндай кеңесшiлердiң қызметi ақыл-кеңес берумен ғана шектелмейдi. Халықаралық лоббистердiң қызметiне жүгiнген билеушiлер "ақылшыларды" түрлi саяси мүдде үшiн пайдаланады. Бұл билеушiлерге қызмет еткен лоббистердiң де ұпайы түгел.
АЛАЯҚТАР ҺӘМ КЕҢЕСШIЛЕР
1990 жылдардың ортасында түрiкменбашы С.Ниязов израильдiк "Мерхав" корпорациясының президентi Йосиф Майманды кеңесшiлiкке тартты. Газ саласы бойынша кеңес берген израильдiк көп ұзамай Түрiкменстанның мұнай-газ саласын иелiк ететiн алпауытқа айналып шыға келдi. Қазақстан президентi Н.Назарбаевқа қызмет көрсеткен Джеймс Гиффен тәрiздi Майманның аты да қылмысқа шатылған. 2004 жылы Израильде министр Иосиф Парицкийге жалған айып тағылып, үстiнен қылмыстық iс қозғалғанда мұның басы-қасында Майман тұрды деген ақпарат айтылған. Министрмен әлденеге келiсе алмаған Майман оны осындай жолмен тұқыртпақ болған. Бiрақ 2005 жылы қылмыстық iс жабылып қалды.
БАСҚАША АЙТҚАНДА, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЛОББИСТЕРI
Посткеңестiк елдердiң билеушiлерi шетелдiк кеңесшiлерге құмар. Кеңесшi болғанда да олар қара жаяу сарапшыны емес, халықаралық беделi бар, Батыста сөзi өтiмдi лоббистердi жұмысқа тартатынын өмiрдiң өзi көрсеттi. Әдетте мұндай кеңесшiлердiң қызметi ақыл-кеңес берумен ғана шектелмейдi. Халықаралық лоббистердiң қызметiне жүгiнген билеушiлер "ақылшыларды" түрлi саяси мүдде үшiн пайдаланады. Бұл билеушiлерге қызмет еткен лоббистердiң де ұпайы түгел.
АЛАЯҚТАР ҺӘМ КЕҢЕСШIЛЕР
1990 жылдардың ортасында түрiкменбашы С.Ниязов израильдiк "Мерхав" корпорациясының президентi Йосиф Майманды кеңесшiлiкке тартты. Газ саласы бойынша кеңес берген израильдiк көп ұзамай Түрiкменстанның мұнай-газ саласын иелiк ететiн алпауытқа айналып шыға келдi. Қазақстан президентi Н.Назарбаевқа қызмет көрсеткен Джеймс Гиффен тәрiздi Майманның аты да қылмысқа шатылған. 2004 жылы Израильде министр Иосиф Парицкийге жалған айып тағылып, үстiнен қылмыстық iс қозғалғанда мұның басы-қасында Майман тұрды деген ақпарат айтылған. Министрмен әлденеге келiсе алмаған Майман оны осындай жолмен тұқыртпақ болған. Бiрақ 2005 жылы қылмыстық iс жабылып қалды.
2004 жылы Тәжiкстан президентi Эмомали Рахмонов Халықаралық валюта қорының еуропалық департаментiнiң бұрынғы басшысы британдық Джон Одлинг-Смидi өз кеңесшiсi қылды. Рахмоновқа британдық кеңесшiнiң қандай ақылы қажет болғаны түсiнiксiз. Әйтеуiр британдық қаржыгердiң өмiрбаянына үңiлсек, ол бұған дейiн жарытып кеңес бермегенi анық. Әйтпегенде өзi кеңесшi болған елдi дағдарысқа әкеп ұрындырар ма едi. 1971-72 жылдары британдық қаржыгер Гана мемлекетiнiң премьер-министрi Кофи Бусианың кеңесшiсi болған уақытта Гана экономикалық дағдарысқа ұшырады. 1972 жылғы төңкерiстен соң Джон Одлинг-Сми Ганадан қуылды.
