Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3160 0 пікір 19 Наурыз, 2013 сағат 12:17

Халықпен санасуды талап етемiз!

 

РЕФЕРЕНДУМНЫҢ ТАҒДЫРЫН АҚОРДА ШЕШСЕ ДЕ, ЕЛДIҢ ТАҒДЫРЫН ХАЛЫҚТЫҢ ӨЗI ШЕШУI ТИIС

Былтырғы жылдың қыркүйегiнен берi әртектi оппозициялық партиялар, қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауым өкiлдерi және ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтар Қазақстанда референдум өткiзу үшiн бастамашыл топқа бiрiккен болатын. Содан берi референдумның күн тәртiбiне шығарылатын мәселелер бiрнеше мәрте Алматыда және Астанада өткен жиындарда жан-жақты тал­қыланды. Ендi мiне, бастамашыл топ 16 наурыз күнi Алматыда жалпыреспубликалық жиын өткiздi.

Елiмiздiң он төрт облысы мен Астана, Алматы қалаларынан 512 өкiл қатысқан жиналыста референдумға шығарылатын сұрақтар тағы бiр мәрте қарастырылды. Олар: Қазақстанның Кеден одағынан шығып, Еуразиялық одақтан бас тартуы, барлық деңгейдегi әкiмдердi сайлау, стратегиялық маңызды кәсiпорындарды мемлекет меншiгiне қайтару және АЭС пен ядролық отын банкiн салуға қарсылық. Әр тақырыпқа баяндама жасалған соң аймақтан келген өкiлдер өз пiкiрлерiмен бөлiстi. Көпшiлiк­тiң дауыс беруiмен бұл мәселелер референдумға шығарылатын болып бекiтiлдi.

Билiктiң жиынға келетiн адамдарды қорқытып-үркiтiп, жолға шығуына кедергi келтiргенiне қарамастан, ұйымдас­тырушылар қажеттi өкiл санын жинай алды. Ал бұл ынталы топқа заңда көрсетiлген келесi әрекеттердi iске асыруға мүмкiндiк бередi.

 

РЕФЕРЕНДУМНЫҢ ТАҒДЫРЫН АҚОРДА ШЕШСЕ ДЕ, ЕЛДIҢ ТАҒДЫРЫН ХАЛЫҚТЫҢ ӨЗI ШЕШУI ТИIС

Былтырғы жылдың қыркүйегiнен берi әртектi оппозициялық партиялар, қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауым өкiлдерi және ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтар Қазақстанда референдум өткiзу үшiн бастамашыл топқа бiрiккен болатын. Содан берi референдумның күн тәртiбiне шығарылатын мәселелер бiрнеше мәрте Алматыда және Астанада өткен жиындарда жан-жақты тал­қыланды. Ендi мiне, бастамашыл топ 16 наурыз күнi Алматыда жалпыреспубликалық жиын өткiздi.

Елiмiздiң он төрт облысы мен Астана, Алматы қалаларынан 512 өкiл қатысқан жиналыста референдумға шығарылатын сұрақтар тағы бiр мәрте қарастырылды. Олар: Қазақстанның Кеден одағынан шығып, Еуразиялық одақтан бас тартуы, барлық деңгейдегi әкiмдердi сайлау, стратегиялық маңызды кәсiпорындарды мемлекет меншiгiне қайтару және АЭС пен ядролық отын банкiн салуға қарсылық. Әр тақырыпқа баяндама жасалған соң аймақтан келген өкiлдер өз пiкiрлерiмен бөлiстi. Көпшiлiк­тiң дауыс беруiмен бұл мәселелер референдумға шығарылатын болып бекiтiлдi.

Билiктiң жиынға келетiн адамдарды қорқытып-үркiтiп, жолға шығуына кедергi келтiргенiне қарамастан, ұйымдас­тырушылар қажеттi өкiл санын жинай алды. Ал бұл ынталы топқа заңда көрсетiлген келесi әрекеттердi iске асыруға мүмкiндiк бередi.

Жиналыста көпшiлiктiң дауыс беруiмен референдумның бастамашыл тобы құрылып, үш қарар қабылданды. Ендiгi кезекте бастамашыл топ референдумға қойылатын сауалдарды оған тиянақты жауап қайтарылуы үшiн ай­қын тұжырымдауы тиiс. Орталық сайлау комиссиясы жиналыс пен өкiлдер тiзiмiн заңды деп тапса, 200 мың адамның қолын жинауға рұқсат етiп, қол қойылатын парақшаларын беруi керек.

Десек те, бастамашыл топ қазiрдiң өзiнде кедергi келтiрiп жатқан билiктiң референдум өткiзуге рұқсат беруi екiталай деп есептейдi. "Рұқсат берген-бермегенiне қарамастан, халықтан қолдау iздеп, үгiт-насихат жұмыстарын өткiзiп, осы жиында талқыланып, бекiтiлген төрт сауалға байланысты қол жинаймыз" дейдi олар.

Газеттiң бұл санында елiмiздiң бүгiнi мен болашағы үшiн айрықша маңызды мәселелердi көтерген республикалық жиынның материалдарын жариялап отырмыз. (Билiктiң ықпалындағы БАҚ-тың бiрде-бiрi референдум жиынында талқыланған жайттарды көпшiлiкке құпиялап, жария етпесi анық).

 

Болат ӘБIЛЕВ, саясаткер:

ҚАТЫП ҚАЛҒАН СЕҢДI ҚОЗҒАУДЫҢ ЖОЛЫ БАР

- Елдегi шынайы ахуалды көрiп‑бiлiп отырмыз. Қыркүйек айында референдум бастамасын көтерiп, бiрнеше жиналыс өткiз­ген кезде "адамдарды жинай алмайсыңдар, жиналыс өткiзе алуларың да екiталай, сiздерге кедергi келтiредi" деп керi тартқандар болды. Сонда не iстеуi­мiз керек? Билiктiң оспадарсыз әрекетiне көз жұмып отыра беремiз бе? Бүкiл ресурс­тарды, ең үздiк кәсiпорын­дарды талан‑таражға салды. Байлығымыз ұстағанның қолында, тiсте­геннiң аузында кеттi. Ал қазаққа не қалды? Өкiнiшке қарай, ауызды құр шөппен сүртуге мәжбүр­мiз. Жерасты, үстi байлығы өзi­мiз­ге тиесiлi емес. Оны былай қойғанда, аспанымызға да өзге­бiреу­лер иелiк етiп отыр. Байқоңыр ресейлiктердiң, тiптi Эйр Астананың елу пайызы ағылшындардың қолында. Тәубесiне түсiп, оң‑солына қарап, тоқтам жасаудың орнына билiк бұдан да асып түсетiн сорақы бастамаларға кiрiстi. Ендi әлемдiк деңгейге шығып, Еуразиялық одаққа бас сұқпақ. Экономикалық тә­уел­сiздiктен айырылғанымыз былай тұрсын, экономикамызды жұтып жатыр. Бұл бастамалардың жеткiзген жерi осы болды. Ал бұл - тәуелсiздiктен айырылуға әкеп соқтыратын алғашқы қадам. Сонда да қол қусырып үнсiз отыра беремiз бе? Кейiн өз балаларымыз бен немерелерi­мiз­дiң алдында не деп ақталамыз? "Қолымыздан келмейтiнiн бiлгендiктен, ештеңе iстемедiк" деймiз бе? Әрекет ету керек, халықтың көзiн ашу қажет. Кеден­дiк одақ пен Ресей және Беларусьпен интеграцияның арты қандай қа­уiп‑қатерге апаратынын түсiндi­ру керек. Билiктiң қателiгiн көзiне шұқып көрсетiп, жаңа қателiктерге бой алдырмас үшiн бұрынғыларын түзеуiмiз қажет.

Билiк барған сайын халықтан алшақтап бара жатыр. Соңғы бастамаларына көз жүгiртейiкшi. Жөргекпұлды қысқартады да, "көбiрек бала табыңдар" дейдi. Осыдан кейiн "Астанада қолынан iс келмейтiн өңкей белсiздер отырған жоқ па" деген ойға қаласың. Әйелдерге қосымша төлемдер қарастырып, бақытты ғұмыр сүруiн қамтамасыз етiп, зейнетке ерте шығуға мүмкiндiк берудiң орнына зейнет жасын ұзартты. Соған қарағанда, Ақордада әйел атаулыны жақтырмайтындар отырған сияқты. "Ақша жоқ" деген сылтауды алға тартады. Ал Ұлттық қорда елу миллиард доллар ақша бар емес пе. Осындай қыруар ресурс жұмсалатын тетiгiн таппай құр бекер жатыр. Сондықтан бiз әрбiр жағдайда үнсiз қалмай "тәуелсiз Қазақстанда өмiр сүргiмiз келедi, бұл - бiздiң құқық" деуiмiз керек.

Назарбаевтың билiк етуi - Қазақстан тарихындағы аңыз. Бiрақ ертеңгi күнi қандай Қазақстанда өмiр сүретiнiмiз президентке ғана емес, тiкелей өзiмiз­ге байланысты. Халық президент "бiздi дұрыс жолға бастайды" деп одан қандай да бiр шешiмдi әрекет күтуге етi үйренген. Алайда жылдан‑жылға аттаған сайын Ақорда мен прези­денттiң өзi өрескел қателiктерге бой алдыратынын көрiп отырмыз. Сол себептi болашағына бейжай қарамайтын өз елiнiң патриоттары, Қазақстанның Кеден одағынан шығуды қолдайсыздар ма? Тәуелсiз, еркiн және әдiлеттi Қазақстанда өмiр сүргi­лерiңiз келе ме?

Тағы бiр маңызды мәселе - әкiмдердi сайлау. Осы күнге дейiн қазақ даласы, қазақстандық әйелдер он төрт облыс пен екi қалаға лайықты әкiм бола алатын перзенттi дүниеге әкел­медi ме? Бәлкiм, бiр ғана адам билiк қылып, өзге басшылар дү­ние­ге келмес үшiн жөргекпұл­ды қысқартып жатқан болар?

Әкiмдердi сайлау - бұл олардың халық алдында есеп беруi. Кез келген қала, облыс әкiмi сонда ғана халықтың алдында жа­уапкершiлiк арқалайды. Жаңа мектептер, ауруханалар, балабақшалар мен жолдар салынады. Олай болса, барлық деңгей­дегi әкiмдердi сайлауды қолдайсыздар ма?

Тарих ешқашан ештеңенi ұмытпайды және кешiрмейдi. Бiздiң де заманымыз өтер. Келесi ұрпақ "Қазақстан 90-жылдардың басында қандай едi және 16 миллион халыққа тиесiлi байлық кiмнiң қолына қалай өтiп кеттi?" деген сұрақ қояр. Бiз бұл байлықтың оффшорлы компа­ния­ларға өтiп кеткенiн жақсы бiлемiз. "Қазақмыс", "Қазмырыш", "АрселорМиттал", ENRC, "Халық банкi". Бұлардың әрқайсысы артықшылықтарды пайдаланып, салық төлемейтiнiн бiле­мiз. Бұл әдiлетсiздiктi жою керек. Бiз осы кәсiпорындарды халыққа керi қайтаруды қолдаймыз. Кәсiп­орындар акцияларының елу бiр пайызы мемлекетке, қалған қырық тоғыз пайызы халыққа үлестiрiлiп берiлуi керек. 90-жылдардың ортасында жеке­шелендiру науқаны кезiнде халық тақырға отырып, бiрнеше олигархтық топ байыды. Осы тарихи әдiлетсiздiктi жою қажет. Бұл байлықты бүгiнгi күнi кезiнде сатылған бағаға сатып алынуы тиiс деп есептеймiз.

Бiз бiр адамның Нобель сыйлығын алсам деген арман‑қиялының құрбанына айналғалы отырмыз. Қазақстан - ядролық қалдық қоймасы, онсыз да бiрнеше ядролық жарылыс жасалған, улан­ған жер. Әлемде өзге екi жүз шақты елдiң бiрде‑бiрi өз жерiн­де ядролық отын банкiн орналас­тыруға ниеттi емес. Олай болса, бiздiкi қай сасқандық? Қазақстан ядролық отын банкiнен бас тартуды қолдайсыздар ма?

