Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)
3
Сол күні Мақсұт Қазизаға соншалық бір тіл жеткісіз зор ризалықпен аттанған. Қазизаның айтқан сыр сезімен қыз енді бұның көз алдынан бірде-бір сәт кетпей, есінен шықпай қойды. Қамардың үйінен аттанып кеткенде жүрегі кеудесіне сыймағандай дүрсілдеп, көңілі ойға-қырға алып ұшып, жас жігітті осынау дүние, жаһанға тап бүгін жаңа жаралып, жаңа пайда болғандай етті. Төбеде көкшапақтана төңкерілген жоңғар тауының нұрлы аспаны жарқырайды. Айналада жым-жырт, орманды тау мүлгиді. Әлдеқайдан «күр-рк, күр-рк, көк-кек» деген орман көкегінің бұйығыңқы әуезі келеді. Бір өзі мынау тұнып тұрған тым-тырыс өлкенің құлазыған тіліндей. Бірақ табиғат дүние міз бақпай, осындай тылсым, сабырлы болғанмен, соның бір мақсым пендесі тынышсыз күйге ұшыраған. Жол бойы Қарымсақтың әңгімесіне жарытып жауап та айта алмады. Неге дүр ауылға, өз туған үйіне, ондағы ең қабақ таныр жақын адамы Қанікенің алдына жеткісі келді. Бүгін ол алғаш рет «Ең шын жанашыр жақыным кім? Айтсам жайымды бұлжытпай ұғатын кім» деген сұраққа қамалды. Енді бірде өз-өзіне бір тап-тақыр, панасыз жан сияқты бола ма, қалай...
...Мақсұт Қамарды көріп қайтқалы зымырап жиырма күндей уақыт өтті. Арада енді ауыл, таудан-тау асып, орқаш-орқаш Жоңғар жоталарын кейін қалдырып, төр жайлауға ұзап көшеді. Міне, осы уақыттарда Мақсұттың есінен Қамар бірде бір сәт шықпады.
3
Сол күні Мақсұт Қазизаға соншалық бір тіл жеткісіз зор ризалықпен аттанған. Қазизаның айтқан сыр сезімен қыз енді бұның көз алдынан бірде-бір сәт кетпей, есінен шықпай қойды. Қамардың үйінен аттанып кеткенде жүрегі кеудесіне сыймағандай дүрсілдеп, көңілі ойға-қырға алып ұшып, жас жігітті осынау дүние, жаһанға тап бүгін жаңа жаралып, жаңа пайда болғандай етті. Төбеде көкшапақтана төңкерілген жоңғар тауының нұрлы аспаны жарқырайды. Айналада жым-жырт, орманды тау мүлгиді. Әлдеқайдан «күр-рк, күр-рк, көк-кек» деген орман көкегінің бұйығыңқы әуезі келеді. Бір өзі мынау тұнып тұрған тым-тырыс өлкенің құлазыған тіліндей. Бірақ табиғат дүние міз бақпай, осындай тылсым, сабырлы болғанмен, соның бір мақсым пендесі тынышсыз күйге ұшыраған. Жол бойы Қарымсақтың әңгімесіне жарытып жауап та айта алмады. Неге дүр ауылға, өз туған үйіне, ондағы ең қабақ таныр жақын адамы Қанікенің алдына жеткісі келді. Бүгін ол алғаш рет «Ең шын жанашыр жақыным кім? Айтсам жайымды бұлжытпай ұғатын кім» деген сұраққа қамалды. Енді бірде өз-өзіне бір тап-тақыр, панасыз жан сияқты бола ма, қалай...
...Мақсұт Қамарды көріп қайтқалы зымырап жиырма күндей уақыт өтті. Арада енді ауыл, таудан-тау асып, орқаш-орқаш Жоңғар жоталарын кейін қалдырып, төр жайлауға ұзап көшеді. Міне, осы уақыттарда Мақсұттың есінен Қамар бірде бір сәт шықпады.
Анау кеште Қазизаның Қамар жайлы не айтпақ болып сөз бастағанын білуге, міне, енді ынтықты. Бар жан-жігерімен құмарта ынтыққан. Қазір қолы жетпей, ынтызары құрыған асық арманына ол кезде жолын қарғыс кескендей керенау еді!