Айта кететiнi, халықаралық кеңесшiлердi тартудан Ресей де қалыспайды. КСРО құлай сала үкiметке кеңесшi ретiнде шақыртылған швед Андерс Ослунд пен американдық Джеффри Сакс та ақылшы болып жетiстiрмедi. 1994 жылы үкiметпен шекiсiп қалған олар "Ресейдiң орталық банкi қарапайым монетарлық саясатты бiлмейдi" деп есiктi тарс жауып елдерiне кетiп қалған. Мұнан кейiн 1997 жылға дейiн Украина үкiметiнiң кеңесшiсi болған Ослунд кейiн Асқар Ақаевқа да жалданған.
Кезiнде Анатолий Чубайстың үкiметiне кеңесшiлiк еткен Гарвард университетiнiң профессорлары Андрей Шлейфер мен Джонатан Хэйдiң АҚШ-та бастары дауға қалған. Екi профессордың жобаларын қаржыландырған АҚШ-тың халықаралық даму агенттiгi Шлейфер мен Хэйге кеңесшiлiктi қара бастарының қамы үшiн пайдаланды деген айып тақты. Сөйтсе, инвестиция бойынша кеңес берген қос профессор Ресей қор нарығының белсендi ойыншылары болған. АҚШ заңы бойынша, олардың Ресейде бизнеспен айналысуға құқы жоқ. Олардың iсiн төрт жыл бойы қараған сот ақыры 2004 жылы Шлейфер мен Хэйдi кiнәлi деп тауып, 28 миллион 500 мың доллар көлемiнде айыппұл салды.
ДАУЛЫ IСТЕРIМЕН КӨБIРЕК ТАНЫМАЛ
Қазақстан президентi Н.Назарбаевтың халықаралық кеңесшiлерi құнды ақыл-кеңесiнен гөрi дау-дамайлы iстерiмен көбiрек танымал. Григорий Явлинский және Владимир Щербаков - тәуелсiз Қазақстанның алғашқы халықаралық кеңесшiлерi. Алдыңғысы экономикалық мәселелер бойынша, кейiнгiсi инвестициялар жөнiнен кеңесшiлiк еткен көрiнедi. Ресейдiң бұрынғы вице-премьерi, атышулы Олег Сосковецтiң командасына кiрген бұл азаматтар Қазақстанда көп тұрақтамады. Әйгiлi compromat.ru сайты бұл кеңесшiлер Сосковецке бағынышты кәсiпорындар мен компаниялар ашып, жемқорлыққа белшеден батқан соң елден тайып тұрды дейдi.
Алаяқ кеңесшiлер туралы сөз болғанда Қазақстан президентiне қызмет еткен Джеймс Гиффен, ал оның атымен қоса атышулы "Қазақгейт" iсi ауызға алынады. 1995 жылы американдық Mercator банкiнiң жетекшiсi, Джеймс Гиффен Н.Назарбаевтың кеңесшiсi ретiнде мұнай саласында бiрқатар келiсiмшарт жасасқан. 2003 жылдың 31 наурызында Нью-Йоркте тұтқындалған Гиффенге тиiмдi келiсiмшарттарға қол жеткiзу мақсатында қазақ шенеунiктерiне, оның iшiнде Н.Назарбаевқа пара бердi деген айып тағылды.
Қазақстан шенеунiктерiн әлемге масқара қылған "Қазақгейт" iсiне нүкте 2007 жылы қойылды. "Мистер Қазақстан" аталып кеткен Гиффеннiң оңай-оспақ емес екенiн сот үкiмi дәлелдедi. Түйенi түгiмен жұтқан кеңесшi бар болғаны айыппұлмен құтылды.
Кеше Алматының әкiмi, ал бүгiн Швейцарияға ауып отбасының жауына айналған Виктор Храпуновтың айтуынша, Гиффен АҚШ-тың орталық барлау басқармасының агентi болғандықтан, жазадан сытылып кеткен. "Ол орталық барлау басқармасының агентi ретiнде Қазақстан туралы үнемi есеп берiп тұрды. Бұл Назарбаев ұзақ жылдар бойы АҚШ пен орталық барлау басқармасының мүддесi үшiн жұмыс iстеген тыңшыны кеңесшi ретiнде ұстап отырды деген сөз", - дейдi Храпунов.
