Қуаныш Жиенбай. У (жалғасы)
ҮЙДЕ
Уақытқа біз, әлде уақыт бізге тәуелді ме. О жағын ажыратуға өрем жетпеді. Міне, сонан бері екі жыл арадан зулап өте шығыпты. Менің өмірімде де күрделі өзгерістер болды, түбірлі өзгерістер. Қандай құдіретінің барын айдам, тағдырдың маған күле қараған осы бір елеулі сәттерін өзгелерге де бастан-аяқ баяндасам, борыштан құтылғандай болмаймын ба дейтін сенім үнемі алға жетелейді. «Мен бастан кешкен хикаяттан сабақ алыңыздар!» Неткен жиіркенішті! Бұл әдіс түптеп келгенде өткен дәуір сарқыншағы. Алады, алмайды, оны әркімнің жүрек қалауы біледі. Менікі іштегі түйткілді сыртқа шығару, бойға дарыған удан құтылу. Удан құтылудың жолын таптым. Осы жолдарды оқыған пенденің бейтарап қалмасын ішім сезеді, қарғыс айтса да, алғыс айтса да ерік өздерінде. Ай, қайдам, алғыстың ауылы алыс болар. «Жеңіл жүрістің» көрігін қыздырғаным үшін алғыс дәметкенім-тура ақымақтық! Қарғыс айтқандарға да ризамын. Әйтеуір, оң десін, теріс десін, бәрібір менің аты-жөнім біразға дейін естерінде жүреді. Ұмыта алмайды. Биотоктары денеме инедей қадалар. Бәрін де ауырсынбай көтеремін. Соның арқасында күнәм жеңілдейді. Күнәнің жеңілдегені-бойдағы удың тарағаны. Мен туралы біреу-біреуге сыбырлап, «жер-жебіріме» жетсін. Тым алақай! Аты-жөнім еш жерде аталмай, іштегі удың беті жабулы қазан-жабулы күйінде қалса «масқара» сонда!
ҮЙДЕ
Уақытқа біз, әлде уақыт бізге тәуелді ме. О жағын ажыратуға өрем жетпеді. Міне, сонан бері екі жыл арадан зулап өте шығыпты. Менің өмірімде де күрделі өзгерістер болды, түбірлі өзгерістер. Қандай құдіретінің барын айдам, тағдырдың маған күле қараған осы бір елеулі сәттерін өзгелерге де бастан-аяқ баяндасам, борыштан құтылғандай болмаймын ба дейтін сенім үнемі алға жетелейді. «Мен бастан кешкен хикаяттан сабақ алыңыздар!» Неткен жиіркенішті! Бұл әдіс түптеп келгенде өткен дәуір сарқыншағы. Алады, алмайды, оны әркімнің жүрек қалауы біледі. Менікі іштегі түйткілді сыртқа шығару, бойға дарыған удан құтылу. Удан құтылудың жолын таптым. Осы жолдарды оқыған пенденің бейтарап қалмасын ішім сезеді, қарғыс айтса да, алғыс айтса да ерік өздерінде. Ай, қайдам, алғыстың ауылы алыс болар. «Жеңіл жүрістің» көрігін қыздырғаным үшін алғыс дәметкенім-тура ақымақтық! Қарғыс айтқандарға да ризамын. Әйтеуір, оң десін, теріс десін, бәрібір менің аты-жөнім біразға дейін естерінде жүреді. Ұмыта алмайды. Биотоктары денеме инедей қадалар. Бәрін де ауырсынбай көтеремін. Соның арқасында күнәм жеңілдейді. Күнәнің жеңілдегені-бойдағы удың тарағаны. Мен туралы біреу-біреуге сыбырлап, «жер-жебіріме» жетсін. Тым алақай! Аты-жөнім еш жерде аталмай, іштегі удың беті жабулы қазан-жабулы күйінде қалса «масқара» сонда!