Мақсұт өзін осылай жазғырып жүргенде, бұның көктен тілеген тілеуін жерден бергендей болды. Жақын бір ауыл осындай елдің басы жиын, жайлау көшпей тұрған кезінде сүндет той жасамақ екен. Қазизаның соған кеп қалуы ғажап емес-ау деп күткен шамада, ойлағандай апа-екесі сол тойға келді. Ертең той деген күні Қазиза, тіпті Мақсұттың өз ауылында бір үйге қонақ болды.
Сол кеште әпкесіне тағзым көңілімен амандаса келген Мақсұттың анық не себептен жеткенін Қазиза жазбай білген. Осы жолы түлеп, өзгеріп келгені білінді... Өз туысқаны үйінде еркін болған Мақсұт орайы келген бір әредікте бұның өзімен сөйлесуді тосқан Қазизадан:
- Әпке! Осы, анада сіз маған бір сөзді бастап қалғандай боп едіңіз ғой!.. Сонда не нәрсе айтып қалдыңыз? Айтпақ болғаныңыз қандай сыр еді? - деп тақайырлап сұрады. Қазиза «е, бәлем қалай екен, шоқ-шоқ» дегендей боп жалт етіп қарағанда, көзінде үлкен үміт, әрі сенім шұғыласындай бір жанды сәуле жарқ еткен. Ол қапелімде қозғалған бұл сөзге сәл тосылып, дос тілеумен көз салғанда, Мақсұт сұрауын аз жалғай түскен-ді.
- Сол аяқсыз қалып еді, Қамар сізге сырлас па еді? Қазизаға жігіт көзінде оның ішкі зарығу ынтызарлығын байқатқан от бар екені танылды. Жас жігіттің сезімге толған салмақты жанары зиынды әйелдің назарынан оқшау қалған жоқ. Қазиза жауабын бөгеліңкірей отырып, ойлап айтты:
- Е-е, қалқам-ай! «Айналдырған екі үйсің, бір-біріңнен ұрлығыңды жасырасың» деген екен. Пенде бейбақта жасырын не сыр қалушы еді, - деп келіп, аз отырып: - Қысы-жазы біргеміз ғой. Сауық бақпай, тірлік баққан тыныш ауылмыз, бұл ауылда осының менен басқа кімі бар дейсің, - деп бір қойды. Қамар жәйлі ойлау Қазизаның өзіне де жеңіл емес сияқты. Осыдан кейін Қазиза Қамар жөнінен Мақсұтқа бірталай сыр ашты.
Қазизаның бұл жолғы білдіруі бойынша, әңгіме былтыр жаздағы Қамардың кішкентай бауырын Мақсұт өзі қолға тигізіп беруімен байланысты басталған екен. Мұрыншақ үйі өзі қаралы болып отырғанда Бурабайдан көрген қорлық-зорлығы да қол ұшын берген Мақсұт жәрдеміне қосылып сөйленген. Қамардың ата-анасы шерлі боп қалған, қамкөңіл болған адамдар. Қыз болса - жат жұрттық. Бүгін болмаса, ертең кісі табалдырығын аттайды. Өз үйінің сондай тағдырын бір басының арылмас дертіндей біліп, айыға алмай ойлайтын есті қыз Қазизадай жақсы жеңгесінен ешбір ойын жасырмай, айқын бір мұң ашқан екен. Ол алдымен өз сырын бүкпейтін Қазизадай жеңгеден:
- Тәте, осы біздің ауылмен Шерудің барлық жері қыз алыса бере ме? - деп сұрап қалады. Қазиза оған мысалды алыстан іздемей-ақ өз басын келтіріп:
- Алыспаса мен неғып кеп отырмын? - дейді. Қамар сөз осыған жеткен соң, бұйығып қалып:
- Әй, қайдан білейін...- деп қиылып отырып: - Ойлаған жеріңізге кете алған сіз бақыттысыз ғой. Шын бақыттысыз! Ата-анама бір сүйеніш болуға жарасам деп солар үшін өзегім өрт болады! Ішімнің өртенетіні сонша, ақыры бір үйден кететіндігім есіме түсіп кетсе, суға барып жылап-жылап қайтам. Тағдыр маған кімді таңдар ең деп еркіме беріп қояды деймісің! - Ол жап-жас басымен үлкен адамдай уайым айтып, аузынан «тағдыр» сөзін шығарғанда, бұл сырға Қазизаның қабырғасы сөгілгендей болған. Сол күні осы сөз, осы бір сыр соңында Қамар:
- Құдай Мақсұттай баланың етегінен ұстатып өлтірсе, қандай қыз армаңда кеттім дер?! - деген алыс, қиын арманын да ашық айтып салады. Қазиза:
- Менің адам танитыным рас болса, Мақсұтқа да өзге емес, сен, тек қана сен керексің! Мен білсем сол бала өзі анық берілген нәрсесінен тас жауып, тау күйресе де айни қоймас! Бұл сөзіңнің аяғын енді маған бер! - деп Қамарды құшағына қысып бетінен сүйеді. Сонда Қамар ағыл-тегіл болып жылапты...