Ал АЭС туралы сөз қозғаудың өзi артық. Бүгiнде бүкiл әлем ядролық отын мен атом электр стансаларынан бас тартып жатыр. Себебi олар қауiпсiз емес. Онда жиi‑жиi ереуiлге шығатын мұнайшыларға жақын жер - Ақтауда АЭС саламыз дегенi несi? Ендi халыққа оқ атуға болмайтынын түсiнген билiк батыр мұнайшыларды осындай жолмен тұқыртпақ шығар. Олай болса, АЭС салудан бас тартасыздар ма?

Әлем тез өзгерiп жатыр. Бi­рақ Қазақстан алға баспай, бiр орыннан қозғала алмай, қатып қалған сең тәрiздi. "Бiз өзгерiс­тер қалаймыз" деп 80-жылдары Цой шырқаған әндегiдей, бiз сол өзгерiстердi аңсап жүрмiз. Ол өзгерiстердi 90-жылдары-ақ жасау керек едi. Бiрақ әлi де кеш емес. Бүгiнгi жиналысымыз елде өзгерiстер қалайтын, соны талап ететiн халықтың көп екенiн көр­сеттi. Бiз референдумның өтуi үшiн күресемiз. Себебi келер ұрпақ алдындағы жауапкершi­лiктi жете түсiнемiз.

 

Рысбек Сәрсенбайұлы:

КЕДЕН ОДАҒЫ МЕН ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚ - ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСIЗДIГIНЕ ТӨНГЕН ҚАТЕР

Қадiрлi күрескер қауым!

"Кез болған соң кер заман бiздiң баққа,

Жау жарағын асырып, мiндiк атқа.

Ел бастайтын ерлерге бұл бiр зор сын

Жаңа талап, жас ұлан, қарап жатпа.

Заман-ай!"

Алаштың ұлы арысы Мiр­жақып Дулатовтың "Зар заман" өлеңiндегi бұл шақыру бүгiнгi ұрпағына да яғни, сiздер мен бiзге де арналып айтылғандай.

"Азаматы алаштың

Аттанатын күн туды.

Тұлпар мiнiп, ту ұстап

Баптанатын күн туды".

"Не үшiн аттанамыз, не үшiн ту ұстаймыз?" дейтiн сұрақтың жауабы - бiреу. Мемлекетiмiздiң тәуелсiздiгi тәрк етiлiп, бодандық қамытының қайта киiлу қаупi төндi, ал оны қорғау - отанымыздың әрбiр патриотының парызы! Бүгiнгi алқалы жиынымызда бiрлесiп талқыға салатын бiрiншi мәселемiз осы - Тәуелсiздiк тағдыры.

Қазағының еркiндiгi мен азаттығы үшiн он жыл бойы ат үстiнен түспей, жан-жақтағы жауымен қан төгiсiп, жан берiсiп шайқасқан Кенесары баба еске түседi осындайда. Ресейдiң отарлауына жол бермеймiн деп айқасқан хас батырлар 176 жылдан соң ұрпағының бодандық бұйдасына өз еркiмен қайта байланарын қайдан бiлсiн? Азат­керлiк күрессiз қол қусырып қарап отырсақ, барымыздан айырыламыз. Бүгiнгi қазақ қауымына, оның суперхан бол­ғысы келетiн басшысына мынандай сауал тастаймыз: "Тәңiр сыйлап қолыңа ұстат­қан дербестiгiңдi көп көргенiң бе? Аты өзгерсе де, заты өзгермеген отарлаушымен қайта одақтасып не опа таппақсың? Арзымас атақ, құтаймас даңқ, бос мақтан, мәң­гiлiк қалмас тақ үшiн ең қасиеттiңдi сатпа, президент мырза! Азаттық жолында мерт болғандардың аруағы мұны кешiрмейдi!". Бүгiнгi билiк басындағылар мұндай талапты қалай қабылдар екен. Есi кiрiп, айылын жиса жақсы.

Бәрiн бiр өзi билеп төстей­тiн, жантықтары теңеуiн таппай қиналып жүрген ел басшысы Н.Назарбаевтың арқасында кесiрлi Кедендiк одаққа кiрдiк. Одан соң, береке бермес Бiртұтас экономикалық кеңiстiкке ендiк. Ендiгi қалғаны - елiмiздi есеңгiретер Еуразиялық одақ. Кедендiк одақ сөзiн атау ретiнде ауызға да алғым келмейдi. Сондықтан оны қысқартып КО деймiн. КО-ны нелiктен кесiрлi дей­тiнiмiздi төмендегi дерек, дәлелдер айқындайды. Қазақстанның 39 кедендiк бекетi жабылып, сыртқы елдермен арадағы бекеттерге Ресей-дiң бақылауы орнатылды. Сөйтiп, олардан түсетiн та­быс­тың 87,9 пайызы орыс елiнiң еншiсiне айналды.Қазаққа тигенi - 7,3, беларусқа бұйырғаны - 4,7 пайыз.КО-ға кiрген Қазақстан бюджетi 70 миллиард теңге түсiмнен қағылды. Кiмдi байыттық, кiмдi кедейлендiрдiк? Айтыңыздаршы. Осы бағыттан танбасақ,тапшыланған қазынаның түбiн қазан қырғандай қырғыштай берсек, әйелдерiмiз бен аналарымыздың, қыздарымыздың зейнеткерлiкке шығу жасын 63 тұрмақ 73-ке жеткiзiп бiрақ тоқтармыз! Солай ма?

КО - ның арқасында өн­дiрiсi мықты Беларусь өз тауарларын бiзге тоғытып жатыр. Дамыған елдерге пұлдай алмаған бұйымдары мен азық-түлiк өнiмдерiн Ресей де бiзге тықпалайды. Оларға бәсекелесер қауқары жоқ қазақ кәсiпкерлерi бүк түсе бастады. Айғайлатып ат қойған түрлi инновациялық-индустриялық   жобалардың жолын жемқорлық пен жүйесiздiк кесiп тастаған. Отандық орта және шағын кәсiпкерлiкке жағдай жасалмады, олардың мүддесi қорғалмады. КО-ға кiрерде үкiметтегiлер 16 миллион ғана халқы бар Қазақстан үшiн ендi Ресейдiң 143 миллиондық, Беларусьтiң 9,5 миллиондық, барлығы 170 миллиондық базардың есiгi айқара ашылды деп жар салған едi. Құдды шығарған тауарлары республика тұрғындарын шаш етектен қарық етiп, өткiзерге тұтынушы таппағандай. Әйелi жүктi болмай жатып, әлi туылмаған ұлдарына атастырар қалыңдық iздеген әпендiнiң керi бұл.

КО-ның саяси, экономикалық, әлеуметтiк тұрғыдан Қа­зақ елiне тигiзер зардаптары би­лiкке ерте ескертiлдi. Тәуел­сiздiгiмiздi қорғауға шақырып, үндеу тастаған осында отырған отаншыл, ұлтшыл азаматтардың сөзiне құлақ түрiп, соңынан ере қойған ел аз болды. КО өзiнiң есiгiн қақпайтындай, сорын қайнатпайтындай, алыстағы елестей еле­мегенсiдi. Жиындарға, митин­гiлерге көп­теп келмедi. "Хабар", "ЕҚ" сияқтылардың тәттi ертегiсiне елiткен бойы отыра бердi халайық. Ақыры не болды? Президент Назарбаевтың жылда жарылқап тастайтындай кө­рiнетiн жылтырақ жолдаулары жарияланысымен көтерiле беретiн баға КО-ға кiрген соң тiптi удай қымбатшылыққа ұрындырды. Мұның түрткiсi - тауарларға салынатын баж салығын Ресейдiң деңгейiне көтерiп, соның дегенiн iс­теушiлiк. Басқаны айтпай-ақ қазекеңнiң жақсы көретiн асы - еттiң бағасына қарайықшы. КО-ға кiргеннен кейiнгi уақытта сиыр етiнiң бағасы 30,4 пайызға, қой етi 27,9, ал жыл­қы етi 20,5 пайызға көтерiлiп кеттi.Тiс шұқудың орнына ендi тек түс жорумен болатын шығармыз.

Ресейдiң су жаңа көлiгiнен гөрi шетелдiң ескiлеуiн артық санаған орташалау отандастарымыздың қысқа қолы оған да жетпей қалды. Баж салығы ондай көлiк бағасын үш есеге жуық көтерiп тастады. КО кiмнiң мүддесiн көздейтiнiне бұл бiр мысал. Көкөнiс, жемiс-жидек, басқа да азық бағалары бойы күн сайын, сағат са­йын өскен Ертөстiктен қалысар емес. Осымен тоқтайды деген үмiт үзiлген. КО тұрғанда қымбатшылықтың көкесiн әлi көремiз. Соның бiрi - өзге бағаларды соңынан салпақтатып ерте кететiн жанар-жағар майға да кезек келiп қалды. Ол ендi Ресеймен теңеспек. Бас бермес бағалар жарысы кедейдiң күн көрiсiн тiптi ауырлатып, әлеуметi әлсiздердi тұралатып тастайды. КО-ның құқайы мұнымен бiтпейдi.

Электр қуаты, темiржол тасымалы, коммуналдық қызмет ақысы,тұтыну бұйымдары, бу мен суға дейiн баға шарықтады. Денi сау жұртты жындандыратын жағдайға жеттi. Бұл қарапайым халыққа ғана әсер етпептi. "Нұр Отанның" бала көсемдерiнiң де басын айналдырып жiберсе керек. Таяуда сол партияның Бәйбек есiмдi бастығы елге ақыл үйреттi. Суға алдымен балаңды шомылдыр, одан соң сол сумен өзiң жуын, жуындыны төге салмай, оған кiрiңдi сал. Ең соңында едендi сүрт те, тағы неге пайдалануға болатынын ойла деген сыңайда. Байбектiң әкесiнiң кластасы, көтермелеген көкесi - Нұре­кесi де мұндай үнем­шiлдiк туралы кемеңгерлiк сөзiн айтпай қалмас. Қалдықсыз технологияны пайдаланып, инновацияны үйде де кәдеге жаратып, қияр мен картоптың қабығынан ас әзiрлеудi әдетке айналдырыңдар. Сонда КО-ның қиындығынан оңай шығасыңдар деп. Қысқа мерзiмдiк демалысынан оралуын күтейiк. Одан әрi зейнеткерлiкке кетiп қалмаса...

Елiмiзде кедейшiлiктiң дең­гейiнiң 60 пайыздан асқанына КО жарықтықтың қосқан үлесi мол екенiн ерiнбеген есепшi есептей жатар.

Билiктегiлер Еуразиялық одақтан - бұл атауды да қысқартып ЕО дейiкшi саясат iздемеуге шақырады.ЕО де­генiңiз тұнып тұрған саясат! Тәуелсiздiк мәселесi саясат емей немене. Президент Назарбаев ЕО менiң идеям деуден танбай жүр. Путин жармасып көрiп едi, қызғанышы қозды. Дәл осы мәселемен-ақ екеуiнiң де тарихта қалары хақ. Бiрiншiсi - өз елiн бодандыққа қайтарып берген адам ретiнде. Екiншiсi - ежелгi империялық үстемдi­гiн қайта жаңғыртқан билеушi сипатында. Қазақ басшысының нелiк­тен Ресейге жалтақтайтынын сiздер жақсы бiлесiздер. Оның сан қилы себептерi жетерлiк. Солардың санатына бүгiнгi билiгiн сақтау мерзiмiн барынша ұзартуды, басына күн туса барар жердi ойлағандықты қосыңыз дер­сiз. Бұған келi­семiз. Бiшкектен қашқан экс-құда Ақаев Мәскеуден орын тапты. Ал оның артынша, көп ұзамай зытқан Бәкиев қайда қазiр? Ол барып Беларуссияны паналады. ЕО - ертеңiн ойлағандардың, яғни ерте ме кеш пе елдi терiс басқарғандардың безгенде баратын орны.

