Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2795 0 пікір 11 Наурыз, 2013 сағат 04:49

Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)

 

Бесінші тарау

 

1

 

...Алдыңғы өткен жаз еді. Белектай жайлауынан қайтқан екі жолаушы атақты Құмтік кезеңіне күн еңкейе келіп ілінді.

Жоңғардың асқар жотасында жан-жағы заңғыраған құзар сай, көк шатқалдар болып кететін Қаражалдың жонындағы алыс, ұзақ арқа жолмен келе-келе екеуі бір тастақ кезеңге шығып тоқтады. Ақ керішті мойнақтың дәл желкесінде тастан түйілген жалғыз бейіт бар. «Қыз бейіті» деп аталатын бұл зират құс ұшпас, құлан жортпас ұлан таудың шалғай шығанында, қаңыраған елсізде қапты. Маңайында тырс еткен тіршілік белгісі жоқ, жапандағы жетім мола қиял-санадан өшіп, біржола ұмыт болғандай. Шаңда бір осылардай тосын жолаушы, немесе әлдеқалай жел айдаған жиһанкез, мақсым кезбе басып өтпесе, есізде қалған жалғыз мазараттың маңын басушы жан баласы болмаушы еді.

Баянсыз тірліктен баяулап өтіп келіп, ендігі мекені ың еткен ызыңы жоқ, мәңгілік жым-жырт құлазыған тыныштық болған. Мұнда осындай халдегі томсарған аруақ рухы тұрақ тапқанына куә боп, заман, уақыт керуенінде мезгіл-мезгіл бір жүріп өтетін мыналардай жолы түскен сапаршы дұға етеді.

Бұнда Шерудің Мәрукей деген қызы жатыр...

 

Бесінші тарау

 

1

 

...Алдыңғы өткен жаз еді. Белектай жайлауынан қайтқан екі жолаушы атақты Құмтік кезеңіне күн еңкейе келіп ілінді.

Жоңғардың асқар жотасында жан-жағы заңғыраған құзар сай, көк шатқалдар болып кететін Қаражалдың жонындағы алыс, ұзақ арқа жолмен келе-келе екеуі бір тастақ кезеңге шығып тоқтады. Ақ керішті мойнақтың дәл желкесінде тастан түйілген жалғыз бейіт бар. «Қыз бейіті» деп аталатын бұл зират құс ұшпас, құлан жортпас ұлан таудың шалғай шығанында, қаңыраған елсізде қапты. Маңайында тырс еткен тіршілік белгісі жоқ, жапандағы жетім мола қиял-санадан өшіп, біржола ұмыт болғандай. Шаңда бір осылардай тосын жолаушы, немесе әлдеқалай жел айдаған жиһанкез, мақсым кезбе басып өтпесе, есізде қалған жалғыз мазараттың маңын басушы жан баласы болмаушы еді.

Баянсыз тірліктен баяулап өтіп келіп, ендігі мекені ың еткен ызыңы жоқ, мәңгілік жым-жырт құлазыған тыныштық болған. Мұнда осындай халдегі томсарған аруақ рухы тұрақ тапқанына куә боп, заман, уақыт керуенінде мезгіл-мезгіл бір жүріп өтетін мыналардай жолы түскен сапаршы дұға етеді.

Бұнда Шерудің Мәрукей деген қызы жатыр...

Осыдан қырық-елу жыл ілгері Мәреукей қыз Күдері жыршы деген жігітпен көңіл қосады екен... Ақыры бір бейсағат күні Күдері оны алып қашады. Айтары не, дәл сол күндері Мәрукей қыздың жасынан атастырған күйеуі қалыңдығына ұрын келіп жатыпты. Ауылдан таң ата сытылып шыққан сондай екі сорлының сәтсіз сапары сезіліп қалады. Қызды елінен бірге келген жолдастарымен ожар күйеу өзі қуады... Айтушы - Мәрукей қызды анық ару еді десетін болса, оны алмақшы күйеу көп малға жығып айттырған, қатыны өлген, бала-шағалы, бай мырзасы болады.

Қашқындардың бағдарын анық аңдаған топ қара тер болған аттарын басы-көзге сабалап соңдарынан қарама-қарама түсіп отырып, дәл осы Құмтікке келгенде кезеңнің бергі жағындағы қазықтай шаншылған өрден тырмысып, мойнақтан әне-міне асып, құтылып кетуге айналған қыз атының құйрығына күйеудің қолы ілінеді.