Гиффеннiң орнын алмастырған тағы бiр американдық лоббист Александр Мирчев бүгiнде "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры директорлар кеңесiнiң мүшесi. Бұған дейiн 2007 жылы премьер-министрдiң кеңесшiсi қызметiн атқарған. Экс-күйеубала Рахат Әлиев өзiнiң "Өкiл қайын ата" кiтабында Мирчевтiң есiмiн жиi атайды. Мирчев - бұрынғы күйеубала шығармасындағы басты антикейiпкерлерiнiң бiрi. Әлиевтiң жазуынша, Мирчев "Қазақгейт" iсiнiң бетiн жылы жабуда көп тер төккен. Кезiнде мәскеулiк "Время" газетiнде Аркадий Дубнов Мирчев "Қазақгейтке" қатысты тергеу жайлы ақпаратты бiлмекке американдық шенеунiктерге пара бермек болғанын жазған-ды. Кейiн Мирчев Назарбаевты ақтап алу үшiн халықаралық БАҚ-та арнайы науқан ұйымдастырғанын да экс-күйеубала Wall Street Journal-ға берген сұхбатында тәптiштеген.
Сол баяғы Әлиевтiң сөзiнше, Мирчев Назарбаевтың тапсырмасы бойынша шетелде жүрген қазақстандық оппозиционерлер туралы ақпарат жинаған. Мұны 2009 жылы Ұлыбританияда болған тыңшылыққа қатысты дау-дамай дәлелдейдi. Sundаy Times басылымының жазуынша, британдық барлау қызметi - МI6-нiң екi офицерi американдық Global Options Management компаниясына Қазақстанға қатысты құпия ақпаратты жария еткен. Ақпараттың бiрi "Қазақгейтке", екiншiсi Әкежан Қажыгелдинге қатысты. Өз кезегiнде Global Options Management консалтингтiк компаниясын Мирчев басқарған. Алайда Мирчевтiң өкiлдерi бұл ақпаратты терiске шығарған болатын.
90-жылдары президенттiң экономикалық iстер жөнiндегi кеңесшiсi қызметiн көп уақыт бойы атқарған Чан Йан Бэнгтiң есiмi де KIMEP оқу орнында дау арқылы мәшһүр болды. Әйтпесе KIMEP басшысының президентке қандай ақыл-кеңес бергенiн былайғы жұрт бiле бермейдi.
Бүкiләлемдiк банктiң бұрынғы басшысы Джеймс Вулфенсон Алматының өңiрлiк қаржы орталығын дамыту үшiн кеңес берген. Вулфенсонның не кеңес бергенi түсiнiксiз, әйтеуiр Қазақстанның қор нарығын дамытады делiнген өңiрлiк қаржы орталығы ақыры 2011 жылы Ұлттық банк қарамағына өтiп тынды.
МЕНШIКТI ЕУРОПАЛЫҚ КЕҢЕСШIЛЕР
Сiрә, бұған дейiн ақылгөй кеңесшiге жарымаған елiмiз құнды ақылшысын ендi тапқандай. Кеңесiнiң қаншалықты бағалы екенi президенттiң өзiне ғана аян Ұлыбританияның бұрынғы премьерi Тони Блэрдiң қызметi Ақордада ерекше сұранысқа ие тәрiздi. Әйтпегенде, ел несiбесiнен 16 миллион фунт стерлинг жырып бере сала ма? Бастапқыда Қазақстанға экономикалық кеңесшi ретiнде жұмысқа қабылданған Т.Блэр мен оның тобының нендей экономикалық кеңес бергенi шымылдықпен бүркеулi. Экономикаға онша-мұнша қатысы жоқ мамандығы заңгер Блэр Ақордаға бiтiспес жауы Әблязовтi тұқырту үшiн қажет болды дейдi. Мұны М.Әблязовтiң өзi айтты. Айтса айтқандай-ақ, кейiннен Әблязов активтерiне құлып салу тәрiздi iстiң ең маңызды шешiмдерiн судья Вильям Блэр қабылдаған. Ал ол - Тони Блэрдiң туған ағасы.