Таяуда Н.Назарбаев "Тәу­ел­сiздiгiмiзге қатер төн­дiретiн кез-келген бiр­лес­тiктен шығамыз" деп қалды. Бекерге айтылмаған сөз. Отарлық қорасына қайырған Путиннiң тегеуiрiнi қатайғандықтан, бәрiнiң де өзi ойлағандай болмасын сезiн­гендiктен солай десе керек. Одан бұрын, өткен жылдың соңғы айларында Түркияға сапарында "200 миллион түркi бiрiксе, әлемдегi ықпалды күшке айналады" деуi тегiн бе? Үлкен саясатта мұндай доңайбаттың қалың қыртысына үңiле қарайды. Орыстық 170 миллионнан да түркiлiк 200 миллиондық одақты қаласа қайда жүрiптi бұрын? Яғни, " Түркiлiк одақ" құруға нелiктен бармаған? Оның бiр себебi - өзi қалыптастырған авторитарлық мемлекеттiк жүйесiнде жатыр. Түркия батысшыл, демократия орныққан, экономикасы iлгерi озған ел. Таз тазды таңдайды. Ресей, Беларус, Қазақстан - бұл жағынан алғанда әкпеме жездем сайдың керi.

"Еуразиялық интеграция үшiншi жаһандық индустриялдық төңкерiстiң қарсаңындағы бiздiң экономикалық артықшылығымыз. Бiз жаңа технологиялар мен укладтарға бiрлесе секiрiс жасауға ниеттiмiз. Сөйте тұрып, Қа­зақстан да, Ресей де, Беларуссия да өздерiнiң ұлттық мүдделерiмен тәуелсiз мемлекеттер болып қала бередi". Қазақбасшының мұндай топшылауы көңiлге ешбiр сенiм ұялатпайды. Бұл авторитарлық билiкке байланған осы үш елдiң интеграциясы экономикалық артықшылық бола алмайды. Экономикасының басым бөлiгi сыртқа шикiзат шығарумен шектеле­тiн бұл мемлекеттер трансұлттық компаниялардың, дамыған елдердiң Еуропалық одақ секiлдi қауымдастығының ширегiне татымайды. Олардағы жаңа технологиялар үздiксiз жетiлдiрiлуде, өн­дiрiстi ғылыми негiзде дамыту қарқыны орасан. Секiрiс жасауға ниеттенген жақсы- ақ, бiрақ оның iске асар, аспасы неғайбыл ғой. Басталмай жатып берекесi қашқан ЕО-ға күмәндана қарағандарды "қырғи қабақ" кезеңiндегi түсiнiкпен өмiр сүрiп келе жатқандардың шатасуы» деп ақталатын басшының арты бос-ақ.

Кеңестер құрамындағы он бес республиканың шошай­ған үшеуiнен басқасының бәрi путиндiк-назарбаевтық-лукашенколық одақтан аулақ кеттi. Неге? Өйткенi олардың басшылары өздерiнiң мүд­делерiне бола ұлттың мүд­десiн құрбандыққа шалмады. Патшалық, одан соң кеңестiк отарлықтың мәскеулiк ез­гiсiнен кейiн, оның жаңарған торына, мейлi ол қалай аталса да, қандай түске боялса да айналып барып түскiсi кел­медi. Империялық астамшылығын орнату үшiн ешнәрседен тайынбайтын Ресейден сақтанды. Оны тәуелсiздiкке ендi жеткен елдерiн өркендетудiң кепiлi санамады.

ЕО КСРО бола алмайды және ондай бiртұтас мемлекет құрылмайды. Мұны Назарбаев айтпаса да жұрт жақсы бiледi. Екеуiн шатастырып жүрген оппозиция жоқ. Мәселенiң мәнiсi ашыла бастағанда, Еуразиялық парламенттi жасақтау қажеттiлiгiн ресейлiктер құл­шына қаузаған сәтте, ұлттық мүдденi одан биiкте тұрған құрылымдардың құзырына тәуелдi етер тұста қазақ қоғамы тағы шу көтердi. Мiне, сонда ғана билiктегiлер Ресей тықпалап қоймаған мемлекет­аралық парламенттiң көлең­кесiне үрке қарады. Саяси интеграцияға бармаймыз деп жалтарғаны содан. Мұнысы өзiн-өзi алдарқату, баяғыда түсiп қалған тұзақтың iшiнде шатылып жатып, оны мойындамағандай кейiп таныту.

Референдум өткiзу жөнiн­дегi бастамашыл топ ұйымдастырған жиында айтқан пiкi­рiмдi қайталағым ке­ледi. Қалай десек те, ЕО-ға кiргiзу арқылы қайтадан бодандыққа бастаған президент Назар­баев­тың үлкен қателiк жiбер­генiн ашық айтамыз. Шыдамсызданып, шамданса да, тыңдағысы келмей тәкаппарланса да. Барша халықтың, мемле­кеттiң тағдырына, елдiң тәуел­сiз­дiгiне қатысты мә­селенi жеке дара шешуiне оның құқы жоқ! Он рет әдiлетсiз сайлау өт­кiзiп, 100 пайыз дауыс алса да!

Ел тәуелсiздiгiн қорғап, батыр бабаларымыз қылышпен қидаласса, бүгiнгi кер заманда баршамыз жұдырықтай жұмылып, азаматтық арымызбен, шын пейiлiмiзбен күре­суiмiз керек. Ештеңеден қо­рық­пастан, пендешiлiкке салынып бұғып қалмастан, ол үшiн ақы сұрамастан. Ата заңымыздағы құқымызды пайдаланып, бейбiт жолмен, табанды талабымызбен! Өздерiңiз ардақтаған Алтынбектiң сөзi­мен айтқанда: Тәуел­сiздiктiң тағдыры үшiн таңдау жасар сәт келдi. Өзiмiз үшiн, балаларымыз үшiн, неме­релерiмiз үшiн!

Қадiрлi күрескер қауым! "Қазақстанның Кедендiк одақ пен Бiрыңғай экономикалық кеңiстiктен шығуын қолдайсыз ба?" деген сұрақты Референдумға шығаруды сұраймын.

 

Марат ЖАНҰЗАҚОВ:

Ұлттың заңды меншiгiн талан‑таражға салды

- Референдумға шығарылған маңызды мәселелердiң бiрi - Қазақстан халқына тиесiлi байлықтың ұлттық меншiкке қайтарылуы. "Елдiң стратегиялық маңызды кәсiпорындары - "Қазақмыс", "Арселор Миттал Темiртау", "Қазмырыш", "ENRC" және "Халық банкiн" мемлекет меншiгiне қайтаруды құптайсыз ба?" деген сұрақты күн тәртiбiне қойдық.

Бұл компаниялар 90‑жылдары Қазақстан халқынан ұрланды. Оны үптеп кеткен - президент Назарбаев пен оның айналасы.

Ең алдымен осы кәсiпорын­дардың ел үшiн қандай маңызы бар, соған тоқталсам. Айта кететiнi, бұл мәлiметтi ашық ақпарат көз­дерiнен алдым.

"Қазақмыс" компаниясы - бұл елдегi ең iрi тау‑кен және металлургиялық компания. Мыс балқыту жөнiнен әлемде он бiрiншi орынға ие. Қазақстандағы бүкiл мыстың 90 пайызын өндiредi. Мыстан бөлек алтын, күмiс, мырыш, мұнай, тiптi электр энергиясын өндiредi.

"Қазақмыс" - бұл iрi өнеркәсiп конгломераты. Оның 16 жерасты және ашық кен орындары, 10 байы­ту фабрикасы мен 2 мыс балқыту зауыты, бiрнеше жөндеу зауыты, көмiр разрездерi, қуатты электр стансалары бар. "Қазақмыста" 61 мың адам жұмыс iстейдi.

"АрселорМиттал Темiртау" - бұл кезiнде КСРО‑дағы ең iрi металлургиялық кәсiпорын болған бұрынғы Қарағанды металлургиялық комбинаты. Бүгiнгi күнi "АрселорМиттал Темiртау" - Қазақстандағы ең iрi тау‑кен металлургиялық өнеркәсiп орны. Оның құрамына Темiртаудағы металлургиялық комбинат, Қарағанды облысындағы сегiз көмiр шахтасы, Ақмола, Қостанай мен Қарағанды облыстарында темiр рудасын өндiретiн төрт кенiш кiредi.

Компания сайтында "металлургиялық комбинаттың жаңа тарихы 1995 жылдың қарашасынан бастау алады" делiнген. Лакшми Митталға тиесiлi "Испат Интернешнл" компаниясы Карметкомбинатты дәл осы кезде сатып алған болатын.

Қазақстан өндiрiсiнiң тағы бiр iнжу‑маржаны - "Қазмырыш" компаниясы. 1997 жылы Шығыс Қазақстанда түстi металдар өндiретiн негiзгi үш зауыт - Өскемен қорғасын‑мырыш зауыты, Лениногордағы полиметалл және Зыряновск қорғасын комбинаттары бiрiктi. "Қазмырыш компаниясының негiзi осылай қаланды. Қазақстанда мырыш өндiретiн жалғыз өндiрiс орны бұл. Елдегi ең үздiк мырыш, алтын, қорғасын кен орындарына иелiк етедi. Негiзгi меншiк иесi - ҚР үкiметi болған. Алайда кәсiпорын­дар бiрiккен соң "Қазмырыш" акция­ларының бақылау пакетi жеке қолға өтiп кеттi. Елдегi ең iрi су электр стансаларының бiрi - Бұқтырма ГРЭС‑i арзан электр энергиясын жеткiзiп тұру үшiн "Қазмырышқа" берiлдi.

ENRC құрамына қара металдар және қара металлургия өндiрiсiне қажеттi руда шикiзатын өндiретiн "Қазхром", марганец рудалары мен минералдар өндiретiн Жайрем тау‑кен байыту комбинаты, Соколов‑Сарыбай тау‑кен байыту комбинаты және "Қазақстан алюмини­йi" кiредi. Сондай‑ақ, Ақтөбе электр стансасы, Павлодар электр стансасы, Шығыс көмiр разрезi мен құны бiр миллиард долларға тең Ақсу электр стансасы да ENRC‑ке өткен. Осының арқасында "Табиғи ресурс­тардың еуразиялық корпорациясы" әлемдегi ең iрi феррохром өн­дiрушiсi, темiр рудасының ең iрi тасымалдаушысы болып танылды.

"Халық банкiн" таныстырып жатудың өзi артық. Бұл - елде фи­лиал­дар желiсi ең үлкен екiншi деңгейлi банк. "Халық банкi" КСРО‑ның жинақтаушы банкiн бүкiл филиалдар желiсi мен жылжымайтын мүлкiнiң мұрагерi.

1992 жылға дейiн осы кәсiп­орындардың барлығы Қазақстан республикасының меншiгiнде едi. Бұл өндiрiс орындары жас тәуелсiз мемлекеттi аяғынан тiк тұрғызатын маңызды экономикалық және қаржылық тұғыр болды. Алайда кәсiп­орындарды ел мен оның халқының дамуына бағыттаудың орнына, 90‑жылдардың ортасында бұлар мемлекет меншiгiнен алынып, жеке қолға өтiп кеттi. Мемлекетке ақылға қонымды өтемақы төленген жоқ. Былайша айтқанда, бұл активтер ұрланды.

1995 жылы Қарметкомбинаттың меншiк иесi атанған Лакшми Миттал оның атауын "АрселорМиттал Темiртауға" ауыстырды. Сатып алу кезiнде кредиторлар мүддесi аяқасты етiлдi. Бұл қалай iске асты? Қарметкомбинатқа иелiк ететiн қарызы бар компания емес, iс жүзiнде бүкiл мүлiк пен өн­дiрiлген өнiм заңсыз жолмен сатылды. Құны миллиардтаған доллар­ға жететiн нысанның құны бiрнеше ондаған миллион долларға дейiн төмендетiлдi.

Ал Украина дәл осындай кәсiп­орны - "Криворожстальдi" сарғылт түстi революциядан кейiн бес миллиард долларға сатты. Кiмге дейсiз ғой? Сол баяғы Митталға.

Олай болса, Қазақстанда нелiктен Митталға жабық жағдайда миллиард доллар тұратын активтер тиын‑тебенге сатылды деген заңды сұрақ туады. Миттал өзiн жалғыз меншiк иесi етiп көрсетедi. Алайда шын мәнiнде, ол нағыз меншiк иесi емес. Ол өзiнiң мықты әрiптесiнiң атын жасырып‑жауып жүр. Сондай қымбат активтердi халықтан жырып алуды сол әрiптесi ғана ұйымдастыра алатын едi.

