Ұлт ұйытқысы
Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
жазушы, ғалым
Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
жазушы, ғалым
Ұлттың ұйытқысы бір тамшы мәйектен байланады. Қазақ ұлтының ұлттық идеясын «Қазақ» газеті қалыптастырды. Ал сол идеяны кешегі жетпіс жылдан астам уақытқа созылған кеңестік тылсым (ваккум) кезінде Грэм Гриннің «Момақан америкалық азаматы» іспетті «ақырын жүріп, анық басқан» қазақтың қарапайым «қаратаяқтары» (қазақ оқыған зиялыларын, оның ішінде, Алаш қайраткерлерін де кезінде осылай атаған) қараңғыдан сүзіліп өткен сәуле сияқты бізге жеткізді. Сондай жанкешті «момақан қаратаяқтардың» сіңірген еңбегін әр кез және «Қазақ» газеті басылымының шыға бастағанына 100 жыл толуы орайына орай әсте есте ұстауымыз керек. Солардың бірі және ұйытқысы - кәсіби қазақ журналистикасы ілімінің мәйекті тұлғасы, қалам иелерінің көбінің ұстазы, профессор Қайыржан Бекхожин марқұм еді. Өйткені, біздің кеше, бүгін және ертең де пайдаланатын көне газет тігінділерін, соның ішінде, «Қазақ» газетінің барынша толық басылымын Омбы, Троицкі, Орынбор, Қазан, Уфа, Мәскеу, Ленинград (Санкт-Петербург) қалаларынан, академик Әлкей Марғұлан куәлік бергеніндей «вагондап тасып», ұлттық кітапхананың сирек қорына тапсырған қормал осы профессор Қ.Бекхожин болатын. Кейін бұл топқа Ә.Жиреншин, Ү.Сүбханбердина, С.Сауытбеков, Т.Кәкішев сияқты ғұламалар қосылды. Оған осы аталған ғалымдардың естеліктері дәлел бола алады.
Осы ғұламалардың қормалдығының және жетекшілігінің арқасында біз сол басылымдармен танысып, Алаш идеясын ұйыту барысындағы Алаш ардақтыларының пікірімен танысуға мүмкіндік алдық. Алдымыз профессор, ғылым докторы, ғылым кандидаты атандық. Кейінгі толқындар да сол дегдарлар мысқалдап, Әлекеңше әсірелеп айтсақ, «вагондап» жинаған тігінділерді әлі талай жылдар бойы таным азығы ететін болады. Олар жинақтап қана қойған жоқ, сәтіне сай сенген шәкірттеріне зерттетіп, Алаш идеясының кеңес тылсымынан сүзіліп өтуіне мүмкіндік жасады. Мысалы, 1969-1970 жылғы оқу маусымында Қазақ журналистикасы пәнінен дәріс өткен профессор Қ.Бекхожин А.Шәйімовке «Айқап», Құрманғазы Бексайыновқа «Ақ жол», Нұрқасым Әмірғалиевке «Жаңа мектеп» пен «Әйел теңдігі», маған «Қазақ» басылымындағы публицистика туралы курстық жұмыс қорғатып еді. Соның ішінде «Айқап» және «Қазақ» газеттеріндегі жер мәселесінің көтерілуі» туралы Лениннің туғанына 100 жыл толуына арналған студенттердің республикалық конкурсына арнайы жұмыс жаздырғаны есімде. Аталған басылымдарда Алаш қайраткерлерінің ықпалы зор әрі мақалалары жиі жарияланып тұрғанын ескерсек, профессор Қ.Бекхожиннің «үндемей жүріп» қандай мақсатты көздегені бірден түсінікті. Біз қал-қадерімізше ұстазымыздың сол үмітін ақтауға тырыстық. Ал ол кісі біз арқылы өзінің ұстаздары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Дулатов сияқты ұстаздарының аманатын орындады. Ұрпақ, идея, мақсат, күрес жалғастығы дегеніміз, мүмкін, осы шығар.
Бүгін ұстазымыздың сол аманатын еске түсіре отырып, осыдан қырық жыл бұрын бізге арнайы тақырып ретінде курстық жұмыс жаздырған «Қазақ» газетіндегі үздіксіз жарияланған бір-екі мәселеге ғана тоқталып өтуді жөн көрдік.
Қазақтың ұлттық идеясының мәйегі «Қазақ» газеті:
бірінші және ең бастысы - қазақ тілінің жазылуы мен емілеcін тұрақтандырды;
екінші, қазақ әдеби тілінің негізін қалыптастырды;
үшінші, қазақ кәсіби журналистикасының негізін орнықтырды;
төртінші, қазақтың саяси көзқарасын оятып, біртұтас Алаш идеясын қалыптастырды.
Міне, мұның барлығы тура сол тұстағы қазақтың талмалы тұсы болатын. Соның ішіндегі ең бейбіт мәселенің бірі, дәл бүгінгі күндегі сияқты әліпби мәселесі еді. Өйткені, дәл қазір ықпалы залалсыз көрінгенімен де, сол бір жол айырығы тұсында ерекше мәнді жер мәселесі мен әліпби, грамматика, термин туралы татар көпестерінің демеуімен шығып тұрған. Соған орай қазақтарды татарлардың көзқарасын ұстануға қарай қақпайлаған, татар тілі - исі түрік жұртына ортақ тіл болу керектігі жөнінде тікелей талап қойған «Айқап» журналымен арадағы пікір-таластары арқылы қазақ идеясының өміршең екендігін дәлелдеді. Өздерінің түпкі мақсатына жете алмайтынын «Қазақ» газетінің ерекше бедел алып, енді мойынсұндырмайтынын білген «Айқаптың» «иплаштары» біртіндеп демеушіліктен бас тартты. «Айқапты» көтермелейтін қазақ көпесі әлі қалыптаспаған еді. Сондықтан да жабылып тынды.