Міне, көрдіңіз бе, менің аты-жөнім сізге да таныс болып қалды. Телефонмен хабарласқыңыз келе ме, қалауыңыз білсін. Қандай сұрағыңызға да толыққанды жауап беремін. Сөйтіп менімен «сырласатын» адамдардың қатары көбейе түседі. Олар менің банктегі «дипозитым». Ал менің қолым бос, зеріккендіктен емес, үнемі сырласатын адам іздеп жүремін. У сонда барып ыдырайды, оған титтей күмәніңіз болмасын. Бұл шешімнен мені ешкім бас тартқыза алмайды...
Сол түні әлгі жанашырлық танытқан үлкен кісі қолқаны қабатын арақ иісінен қаншалықты жиіркенсе де онысын сездірмей, асқан сыпайылық танытып үйіне сүйрелеп әкеліпті. Аяғынан тұра алмайтын «ғаріпті» сүйрелемегенде қайтеді. Жатқан орнымнан қозғамай айдалаға тастап неге жүре бермеген? Адамның адамға деген аяушылық сезімі әлі де тірі екен-ау! Біреулер оны баяғыда «өліп» қалған дейді. Қателесесіз. Үйге келген соң тыр жалаңаш шешіндіріп, ыстық ваннаға салып, жуындырса керек. (Әне, албастылықты қараңыз, тыр жалаңаш шешіндіруге әбден етіміз үйреніп кеткен. Қарсылық көрсеттім бе, әлде бойымды жинай алмай былқ-сылқ етіп тұра бердім бе, түгі есімде жоқ). Суық тиіп қалмасын деп денемді спиртпен әбден ысқылаған сыңайлы. Хош, сол жатқаннан ертеңгі түс әлетінде бір-ақ ояндым. Борша-борша терлегенімді, ана дүниеге кетіп барып, қайтып келгенімді онсыз да біліп отырсыз ғой, несіне қайталай беремін. Көзімді ашсам бөтен үйде жатырмын. Тып-тыныш. Тұла бойымды мамықтай ақ сүлгімен таңып тастаған. Аяқ жағымда үйге киетін жеңіл-желпі киімдер, су жаңа әйел халаты целлофон қалтадан жаңа шығарылмаған. Оу, бұл қайдан тап болған батпанқұйрық?! Әлде ағамыз мені біреумен шатастырып алғаннан сау ма? Танымайтын, бұрын-соңды көрмеген, білмеген «Т.К»-ні бірден үйіне кіргізгені қалай? Үй болғанда қандай үй, жәй пәтерге ұқсамайды. Жиһаздарына көз сүрінеді. Не істеймін? «Жедел жәрдемнің» көмегімен табанымды жалтыратсам ба? Осы уақытқа дейін неге бір хабар бермедің деп «диспетчер» де сыртымнан шаңымды қағып жатқан болар. Көзіне түссем оңдырмайды. Себебі, мен «жарғы» талаптарына қарсы, өзімше әрекет жасадым. Бұл кешірілмейді, «жұмыстан» қуыласың, не «ортақ қазанға» жоспардан тыс «табыс» түсіресің.
Дәуде болса маған арналған болар деп ақ мамық халатты иығыма іліп, ас бөлмесінің есігін аштым. Сол бұрыштан әдемі тамақ иісі шығады. Үлкен кісі мені көргенде қалбалақтап, қолынан әлдебір ыдысты түсіріп ала жаздады: «Тұрдыңыз ба, ұйқыңыз қанды ма, ендеше шай дайын...» Құдай-ау, мұндай жылы сөз естимін деген үміт кімнің ойында бар. Түс, түс көріп тұрғаннан саумын ба? Қайда тап болғам? Ескі киімдерімді қолға бір түсірсем, қарамды батырармын бұл жерден. Солай, сөз жоқ мына кісі мені біреумен шатастырып тұр. Жұмбақтың шешімі табылмай тұрғанда табанымды жалтыратуға тиістімін. (Бас әлі толық іске қосылмаған, ыстық шай ішкен артықтық етпес еді).
