Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 3747 7 пікір 29 Желтоқсан, 2022 сағат 14:01

Елбасы туралы заң өзгерсе, жауапқа тартыла ма?

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күшi жойылды деп тану туралы» заң жобасы Парламенттің қарауына келіп түсті. Құжат биылғы өткен жалпыхалықтық референдум қорытындысы бойынша Конституцияға енгізілген өзгерістерді іске асыру мақсатында әзірленген. Парламент депуттаттары экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасы мүшелерін қудалаудан қорғайтын заңды жоюды бірауыздан қолдады. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов 2023 жылдың басында Парламент палаталарының бірлескен жиналысында осы заң жобасы қаралатынын айтты.

«Бұл Конституциялық заң болғандықтан, бұл құжат Парламент палаталарының бірлескен отырысында қаралады. Сондықтан қаңтар айында бірлескен отырысы өтіп, бұл мәселе қаралады. Аталған заң толық күшін жояды», - деді Ерлан Қошанов.

Оның айтуынша, бұл құжат бойынша шешім қабылданса, заңдағы барлық нормалардың күші жойылады.

«Сол заңда көрсетілген артықшылықтардың барлығы күшін жояды. Бірінші президентке де, болашақ президенттерге де экс-президентке қатысты нормалар бірдей қолданылады. Егер заң күшін жоса, онда қарастырылған иммунитеттің заңды күші болмайды», - деді Мәжіліс төрағасы.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» заң 2000 жылы қабылданған. Он жылдан кейін заңға Назарбаевтың ұлт көшбасшысы ретіндегі «Елбасы» статусы енгізілді. Ол жерде экс-президентке ешкімнің тиісуіне болмайтыны, Қазақстан Республикасы Президенті болып тұрған кезде жасаған әрекеттері үшін жауапқа тартылмайтыны жазылған. Тиіспеушілікті қамтамасыз ететін заң «Елбасы» мен оның отбасы мүшелеріне де қатысты қолданылатыны айтылған.

«Ең біріншіден, оның «Елбасы» деген статусы алынады. Бұрын заң бойынша онымен бірге тұратын тумаластарына қатысты қылмыстық іс қозғалмайтын еді. Заң күшін жойған соң, олардың қылмыстық істері дәлелденсе, соттың шешімімен сотталады. Экс-президенттің өзіне байланысты ондай дәлелдер болатын болса, құқық қорғау органдары үстінен іс қозғай алады деп ойлаймын»,-деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.

Бірақ «Елбасы» туралы заң күшін жойған күннің өзінде, еліміздің барлық мемлекет басшыларына қолданылатын «Қазақстан Республикасының президенті» туралы Конституциялық заң бойынша экс-президенттің абыройы мен қадiр-қасиетiне ешкiмнiң қол сұғуына қақысы жоқ.

Заңда:

«Республиканың экс-Президентiн қамтамасыз ету, оған қызмет көрсету және оны күзету мемлекет есебiнен жүзеге асырылады.

Республиканың экс-Президентiне өмiр бойы:

Республика Президентiнiң шешiмiмен Республика Президентi лауазымдық жалақысының сексен процентi мөлшерiнде зейнетақы тағайындалады. Бұл ретте Республика экс-Президентiнiң осы Конституциялық заңның шарттарымен белгiленген зейнетақысы Республика Президентiнiң лауазымдық жалақысының өсуi ескерiлiп, арттырылып отырады;

Қажеттi қызмет көрсетiлетiн пәтер мен мемлекеттiк саяжай, жеке күзет, жүргiзушiсiмен дербес автомобиль берiлiп, ел iшiнде тегiн жүрiп-тұру, тегiн медициналық, санаторий-курорттық емдеу қызметi көрсетiледі», - деп жазылған.

Сондай-ақ заң бойынша, Республиканың экс-президенті ел басқарып отырған кездегі іс-әрекеттері үшін жауап бермейді. Тек мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда ғана жауапқа тартылады.

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322