Александр Машкевич, Патох Шодиев және Алимжан Ибрагимов Казхром, Жайрем тау‑кен байыту комбинаты мен "Қазақстан алю­минийi" кәсiпорнының иелерiне айналды. Ендi оларды еуразиялық үштiк деп атайды. Бұл қалайша iске асты? Әлдебiр активтi сатып алған олар үнемi жоғары жаққа үлесiн берiп, пайдасын бөлiсiп отырды. Алдымен кәсiпорындар активтерiн құнсыздандырып, артынша жекешелендiрдi. Бұл аз болғандай, салықтар мен тарифтер төлеуден үлкен жеңiлдiктер алып, мил­лион долларға аз салық төледi.

Президент Назарбаев ENRC‑ге Қазақстан үкiметi кепiлдiк берген халықаралық несиелердi өзi алып берiп жүрдi. Мәселен, 2011 жылы "Самұрық‑Қазына" қоры ЕNRC үшiн Қытай даму банкiнен 1 миллиард 900 миллион доллар көлемiнде несие алды.

1992 жылға дейiн "Қазақмыс" кәсiпорны республиканың меншi­гiнде болған‑ды. Бiрақ 1992 және 2002 жылдардың аралығында iске асқан келiсiмшарттардың нәтиже­сiн­де мемлекет өз үлесiнен толықтай айырылды. Бұл жемқорлыққа толы алаяқтық схемалар арқылы жасалды. Бұл мәмiлелер Назарбаев­тың пайдасына iске асты. "Қазақмыстың" жекешендiрiлуiнен бюджетке тиын‑тебен ғана түстi. "Қазақмысты" құрған Назарбаев оның басшылығына өзiнiң сенiмдi адамы Владимир Кимдi қойды.

Назарбаевтың жақын кеңес­шiлерiнiң бiрi Болат Өтемұратов пен "Гленкор" компаниясы Зыряновск қорғасын комбинаты, Лениногор полиметалл комбинаты және Өскемен қорғасын‑мырыш комбинатының иесi болып шыға келдi. Бұл кәсiпорындар "Қазмырышқа" бiрiктi.

Өскемен тұрғындары "Қазмырыш" қоршаған айналаны ластайтын iрi кәсiпорындардың бiрi екенiн жақсы бiледi. Ол атмосфераға күкiрт қышқылының негiзгi құрамдасы - күкiрттi андигридтi көп мөлшерде тастайды. Әрi мұнысы рұқсат етiлген нормадан анағұрлым көп. Алайда Өтемұратовтың артында тұрған "Қазмырыштың" нақ­ты иесiнен ыққан үкiмет пен өзге де мемлекеттiк органдар қол қусырып қарап отыр.

Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев "Қазмырыш" пен ENRC‑дiң соңғы бенефициары ҚР президентi екенiн растаған.

Назарбаевтың ортаншы қызы мен оның күйеуi Тимур Құлыбаев "Қазақстан Халық банкiнiң" иесi атанды. "Халық банкiнiң" жекешен­дiрiлуi алаяқтың жолмен iске асты. Назарбаевтың күйеубаласы елдегi ең iрi банктi сатып алуға мүдделi болды. Алайда мемлекетке нақты нарықтық бағасын төлегiсi жоқ едi. Сөйтiп, Назарбаевтың бұйрығы бойынша мемлекеттiң үлесi жойыл­ған схема жасалды.

Құлыбаев банктiң 33,3 пайыз акциясын 41 миллион долларға сатып алды. Қалған акцияларды су тегiнге қалтасына басты. Сөйтiп, жүздеген миллион доллар тұратын банк үшiн бар‑жоғы 41 миллионды санап бердi. Салыстыру үшiн айта кетейiк. 2006 жылдың желтоқсанында банк өзiнiң 20,21 пайыз акциясын мемлекетке 748 миллион долларға сатты.

"Халық банкiне" Назарбаевтың қызымен бiрге ашық иелiк ететiн Құлыбаев мұнай саласынан мыңдаған миллиард қаржыны жымқырып, арам ақшаны банк арқылы айналыс­қа түсiрiп жүр. Әйтпегенде Динара Швейцария билiгiне Женевадағы үйдi сатып алу үшiн төлеген 72 миллион франктi қайдан алғанын қалай түсiндiрер едi? Ерлi‑зайып­тылар ақшаның шығу тегiн банк акцияларынан алынатын дивидендтермен түсiндiредi.

Бүгiнде мемлекет Машкевич, Ким, Митталға өтiп кеткен меншiктi қайта сатып алуға кiрiстi. Бiрақ ендi оны нарықтық бағаға сатып алып жатыр. Ал бұл Қазақстан халқын алдау жалғасуда деген сөз. Тиынтебенге жекешелендiрiлiп, ондаған жылдар бойы миллиондаған салықтан босатылған кәсiпорындарды керi қайтару үшiн мемлекет нарықтық баға төлеп отыр.

Мәселен, Қазақстан Республикасы қайтадан "Қазақмыс" компаниясының акционерi болуға бел буды. "Қазақмыстың" 26,3 пайыз акциясын сатып алу үшiн мемлекет­тiк бюджеттен 4,3 миллиард доллар жұмсалды.

Тағы бiр мысал. Биылғы жылдың ақпанында "Самұрық‑Қазына" ұлттық әл‑ауқат қоры "Қазмырыштың" 29 пайыз акциясын 1 миллиард 650 миллион долларға сатып алды. Әрi бұл ақшаны мемлекет шетелден қарызға алды. Ендi мемлекет шетелдiк кредиторлардың алдында қарызға батты. Оның үстiне, қарыз берген ел Қытай сияқты.

"Гленкор" компаниясынан бас­қасының мемлекеттен стратегиялық маңызы бар iрi өнеркәсiп орындарын сатып алуға мүмкiндiгi болған жоқ. Ал бұл нысандарды жекеше­лен­дiру жабық жағдайда өттi. Оның шарттары қоғам үшiн әлi күнге дейiн құпия.

Жоғарыдағы фактiлер Назар­баев пен оның жақын айналасы жалпыұлттық байлықты өз қалауынша пайдаланатынын көрсетедi. Осылайша олар елге орны толмас зиян келтiрдi. Режим мүшелерi қара басының қамы үшiн мұнай, газ, өзге де ресурстарды талан‑таражға салып, сарқып жүргенi. Ал стратегиялық маңызды бұл байлық - ұлттың заңды меншiгi. Олай болса, 90‑жылдары Қазақстан халқынан ұрланған "Қазақмыс", "АрселорМиттал Темiртау", "Қазмырыш", ENRC және Халық банкi елге қайтарылуы керек.

 

Мұхтар ТАЙЖАН, экономист:

- "Кедендiк және Еуразиялық одақтар - Қазақстан тәуелсiздiгiне төнген қауiп" атты баяндамамды дайындап қойған едiм. Алайда, менiңше, сiздер менiң пiкiрiм мен ақпаратымды жақсы бiлесiздер. Бұл үш жарым жылдан берi айтылып келедi. Сондықтан оны оқымай‑ақ қояйын деп шештiм. Аймақтардан келген адамдарды тыңдап, сөздi соларға берейiк.

 

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы:

ХАЛЫҚПЕН БIРГЕ БОЛМАҒАН ЖАЗУШЫ - ӨТIРIК ЖАЗУШЫ

Референдум өткiзу жөнiндегi жиыннан қорқатын, үркетiн, жалтақтайтын ештеңе жоқ. Десек те, осының өзiнде жиынға азаматтарды жiбермеуге түрлi әрекеттер жасалыпты. Бұл қалай болғаны сонда? "Менiң денсаулығым жарамай тұр" деп те жергiлiктi әкiмшiлiктен рұқсат сұрап, дәрiгерге қаралуымыз керек пе сонда? Мемлекеттiң, қоғамның тыныштығы керек. Бiрақ олардың бәрi халықтың, ұлттың мүддесiне айырбасталмауы керек қой?! Толеранттық деген жексұрын сөз - жоғары жақтың халыққа "үндеме" деген сөзiн бiлдiретiн сияқ­ты. Үйiңдi қиратып, бұзып тастаса да, үндеме. Ақшаңды жинап алып, қашып кетiп, сен далада қалсаң да, үндеме. Сотқа жүгiн­генiң­мен, түк шықпайды. Сондықтан бәрiне үндемей қарап отыра беруiмiз керек. Қазiргi жағдайымыз баяғы репрессия заманынан да асып кеткен жоқ па? Мен үшiн халқымның амандығы, өз жерiнде өзi қожа болуы, өз байлығы өзiне бұйыруы бәрiнен қымбат.

Жаңаөзенде халықты қырып жат­қанда да үндемей отырғандар болды. "Атқан кiм, атқызған кiм" деп БАҚ арқылы сұрау салғанымда, кейбiреулер соны батырлыққа балапты. Жоқ, бұл батырлық емес. Осы елдiң азаматы ретiнде мәсе­ленiң мәнiне сұрау салдым. Сұрау салуға қақым бар емес пе? Қазiр Канадада тұрып жатқан бишi қыз Әлпиеваның күйеуi: "Мен Қазақстандағы барлық жағдайға түсiнiс­тiкпен қарауға тырысамын. Бiрақ бiр ғана нәрсенi түсiне алмаймын. Қазақстанда құрылыс компаниялары үй салып берем деп халықтан ақша жинап алып, уәдесiн орындамай, қашып кетедi екен. Не үй, не ақшаны қайтаруды талап етiп, көшеге наразылық шеруiне шыққан жұртты полицейлерi ұстап әкетiп, қамап тастайтын көрiнедi. Бұл қалай сонда?" - дептi бiр сұхбатында. Осының өзi көп жайтты аңғартса керек.

Бар-жоғы он миллион қазағы бар елмiз. Жан-жақтан төнiп тұрған қауiп жеткiлiктi. Батыс аймақтарда сепаратизм, ел iшiнде трайбализм өршiп тұр дегендей қоғамда iрiткi салушылар жетедi. Сондықтан ел бiрлiгiн сақтай отырып, референдумда көтерiлген төрт тақырыпты қолдауға шақырамын. Халыққа тиесiлi жер байлықтары мен кәсiп­орындарды халықтың меншiгiне қайтарған Уго Чавес көшбасшыға айналды. Бiздегi сатылып кеткен ел байлықтары халыққа қайтарылуға тиiс. Ол үшiн халық болып талап қоюымыз керек. Референдум өт­кiзу туралы бастаманы қолдаймын, мен халықпен бiргемiн. Ал халықтан бөлек жүрген жазушыны өтiрiк жазушы дер едiм.

 

Әмiржан Қосанов:

БIЗДIҢ САНАМЫЗҒА БIР ТӨҢКЕРIС КЕРЕК

Құрметтi жиналысқа қатысушылар!

Референдумшыл қауым!

Кеше ғана мен Фейсбукте мына өлеңдi жазып, елдi осы жиынға шақыруға атсалысып едiм:

Бiр ел жұтып қояр ма

екен бiр елдi?
Дүрлiктi ғой қазағымның даласы!
Тәуелсiздiк тығырыққа тiрелдi -
Жиынға кел, әр қазақтың баласы!
Кенiштерiң бастады ма сарқыла?
Шыңыраудай бай мен кедей арасы!
Сенiң даусың керек бүгiн халқыңа -
Жиынға кел бар қазақтың баласы!

Ресми БАҚ "Қазақстанда оппозиция жоқ, не ол тым енжар, әрекетсiз" деп жатады. Осында сол БАҚ өкiлдерi болса, елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен келген 500-ден астам адам жиналған осы залды түсiрiп алыңыздар! Бәрi көрсiн, оппозиция бар екенiн!

Ағайын! Бiз қызық елде өмiр сүрiп жатырмыз, бiздiң күнделiктi өмiрiмiз Ата заңымыздың басты талаптарына мүлдем сәйкес келмейдi.

Конституцияның бiрiншi бабының бiрiншi тармағын алайық.

"Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары", - деп көрсетiлген.

Талдап көрейiк.

22 жыл бойына бiр адам басқарған, билiгi ауыспайтын, парламентiне оппозиция­лық партиялар кiре алмайтын, билiкке қарсы пiкiр айтқан кез келген адам қуғынға ұшырап, не белгiсiз бiреулердiң қолынан қаза табатын, не түрмеге жабылатын, тәуелсiз газеттер сот шешiмiмен жабылатын, референдумға барамын деп Алматыға жиналған азаматтарды әкiмдерi мен полициясы пойыздан түсiрiп тастайтын мемлекет өзiн демократиялық деп атай ала ма?