Осындай нәзік мәселенің өзінен жол таба білген және бүгінгі қазақ әліпбиінің толысқан нұсқасын өмірге әкелгені үшін де біз «Қазақ» газетінің және оны шығарушылар Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, демеушісі Оразай Ахмедтің алдында тағзым етеміз.
Кеңес тұсында да, кейінгі кезде де, қазір де «Қазақ» газетінің 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске көзқарасы үнемі екіұшты түсіндіріліп келеді. Иә, Алаш қайраткерлері «Қазақ» газеті арқылы пулеметпен, зеңбірекпен қаруланған патшаның жазалау әскеріне қарсы шоқпармен, сойылмен, шиті мылтықпен қарсы шабатын «барымта соғысының дәуірі» өткенін, босқа қасапқа түсетінін, сондықтан да әуелі қарудың тілін меңгеру қажеттігін ашық жазды. Арандап босқа қырылып қалмау үшін және қазақ халқын қалайда заманның қару-жарағының тілін білуі үшін 1916 жылы ақпан айында Ә.Бөкейханов (бір Дума мүшесі екеуі, депутаттың атын ұмыттым) Ресейдің Қорғаныс минис-
тріне арнайы жолығып, мынадай талаптар қойды:
а) Қазақтан әскер алынсын. Оны қазақ елі қостайды. Бірақ қара жұмысқа, окоп қазуға ғана алынып, зеңбіректің оғына қасап болуға қарсы. Сондықтан да қазақтардың өз еркімен әскерге баруы үшін:
ә) Қазақтарды әскери іске баулитын арнайы қысқа мерзімдік әскери курс ашылсын.
б) Жеке қазақ атты әскер батальеоны мен дербес полк құрылсын.
в) Әскер құрамына қазақ өкілі әскери комиссар міндетін атқарсын.
г) Жасақтарды ауылды жерде өзіміз жасақтап, ат пен және қаржымен қамтамасыз етеміз.
д) Дін өкілі ішінде болсын.
ж) Бақауыл да (артқы қосын - шаруашылық бөлімі, ас дайындайтын, кір жуатын, т.б. қызметтер) - қазақтардың өзінен жасақталсын. Сонда қазақтардың башқұрттар мен қалмақтардан, Кавказ халықтарынан бір де кем түспейтініне көзіңіз жетеді әрі оған ант береміз, - деп жазды.
Өкінішке орай, олардың бұл пікірін патша үкіметі мүлдем теріс қабылдады, қазақтар да байыбына бармады. Соның салдарынан халықаралық деңгейдегі арандатуға ұшырады. «Аранға» түсудің басты себебі, Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ресей жеңілістен кейін жеңіліс тауып жатқан. Ұзаққа созылған соғыстан титықтаған патша үкіметі одан құтылып шығудың амалын қарастырады. Ол амал табылады. Сөйтсек, ғалым Қайрат Сақтың айтуынша, соғысқа қатысушы «Антанта» мемлекеттерінің шарты бойынша: соғысқа қатысушы бір елдің ішінен бүлік шықса - ол ел соғыстан шығады екен. Қазақ пен Орта Азия халықтарынан тыл жұмысына адам алынса, олардың сөзсіз көтеріліске шығатынын алдын ала білген. Осыған орай, өздерінің майданда ойсырай жеңіліп жатқанына қарамастан тек қана Жетісу өңірінде жазалау жорығын жүргізу үшін жергілікті жандармерияның әскерінен тыс 35 рота, 3900 қылышты 24 казак жүздігі, 16 зеңбірек, 47 пулемет ұстаған (Т.Елеуов, «Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс», А. 1955). Батыс Сібір мен Орынбордан шығуға тиісті жазалау әскерінің саны мұнан да көп әрі соғыс тәжірибесі бар жинақы жасақ. 1916 жылы құпия жасақталып, тылдағы дайын тұрған жазалау отрядтарын Алаш ардагерлері біліп, барынша ашық мәтінмен «Қазақ» газеті арқылы ескерткен. Көтерілістің қанды балағы сіздерге белгілі.
Міне, осы тылдағы жұмысқа алынғандар ел көріп, саясатпен танысып, қарудың тілін біліп, заманның аңысын түсініп, елге қайтқан соң ел ісіне араласты. «Алашорда» үкіметі кезінде Троицкіде, Семейде арнайы қысқаша әскери курс ашылды. Онда: капитан Тоқтамышев және ақ гвардияның офицерлері сабақ берді. Соның ішінде Т.Құнанбаев, Ж.Аймауытов, Саниязбек Медеуов, Жетісуда С. Аманжолов, Ж.Күдерин, т.б. болды.
Ж.Аймауытов пен Абдолла Байтасовтың Орынбордағы қызыл әскерлер курсына дәріс беруі де соның ықпалы. Осы курстар арқылы әскери тәжірибеден өткен, майдан көрген Алаш әскерлері 1920 жылы Мұхамеджан Тынышбаев пен Ораз Жандосовтың ықпалымен, Сарқандағы Алаш жасағы таратылып, шұғыл түрде Әулие-Ата қаласына астыртын жөнелтіліп, онда тұңғыш қазақ атты полкін құрды.
Қазақ ұлтының ұлттық идеясын ұйытқан «Қазақ» газетінің көтерген мәселелері әлі де толық зерттеп, астарын ашуды қажет етеді. Оны тереңдеп зерттеген сайын ұлттық құндылықтарымыздың мағынасы ашыла түсетіні анық.
"Қазақ әдебиеті" газеті