Қамардың басын ешкімге айырбастамайтын Қазизаның анадағы Мақсұтқа оңаша отырып шет-жағасын шығарғаны сондай мұң мен ниеттің мәні екен. Қазизаның мына айтқанындай әсерлі әңгіме жігіт өмірінің бас-аяғында енді қайтып қайталанбастай киелі шыққан. Бұл өзі - ағасы өліп, мұңды болып жүрген Қамардың айтқан сөзі екенін білгенде, Мақсұттың тұла бойы тітіреп кеткендей болды...
Қамар жастау кезінде, әкесі Бурабайдың іргесінде отырғанда, сол Бурабай ауылының балаларымен қосылып молдадан оқып, ескіше хат біліп қалған-ды. Жалдаулы молдаға бұны өз ауылының баласымен қосып бірге оқыттырушы Бурабайдың өзі болған... Екі жылдың алдында баласы өліп, қолы қысқарып отырған Мұрыншақты Бурабай айла-шарғымен қолға түсіріп алмақ болғанда, Қамар Керімбекке өз қолымен арыз хат жолдағаны, басына азаттық тілегені белгілі. Сонда Керімбек Мұрыншақтың Бурабай іргесінен құтқарылатынын айтып қызға қайта әкелік хат қайырған да, сәлемін өзгеден емес, өзінің оқып жүрген баласы - Мақсұттан жіберген. Бірақ ол жолы да бала жігіт Қамардың өзімен ұшырасқан жоқ. Хатты шешесінің қолына беріп, жақсы бейілмен әке сәлемін және өз ой, пікірін жеткізіп жұбандырып қайтқан, Қамардың шешесі сол ретте Мақсұттың сөз, мінезіне әбден қанып, мақтап қалған. Сөзі ем шешенің аңсарлы достық көңілден мадақтауы, тіпті оны бүкпесіз арман ете сөйлеуі Қамарға «ысытпа» дұғасындай ықпал еткен. Ол жылаулы, зарлы ана көкейінің ықпалы еді.
Қамар Керімбектің Құлжада оқитын Мақсұт деген баласын сыртынан сонда көрген... Үлкен ауылдың жасынан атақтанып қалада оқитын сыйлы баласы, Қамардай кісі іргесінде, қосақбасты болып күн кешкен, мұқтаж кедейдің үйіне кеп, бұның бар сырына ортақ болуы жас, сұлу, үмітшіл қыздың ойында мықтап сақталып қалған-ды. Қамар сонда өзінің балалық, балауса қиялымен үйде адам жоқ кезде сынық айнасына қайта-қайта қарағыштап «сол мені бір көрсе неге бұрылмай кете алар екен» дегендей тәтті үмітпен алданғаны бар. Мақсұттың бұла көңілінде сол жолы өзінің лүпілдек таза жүрегімен анық дос тұтып қалған Қамар бар еді. Сондай қиял, үміті жыл өткен сайын іштей ұлғая кеп, ақыры жаңағыдай сыр түйіні бола жеткізілген. Қазір осы Қамар жәйлі білдіріп айтқан, Мақсұт үшін бағасыз қымбат пейілдің аяғында;
- Қыз боп көрдік қой, қалқам. Қыз сорлыны таныс та алады, қоныс та алады. Жүрегі бар демеген соң, қыз бейбақты ынтызарлыққа да жазбасын! Қашан көңілі қалаған құтты орнын тауып қонғанша, қыз деген ол - бір ғаріп қой! - деп сөйледі. Мақсұт енді сол қызға дәл көрген сағаттан бастап өзінің еріксіз құмар болғанын жасырған жоқ. Білдірер жолы да осы еді. Сөз бастар алдында әуелі өкпесі аузына тығылғандай болды. Әрі осындай өз амалсыздығын Қазиза алдында бүккен жоқ: - Мен сізге өзге сөз айтпай-ақ қояйын. Көзім жетті ғой... Босқа айтпапсыз! Мың кісілік қамыңды бір кісі жейді, деген осы-ақ шығар. Енді өзіңізге бердім, тек бір өзіңіз ғана бастаған жағыңызға апара беріңіз!