Киімдерімді сұрап ем, қоқысқа кетті деп иығын қомдады. «Осы үйден де сіз киетін бірдемелер табылар». Бал қосылған ыстық шай сай-сүйегіңді жібітеді. Ара-тұра үлкен кісінің бет-жүзіне көз жүгіртемін. Салмақты, ұстамды. Мансабы мол қызмет істегендігі де беп-белгілі. Сөздері де майда. Өткен түннің қызық-шыжығын еске түсіріп, «айналайын-ау, байқасаңдаршыны» қыстырып жіберетін шығар деп ем, о жаққа аттап баспады. «Әзір сізге көп тамақ ішуге болмайды,-дейді қамқор ниетпен,-ептеп ептеп. Қазір дәрігер шақыртамын. Көрсін, тексерсін. Егер ауруханаға жатып емделетін болсаңыз...» «Қайдағы аурухана?! Сіз-сіз, мені...» «Иә, сізді дәрігерлерге тексерту керек. Барлық жағынан...» «Сосын?» «Сосын көрерміз».
Шай үстіндегі «сырласу» осымен тәмәм. Үй ішін аралатты. Қала орталығындағы кең сарайдай төрт бөлмелі пәтер. Әр бөлме әртүрлі жиһазға толы. Топырлаған адам қарасы да байқалмайды. Сонда мына кісінің жалғыз тұратын болғаны ма? Жалғыз басты еркек. Қызық адам! Ұрласа да тәуірін ұрласын дей ме. Аң-таң күйдемін. «Мына заманда осындай да ақ жүрек адамдар болады, ә?! Есік қоңырауы қағылғанда өзімді қайда қоярымды білмедім. Әйелі, не бала-шағасы кіріп келсе. Менің нем кетер дейсің. Әкелерінің ит терісін басына қаптайды ғой. Жаным ашиды. Жақсы адамды қиянатқа қалай қиярсыз. Бізде де жүрек бар. Мені шешіндіріп ыстық ваннаға түсірген адамның жанын қинайды-ау, бекерге азаптайды-ау! Елге белгілі жағдай... «Жас қызбен бірге болған». «Жоқ, олай емес, ол ондай адам емес!» деп шырылдағаныма құлақ асатындар табылса!
Кіріп келгендер өңшең дәрігерлер. Бір бригаданы түгел шақыртқан және әртүрлі саланың мамандары. Басымнан башпайыма дейін тексеруден өткізді. (Гинеколог, стоматолог, уролог, кардиолог...) «Алаңдайтындай ешнәрсе жоқ!»-деді олар бір ауыздан. Бізбен де жеңіл қоштасты. «Керек болсақ шақыртарсыз». Мені мына кісінің кімі дегендерін қайдам. Қатал режимнің құрсауында қалдым. Түс мезгілінде тас бүркеніп ұйықтаймын. Төрт мезгіл тамағым таразыға тартылады, бір грамм артық, не кемдігі жоқ. Нақпа-нақ. О-хо, «диспетчер» қылғынып өліп қала жаздайды. Сыбағанда да әкемді көзіме көрсетті. Қолына түссем шашымды жұлатын түрі бар. Не істейін. «Кешіріңіз, қиналғанда қол ұшын берген «жақсылығыңды» ұмытпаспын». Сөйттім де қалта телефонымды сегізінші қабаттан лақтырдым да жібердім. Бұл шешімге қалай бекінгенім де түсініксіз. Яғни, үйреншікті «шаңырақтан» аулақ жүргім келгені ме?