Көзсіз ашумен өлердей томырылып келе жатқан оспадар жанның аямастыққа бел буып шыққанын жүрегі сезген Мәрукей адамнан емес, әлде бір жыртқыш мақұлықтың шеңгеліне ілінетіндей шошына шыңғырып, аттан түсе қашады. Сасқанда мынау құзар астыртқа қараған, кеудесі үңку, ожар жартасқа қарай шырқырап жүгіреді... Заңғар басынан төмен қарасаң бас айналғандай анау тік астыртта көбігін аспанға шашып, әлде бір жын-пері ұясындай, гүрілдеп буырқанып жатқан долы өзен бар. Байдың намыстан өртенген жас мырзасы Мәрукейді құтқармайды. Аттан о да ілінбей, түсе қуады. Зәулім ұшпа жартасқа жете бере нақ бейсағат минуты тосқан сорлы бойжеткен төбеге ұрғандай тоқтап қалған.

Шын ба, өтірік пе дегендей, жете бере-ақ ананың қолы бұрымнан ілінеді. Жұлқа тартып, сұлата жыққан секунтінде үстінен үйме-жүйме өзі де құлап, бірден-ақ ессіз соққыға алады. Соңындағылар жеткенше аяқ-қолымен бірдей түйгіштеп, тепкілей бастайды. Соққымен қатар, қарлығаштай нәзік қыздың іші-бауырын түйгіштеген тізесімен бурадай езгілеп, бір жақ құлағын да шайнап жібереді. Қос бүктеп ұрған қамшының жуантық тобылғы сабы самай тұстан жүдемелете екі-үш қайта тигенде бейбақ жас соңғы рет әлсіз ышқына ыңыранып барып үні мәңгіге өшкен.

Қыз қолға түсерін түскен соң, Күдері енді босқа өлуден басын қорғап, өзі қашып құтылады.

Қабір басында мынау тұрған жазулы тас сол Күдері жыршының кейін келіп қойған бір ауыз бәйіті дейтін. Малта тастан Қоянжондап үйілген қорымның бергі алдына беті құбылаға қарай тұрғызылған серек ақсұр құлыптас тұр. Араб әріпімен жіңішкелеп сызылған қолтаңба ескіше оқыған жыршы ғазалы екенін аңғартады.

 

«Тасқа жазып ғазал-нама,

Жазмышқа оқып зар-нала,

Кетті қаңғып бір паруана -

Ботасы өлген аруана».

 

Жым боп қатқан жапанда құлақтың шыңылы естілгендей, тым-тырыс өлке. Осындай есіз тауды бейттің бір өзі сөйлетіп тұрғандай. Жолаушының үлкені жолшыбай осы әңгімені айта келіп бейітке ат басын тірегенде:

- Сүюдің налысынан өткен налыс, назасынан өткен наза болмайды дейді, сол әсте рас та шығар. Өйткені жастығыңдағы сүю кезеңінде көзге одан басқа он сегіз мың әлемде ешнәрсе көрінбейді ғой.

Оған діті жетіп, сенбейтіндер ұрмай-соқпай, өзінің нәсілсіздік тапшылығын жайып салып, өлшеп беретін пақырлар тобы ғой, - деп Мәрукейдің аруағын шын асырып сөйледі. Екі жолаушы Мақсұт пен Қарымсақ болатын. Бұлар аттан түсіп шылбырларын белге қыстыра, тізеге баса отырып құран оқыды. Қарымсақ баяу дұға ғып, бетін сипап, азырақ бұйығып отырды да:

- Е-е-е, жігіт асыққанынан, қыз ынтыққанынан өлсін деген осы да, пақыр! - деп мұң байқатты. Мақсұт күрсінді. ...Қарымсақтың мына айтқанына қарап оған осы қыздың өлімі бір түрлі ыстық, қымбат сезілді, «Бәлкім, әлі талайлардың өмірінен, итшілеген жұбайлардың күнінен осы қысқа сүйісудің өзі биік боп мәңгілікке қалар» деп ойлады.