Енді осы сапар үшін отқа түссем, күлім қалсын, көріп-ақ алдым! - деп, сөзді бір-ақ үзді.
Қазиза әдемі тістері тізіле күліп, бұның бетіне іштарта қарағанда шынымен буыны құрығандай болып отырған жігіт қызара түсіп:
- Нанар болсаңыз шыным да, бар сырым да осы. Сізге тағы бір нәрсе айтсам сенер ме екенсіз? Жақсы адамсыз ғой. Сенесіз, - деп, есі қалмаған адамдай сөйлеп:
- Несін айтайын, қазір есіме түссе осы қазір ауру болардай күйдемін! - деп, бір-ақ кесті. Қазиза мұндай сөзді аңырған қалпы қызыға тыңдап қалған бойында, көзінен жас ыршып кеткен. Екі бетінен жылжыған жасты сүртпестен тәтті мұңмен ойланып:
- Мені жанындай көруші еді, төбесі көкке жететін болды-ау!!! Бұ жалғанда өзінен бақытты ешкім жоқтай көретін болды ғой! - деп Қамар үшін шүкіршілік тәубесіне жеткендей болды. «Адам үшін адамның осынша мейірімі болады екен-ау» дегенді ойлап, Қазиза қайырымдылығына Мақсұт ерекше таңданды. Барлық сыр онсыз да жан-жүйесіне тиіп отырған жігіттің көзі дымдана қалмасы бар ма. Еркек басымен қайда жасырынарын білмей, сұқ саусағының сыртымен тез сүртіп үлгерді. Осы жолы Мақсұт Қазизадан қызға хат жазып жіберді.
Бұл қысқа ғана амандық, ілтипат сәлемі еді. Бірақ ең қиыны Мақсұттың Қамарға болған ынтықтығы Қазизадан осы соңғы сырды біліп, оның өзін Қамарға қайта жібергеннен кейін шындап басталды десе болатын. Қамар сөздерін сонша қимастықпен, еңдігі өміріне медеу еткендей, енді бұрынғы емес, бұрынғыдан да сабыры сарқылған. Арада уақыт өткен сайын жайшылықта өзін берік, жігері бар адамға жатқызатын жігіттің әзіргі өз жәйі бір өзіне мәлім. Расында осындай халге түсудің себептері бар. Ол - Мақсұттың алдында тұрған бөгет жағдайға тоқайласатын. Бұны басқаға телігелі отырған жәйіт бар ғой. Бұл шақта Абдолла қызы Зейнептің басы қандай байлаулы болса, мұның да басы сондай матаулы. Абдолла құдалықтан ажыраса, жегжат боп құдай дескен Керімбектің кінасынан ажыраған болады. Баста ел бірлігін сақтау ниетімен, ауызға аруақ-құдайды ала отырып, «құйрық-бауыр асасқан» Керімбек бүгін ақ батаны аттап кетсе, онда өз талайы өзінен. Абдолла өзге Шеруден өз табы жайнақты бөліп алады. Ол соны істесе оның соңынан Бурабай Дербісалыны өз-өзінен әкетеді деген сөз. Жайнаққа жалғыз Дербісалы ғана табиғы емес. Шеру ішінде: Бірен-Құлен, Ырғайты-Көбен деген аталар да солардың ұран, ығында. Осының бәрінен асып барып Керімбек өз баласына Мұрыншақтың қызын әпереді дегенге ит илансын! Абдолла бұған баса-көктеп, зорлап құда болған жоқ. Заман қамын жесе Абдолла емес, алдымен жейтін Керімбек. Міне, осымен аяғын аттап баса алмай дағдаратын Мақсұт бар.
(жалғасы бар)
Abai.kz