Кешкі тамақты тізе қосып бірге ішеміз. Ол кісінің азан шақырып қойған есімі Бахрадин еді. Көзін бақырайтып қойып, үлкен кісінің атын қалай атарсың. Көке десем қалай болар еді. Біздің жақта жақсы көрген адамын көке дейді. «Жақсы көрген адамын». Бұл ұғым әзірге артықтау. «Жақсы көруге» неге бір жақты қараймыз, а?! Бәрін анайылықтың ауласына апарып тығамыз. Обал-сауабымен де шаруамыз жоқ. Мәселен, мына кісіні қалай жақсы көрмейсіз? Мені туған қызындай, не туған қарындасындай мәпелейді. Қазан-ошаққа қолымды тигізбейді. Несін жасырайын, ыдыс жуу менің ежелгі кәсібім. Әлденеше мәрте қашып кетудің де жоспарын сызғыладым. Осы тойғаным да жетер. Өмірбаянын түгін қалдырмай баяндап берді. Ал менің аузымды аштырмайды. Мен-«Т.К»-мін. Оған басты куәгер өзі. Сонан келе... Өмір бойы дипломатиялық қызметте болыпты. Министрліктің жауапты департаментін басқарған. Әйелі бес-алты жыл бұрын қайтыс болған. Бір ұл, бір қызы бар. Олар шетелде, үйлі-баранды. Әкелерімен апта сайын хабарласып тұрады. Көкеміз немерелерін сағынады-мыс, үлкен қаланы қақ бөліп өтетін өзен бойындағы кемелермен қыдыртуды армандайды-мыс, тілін ұмытып қала ма деп алаңдайды-мыс.
Өз-өзіме келдім, бұдан соңғы өмірім не болмақ? Отыз жылым «от ішінде» өтті. Баяғыдан берге «баяндағандарымды» «от ішіндегі өмір» демеске шараң қайсы? Ылғи арпалыс. Жеңіске жеттім бе, жеңіліске ұшырадым ба? Со жағын көкем қалай бағалар екен десем, аузымды аштырмайды. Өзі, тек өзі жайында. Мені бұрыннан білетін адамдай еркелетіп арқамнан қағады да, әңгіме арнасын басқа бағытқа бұрып жібереді. Бірнеше айдың жүзі болды, пейіштегі хор қызынан бір мысқал кемдігім жоқ. Кешкілік өзен бойын жағалап, серуенге шығамыз. Жанымыздан өтіп жатқан кісілер бізге сұраулы кейіпте назар аударатындай сезіледі. «Шал мен сұлу». Одан басқа не десін! Қайдағы-жайдағыларды айтады, мен тыңдаушымын. Осы жүрісімізді «әріптестерімнің» бірі көріп қалмай ма? Көрсе дереу «диспетчердің» құлағына жеткізеді. Қашқынға қолданар жаза белгілі. Жалаң денемнен таспа тілетін шығар. Өзгелердің құдайларын ұмытып кетпес үшін. Ал «күндестерім» қандай рақатқа батар еді десеңші! Сықылықтап, миықтарынан күлер еді. «Шалмен жатқан қалай, ұнады ма? Таң атқанша өзіңнің де сілікпең шыққан шығар». Әншейін долбар менікі. Олардың өзен жағалап не бастарының іскені. Бұл маңға ат ізін салмайды. Солай болған күнде де қорғаушым олардың қақпақылына көнбейді. Бір түрлі арқамды асқартауға тірегендеймін. Қиялданып, түс көріп жүргеннен саумын ба? Серуеннен қайтар жол мен үшін тым ауыр. Биік үйдің ауласындағы құм үстінде немерелерін ойнатып отырған кемпір-сампыр бізді көрісімен құбыжыққа тап болғандай тесіле қалады. Кірпік қақпайды. Не деп сарнайтындары көкіректе сайрап тұр: «Мына сұмпайының шалдың басын айналдырып алғанын қараңыз! Ертең бәріне ие болып қалмақ қой. Бірақ ол ойың орындала қоймас, жарқыным! Бахрадиннің ұлы мен қызы сені төбелеріне шығара қоймас». Екінші варианты одан өткен: «Еркек десек бәріне тиеді. Әукесі салбыраған Бахрадин аяғын қалай-қалай сілтейді-ей! Ыстық құшақ шынымен қутыңдатып жібергеннен сау ма? Артын қысқаны жөн ғой, байғұс шалдың!»