Я оқуға, я үй алуға, я құда түсуге, той жасауға ақшасы жоқ, сол ақшаны табатын жұмысы жоқ, сол себептi әртүрлi күмәндi дiни секталардың құрығына түсiп, өз елiнде экстремист не террорист жастары көбейiп бара жатқан мемлекет өзiн зайырлы деп атай ала ма?

Соттары екi жақтың қайсысы параны көбiрек берсе, соның сойылын соғатын, прокуроры мен полициясы азаматтардың құқығын қорғаудың орнына, қорлайтын, керек десең, зорлайтын, арнайы қызметi шпиондарды табудың орнына саяси оппозицияны аңдып, әртүрлi арандату ұйымдастыратын, ең бастысы, бейбiт мұнайшыларға тапа-тал түсте оқ жаудыратын мемлекет өзiн құқықтық деп атай ала ма?

Басқасын айтпағанда, 2,5 миллиондай адамы "өз күнiн өзi көрiп жүрген", ауылда толайым бiр отбасы бiр атасының зейнетақысына қарап отырған, алдымен әр адамға үй салу үшiн 10 сотық жер беремiз деп, кейiн ол уәдесiнде тұрмайтын, аналардың декреттiк жәрдемақысын аяусыз қысқартатын, әйелдердiң зейнет жасын ер адамдардiкiмен теңестiрiп, 63 жасқа жеткiзгiсi келетiн мемлекет өзiн әлеуметтiк емес-ау, еркек кiндiкпiн деп айта ала ма?

Неге билiк үнемдеудi өзiнен бастамай, аналар мен келiншектерден бастайды?! Қазiргi шенеунiктер армиясын екi есе қысқартса, ешнәрсе құлап қалмайды! Қоғамдағы ауа тазарар едi. Қарапайым адамдар, әсiресе, шағын және орта бизнес еңсесiн бiр көтерер едi. Тиiсiнше, жемқорлық та сол сәтте екi есе азаяр едi. ЭКСПО-2017-ге жұмсалатын 1,6 миллиард долларды әлеуметтiк салаға жұмсаса, ешбiр ел де ренжiмес едi Қазақстан көрме өткiзбедi деп!

Ендi осының бәрiн өзгертiп, күнделiктi өмiрiмiздi Конституция талаптарына сәйкес ету үшiн не iстеу керек?

Бұған дейiн бiз, 16 мил­лион халық, тек қана жоғары жақтағы билiктiң айтқанымен жүрiп келемiз.

Ол өзiне ғана ыңғайлы заңдар қабылдайды. Олардың мәнiсiне көп бара бермеймiз.

Сайлау жариялап, өзiне жайлы, қой аузынан шөп алмас парламент жабдықтап алады. Бiз тағы да үндемеймiз.

Менiң бүгiнгi ұсынысым мынадай: сөзге мораторий жариялау керек! Нақты да бүкiл ел болып қолға алатын iс керек!

Алғашқы iстiң аты - референдум!

Ендi осы жиналыстан кейiн бiз сол iске көшiп, 200 мың қол жинауымыз керек.

Шынымен де күн тәртiбiне қойылып отырған 4 мәселе де ушығып тұр. Оларды халық өзi қолға алып шешпесе, бүгiнгi билiк ешқашан шешпейдi. Неге дейсiз бе? Айтайын.

Бiрiншi сұрақтағы Кеден одағы мен Еуразиялық одақ - тек қана Ақорданың геосаяси жобасы емес. Ол шынтуайтына келгенде, Кремльдiң Ақордаға көрсеткен әлiмжеттiгi!

Бiр ғана сұрақ: егер де Путин мырзаға: "Ресей өзiнен барлық жағынан - халқының саны, экономикалық әлеуетi - 10 есе зор елмен "терезесi тең" одаққа кiрiңiз" десе, ол не iстер едi? Бiздiң басшылар сияқты алақайлап, өзiнен үлкен алпауыттың құшағына өз еркiмен кiрiп кетер ме едi? Қайдам...

2050 жылды айту мода боп кеттi ғой. Көз алдымызға елестетейiкшi. Еуразиялық одақ гүрiлдеп тұр делiк. Астанасы Мәскеуде. Ортақ Парламент баршаға ортақ заңдар қабылдап жатыр. Ортақ тiл қандай екенiн айтпай-ақ қояйын... Сонда сiздiң немереңiз: "Ата, бiздiң Қазақстан Тәуелсiздiктен қашан, кiмнiң кесiрiнен айырылды? Сол кезде ата, сен қайда болдың? Не бiтiрдiң?" десе ше? Өзiмiздiкi болмағандықтан кiрiп кететiн жердi де таба алмай қалармыз. Не деп жауап беремiз бәрiмiз сол сәтте?

Кешегi мемлекет иелiгiнде болған шикiзат секторындағы iргелi кәсiпорындарды құтты орнына қайтару туралы екiншi сұрақ та маңызды. Әрi ол Қазақстанның халқына тиесiлi жер астындағы Менделеев таблицасындағы барлық элементтердi шетелге сатып, шылқып байып жатқан шетелдiк-сымақ қожайындардың шамына тиедi. Олар Ақордамен тонның iшкi бауындай жақын, кiндiктес, бiте қайнасқан! Сондықтан да олар бұл мәселенi халықтық талқылауға шығаруға үзiлдi-кесiлдi қарсы! Ал бұл идея жүзеге асса, бюджетiмiз толығып, қордаланып қалған қаншама әлеуметтiк мәселе шешiлер едi!

Бiз өзi қызық жұртпыз, қалтамыздағы әмиянымыздан мың теңге ұрланса, айқай-шу шығарамыз. Ал күн сайын құбыр арқылы, темiржол вагондары мен цистерналармен мұнай мен газ, аллюминий мен хром, мырыш пен мыс шетелге жөңкiп, әр қазақстандыққа тиесiлi миллиардтаған доллар басқа қалтаға түсiп жатса, түк болмағандай, қыңқ етпеймiз?!

Бiр нәрсе айқын - экономикада, соның iшiнде қазба байлығымызды сатудан түскен пайданы жұмсауда әдiлеттiк орнатпай, бiз әлеуметтiк әдiлеттiктi орната алмаймыз! Ал әлеуметтiк әдiлеттiксiз - халықтың, әсiресе ауылдың болашағы бұлдыр!

Әкiмдердi сайлау туралы үшiншi сұрақ тек қана билiктiң халық бақылауында болуын қамтамасыз етпейдi. Осы күнде қай шенеунiктiк қызмет қанша тұратынын елдiң бәрi бiледi. Ең болмағанда әкiмдiк қызметтi сатып алу доғарылар едi.

Менiңше, бiзде сатылмайтын екi-ақ қызмет бар. Бiрiншiсi - елбасылық, өйткенi оның иесi орнынан әзiрше кеткiсi жоқ, әрi ол параны кiмге бересiз? Екiншiсi - оппозициялық партияның басшысы болу. Өйткенi оппозициялық жетекшi болсаң, қудалауға ұшырайсың, сотталасың, түрмеге жабыласың. Қайдағы пара...

Атомдық электр стансасы мен ядролық отын банкi туралы төртiншi сұрақ - елiмiздiң қауiпсiздiгi мен халқымыздың өмiрi мен денсаулығына тiкелей қатысты! Бiр нәрсе айқын - Қазақстанның бұл мәселеде күллi адамзат алдында ары таза! Басқа елдер шалмаған атомдық құрбандықты ол шалды. Шалғанда мықтап тұрып шалды! Неге бiздiң билiк қазақтың мақал-мәтелдерiн жадына сақтамайды? Мәселен, «аузы күйген үрiп iшедi» деген сөздi. Семейде, Байқоңырда, басқа да құпия полигондарда аузы күйген қазақ ендi не iстемек?! Онсыз да жаны да, тәнi де жаралы, қайғы жамылған Ақтауда саламыз дейдi. Қауiпсiз дейдi. Олай болса, неге сол атом стансасын Астанада, Ақорданың алдындағы үлкен алаңда салмайды?! Шенеунiктер тоңып қалса, аракiдiк кiрiп шығып, жылынып алар едi ғой.

Бiздiң санамызға бiр төңкерiс керек! Оның мәнi мынада: әрбiр қазақстандық басындағы күнделiктi әлеуметтiк қиындықты, әдiлетсiздiктi, қоғамдағы кемшiлiктердi елде 20 жыл бойына орныққан саяси жүйемен, нақты билiк басында отырған адамдармен байланыстырмай, үлкен саясатқа дүйiм жұртты тартпай, ешнәрсеге қол жеткiзе алмаймыз! Бiздегi орынсыз "шүкiршiл, тәубашыл" психологиядан құтылмай, ешнәрсе өзгермейдi! Референдум - соның мықты мүмкiндiгi! Ол үшiн алдымен әркiм өз санасында өз референдумын өткiзiп алуы тиiс.

Референдум идеясы барлық демократиялық күштердi бiрiктiрдi. Демократиялық күштерге бiрлiк қажет! Бүгiнгi жиналыстың атынан осында отырған барлық ұйымдардың басшыларына, жеке тұлғаларға "бiрге болыңдар, ыдырамаңдар!" деген аманат тапсырайық!

Құрметтi достар! Әрiптестер!

Қазiр қос Корея - Оңтүстiк пен Солтүстiк - туралы әңгiме көп. Бiр ұлт, ортақ тарих. Бiрақ тағдырлары әрқилы. Бiрi - еркiн экономика мен демократиялық жолмен сайланатын билiктiң арқасында, гүлденiп, озық елдер қатарында. Екiншiсi - ауыспайтын билiк пен тоталитаризмнiң темiр шымылдығының ар жағында өлместiң күнiн көрiп жатыр.

Қарап отырсақ, Қазақстанда да халық пен билiк, түбiрi бiр болғанмен, екi түрлi тiрлiк кешiп жатыр.

Екi Кореяны атақты 38 параллель бөлiп жатса, бiздi халық пен билiктi 1995 жылғы Конституция екi жақты етiп тастаған!

Референдум сияқты аса маңызды саяси қадамдар ғана осы саяси параллельдi жоя алады. Өз басым референдумның басты мақсаты осы деп бiлемiн!

Референдум - халықтың саяси еркiнiң ең шарықтау шыңы, ең асқақ көрiнiсi! Оның мәртебесi, керек десеңiз, президент не парламент сайлауынан да жоғары. Осыны түсiнген билiк қайткенмен де оның жүзеге асуына кедергi жасап жатыр.

Әрбiр қазақстандық өзiне мынадай сұрақ қойса ғой: неге Швейцария "Олимпиадалық ойындар өткiзу үшiн мемлекеттiң қаржылық қорынан 300 миллион швейцар франкiн (320 миллион доллар) бөлумен келiсесiз бе?"деген сауал төңiрегiнде жалпыұлттық референдум өткiзедi? Көз алдыңызға Қазақстанда осы iспеттес референдум өткенiн елестетiп көрiңiзшi. Мәселен, "1,6 миллиард доллар "ЭКСПО-2017" көрмесiн өткiзуге жұмсалуымен Сiз келiсесiз бе?" деген сұрақ төңiрегiнде.

Айтпақшы, швейцарлықтардың 54 пайызы референдумның сауалына "Жоқ" деп жауап берiп, нәтижесiнде аса дәулеттi Швейцария Олимпиаданы өткiзбейтiн болды. Өйткенi халықтың ұйғарымы солай болды! "Неткен масқара! Халықаралық деңгейде ешқандай беделi жоқ екен бұл елдiң! Бiз болсақ, Швейцариядан да мықтымыз!" деп Сыртқы iстер министрлiгi мен "Хабар" улап-шуламағанына мен әлi де таңмын.

Осы референдумның бiр ерекшелiгi бар. Бұрын да референдум бастамалары болған. Оған жеке саяси партиялар мұрындық болып едi. Ендiгi жерде бұл игi бастаманың басында алуан түрлi пiкiрлi азаматтық қоғам тұр. Бұл да өте-мөте бағалы жетiстiк!

Сонымен бiрге мен бүгiнгi жиналыста бiз бiр жеке қарар қабыдауымыз қажет деп ойлаймын. Онда бiз қазiр түрмеде отырған өзiмiздiң демократиялық қозғалыстағы әрiптестерiмiз Арон Атабекке, Владимир Козловқа, сонымен бiрге Жаңаөзен мұнайшыларына қолдау көрсетуге тиiспiз!