Бiрақ президент кеңесшiлерiнiң ұзын-сонар тiзiмi мұнымен бiтпейдi. Көптен берi Польшада Назарбаевпен достық қарым-қатынас орнатқаны үшiн басы дауға қалған осы елдiң бұрынғы президентi Александр Квасьневский, Австрияның бұрынғы премьер-министрi Альфред Гузенбауэр, Италияның бұрынғы премьер-министрi және Еуропа комиссиясының бұрынғы төрағасы Романо Проди, Испанияның бұрынғы сыртқы iстер министрi Марцелино Ореха да елбасының ақылшылары тiзiмiнде. Олар 2010 жылы ҚР президентiнiң жанынан құрылған халықаралық кеңесшiлiк кеңеске мүше. Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету құрметiне құрылған кеңес Еуропа елдерiнiң тәжiрибесi негiзiнде қазақ үкiметiне сыртқы және iшкi саясат iстерi жөнiнен, елдiң халықаралық беделiн арттыру бойынша ұсыныс дайындайды. Бұл кеңес жылына төрт мәрте бас қосады. Соңғы отырысы биылғы жылдың 25 ақпанында Ақордада өткен. Ресми мәлiметтерге қарағанда, кездесуде Еуроодақпен әрiптестiк, 2050 стратегиясы талқыланған.
Бұл кеңеске мүше саясаткердiң әрқайсысы неше жалақы алатыны белгiсiз. Десек те Еуропаның беделдi қайраткерлерi тиын-тебенге жұмыс iстемейтiнi түсiнiктi. Әнеукүнi бұл туралы ақпараттың құлағын қылтитқан Рахат Шораз Назарбаев Квасьневскийге 5 миллион еуро төлегенiн мәлiмдеген.
Польшаның беделдi "Политика" журналына сұхбат берген Квасьневский Қазақстаннан неше жалақы алатынын айтудан бас тартты. Алайда сөзiнен ұққанымыз, бұл аз сома емес. "13 миллион еуро аласыз ба?" деген сұраққа ол: "Бұл көптеген сарапшылардың қатысуымен әзiрленетiн бағдарламаның құны", - дептi. "Бiздiң бұрынғы президент тиын-тебенге жұмыс iстемейтiн шығар?" деген сұраққа ол: "Бұл мүмкiн емес. Себебi қыруар жұмыс iстеуге тура келедi. Жолсапарлар мен ұсыныстар әзiрлеудi былай қойғанда, құжаттарды талдаудың өзi бiраз уақытқа созылады", - деп жауап берген.
Не де болса халықаралық кеңесшiлерге тегiннен-тегiн жүгiнбейтiнi түсiнiктi. Әр режимнiң өз дiттегенi бар. Рахат Шораздың жазуынша, президент Н.Назарбаев Квасьневскийдiң Еуропарламентке өтуiне мүдделi. Жаңаөзеннен кейiн Еуропарламент пен Еуропа кеңесiнiң парламенттiк ассамблеясының сынынан әбден мезi болған ол өз адамын ұстамақ-мыс. Бәлкiм, кездейсоқтық шығар, әйтеуiр Рахат Шораздың мәлiмдемесi шықпай тұрып-ақ Қазақстанға келiп-кеткен Квасьневский 2015 жылғы Еуропарламент сайлауына түсетiнiн мәлiмдедi.
Сонымен, Ақордаға шеттен кеңесшi жалдаудың қажетi не дегенге келсек, бұрынғы басшылар мен лоббистердiң бiлiктiлiгi мен бiлiмiнен гөрi халықаралық саясаттағы байланыстары, тамыр-таныстары маңыздырақ. Авторитарлы режимдердiң әдетте мұндай кеңесшiлердi Батыста ара ағайындық ете алатын мықты лоббист ретiнде пайдаланатыны сондықтан.
Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ
«Жас Алаш» газеті