- Қарағым Мақсұтжан, тұр, аттанайық, - деген мұңлы дауысқа елең етті. Тап осы кезде оң қабағы тартып-тартып кеткен... Оның өз жорамалында бұл қалайда бір қуану үміті. Бірақ бұны мазақтағандай, енді сол көзі де қатты жыбырлап тартты...

Айнала маң еңкейіп қалған кешкі күннің шатқалдарға түсірген көлеңкесімен көкшіл шұғыла мұнарға бата бастаған. Тышқан ізі түспеген сай-сайдың қойнауы елбіреген бозғылт-көк перде жамылыпты.

Мәрукейге тиген «бейіш» өңір осы сияқты. Аз тұрып екі жолаушы аттанып кеткенде, Қыз бейітінің үстінде, сонау шырқау биікте шарықтап ұшып, қалқып айналып, кетпей жүрген жалғыз қара құс бар еді.

Құмтіктің шаншылған қызылшағыр, қиыршық керішінен тік түсіп алған соң ұзақ жүрістен қажыған екі жүргінші бұлақ бойын қуалаған ыра еңісті құлдилап, соқтыра желіп жүріп кетті.

Бұлар терістіктегі Сайрам көлі жақ шекелікте, сары төрді жайлайтын Таймас руына барып қайтқан. Таймас-Қызайдың Шеруменен қанаттас отыратын бір табы. Өзге Қызайдан жеке, қыс - қыстау, жаз - жайлауы Шеруменен шеңдес жатады. Қиыр жайлап, шет қонған - жалпақ Қызайда осы екі ру.

Қарымсақ сырт көзге аң аулап жүрген адамдай мойнына мылтық асынған... Барып қайтқандары Таймастың - Аусынақын деген адамы. Қыс пен жазда тынбай, жатпай жортатын әйгілі саппас, Аусынақын осы... Оған бұл екеуін жәй жүрген, аң қараған адамдай етіп Тайлақбаймен Керімбек жіберген... Ел ішінен айлар бойы шығандап шығып кетіп жүретін жеке жан Аусынақынның өз үйіне жақында келіп бір соққаны білінген. «Ел аман, жұрт тынышта осыны айдап, дедектетіп жүретін қандай сор, қандай сыр?» деп, оны қазақ сөзге таңатын. «Қашан келіп, қашан кетті» десе бір адам білмейтін.

Бұл адам айшылық жол Алтайдағы Оспан батырдан тіл алып қайтып тұратын, нағыз сары тоқым хабаршының өзі бола-тұғын. Екі жолаушы бағанағы бойда саржеліп отырып, іш пыстырған тар сайдың аузына шығып, енді Орта - Ақсудың үлкен аңғарына ілінген соң, ат басын еркін жіберіп, біраз жарасып алды. Ақсудың үлкен өзені кез келген тұстан өткел бермейді. Қарымсақтар арғы қарсыдағы өз ауылының тұсынан төмендеп қиыстау өтіп барып, аттарын өткелден салды. Мақсұт аяғын артқа қайырып алса да, кең жайқын болып жатқан өткелде су етігінің басын шалды. Қыпша бел қара ат мойнын соза, жалдап өтіп келеді. Қарымсақ мінген қызыл ат та Мақсұттың атымен құйысқан тістесе, асықпай малтығып жылжып барады. Темірдей қара-қызыл ат суға жуылып, өтіп шыққанда аса бір әсем құлпырушы еді. Бұлар су сарыныменен дабырласа әңгімелесіп, шымдауыттағы шаңсыз жолмен аз өрлеп, қабаққа шыға келгенде алдыңғы, күнбатыс қапталда, қаз-қатар қонған төрт-бес үйлі кішкене ауыл көрінді. Кішілеу-кішілеу қоңыр үйлі қараша ауыл мал әбігері, у-шуы жоқ, сыртынан қарағанда момақан. Кең жазық тепсеңдегі мол шалғын, тұтас шымды көк қаулаңды дүрсілдете басқызып, текшеде отырған кішкене ауылға жеткен Мақсұттар ортадағы бір үйге түсіп жатты. Осы кезде үйден Қарымсақтың әйелі мен соған ере шыққан сыпайы жүзді, көрші-қолаңның үш-төрт қыз-келіндері көрінді. Момын ауылдың бір өңкей иба сақтаған көңілі жайлы, ашық жастары сияқты. Екі еркекті жатсынбай, қайта жақын тартқан шыраймен қарасып тұр. Келіндердің жүзінен Қарымсақты сыйлаған сәл имену де аңдалғандай. Қарымсақтың әйелі Мақсұтпен аталас ауылдың қызы. Күйеуінен біраз жас кіші Қазиза ақ тістері тізіле көрініп, Мақсұтты күліңкірей қарсы алып, туысқанымен іш тарта амандасты. Бұлардың келуіне шын қуанған шыраймен ерекше сүйкімді үні естіліп, әзіл тастап:

- Екі аңшы, қанжығаларыңда өрелгі-жоралғы көрінбейді ғой, - деп күлді. Үй иесі мына тұста ойнақыланып, Мақсұтты қайынсына тіл қатты:

- Ой, сенің мына бауырың «оқу-оқу» деп жүріп атқа мінбей, құймышағын өсіріп алған ба, Күренің шерігіндей өбектеп, ыңғай қара жолмен шоқақтап жортып отырсақ дейді, сондай аңшыға да аң кездесуші ме еді! - деп, Қазизаға көзін қулана қыса бере бетін тыржың еткізіп қойды. Қазизаның арғы жағында жаңағы қыз-келіндер тұрған-ды. Мына сөзге қысылғандарынан олар ибамен жымиысып жүздерін бұрды. Солардың алдында Мақсұт та бұл сөзге не дерін білмей қалды. Бұл үйге сирек келетін, сыйлы ауылдың Мақсұттай сыпайы баласына бұлай әзілдеген күйеуіне Қазизаның өзі де ә дегенде не айтарын білмей абыржыған. Бірақ осының барлығында да шынайы бір жарастық бар еді. Өзімен өзі боп отырған жуас ауылдың ешкімменен бәсеке-күндестігі жоқ, сөз қуып үйренбеген жастары Мақсұтты ерекше тартты. Ол өз ауылының бұлардай қыз-келіншегінен бас-басына өктемсінуді ұнататын, өзімшіл өрлікті көбірек байқайтын. Аузына жөнді сөз түспеген Қазиза жаңағы көріністі жуып-шайып:

- Е, бопты, бопты... Мақсұт, жүр қалқам, үйге кір! - деді де, жас қонақты есікке қарай бастай берді. Мақсұт қыз-келіншектер тобымен жалпы сәлемдесіп өтіп, үйге беттеді. Қазиза қарбаласып төрге таза сырмағын салып, есік алдында бір келінге тез қузап самауырын қойғызған. Кештетіп аттанып кетпек екенін алдын ала ескерткен Мақсұтты үй иелері жібермеді. Кетемін дегенін естігенде, Қазиза ренжитіндей болып:

- Мақсұт қалқам-ау! Ай-жылында әрең бір келіп отырып, әлдекімше қонбай қайтамын дегеніңе өкпелейміз, шырағым! - деп, тіктеу айтты. Соған орай Қарымсақ та, үлкендігімен бұйыра:

- Ертең ауылдарыңа мен де баратын болып отырмын, таңертең осынан бірге аттанамыз, - деген. Үй ішінің реттілігінен Қазизаның тазалығы білінгендей.

Аздан соң Мақсұт пен Қазиза оңаша қалды. Қарымсақ сыртта ошақ басында, кешкі іңірде мол жанған оттың жарығымен бір үлкен қара кебені жәркемдеп, сойып жатты. Қазиза қазан басына бағанағы жас келіннің біреуін қойып, өзі Мақсұтқа әлдене жайдан бір әңгіме қозғамақ болды.

Осыдан екі жыл бұрын қазір анау бас жақтағы шетте отырған Мұрыншақ үйінің жалғыз азамат баласы қайтыс болған. Әкесімен бірге Бурабайдың жылқысын бағушы еді. Ол өзі жас үйленген. Жастайынан тартқан аш-арық, жоқшылықтың зардабы ма, әлде қыс-жазы мал шетінде жүріп, өкпесінен суық өтті ме, әйтеуір сол Бурабайдың іргесінде отырғанда зертең деген науқасқа ұшырап, аузынан бітеу-бітеу қан тастап өлген. Сол баладан бір ұл қалған болатын. Жас келіншегі ерінің жылы өткенше отырды да, сонан соң төркініне кететін болды.