«Ұйықтап жатқан арыстанды оятпа» деген сөз бар. Бүгiнде халық - ұйқыдағы арыстан! Ақорда мына жайтты түсiнуi керек: осы референдумды өткiзбей, халықтың наразылығын тағы да туғызып жатса, келесi референдумның тақырыбы оның өзiне тiкелей қатысты болып кетуi әбден мүмкiн!

Ағайын!

Онсыз да бай мен кедей боп бөлiнген қазақты қазiр бiреулер БАҚ арқылы руға бөлiп, жiктеп тастағысы келедi! Тiптi кейбiр ресей басылымдары "Қазақстан бөлшектенейiн деп жатыр!" деп сүйiншi сұрауда.

Осыған орай менiң айтарым:

«Жетi атаң - руың,
Жұртың үшiн малыңды бер!
Алты Алаш - туың,
Ұлтың үшiн жаныңды бер!

Сол жаныңды берудiң бiр формасы - осы референдум­ға белсендi атсалысып, Тәуелсiздiк үшiн күресте өз орныңды анықтап, бiр кiрпiш болып, кетiгiн тауып, қалану!

Олай болса, iске сәт!

 

Зәуреш БАТТАЛОВА, "Қазақстандағы парламентаризмдi дамыту қорының" президентi:

БИЛIК НЕДЕН ҚОРЫҚСА, СОНЫ IСКЕ АСЫРАЙЫҚ

- Қазақстан 1995 жылы жаңа Конституция қабылдаған кезде "екi жыл iшiнде жергiлiктi өзiн‑өзi басқару туралы заң қабылданады деген мiндеттi жүктеген. 2001 жылы Алматыдағы циркте өткен жиында Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының жетекшiлерi барлық деңгейдегi әкiмдер сайлауын ел дамуындағы маңызды бес мәселенiң бiрi ретiнде белгiлеген едi. Назарбаев 23 жыл бойы билiк еткен уақыттың iшiнде бұл сұрақ талай мәрте көтерiлген. Тәжiри­бе жүзiндегi сайлаулар өттi. Алайда мұның бәрi көзбояу үшiн жасалған саяси ойын болып шықты. Неге? Себебi билiк өзiн‑өзi басқару арқылы Қазақстан халқы барлық деңгейде қалай өмiр сүретiнiн өз бетiнше шешетiнiн жақсы бiледi. Сондай‑ақ, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм алу, денсаулық сақтау қалайша дамуы тиiс екенiн де жұрттың өзi белгiлеуi керек. Ал әкiмдер халық қалауын орындаумен ғана айналысуы тиiс. Алайда бүгiнде барлық деңгей­дегi әкiмдердi бiр ғана адам тағайындайды. Оның өзiнде әкiм­дердiң портфелi айтарлықтай ауқымды емес. Әкiм болып тағайындалатын адамдар тiзiмi көп өзгермейдi. Қайсыбiреулерi кей­кейде портфельдерiн көте­рiп, министрлiктерге ауысып, үкiмет қабырғасын шаңдатып жүр. Қысқасы, мәселе ушықты демесеңiз, iлгерi қадам басқан емес.

Жаңаөзен оқиғасы - әлеу­меттiк‑экономикалық мәселелер шешпегеннiң салдары. Әкiмдер мемлекеттiң ақша толы астауынан алшақтамас үшiн орталыққа дөңгелек үстел, конференция тәрiздi жиындар өткiзiп ең қажетсiз мәлiмет жеткiзiп, нағыз ақпаратты жасырып‑жауып әл­ек. Әкiмдер алдағы уақытта Ақ­орда сияқты "ЭКСПО" дегендей құр айғай мен ұранға толы жобалармен айналысса, онда халық еш уақытта бақуатты тұрмыс кешпейдi. Сондықтан әкiмдер сайлануы тиiс.

Бүгiнде әкiмдер жемқорлыққа шатылған. Орталықтан аймаққа бөлiнетiн бюджеттiң аз бөлiгiн әкiмдер қалтасына басады. Есеп бергенде залды мұ­ғалiм, дәрiгер секiлдi өзiне қарсы шыға алмайтын бюджеттiк мекеме қызметкерлерiмен лық толтырады. Жүз пайызға дерлiк "Нұр Отан" мүшелерiнен құрал­ған мәслихат депутаттары әкiмге еш қайран қыла алмайды. Мем­лекеттiк жергiлiктi өзiн‑өзi басқару туралы заңында "мәслихаттар әкiмге сенiмсiздiк бiлдiре алады" деп жазылғанына қарамастан, бұл бап осы күнге дейiн бiрде‑бiр рет iске асқан емес. Неге? Себебi мәслихат депутаттары да еш уақытта халықтың мұң‑мұқтажын бiлiп, шешуге дайын емес. "Нұротандық" депутаттар халыққа бетiн қаратып, мұң‑мұқтажын бiлген емес, бiлмейдi де. Сондықтан әкiмдер сайлануы керек. Референдумның алдында президент ауыл әкiмдерi сайланады дегендi айт­ты. Бұл да кезектi ұпай жинау, көзбояу. Билiк әкiмдердi сайлаудан, халыққа есеп беруден қорқатынының көрсеткiшi бұл. Егер халық бiрнеше жыл бойы әкiмнiң бюджет қаржысын қарпып, түк бiтiрмей отырғанына көзi жетсе, сенiмсiздiк бiлдiредi. Сонда әкiмдер орталыққа емес, халыққа бағынады. Егер бiз халықтың әл‑ауқаты жақсарсын десек, билiк қорқатын iстi жасауымыз керек. Әкiмдердi сайлаудан қорқа ма, онда әкiмдердi сайлайық.

Кезiнде Ғалымжан Жақиянов бастаған саясаткерлер осы мәселенi көтерген кезде билiк бiзге күле қараған. Ал қазiр әкiмдердi сайлау барлық саяси бағдарламаларға, оның iшiнде "Нұр Отанның" бағдарламасына да ендi. Бiрақ ендi созбалаққа салып, әбден сиыр­құйым­шақтап әлек. Ендi әкiм­дердi сайлаудың "Санта‑Барбарасы" аяқталатын кез жеттi. Оның нүктесiн референдумда қоямыз. Халық әкiм­дердi тiкелей сайлауды қолдайды. Референдум осыны дәлелдеп бермек. Сонда ғана жер­гiлiктi басшылар жұртқа бағынады. Ел оның алдына маңызды мiндеттердi қояды. Әкiм қолынан түк келмесе, оны жауапқа тарта аламыз.

Егер әкiмдердi сайламасақ, мини‑президенттер қазына қаржысын қалтаға басып, шетел асып жүре бермек. Әйтпеген күнде тағайындалатын әкiмдер тұрғындардың мұң‑мұқтажына, әлеуметтiк мәселелерге көз жұмып, қантөгiс пен өз халқына оқ атуға жол бере бермек. Артынша вице‑премьер тәрiздi жоғары қызметтерге қонжияды. Осы бассыздықты тоқтатуымыз керек.

Бұл мәселенi осы залда ғана қолдап қоймай, аймақтарда үгiт‑насихат жұмыстарын жүр­гiзiп, бiр жылдан кейiн сайлау өткiзiп, өзiмiзге есеп беретiн әкiмдердi сайлаймыз деп үмiт­тенемiн. Елiмiздiң болашағын халықтың өзi шешуi керек. Сондықтан референдумға шығарылатын өзге мәселелерге де үн қосыңыздар. Бiз мемлекеттi басқаруға құқылымыз. Олай болса, бұл құқықты қолға алатын кез жеттi.

 

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы, сатирик:

НАЗАРБАЕВ КУВЕЙТ ХАЛҚЫ СЕКIЛДI ШАЛҚЫП ӨМIР СҮРЕТIНIМIЗГЕ СЕНДIРIП ЕДI...

Халықпен пiкiрлесу- халық билiгiнiң, яғни демократияның нышаны десек, бүгiнгi мәжi­лiстiң күн­тәртiбiндегi бiр мәселе - әкiмдердi сайлау демократияның талабы. Жә, тәуел­сiздiк алдық, қарбаласты қиын кезең болды, ондайда уақытты созбай, әкiмдердi тағайындау керек етiлдi делiк. Дұрыс. Алайда, етек-жеңiмiздi жиған соң, халыққа қызмет етуге мiндеттi әкiмдердi халықтың өзi сайлап алуына ерiк беру, демократияны жақтау қажет едi. Жоқ, билiк басындағылар, президент Назарбаевтан бастап, халықтың демократиялық үр­дiстерге, оның iшiнде әкiмдердi сайлауға әлi "дайын емесiн" жырлай бастады. Ғалымжан Жақиянов ұйытқы болған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қоғамдық қозғалысы көздеген мәселелердiң де бiрi әкiмдердi сайлау - өмiр талабы екенiн нықтау болғаны естерi­ңiзде шығар. Халық сайламаған әкiмдер­дiң көбi халыққа қызмет етiп жүрген жоқ, тағайындайтын қожайындарының қолтығынан шығып қалмауды ойлаумен әлек болып жүр. Демек, жоғары-төмендi әкiмдердi халықтың өзi сайлап алуы керек! Осыны табандап талап етейiк!

Қазақстанға тәуелсiздiк бұйырғанына үшiншi жыл бол­ғанда президент Назарбаевтың: Бiз ертең-ақ екiншi Кувейтке айналамыз, дегенi де естерi­ңiзде шығар. Дұрыс айтты. Елдiң кiрiс-шығыс есебiн дереу анықтап берген мамандар тобының тұжырымына сүйендi. Бi­рақ керiсiнше болды: Назарбаев пен оны тобы "екiншi Кувейтте" жүр де, қарапайым халық тоқсан сайын төмпеш­тейтiн тұр­мыс қымбатшылығының тауқы­метiн тартып отыр. Қашанға дейiн?!   Осы тұрғыда да би­лiкке мықтап талап қо­йып, мықты қимыл жасаңыздар!

 

Гүлжан ЕРҒАЛИЕВА, тәуелсiз журналист:

БIЗГЕ КIМ ҚЫЛЫШЫМЕН КЕЛСЕ, СОЛ ҚЫЛЫШЫНАН ӨЗI МЕРТ БОЛАДЫ

- Осы жиыннан хабар таратушы БАҚ арқылы сөзiмдi В.Путин мырзаға арнасам деймiн. Ресей Федерациясының прези­дентi Владимир Владимирович, мен Қазақстанның азаматы, тәуелсiз журналист Гүлжан Ерғалиева және бүгiнгi жиынға Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен жиналған қауым елiмiзде жапыхалықтық референдум өткiзуге шешiм қабылдадық. Референдумның күнтәртiбiне бiз ең маңызды төрт сұрақты қой­дық. Бiз кешегi Кеңес заманында өскен ұрпақпыз. Ресей мем­лекетiн құрмет­тей­мiз. Алайда бiздер мемлеке­тi­мiздiң егемендi, тәуелсiз ел болғанын қалаймыз. Кремль мен Ақордада жасалып жатқан сiздердiң саяси ұсыныстарыңызды құрметтеймiз. Бiрақ бiзге ешқандай Кедендiк одақтың қажетi жоқ. Ресейлiктер үшiн бұл одақтың тиiмдi жағы көп шығар. Ал бiздер, қазақстандықтар үшiн ешқандай пайдасы жоқ, керiсiнше, мемлекетi­мiздi жiпсiз байлаған одақ болды. Себебi бiздiң экономикамыз да, заңымыз да Кедендiк одаққа дайын емес. Осы одаққа мүше болған сәттен бастап елiмiзде қымбатшылық жайлап, күн өткен сайын халықтың әлеуметтiк жағдайы төмендеп барады. Сондықтан бiздi дұрыс түсiнуге шақыра отырып, Ақордаға осындай тиiмсiз кеңестер бермеудi сұраймыз. Өйткенi бiздегi шенеунiк­тер өте әлсiз, жалтақ. Сiздердiң кеңес­шiлер мен шенеунiктердiң мүдде­сiне қарай құрақ ұшудан басқаны бiлмейдi. Сондықтан бiздер өз тағдырымызды өзiмiз шешкiмiз ке­ледi.