Дәл осы тұсқа келгенде «олар оттай берсін» дейді де, қолтығымнан демеп кеп жібереді. Бойымды тіктеп үлгеремін. Қазан-ошаққа араласа бастадым. «Ертең бала-шағаңыз келеді. Мені көреді, не ойлайды?» «Не ойлағылары келсе, соны ойласын. Аллатағала менің жалғыздығымды байқап, сізді әдейі жіберген ғой. Сізден айырылу... атамаңыз, атамаңыз!»
Ертеңгі асты төсегіме әкеп береді. Орнымнан қозғалмаймын. Қозғалтпайды. «Ауырып қалған жоқсыз ба? Бәлкім түстікті мейрамханадан ішерміз». «Қалауыңыз білсін.» Екеуара сұхбат осы диалогтармен басталады. Көкем «сізден» «сенге» көшетіндей ишара танытпайды. Және сыңғырлаған дауысы қандай құлаққа жағымды. Бір қалып, өзгермейді. Біртіндеп «бұл үйден қашан кетемін» дейтін күдік ұмытылып бара ма қалай. Тұрақтап қалу үшін де мен тараптан бір әрекет жасалуға тиіс қой. Ол қандай әрекет? Және оны мен неге жасаймын? Басым қатты. Үй. Адамзат баласының аңсап күтетін жылы ұясы ғой. Бұл үйге де бойым үйрене бастапты. Түрлі себептермен сыртқа шығып кетсем де үйге келгенше асығып тұрамын. Себебі, оның себебін айта алсам, кәні?! Сені біреудің күтіп жүргені қандай бақыт! Және «аман-есен келдің бе?» деп көкемнің алдымнан шығып, оны-мұнымды қағып алып, бас балаша бәйек болатындығын немен түсіндіруге болады? Мәселен, оған менің тілім жетпейді. Ол аздай-ақ «сіз төбе көрсеткенше терезеден қарап тұрдым» дейді. Сенем. Титімдей жалғандығы жоқ. Көкемізге де тосын жылдамдық, жігерлілік пайда болған. Лифті жүрмей қалса сегізінші қабатқа жас жігітше жүгіріп шығады. Ентікпейді.
Бір күні менің құжаттарымды сұрамасы бар ма? «Оны не істейсіз?» «Керек». Мә, безгелдек, біздің құжаттарымыз «диспетчердің» сейфінде. Ол да содан үміттенеді, «ең болмағанда сонысын іздеп келер». Өтірік айтуға тура келді. Мұнан былай көкемнің көзінше өтірік айтпаймын деп уәде беріп едім. Жақсы кісіні жазықсыздан-жазықсыз жамандыққа итермелеймін. Менің өтірігіме шексіз иланады, бәрін де шын жүрегімен қабылдайды. Ал оның арты шикі. Әне, таза ниетті былғадым. «Жоғалтып алдымнан» басқа дәлелің қайсы? «Қалай, қайда жоғалттың?» Бұл сұрақтарды іштей буындырып өлтіреді. Бет-жүзінен ешбір өзгеріс байқатпайды. Бір жұмадан соң су жаңа құжатымды әкеліп, алақаныма салды. «Бәрінің ыңғайы келді, осы үйге тіркелдің. Енді сіздің де үйіңіз бар!»