Келіннің өз әке-шешесі жоқ, бір есер немере ағасы ғана бар екен. Ол Мұрыншақты «жарытып қалың мал бермеді» деп бұрыннан іші қаламай, қатынасы кемдеу болып келген көрінеді. Сол құдасы шал-кемпірді жылатып-еңіретіп отырып, баласының ендігі көзіндей болған келінін әкетеді. Төсек орны мен үйдің ішін бір күнде бірақ үңірейтіп алып қайтады. Әсіресе шал-кемпірдің ендігі жалғыз алданышы - кішкене немерелерін де тартып әкетеді. Келін болса жасынан бір басының билік еркі болмаған, осы ағасының үйінде жеңге қолында өскен жетім басша екен. Жеңге қойған еттің ішінде «желке» жүретіні белгілі. Осылардан жасқанып өскендіктен бұл кезде де ығынан шыға алмайды. Ол өзі Мұрыншақтың қарындасынан туған жиен қыз еді. Қазақта жиенді алмайтын салт болса да, ата-анадан бірдей жетім қалған соң, өз қолымызда жыламай жүрсін деп Мұрыншақ баласына әперген. Әрі кедейшіліктен қолы жеткені де сол болған. Рас, бұл үйде қақпай көрмей, қайта бойжеткен қызындай болып жүргені анық. Сондықтан ата-енесін қия алмай ол сорлы да oмырауын жаспен жуып жылай-жылай аттанады. Оның «бала қалсын» деген тілегіне қанша дегенмен бауыр емес пе, ағасы аз қайысқандай болғанымен бірге келген еркек пішінді жеңгесі ырық бермейді. Мүйізі жуан бұқаның сүзеген келетіні тәрізді «Әйелдің еркек пішіндісі сыпайы келмейді».

Мұрыншақ шекпенмен басын бүркеп ірге жаққа теріс түсіп жатып қалғанда әлгінің көңілінде бұл үйден кие алмаған көйлегі тұрған. Қызды енді қайта біреуге сатқанға дейін күң орнына жұмсап, баланың табанын тіліп қозыға салып қойса, аз олжа емес. Ол тұста бұл үй Бурабайдың іргесінде болатын. Түу, ең баста да Мұрыншақ осы жалғыз баласына бір «бұлғаушы басты» келін әперу үшін, табан ақы іздеген жалшылықпен барып Бурабайға кіріптар болған.

Бурабай өзі ұрлаттырып Мұрыншақтың мойнына үш ту бие мінгізетіні сол баласы өлген қарсаң еді. Қайта өстіп белі сынып отырған кезінде, майырылдырып көндіруді тәсіл көрген.

Керімбек Мұрыншақтың Бурабай қасынан басқа жаққа ауып, көшіп алуын мәслихат етуде осындай да мән-жәй бар-ды. Сонымен Мұрыншақ Бурабайдан құтылғаннан кейін былтыр жазда болған жаңағы келін жөніндегі оқиғаны Қарымсақ Керімбекке жеткізіп ақылдаса келген. Шалдың жай-күйін шаққан. Кеткен келін төркіні бұл маңға, бұл үйезге қарамайтын, өргі Қызай іші болғандықтан, ол іс жөнінде Керімбек Мақсұтқа мәслихат салып, жұмысты осыған тапсырған-ды. Мұрыншақтың бар тілегі - өзінің ендігі жан-бауырындай болған кішкене немересін қайтып алу. Сонымен былтырғы жазда Мақсұт Мұрыншақ үйіне келіп, әуелі істің егжей-тегжейіне жете қанық болған. Сөйтіп жазғы демалысында сол іс үшін арнайы қалаға түсіп, Мұрыншақ атынан Құлжадағы бас сотқа арыз енгізген. Соның аяғында кемпір-шал немересінің қыс басында өз қолдарына қайтуына себебі тиген. Қазір Мұрыншақтың қолында сол немереден басқа, Бурабай келіндікке алмақ болып шырғалаған қызы бар-ды.