Владимир Владимирович, Ресей интеграциялық мәселеде мықты мемлекет саналмайды. Ресейде де халқы тоталитарлы режимнiң құрбандарына айналуда. Ол жақта да оппозиция өкiлдерiн түрмеге қамау, сөз бостандығына шектеу қою сияқты қитұрқы әрекеттер жасалады. Сондықтан мұндай елмен Қазақстанның интеграция құрғанын қаламаймыз. Бiздiң де өрке­ниеттi елдердiң қатарында болғымыз келедi. Бiрақ Н.Назарбаевтың Ақтауда АЭС салу туралы бас­тамасына қарсымыз. Себебi Қазақстан бұған дейiн де ядролық полигонның азабын тартқан. Ал сол сынақты қазақ даласында жүргiзген мәскеулiк билiк едi. Өкiнiшке қарай, халыққа жасал­ған осы қиянаты үшiн ресей­лiктер бiзден кешiрiм де сұраған жоқ. Ресей елiн құрметтеймiз. Әйтсе де, АЭС салуда ол елдiң көмегiне жүгiнудi қаламаймыз. Орыстың ұлы батыры А.Невскийдiң "Бiзге кiм қылышымен келсе, сол қылышынан өзi мерт болады" деген сөзiн бүгiн сiзге айтқым келедi. Қазақ халқының да қақысы мен құқығы барын және елiн, жерiн қорғайтын батырлары да барын ескертудi жөн санаймын.

 

Алуаш Оңғарова, Маңғыстау облысы:

«БАЛАҢНЫҢ ҚАЛТАСЫНА ЕСIРТКI САЛАМЫЗ» ДЕП ҚОРҚЫТТЫ

- Үстiме көк туды жамылып, басыма ақ жаулық салып шыққаныма қарап, "бақсы ма, балгер ме?" деп ойлап тұрған шығарсыздар. Иығыма жамылып шыққан көк ту шын мәнiнде тәуелсiз ел­дiкi болмаған соң, халқы жазықсыз оққа ұша берiп, қан жылап жүретiн мем­ле­кеттiкi болғандықтан туға қанның белгiсi ретiнде қара бояу жағып қойдым. Мойнымдағы ақ орамал желтоқсанда төгiлген жазықсыз азаматтардың арының белгiсi.

Тәуелсiз ел атанған шақта "өз қолымыз өз аузымызға жет­тi, елi­мiз еркiндiгiн алды, ендi бiз тек ана тiлiмiзде сөй­лей­­тiн болдық, көк туымыз биiк­те жел­бiрейдi" деп шаттанып едiм. Бiрақ 22 жыл өттi, әлi сол баяғы бодандық құрсауында келемiз.

2010 жылы «Назарбаев, кетi­ңiз, орныңызды босатыңыз!» деп басымдағы ақ жаулығымды жерге тастап едiм. Сол кезде ол қыз­метiнен өз еркiмен кеткенде, дәл қазiргi­дей абыройсыздыққа ұрынбас едi. Алайда жаулықтың жерге түскенiне президент қыңбады. Халықты ойыншыққа айналдырып, тек өтiрiгiне иландыруға күш салып келедi.

Референдум өткiзу жиынына қатысуға Маңғыстау облысынан келетiн адамдардың шоғыры қалың едi. Баскесер билiк­тiң шолақ белсендiлерi күнi-түнi қысым көрсетiп, қорқытып жолдарын бөгедi. "Тым құрыса өз баламды ертейiн" дегенiм­де, балама: "Барсаң барып қатыс, қалтаңа есiрткi салып түрмеге тығып жiберемiз" деп қорқытты полиция қызмет­керлерi.

Ақтауда салынуға тиiс болған, "қажеттiлiктен туындаған" АЭС-тiң реакторы бiлетiндердiң айтуынша, iстен шыққан құрылғы екен. Оның жарамайтынын Владимир Школьник бiледi екен де, елдi басқарып отырған Назарбаев бiлмейдi екен. Құдай оның бетiн аулақ қылсын, ертең реактор жарылатын болса, Орталық Азияға қатер төнбей ме?

 

Темiрхан МЕДЕТБЕК, ақын:

КӨКПАРҒА ТҮСКЕН ҚАЙРАН ЕЛIМ!

- Бүгiнгi жиынға не үшiн жиналдық? Қазақ елi тәуелсiз ел болса да, қауiп пен қатер үстiнде өмiр сүрiп келедi. Тәуелсiздiк тағдыры бiр ғана қылға iлiнiп тұр. Халқымыз құл мен құтанға айналып бара жатыр. Мiнбеде еттерi езiлiп, сүйектерi сырқырап, жандары шырқырап сөйлеген азаматтардың көтерген мәселесi өте орынды. Қазақстан бүгiнде талан-таражға, көкпарға түскен ел болды. Байлықты өзге ел, басқа ұлт иемденiп алды.

 

Марианна ГУРИНА, қоғам белсендiсi:

ҰРПАҒЫМЫЗ МҮГЕДЕКТЕР АРБАСЫНА ТАҢЫЛМАСЫН!

Бiршама уақыт бұрын 19 жастағы бiр баладан хат алдым. Хат өлеңмен жазылыпты. Сол жерде анасынан бала нелiктен бұлай кемтар туылғаны туралы сұрайтыны бар. Сонда анасы оған "сен перiште болсаң да, саған жаны ашымайтын, сенiң мекен еткен жерiңде ядролық сынақтар жасалатын мемлекетте туылдың" деп жауап бередi. Семей өңiрiнде туылған осы Никита сияқты кемтар балалар өте көп. Бiздер қайырымдылық ретiнде осындай 500 балаға мүгедектердiң арбасын сыйға тарттық. Сондағы олардың ата-атасының жылағанын көрсеңiз. Жүрiп-тұруға жарамайтын баласын арқалаған қаншама аналар сол күнi алғыстарын айтып едi. Бұл жерге мен бiздiң балаларымызды мүгедектер арбасында ендi ешкiм сүйрет­песiн деген мақсатпен келдiм. Мен бұл жиынға болашақта немере-шөберемнiң денсаулығына зиян тигiзетiн ешқандай ядролық сынақ пен елiмiзде АЭС салынып, ядролық отын банкi орналастырылмасын деген ниетпен қатысып отырмын.

Семей полигонының қасiретi күнi бүгiнге дейiн азайған жоқ. Әлi қанша уақытқа радиациялық зардаптың жалғасатынын ешкiм бiл­мейдi. Никита сияқты балалар әлi қанша ғасыр бойы туылатыны белгiсiз. АЭС салу, ядролық отын банкiн сақтау туралы мәселенi көтеру- ертеңiмiзге өз қолымызбен балта шабу. Бүгiнгi бұл көтерiлiп отырған мәселелер үшiн ертеңгi ұрпақ денсаулығымен жауап беретiнiн ұмытпайық. Жүздеген өркениеттi елдер бас тартып отырған АЭС-тi Қазақстанда салмақ болып жанталасуда. Швецияда әлi жобасы қағаз жүзiнде ғана жасалған АЭС Чернобыль апатынан кейiн түбе­гей­лi түрде шетке ысы­рылды. Чернобыль апаты әлемге АЭС-тiң қан­дай қауiптi еке­нiн дә­лелдеп бер­дi. Дамыған мемлекет саналатын Жапонияның халқы қазiр күн сайын АЭС-тi жабу туралы наразылық танытып, көшеге шығуда. Ал бiздер әзiрге тыныш қана қарап отырмыз. Бұлай болмайды. Қазақстандықтар АЭС салуға қарсылықтарын бiлдiруге тиiс.

Әлi күнге дейiн дәрiгерлер мен мамандар Семей полигонының адам денсаулығына тигiзген зардаптарын дөп басып, тауып айта алмайды. Қазiр елiмiзде ядролық отын банкiн сақтау туралы сөз қозғағанда, бұл жобаның коммерциялық жағынан тиiмдi екенi бiрге айтылады. Егер бұл жоба мемлекетiмiз үшiн соншалықты тиiмдi болса, неге онда Ресей, Германия, Австралия, Америка секiлдi алпауыт елдер бұл жобадан бас тартып отыр? Неге Қазақстан үшiн сонда бұл банк пайдалы болмақ? Әлдекiмнiң Нобель сыйлығын алғаны үшiн жерiмiзде ядролық отын банкiн сақтау тиiмдi болмақ па сонда? Осы референдумда барша қазақстандықтар АЭС салу мен ядролық отын банкiн сақтауға үзiлдi-кесiлдi қарсылықтарын танытуы керек деп санаймын. Сондықтан осы сұрақты референдумның басты сұрақтарының қатарына енгiзудi сұраймын.

 

Мұсағали ДУАМБЕКОВ, эколог:

БIРIКСЕК, БӘРIНЕ ҚОЛ ЖЕТКIЗЕМIЗ

- Астанада 2017 жылы ЭКСПО көрмесiн өткiземiз деп шала бүлiнiп жатырмыз. Көрменi өткiзуге жұмсалатын қаражат әрқайсымыздың есебiмiзден алынады. Мұндай шашылудың бiзге қажетi жоқ. Референдум жиынында әр аймақтан келген өкiлдер кесiмдi ой, толғақты мәселе көтердi. Алдағы күнде осындай мәселелердi қамтып тағы да референдум өткiзейiк. Мұндай жиынды жылына бiр-ақ рет өткiзуге рұқсат деген заңда жазылмаған. Ұйымдастыра алсақ, ай сайын да өткiзуге болады. Сондықтан келесi референдумды Астанада ұйымдастырып, өзге де мәселенi көтеруге күш салуды ұсынамын.

"Болар елдiң баласы бiрiн-бiрi батыр дер" деген нақыл бекер айтылмаған. Бiз басымыз бiрiккенде ғана күштiмiз. Iргемiздi сетiнетпеуiмiз қажет, сонда ғана үнiмiз бiр жерден шығып, билiктi өзiмiзбен санастыра аламыз.

 

Сәрсен Шәкiбаев, Ақтөбе облысы:

МҰНАЙ МЕН ГАЗДЫҢ 97 ПАЙЫЗЫ - ҚЫТАЙДIКI, ҚАЛҒАНЫ - ҚАЗАҚТIКI

- Ақтөбе облысында өндiрiлетiн мұнайдың 95 пайызына, газдың 97 пайызына қазақ емес, қытайлар иелiк етiп отыр. Қытайлық компанияда жұмысқа жегiлетiн қазақтың айлығы қытайдан бес есе аз. Ал жұмысы өте ауыр. Ақтөбе жерiнен өндiрiлетiн хромның 5 пайызы ғана қазаққа тиесiлi болса, қалған 95 пайызы қазақтың байлығын сорып миллиардер атанған еврей Машкевичтiкi. Осындай бола тұра, хром зауытының маңдайшасына «Қазхром» деп жазып қойған. Ол қазақтiкi емес, сондықтан аты да «Машхром». Хромтаудың көмiрбайыту комбинатын, хром өндiретiн зауытты бәрiн бiз иемдене алмай жүргенде Машкевич иеленiп алды.

 

Лұқпан АХМЕДИЯРОВ, журналист:

ПРЕЗИДЕНТТIҢ АРҚАСЫНДА...

- Батыс Қазақстан облысынан референдумға қатысуға 30-ға тарта адам келдiк. Залдың толып отырғаны көңiлiңдi өсiрсе, жиналғандардың арасында жастардың тым аздығы қынжылтады. Жастардың мол болғаны өте маңызды. Өйткенi бүгiнгi күн тәртiбiне қойылған төрт мәселе де жастардың келешегi үшiн, елiмiздiң болашағы үшiн маңызы жоғары.

Назарбаев - уақыты өткен шенеунiк. Бiздiң болашағымыз оның есiмiмен байланысты болмауы керек. Осы күнге дейiнгi орасан зор жетiстiк­терiмiздi Назарбаевтың арқасы деп    қабылдауға мәж­бүрлеп келдi. Бiз өз жо­лымызды айқындауымыз қа­жет. Қанмен келген азаттықты, қиындықпен қол жеткiзген тәуел­сiздiгiмiздiң қасиет, киесiн жастарымыз терең сезiнуi тиiс.