«Сіздің де үйіңіз бар!» Көкемді құшақтай алғым келіп тұрды да, сәл іркілдім. Әп-әдемі ықылас иірімін ірітіп алармын деп іркілдім. Бір ыңғайы келер. Ол қандай ыңғай? Әкемдей кісімен... түсім бұзылып кетті бір түрлі. «Сіз немене сырқаттанып қалғаннан саумысыз?» Төсегіме әкеп жатқызады. Танауыма дәрі иіскетеді. Менің түгімде жоқ, тек әлгі қуанышты оқиғаны бойға сіңіре алмай жатырмын. «Үлкен қалада менің де үйім бар!» А...а, не, не дедім, шынымен сондай... «сондай бір адам айтса нанғысыз» керемет күн туса ше?! Бірақ мына кісінің ойынан шығарлық жар болу қайда? Не, не деп сандырақтадым-ей?! Адамның адамға деген ыстық ықыласы титтей нәрседен анық көрініп тұрады дейтіні қайда? Құдайдан жалбарынып, менің бойымнан бүр жарып келе жатқан кәусар сезім енді «екінші» жақтан да бас көтерсе екен деп тілеймін. Мұны «махаббат» деп былш еткізіп қалай айтарсың?! «Махаббат» дейтін қадірлі ұғымның да құнын сәл түсіріп алдық қой. Төңірегіміз толған «махаббат». Және бәрі де ашық-шашық. Тұрпайы. Анайы. Денең түршігеді. Қырсыққанда соның бәрі «махаббат» деп айтыла береді. «Ондай биіктікке әлі жеткен жоқ қой» деп біреу басу айтпайды. Әлде айта алмай ма? Неге, неге олай? Шіркін! Кейде түннің бір уағында ұйқымнан шошып оянамын. Көрші бөлмедегі көкемнің көкірегіндегі ойды маған айна-қатесіз жеткізіп тұратын бір құдіретті айна болса ғой. Сол айнадан бәрін көріп жатсам. Арамызды кірпіш қабырға ғана бөліп тұр. Ол кісінің қалай тыныс алғандығын өз құлағыммен естісем. Ал ол ше?.. Іргемде аршыған жұмыртқадай ару жатыр деп әлденеге елегзи ме? (Жастық, қайдағы жастық? Жердің астындағыны білетін қу болып алғанбыз бүгінде). Білем, маған деген көңілі кіршіксіз. Ақтарылғысы-ақ келер, айта алмайды. Тұнық айдынның бетін бүлдіріп алармын деп қорқасоқтайды. Селдің арнасын бұзып-жаратын күш қайда? Қолымнан қысуға да, бетімнен сүюге де қарсы емес. Құрып кеткір, жастың айырмашылығы аяққа оралғы. Ғалымдар адамның физикалық жасы дегенді шығарып жүр ғой. Соған сайғанда көкем соншалықты қартайып тұрған жоқ. «Әлі де бір қызды қартайтады».
Бар болсын бәрі де. Әлдебір түсініксіз жайларды домбаздап, сізді де шаршатып жібердім бе? «Ә...ә, шалға тигіңіз келіп, өліп-өшіп тұрғандығыңды байқадық!» деп осы тұсын шорт кесіп тастасаңыз да өзіңіз біліңіз! Араға қандай сезімнің «жеңгетай» болғандығы қайда білейін. Оны аңғаратындай ес болды ма біз пақырда?!.. Бүгін біз ерлі-зайыптымыз. Тыстағы жел сөздің қажеті не бізге! Некемізді жариялы түрде мешітке барып қидырдық. Жақында қызды болдық... Баяғы баяғы ма, көкем мені одан бетер өбектейді. Ақмоншақтың үстіне түсіп, өліп-өшеді... Сыпайылап ауылда ұлымның қалғандығын айтқам... Қызымыз қатайған соң ауылға әдейілеп барып, тойын, жол-жоларғысын жасап, алып келеміз деп мені де шексіз қуантып қойды.
Сіз қалай ойлайсыз мен шынымен бақыттымын ба?! Иә, адастым, отыз жыл өмірді «от ішінде» өткіздім. Оны мұнан басқа немен теңестіруге болады? Бірақ көкірегімдегі удың беті бірден қайтатындай сыңай танытпайды. Есіме түскен сайын тұла бойым қалтырайды. Оны безірейіп ішіме жасырғаннан не ұтпақпын? Көкем де бұл «бастамама» қарсы болмады. Білем, менің атым қазір газет оқыған адамдардың есінде. Келістік қой, қарғыс айта ма, алғыс айта ма, өздері біледі. Мен басынан өткен бар шындықты баяндадым. Бойым жеңілденді, қайта туғандай күй кештім...
Соңы
Abai.kz