Қазиза Мақсұтка әзір сол үй жайынан сөз қозғап:

- Мақсұт қалқам! Таңертең осы үйден шыға салып аттанам деп асықпай-ақ қой... Анау бас жақтағы атайдың үйінің қызы сені үйден дәм татып, бір шәугім шәйімізді ішіп кетсін, келсе жіберіп қоймай, айт! - деп өтініп жүрген. Әнегүні өздерің былай карай аттанып бара жатқан күні-ақ айтып еді, шырағым! - деп бір ойда жоқ жайды білдірді. Үні біртүрлі астарлы, жан тартып сөйледі.. Сөзінің арғы жағында тағы бірдеңе бар секілді. Жұқалтаңдау келген, көрікті, аққұба Қазизаның кісіге жақын достай шыншыл сыр ұялатып қарайтын қара көзі үлкендеу ашылып, Мақсұтқа барлағандай мейірім төгіп қарады. Бұған туысқандық, жақындықпен әлде бір қажетті, сыр арнағандай және аз отырып:

- Е-е, шырағым-ай, досқа достың залалы жоқ. «Бойжеткен қыз мұңлық, томағалы құс мұңлық» деп неге айтқан дейсің... Бұрынғылар білмесе айта ма! - деп қойды.

Жас жігіт Мақсұт Қазизадай жасы үлкен қыз туыс алдында қысылыңқырап қалды... Ортадағы әйнекті шамның мөлдіреп жанған жарығына қарсы отыр еді. Жүрегі бір нәрсеге шым еткендей, алқызыл жүзі болар-болмас қызарып кеткен. Неліктен екен, Қазиза сөзі аса әсерлі тиді... Мақсұттың шамалауынша тегі, неғыса да, бұл туралы сыртынан сөйленген әлдебір сөздің болғаны анық. Мақсұтқа бүгін көбірек көз тоқтатқандай болған Қазиза тағы біразда:

- Сол қыз бағана сен келгенде осында тұр еді, байқадың ба, Мақсұт? - деп, әзірге тек осыны ғана білгісі келіп сұрады. Қазизаның бұл айтып отырған адамын Мақсұт аңғармаған-ды. Жолында сәл шеттеу тұрған қыз-келіншектерге жалпы тобымен ғана сәлемдесіп өте берген Мақсұт Қазизаның бұл сөзді неге шығарып отырғанына таңырқағандай болды. Әңгіме көпке созылған жоқ. Сырттан:

- Ыдыс - ыдыс! - деп дауыстаған Қарымсақтың жарқын үні естілді. Қазиза орнынан тез көтеріліп, ішек-қарынға астауын алып шыға жөнелді.

- Жеңеше, сіз бас үйте беріңіз, басқасын мен өзім жайғаймын ғой, - деген бағанағы жас, момын, ақсары келіннің даусы қарбаластау шығады. Қызметіне риза адамдай, кешкі тұнық ауада үні көңілді, мейірлі естіледі. Біраздан соң үйге Қарымсақ келіп кірді. Қазанын қамдастырып қойып, Қазиза да келді. Жайшылықта мінезге, сырға берік Қарымсақ, жас қонағына әр сөзімен анық тартымды шырайын танытып, әйеліне «ақ Қазиза» деп сөйлеп үй ішіне әзіл көңілділік шақырады.

- Кәне, ақ Қазиза тәтті де, сәтті қолыңмен қымызыңды әкелші! - дейді. Осындағы үш-төрт үйдің бес биесін құрастырып Қазиза байлап отыр екен. Сырттағы бағлан қозының пісуін күтіп, бапты қымыздан жақсы әңгімемен отырып біраз алған кезде, көңілдене түскен Қарымсақ:

- Мақсұтжан, сенің бұл әпкеңді қалай алғанымды білуші ме ең? Малмен емес, өлеңмен алғанмын. Айт, той, өлең болса, іздеп барып айтысушы ек... Шіркін, о да бір қолға қайта түспес дәурен екен! - деді. Өткен-кеткен қызығын қия алмай сағынатын отты адамның көңілі.

Қарымсақ жасынан әнші, әрі өлеңші. Айтқанындай, тіпті үйленгеннен кейін де, «угәй-угәй» деген бір ескі әуенге салып, сол әннің әлде бір мұң, сағынштай қайырмасын:

 

«Угәй-угәй, әй угәй,

Ақ Қазиза, дариға-ай!

Бір сені ойлап мен жүрмін.