 

Құспанғали Ержанов, Атырау облысы:

Алматыға әзер жеттiк

- Атыраудан референдумға қатысуға, бүгiнгi билiктiң алдына қой­ған маңызды төрт сұрақты құптайтынын айтпаққа 44 адам жол­ға жиналған едiк. Бiрақ оның 25-i ғана Алматыға жеттi. Қалғанын жергiлiктi билiк қорқытып, үркiтiп жiбермедi. Пойызға мiнерде де қарсылыққа тап болып, Алматыға әзер жетiк. Бiрақ олардың қитұрқы саясаты бiздiң сағымызды сындыра алған жоқ. Керiсiнше, пойыздағы жолаушылар бiзден естiп, референдумға қатысуға ықылас бiлдiрдi, елдiң келешегi үшiн қамығатынын    айтып қана қойған жоқ, уәденi бұзбай бiзбен бiрге жиынға қатысты.

Дайындағандар: Елнұр Бақытқызы, Меруерт Хусаинова, Қуаныш Бажақ.

 

 

Қазақстан Республикасында Республикалық референдум өткiзу туралы бастама көтеруге арналған жиналыстың

ҚАРАРЫ

Бiз, елдiң түкпiр-түкпiрiнен келiп жиналысқа қатысушылар, қоғам өмiрiне қатысты өзектi мәселелердi шешетiн республикалық референдум өткiзу бастамасын толығымен қолдаймыз.

Қазақ елiнiң әрбiр азаматы мемлекеттiк саясаттың басым бағыттарын анықтау iсiне ықпал етуге мүмкiндiк алатын уақыт жеттi!

Референдум өткiзу үшiн көтерiлген мәселелер Қазақстан қоғамында орын алған қиындықтарды тап басып, көрсетiп бердi. Осы мәселелердiң дұ­рыс шешiмi Қазақстанның мемлекеттiк тәуел­сiздiгiн, елiмiздiң егемендiгiн сақтап қалады. Егер де бәрiмiз бiрiгiп, осы қиындықтарды жеңе бiлсек, бiз барлық қазақстандықтардың тұрмысын жақсартып, өмiрiн көркейте аламыз.

Алдымен Қазақстанның Кедендiк одақ пен Бiрыңғай экономикалық кеңiстiк құрсауынан шығуы ең басты негiзгi және өзектi мәселелердiң бiрi. Кедендiк одаққа мүшелiк Қазақстан халқына да, экономикасына да, отандық бизнеске де ешқандай пайдасын тигiзген жоқ. Бұл сұрақ мемлекеттiк мүддемiздiң негiздерiне әсер етедi және оны бүкiл халық болып талқылауы қажет.

Сондай-ақ, бiз бiр кездерi шетелдiк инвесторлардың қолына өтiп кеткен "Қазақмыс", "Миттал Стил", "Қазмырыш", "ENRC" сияқты алып кәсiп­орындарды мемлекет меншiгiне сол кездегi сатып алған бағасымен қайтару туралы ұсынысты толығымен қолдаймыз. Бұл тiзiмге бұрынғы мемлекеттiк "Халық банк" те кiредi. Ал сатып алған бағасымен қайтару туралы ұсыныс - дұрыс, әдiл және нарықтық жағынан тиiмдi шешiм.

Қазақстандағы барлық деңгейдегi әкiмдердi халық өзi сайлауға мүмкiндiгi де, қабiлетi де жетедi деп санаймыз. Үкiметтiң ауылдық округтардың әкiмдерiн жергiлiктi мәслихат сайлауы тиiс деген ұсынысы жартыкеш және ол қазiргi уақыт талабына сай кел­мей­дi. Сондықтан барлық деңгейдегi әкiмдердi тек ашық және жария түрде сайлау арқылы ғана бiз шенеунiктердiң қызметiне бақылау орната аламыз, әрi халықтың билiкке деген сенiмiн қайта орнықтыра аламыз!

Сонымен қатар бiз Қазақстан жерiнде Атом электр стансасын салуға және ядролық отын банкiн орналастыруға үзiлдi-кесiлдi қарсымыз. Семей ядролық полигоны мен басқа да құпия сынақ алаңдары ел тарихында ядролық тәжiрибенiң қастерлi де өшпес iзiн қалдырып кеткенi бәрiмiзге белгiлi. Ендi Қазақстанды ядросыз, нағыз таза, гүлденген елге айналдыратын кез келдi! Қазақстан азаматтарының денсаулығына ешбiр зиян келмей, келешек ұрпағымыздың жаны таза, денi сау болуы керек!

Заң талаптарына сәйкес, республикамыздың әр облысынан, Астана және Алматы қалаларынан бас­тамашылар тобына бес-бестен өкiл ендi. Жиналыс­қа қатысушылар бұл топқа Республикалық референдум өткiзуге дайындық жұмыстарын заңға сәй­кес ұйымдастыру iсiн одан әрi қарай жалғастыруды жүктейдi.

Кең байтақ Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен осы жиналысқа қатысу үшiн арнайы келген бiздер жиналыста көтерiлген мәселелер әбден орынды екенiн, ол мәселелерге қазақстандық азаматтардың басым көпшiлiгi немқұрайды қарамайтынын және олар халықты мазалайтын сұрақтарды шешуге белсендi түрде араласуға ниеттi екенiн атап айтқымыз келедi. Қазақстандықтар өз тағдырын өздерi шешкiсi келедi және шеше алады да! Және ондай мүмкiндiктi бiзге осы референдум ғана бере алады!

Сондай-ақ осы референдум өткiзуге дайындық кезiнде елiмiздiң алдыңғы қатарлы күштерi бiрiгiп, Қазақстанның жалпы демократиялық дамуына өзiндiк үлесiн қосты. Жиналысқа қатысушылар ұйымдастыру комитетiне өз жұмысын осылайша жалғастыра берудi, демократиялық күштердi, ұйымдарды одан әрi бiрiктiрiп, әсiресе, жастарды өз қатарына көбiрек тартуды ұсынады.

Қазақстанның демократиялық күштерiнiң елдегi өзектi мәселелер жөнiнде референдум өткiзуде тәжiрибесi жетерлiктей. Бұдан бұрын көтерiлген бас­тамаларға билiк өз тарапынан қарсылық көрсе­тiп баққаны белгiлi, өйткенi билiк өз саясаты мен бағытын өзгертуге құлықсыз. Сондықтан да бiз Қазақс­тан билiгiн азаматтардың конституциялық құқына, референдум ұйымдастыру мен оны өткiзу бастамасына еш кедергi келтiрмеуге шақырамыз!

Сонымен қатар бiз елдiң тағдырына, халықтың тұрмыс-тiршiлiгiне немқұрайды қарай алмайтын әрбiр азаматты бiздiң қатарымызға қосылуға, бiздiң бастамамызды қолдап, елдiң саяси өмiрiндегi маңызды шараға - Республикалық референдум өт­кiзуге белсене қатысуға шақырамыз!

Қарар Республикалық референдум өткiзу туралы бастама көтеруге арналған жиналыста қабылданды.

Алматы, 16 наурыз, 2013 жыл.

 

Қазақстан Республикасында республикалық Референдум өткiзу туралы бастама көтеруге арналған жиналыстың

ҚАРАРЫ

Бiрiккен ұлттар ұйымына,

Атомдық энергетика жөнiндегi халықаралық Агенттiкке, Еуропалық парламентке,

Германия, Норвегия, БАӘ, Кувейт мемлекеттерiнiң басшыларына жобаның донорлары ретiнде, БҰҰ Қауiпсiздiк Кеңесiнiң мүше елдерi - АҚШ, Ресей Федерациясына және Қытай Халық Республикасына

Атомдық энергетика жөнiндегi халықаралық агенттiк Қазақстан Республикасының Үкiметiмен Өскемен қаласында ядролық отын банкiнiң (төмен байытылған уран) құрылысы жөнiнде келiссөз жүргiзуде. Аталған банктiң құрылысы жөнiндегi ұсыныс алғаш рет Германия және АҚШ мемлекеттерiмен жасалып, бiрқатар донор мемлекеттерден қолдау тапты, олар - АҚШ, Норвегия, БАӘ және Кувейт. Қазақстан мұндай банктi орналастыру жөнiндегi ұсынысқа үн қатқан жалғыз мемлекет болып шықты. Бiрақ елiмiзде қоғамдық талдау, халық арасында ауқымды талқылау жұмыстары өткiзiлген жоқ. Орхусс конвенциясына сәйкес қоғам ұсынылып отырған банктiң негiзгi параметрлерi туралы хабарсыз, дәлiрек айт­қанда:

- Ядролық отын банкiнде не және қандай мөлшерде сақталады?

- Банктiң құқықтық негiзi қандай болмақ және қандай құзыретке бағынады?

- Қандай қарулы күштер оны қорғамақ (БҰҰ, НАТО, ОДКБ әскерлерi және басқалар)?

- Үшiншi елдерден Қазақстанға ядролық отынның орнына ядролық қалдықтар әкелiнбейтiнi жөнiнде қандай кепiлдiктер бар?

- Қазақстан халқы аталған банктiң жұмысынан қандай пайда көредi?

Осы және басқа сұрақтарды азаматтық қоғам сан рет үкiметке және МАГАТЭ-ге жолдап, жауабын әлi күнге дейiн ала алмай отыр. 2013 жылдың 16 наурызында Алматы қаласында оппозициялық демократиялық күштердiң Республикалық Референдум өткiзу бастамасы жөнiндегi жиналысында басты сұрақтардың бiрi ретiнде банктi орналастыру мәселесi қарастырылды. Кез келген демократиялық мемлекетте халық келiсiмiн алу үшiн мұндай референдум қарапа­йым үрдiс болып табылады. Қазақстанның Ата заңында бұл үрдiс жазылған, бiрақ қиындатылып әрi шиеленiстiрiлген түрде келтiрiлген. Қазақстанның тарихында оппозицияның көптеген талпыныстарына қарамастан, бiрде-бiр референдум өткiзiлген емес. Тек қана 1995 жылы Н.Ә. Назарбаевтың өкiлеттiлiгiн ұзарту жөнiндегi референдум өттi. Бүгiнде плебисцит өткiзуге ешбiр мүмкiндiк жоқ. Себебi, оппозиция көшбасшылары қудаланып түрмеге жабылуда (Алға партиясы), тәуелсiз БАҚ (Республика, Стан.тв, guljan.org) сот шешiмiмен жабылды, ал референдум бастамасы жөнiндегi жиналысқа қатысушыларға билiк қорқытып, қысым көрсетуде.

Ядролық отын банкiн орналастыру идеясы Қазақстан Республикасының үкiметiнен емес, БҰҰ құрылымдық бөлiмi МАГАТЭ тарапынан ұсынылып, халықаралық дәрежеге ие болғандығынан референдум өткiзу банк орналастырылуының негiзiгi талабы болып табылады. Халықаралық қоғамдастық Қазақстан үкiметiнен референдумның өткiзiлуiн талап етiп, оның өткiзiлуiне бақылау жасауы тиiс. Референдум ашықтығына, заңдылығына және демократиялылығына БҰҰ-ның және Еуропарламенттiң халықаралық миссиялары көңiл бөлiп, халықтың ерiк бiлдiруiн қамтамасыз ете алады. Қазақстан үкiметi өзiне алған мiндеттердi әрдайым орындамауына орай БҰҰ-ның Қауiпсiздiк Кеңесi осы референдум өткiзудi Қазақстанға мiндеттеу жөнiндегi қарарын шығаруға тиiс. Себебi, болашақта халықаралық құзыретке бағынатын, террористiк шабуылдар мен ядролық ластану қатерi мүмкiн нысан БҰҰ-ның Қауiпсiздiк кеңесiне кiретiн Ресей Федерациясының және Қытай Халық Республикасының территориясына жақын маңда орналаспақ.

Бiз ядролық отын банкiн орналастыру жөнiндегi Жалпыұлттық референдум өткiзiлмейiнше, БҰҰ және МАГАТЭ-ден Қазақстан үкiметiмен ешбiр келiсiмшарттарға қол қоймауын қатаң түрде талап етемiз.

Референдум өткiзуден бас тартқан жағдайда бұл мәселеге байланысты Қазақстан жұртшылығы, оппозициялық демократиялық күштерi МАГАТЭ мен Қазақстан Республикасы арасындағы ядролық отын банкiн (төмен байытылған уран) орналастыру келiсiмшартын заңсыз санап, оны алдағы уақытта толықтай күшiн жойдыруға немесе бiржақты түрде бас тартқызуға әрекет ете беретiн болады.

Қарар Республикалық референдум өткiзу туралы бастама көтеруге арналған жиналыста қабылданды.

Алматы, 16 наурыз, 2013 жыл

"Жас Алаш" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404