Дауылпаз дауыс иесі
19.03.2013
Алдағы 26 наурызда «Қазақтың Левитаны» атанған атақты диктор, Халық артисі Әнуарбек Байжанбаевтың туғанына 90 жыл толады. Тірісінде-ақ аңызға айналған атақты диктор жайында тереңірек таныстырмақ ниетпен Әнуарбек Байжанбаевтың бел баласы, «Қазақ Радиосының» жетекші инженері Арыс Әнуарбекұлы мен Ә.Байжанбаевтың шәкірті, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Сауық Жақанованы, сондай-ақ белгілі телепублицист Нұртілеу Иманғалиұлын әңгімеге тартқан едік.
Арыс ӘНУАРБЕКҰЛЫ:
- Әнуарбек Нығыметжанұлы Байжанбаевтың 90 жылдығын ресми түрде атап өту жөнінде басшыларымыз жоғары жаққа хат жазған, әзірге хабар жоқ, айтуларынша, кейінге қалдырып отырған сияқты. 26 наурыз күні осы қара шаңырақта - Қазақ радиосының Алматы филиалында қалған 45 адамдық ұжымымыз түгел жиналып, осында құрбан шалып, әкеміздің 90 жасқа толған еске алу кешін өткізгелі отырмыз.
19.03.2013
Алдағы 26 наурызда «Қазақтың Левитаны» атанған атақты диктор, Халық артисі Әнуарбек Байжанбаевтың туғанына 90 жыл толады. Тірісінде-ақ аңызға айналған атақты диктор жайында тереңірек таныстырмақ ниетпен Әнуарбек Байжанбаевтың бел баласы, «Қазақ Радиосының» жетекші инженері Арыс Әнуарбекұлы мен Ә.Байжанбаевтың шәкірті, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Сауық Жақанованы, сондай-ақ белгілі телепублицист Нұртілеу Иманғалиұлын әңгімеге тартқан едік.
Арыс ӘНУАРБЕКҰЛЫ:
- Әнуарбек Нығыметжанұлы Байжанбаевтың 90 жылдығын ресми түрде атап өту жөнінде басшыларымыз жоғары жаққа хат жазған, әзірге хабар жоқ, айтуларынша, кейінге қалдырып отырған сияқты. 26 наурыз күні осы қара шаңырақта - Қазақ радиосының Алматы филиалында қалған 45 адамдық ұжымымыз түгел жиналып, осында құрбан шалып, әкеміздің 90 жасқа толған еске алу кешін өткізгелі отырмыз.
Әкем - Шыңғыстаудың қазағы, әкесі Нығыметжан атам Абай Құнанбайұлымен көрші тұрған, дос болған, аздаған ақындығы да болған. Шешесі Фатиха әжем әнші болған. Әкеме тума талант, табиғи дауыс сол кісілерден қонса керек. Соғысқа дейін әкем С.Сейфуллиннің, М. Әуезовтің, С.Мұқановтың хат-қағаз тасушысы (курьері) болып істеген. 1943 жылы соғыстан жараланып оралған соң, Серғазы Оспанов деген сол кездегі төраға радиоға жұмысқа алыпты. Осы жерде 1989 жылы көзі жұмылғанша еңбек етті. Әкемнің үш ұлы, бір қызы болды. Қызы Гауһар 1993 жылы, үлкен ұлы Руслан 2003-те қайтыс болды. Мен ортаншы ұлымын. Кенжесі Айдар Жамбыл атындағы филармонияда инженер болып қызмет атқарады. Балаларының бәрі орысша тәрбиеленді де, мен бұрынғы Талдықорған облысы, Бөрлітөбе ауданындағы Лепсі стансасында 21 жасыма дейін нағашыларымның қолында өскендіктен, таза қазақша тәрбиелендім. Фамилиямның Байқұлов болуы сол себепті. Мектепте жүргенде демалыс сайын Алматыға келіп, араласып-құраласып жүргеніммен, 21 жасыма дейін ол кісінің әкем екенін білген жоқпын. Марқұм нағашы атам өзі алып келіп: «мынау - әкең, мынау - шешең» деп таныстырып, табыстырды. Марқұм шешем Ғайни Орынтаева қатал болатын, Шұбартау ауданындағы Бейсенбай деген байдың қызы болған. Ақын Жаппар Өмірбековтің зайыбы Зәуреш апамыз менің шешемнің туған сіңлісі болатын. Бұл кісілердің бәрі де қайтыс болып кетті. Әкем балаларының бәріне дұрыс тәрбие берді. Жұрттың бәріне қамқоршы болып, үлкен-кіші демейтін. Танымайтын талай студентті оқуға түсіргенін де білемін.