Жатқа қимай, әй-угәй» -

 

деп, Қазизаға шынайы ішкі толқын, жүрек сырын арнап қосатын. Кейде сол әнді бейсағат бір заманның елден, жерден ауған, әлдебір мұңлы жігіттерінше:

 

«Қиыр қонып, шет жайлап,

Келдік қалқа, дәм айдап!» -

 

деген қайырмаға да салып, өз қасындағы Қазизаға назды жалынмен арнайтын.

Қарымсақ жаңағы сөзді еске түсіргенде, Қазиза: - Ол бір келмеске кеткен дәурен ғой, өткінші екен ғой! - деген. Өз өмірінде өткен таңғажайып бір кезге тұтанғандай, өзгеге білдірмей күрсініп қойды. Жарастық көңілмен отырып, қайта келмес оттай ыстық жастығы есіне түскенде, Қарымсақ сияқты оның да іші толып, алаулап кеткен. Осының өзі бәлкім өзге дүниенің бәрінен қымбат та болар. Мақсұт «дүниенің қамын сөйлеп енжарласқан талай-талай шіреншектен Қарымсақ пен Қазизаның кешкен күні артық екен-ау» деп, үй иелеріне қызығып қарады.

Қарымсақ пен Қазиза екеуінің елде жоқ ырыммен бір-бірін, өздері сүйіп қосылғандары рас еді. Бойжеткен қыз күнінде өз үй-ішімен ауыл-ағайынына еркін болған Қазиза «осыған бермесе ата-анама разы емеспін» деп, әкесіне өзі сөз салғызады. Алғашында бұл істі сұмдықтай көргенімен, аяғында есті қыздарын мұратына жеткізіп тілегін берген жақсы ата-анаға ырзалық көз жасын төгіп, Қарымсақтың бар мәзір, жоқ мәзірін ғана әпергізіп, жалпақ елге аңыз болып ұзатылған.

Ертеректе Керімбектің бабасы Айтпай заманында жорықта қолға түсіп, сол Айтпай асырап-өсіріп, қатын әперген екі бала қалмақтың бүгінгі әулеті бұл ауыл, Шеру ішінде, әрине өзгеден Керімбекке жақын болады. Қазизаның Қарымсаққа баруын шариғат қосқан. Осындай себептермен Мақсұттың келуін бұл үй өздеріне өлшеусіз жақындық әкелгендей, құрақ ұшып бауырмалдықпен қарсы алды.

Біразда ас дайын болды. Тамаққа Мұрыншақ та шақырылған екен. Үй ішінде аз қарбаласқан қозғалыс боп, астаумен буы бұрқыраған ет түсіріліп, қолға су құйылар алдында келген Мұрыншақ сәл орнығып болған соң да, Мақсұттан қайта амандық сұрап:

- Қалай, балам, ат-көлік аман, көңіліңнің қошында жүрсің бе, қарағым? - деп жатыр. Күн қаққан, шомбал жүзі күреңітіп, өзінің байырғы үлкен сабырымен отырған, көңілі жұмсақ, ақсақалдың мұңдар күйін ұғып, Мақсұт та қариядан жәй-жағдай сұрап отырды. Өзі ауылдан көп ұзап шықпаған, әлі осы маңнан ешқайда бармаған адам Мақсұттың үнемі шетте өсіп келе жатқанын еске алады. Шетте мерт болған адамның ауызына кім су тамызады дегенді ойласа, өз ойынан өзі тіксініп үркіп қалатын. Сондай мейірмен Мақсұт қамын ең жақын аға-бауырдай ойлайтын кісінің бірі - Мұрыншақ өзі болушы еді. Қазір ас үстінде, астан соң да тілеушіл қария ынтасын көбірек Мақсұтқа аудара сөйлеп, оған бірер дүркін өз қолымен ет те асатты. Ақыры қайтарында Мақсұтқа:

- Ал балам, жайланып жат та, таңертең орныңнан тұрған соң, үйден келіп дәм тат! Былтыр да бір-екі келдің, келгеніңмен күй-сыйың болмай кетіп ең, сүйт шырағым, мақұл ма? - деп, әр сөзін таптай айтып, шақырып кетті. Мейірбан қарттың сонша қадағалаған пиғылына өзінің ырза екендігін білдіріп:

- Мақұл кәрия, барамыз. Бейіліңізге үлкен рақмет! - деді Мақсұт та, оның кебісін аяғына қойып.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394