Ресей сәуегейлері көршілеріне көз алартып отыр
Ресейдегі соғысқұмар жендеттер тәуелсіз Украинаны тізе бүктіре алмағаннан кейін таза сәуегейлікке көшіпті. Бұл орайда Путиннің ең жақын досы, жұмыстан бос уақыттарында арақтан аузы босамайтын, ал масайғанда өзінің досы секілді көршілеріне көз алартпаса, ішкені бойына тарамайтын Дмитрий Медведьев деген шовинист ешкімге дес бермейтін көрінеді.
Қоян жылы Есік аттар-аттамастан-ақ, өзінше бір көріпкелдік жасапты. Шамандықтан үміті мол Димоннның сәуегейлігі дені дұрыс адамның сөзінен гөрі, психикалық ауытқуы бар жанның сандырағына ұқсайды. Аюбайдың баласы не деп болжайды дейсіз ғой?
Орындықты мықтап ұстаңыз. Оның айтуынша, келесі қоян жылы мұнай бағасы шарықтап, оның бір баррелі 150 долларды құрайтын көрінеді. Ал газдың әрбір текше метрі анау-мынау емес, тура 5000 долларға көтеріледі-міс. Яғни, оның сүйікті Ресейі мол байлықтың астында қалатын түрі бар. Мұны аз десеңіз, дәл биыл Еуропа мүлдем ыдырап, сан бөлікке бөлініп, ел болудан қалатын көрінеді. Ал олардың еуро деген ақшасы ештеңеге қажетсіз қағазға айналып қалатын секілді. Енді бұл оның таза қиялы шығар.
Дегенмен, Димоннның көздегені бұл емес. Онысы - қайткенде өздеріне бақталас санайтын Американы бір мүйіздеп өту. Осы орайда ол АҚШ-тың басына қара бұлт үйіреді. Димонға салсақ, дәл биыл Американы үлкен апат күтіп тұр. Мұнда аяқ астынан дүрбелең басталып, аяғы азаматтық соғысқа ұласады. Осының нәтижесінде ол елдің президенті болып атақты Илон Маск сайланады екен.
Ал бұл делқұлының жаңағыдай сәуегейлігін әлемжеліден оқыған Маск оған күлкіден есін жия алмаған имодз бейнені салып, мазақ етіп, көңілі бір көтеріліп қалғанға ұқсайды. Илонның сөзіне қарағанда мұнай ешбір шындыққа жанаспайтын сандырақты бірінші рет естіп отырған көрінеді.
Жалпы, Маск алыста ғой. Ресей басшылығындағы империялық санасы әбден уланған жарымес жандардың сандырағына көңіл аудармауы да мүмкін. Ал біз мұндай сөздерге тым сезіктене қараймыз. Өйткені жан-жағынан жау іздеген жанға қандай да сандырақ шындық болып елестеуі әбден мүмкін.
Украинадан Ресейдің тартып алған облыстарына барып бүлік шығарып, онысымен қоймай, сол жерде Малайзияның жолаушылар ұшағын атып түсірген, осы қылмысы үшін Гаага соты өмір бойы түрме жазасына кескен Стрелков-Гиркин деген «орыс әлемінің қорғаушысы» Медведев секілді арандатушылардың қатарына қосыла кетіпті. Бұл атақты қылмыскер: «Дәл биыл Ресей Қазақстанға міндетті түрде соғыс ашады, өйткені мұнда ұлтшылдар мен нацистер көбейе бастапты», - деп көкіді. Яғни, бізде де сол Украинаның жолымен кетіп бара жатқанға ұқсаймыз.
Біздіңше, бұл жалған сәуегейшілердің кезекті сандырағынан гөрі, Кремльдің белгілі бір арам мақсат көздеген жымысқы саясатының көрінісі секілді. Оның бірнеше себебі бар. Бір жағынан, Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысынан бүкіл әлемге жеккөрінішті атанса, екінші жағынан украин сарбаздарды майдан даласында жеңе алмай, тағы да мазаққа ұшырап отыр. Енді осының бар өшін өзінің әлі келетін Қазақстаннан алғысы келуі әбден мүмкін. Өйткені өзін ұлы стратег санайтын Путин әйтеуір бір жеңіске жетуі керек. Путинді Қазақстан оның ең жақын серіктестігі, әскери одақтасы секілді ұсақ-түйек дүниелер еш уақытта бөгей алмайды. Бізге қауіптісі осы.
Жайберген Болатов
Abai.kz