Атақты ақын Мұқағали Мақатаев 60-шы жылдары көк базарда қапшықпен ұн сатып тұрса керек. «Ұн сатамын...Нарынқолдың ұны...» деген айызыңды қандырар зор дауысты естіп, әкеміз солай қарай аяңдайды. Сөйтіп, Мұқаңның зор дауысын ұнатып, Қазақ Радиосына жетелеп әкеліп, диктор етіп қабылдатқызады. Екеуі бір-бірін өле-өлгенше құрметтеп өтті. Құрманғазы мен Байсейітов көшесінің қиылысында орналасқан қос қабатты үйден әкеміз басқа үйге көшкенде, біздің пәтерімізге Мұқаң көшіп келіп кірген. Мен де әкемнің жолын қумақшы болып, диктор боламын деп армандағаныммен, конкурстан өте алмай қалдым. Әкем бәрімізге «өз күштеріңмен оқыңдар» деп үйреткен. Осы жерге мен 1971 жылы техник болып жұмысқа келдім. Содан бері осындамын. Әкеммен бірге жұмыс істеген жылдар ерекше қызық еді...
Қазақ радиосының «Алтын Қорында» әкемнің дауысы жазылған он мыңдай әдеби, музыкалық хабарлар сақтаулы. Ол кісі еркелеп жүрсе де, жұмысқа келгенде тап-тұйнақтай еді. Бірде әкеміз көп жұмыс істеп, шаршап келді. «Балам, таңғы сағат бес жарымда оятарсың» деген. Ол кезде Қазақ Радиосынан таңғы алты жарымда ауа райы жайында тікелей хабар берілетін. Баламын ғой, ұйықтап кетіппін. Оянсам, сағат алтыдан жиырма минут кетіпті. Ол кезде қазіргі Бөгенбай мен Фурманов көшесінде тұратынбыз. Әкем төсектен тұра сала, іш киіммен далаға атып шығып, бір сомға такси ұстаған. Радиоға асығыс жетіп келіп, тікелей эфирден «Алматыдан сөйлеп тұрмыз! Алматы уақыты 6 сағат, 37 тиын» деп жіберген ғой. Мен үйде ол сөзді радиодан естіп отырмын, анама жүгіріп бардым: «Құрыдық, біттік, анау Алматы уақытын 37 тиын» деп жіберді» дедім. Дереу үйден киім-кешегін апарып бердім. Сөйтсем, әкем жұмысына барған соң қалтасына қолын салса, 37-ақ тиын қалыпты. Сол 37 тиын миында қалып қойған ғой. Осыдан кейін Халық артисі деген атағы бар әкемді екі айға қызметінен төмендетіп, студияда жай ғана оператордың көмекшісі қылып қояды. Әкемнің Димаш Ахметұлы Қонаевпен қарым-қатынасы жақсы болатын. Бір күні Қонаев телерадио басқармасының төрағасы Хамит Хасеновтен сұраған ғой: «Әлгі гүрілдеуік қайда?» деп. Төраға «қызметінен төмендеттік» деп болған жайды баяндайды. Қонаев сол арада әкемді қайтадан қызметіне алдырады.
Сауық ЖАҚАНОВА:
- Әнуарбек ағаны қазақтың бұрынғы өткен игі жақсыларының сарқыты, нағыз дүлдүлі, шешені, ақыны деуге болады. Ақын дегенде сөзді жүрекке ғажап жеткізуін айтып отырмын. Ол кісіні бүкіл адам сүйетін. Кейде жасы үлкен кісілерден радиоға хат келетін: «Айналайын Әнуарбек, аздап жинап жүрген тиын-тебеніме бір көлік алайын деп едім, Қонаевтың қасында жүрсің ғой, көмектесші», болмаса, «Баламды оқуға түсірейін деп едім» дегендей. Әнуарбек аға қолынан келгенше бәріне көмектесетін. Ауылдан келген танымайтын жас баланы қолынан жетектеп, ректорға ертіп апаратын. Еңбегін ешуақытта сатпайтын. Ешкімнен атақ-дәрежені өзі үшін сұрамайтын. Халық артисі деген атақты өзіміз ұжым болып ұйымдасып, жоғары жаққа жазып жүріп алып бердік. Қарапайым ел ішінде Әнекеңнің беделі өте зор еді. Радио десе - Байжанбаев, Байжанбаев десе - радио деп түсінетін жұрт.
Мен университетті бітірген 1966 жылы 21 жасымда Қазақ Радиосына қызметке келдім. Ол кезде Әнекеңмен бірге Қатира Әзімбаева, Шәрипа Бейсекеева, Мырзабек Қуатбеков, Мәмбет Сержанов, Асыл Рақымжанова секілді мықты мамандар жұмыс істейтін. Солардың бәрі Әнекең десе, тік тұратын. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Шолпан Байғабылованың әкесімен Әнекең қатты дос болған екен. «Сен алтынның сынығысың, дауысың әкеңнен жұққан» деп мені үнемі қанаттандырып отырушы еді» деп Шолпан үнемі айтып отырады. Байжанбаевтан тікелей білім алмасам да, жанында отырып мен де көп нәрсе үйрендім. Бірінші рет балалар хабарынан диктор болып бастағанымда, Әнекеңнің мысы басып, қорқып, дірілдеп оқығанымда, тоқтатып қойып: «Сен бүйтіп қорқақсоқтайтын болсаң, неменеге радиоға келдің, онда сенімен бірге оқымаймын» деді. Зекіп емес, жігер беріп айтты. Содан кейін күш ала бастадым. Егер менің диктор ретінде Сауық Жақанова деген атым шықса, ол - Байжанбаевтың қасында отырып үйренгендігімнің арқасы.
Нұртілеу ИМАНҒАЛИҰЛЫ:
- 1973 жылы Алматыға оқуға түсуге келдім. Қазақ Радиосының «Ұшқын» хабарында қызмет істейтін Махмұт, Кемелбек деген жігіттермен кездейсоқ танысып қап, олар менің сөзімді ұнатып, маған бір новелла жазып келуімді тапсырды. Мен туған ауылдың аты Діңгек еді, төрт беттік новелламның атын «Діңгегім менің...» деп қойып, бірер күннен соң апарып бердім. Әлгі жігіттер «мөлдіретіп жазыпсың» деп бірден ұнатып, тақырыбын «Діңгегім менің, Діңгегім» деп өзгертіп, радиодан берілетін күні өзіме хабарлап айтты. Қызық болғанда, болашақ журналистің тырнақалды новелласын радиодан атақты Байжанбаевтың өзі оқыды. Ол кезде, әрине, ол кісіні танымаймын. Ол заманда әр ауылда бағананың басында бір-бірден даңғарадай радио-шелек тұрушы еді ғой, ауыл адамдары - дүкенге кірген кісілер шығып, шопырлар тоқтап дегендей - Байжанбаев оқыған менің новелламды түгел ұйып тыңдапты. Сөйтіп, ауылға барғанда бірден супер журналист атанып шыға келдім. Ауыл сол кезде мені тура Әзілхан Нұршайықовтың өзі келгендей қабылдады. Міне, жақсының шарапаты деген - сол! Әнекең менің журналистік оқуға адаспай түсуіме осылайша себепші болды. Ол кісінің жалғыз маған емес, пәленбай жасқа тура бағыт көрсетіп, жолын ашқанына кәміл сенемін.
"Айқын" газеті