Бекқожа Жылқыбекұлы. Төлтума дыбыстар және шабуылшы әріптер
«Адамның бұзылуы оның тілінің шұбарлануынан басталады» (Р. Эмерсон) демекші ана тіліміздің шұбарланғанның үстіне шұбарланып бара жатқандығы ұлтжанды азаматтардың жанына қатты батып жүргендігі бәрімізге белгілі. Алайда, басқа ұлт тілінде тәлім-тәрбие алып, ұлттық салт-санадан ауытқып бара жатқан, «Ң» мен «Ғ» ға тілі келмейтін шала қазақтардың ойы басқаша. Олар ана тілінің аянышты хал-жайынан мүлде хабарсыз деуге болады. Сондықтан тіл мәселесіндегі күрделі түйіндерді дереу шешуге бет бұру қажет болып отыр. Мұнда ең алдымен тіл дыбыстарын бір жүйеге түсіру қазақ тілінің шұбарланыуының алдын алудың кілті екендігі анық. Сондықтан мен қазіргі қазақ тілінде қолданылып жүрген тіл дыбыстарын топтарға бөліп қарастыруды жөн көріп отырмын.
Менің түсінігімше қазіргі қолданып отырған әліпбидегі жалпы қазақ тіл дыбыстарын төлтума дыбыстар, қолданбалы дыбыстар және кірме дыбыстар деп үш топқа бөлуге болады. Бірінші топтағы қазақ тілінің төлтума дыбыстарын бейнелейтін таңбаларға мына әріптер жатады. Олар: Ә, Ү, Ө, Ұ, Ғ, Қ, Ң .
«Адамның бұзылуы оның тілінің шұбарлануынан басталады» (Р. Эмерсон) демекші ана тіліміздің шұбарланғанның үстіне шұбарланып бара жатқандығы ұлтжанды азаматтардың жанына қатты батып жүргендігі бәрімізге белгілі. Алайда, басқа ұлт тілінде тәлім-тәрбие алып, ұлттық салт-санадан ауытқып бара жатқан, «Ң» мен «Ғ» ға тілі келмейтін шала қазақтардың ойы басқаша. Олар ана тілінің аянышты хал-жайынан мүлде хабарсыз деуге болады. Сондықтан тіл мәселесіндегі күрделі түйіндерді дереу шешуге бет бұру қажет болып отыр. Мұнда ең алдымен тіл дыбыстарын бір жүйеге түсіру қазақ тілінің шұбарланыуының алдын алудың кілті екендігі анық. Сондықтан мен қазіргі қазақ тілінде қолданылып жүрген тіл дыбыстарын топтарға бөліп қарастыруды жөн көріп отырмын.
Менің түсінігімше қазіргі қолданып отырған әліпбидегі жалпы қазақ тіл дыбыстарын төлтума дыбыстар, қолданбалы дыбыстар және кірме дыбыстар деп үш топқа бөлуге болады. Бірінші топтағы қазақ тілінің төлтума дыбыстарын бейнелейтін таңбаларға мына әріптер жатады. Олар: Ә, Ү, Ө, Ұ, Ғ, Қ, Ң .
Қазақ тілінің ұлттық сын-сыйпатын айқындайтын тіл дыбыстары төлтума дыбыстар деп аталады. Бұл тіл дыбыстарын таңбалаған әріптерді ағылшын тілі мен орыс тілі дыбыстарымен салыстырғанда қазақ тіліндегі қолдану аясы өте маңызды. Өйткені бұл тіл дыбыстарына қазір әлемге үстемдік құрып отырған ағылшын тілі мен құлдық санамызды құрсаулап тұрған орыс тілінде дәл келетін тура дыбысы жоқ болғандығы себепті, компьютер тілінің пернетақтасынан орын ала алмаған. Сондықтан осы бір төлтума тіл дыбыстарымыздың маңызы қазақ тілінде мүлде көрнектіленбей келеді. Оның мысалы ретінде «Ә»-нің орнына «Э» немесе «Е»-нің, «Ө»-нің орнына «О»-ның, «Ғ»-ның орнына «Г»-нің, «Қ»-ның орнына «К»-нің, «Ң»-ның орнына «Н»-ның, «І»-нің орнына «И»-дің, «Ұ»-ның орнына «У»-дың қолданылуын көлденең тартуға болады. Сол себепті біз қазақ тілінде өз ұлытымызға ғана тән өзіндік ерекшелігі бар осы төлтума дыбыстарымыздың маңыздылығын жете түсінібей тұрып, тіл мәселесіндегі түйіншек түйткілдерді шеше алмайтындығымыз анық. Әсіресе, латын жазуына көшкенде осы бір ұлттық төлтума дыбыстарымыздың бір-біріне жақын келетін жуан, жіңішке дыбыстардың дербес таңбалануына ерекше көңіл бөлуіміз керек. Өйткені бұл тіл дыбыстары ана тіліміздің мән-мәйегін айқындайтын бағдаршам екендігі айдан анық.
Екінші топтағы қолданбалы тіл дыбыстарына мына әріптер жатады. Олар: А, Б, Ұ, І, С, Д, Е, П, Г, О, Ш, Р, Л, Т, М, Н, К, З, Ы, Ж, Г, У, И
Бұл топтағы дыбыстар қазақ тілінде ежелден бар тіл дыбыстары екендігі белгілі. Олар дүниедегі басқа да ұлттардың тілінде кездесетін, ортақ дыбыстар болғандықтан, олардың қазақ тілінде қолданылуы дұрыс қолдану негізінде айқындалып келе жатқандықтан, қазақ тілінің шұбарланыуына ерекше ықпал ете алмайды. Сондықтан бұл дыбыстар дүние жүзіндегі жалпы ұлттарға ортақ қолданбалы дыбыстар деп аталады. Қазақ тілінде қолданылатын бұл дыбыстар төңірегінде даулы мәселе жоқ деп айтуға болады. Өйткені қолдану аясы халықаралық деңгейдегі тілдердің аумағында олар өз міндеттерін өзгеріссіз әрі ықпалсыз орындап келеді.
Алайда бұардың ішінде «У» мен «И» дың басбұзар белсенділігі қазақ тілінің емле ережесіне ерекше кері ықпалын көрсетіп келе жатқандығы жасырын емес. Қазақ тілінде «У» мен «И» дауысты дыбыс болмағандығы себепті, олар қазақ тіліндегі дауысты дыбыстармен қосылып барып буын құрауы керек еді. Бірақ олар «жартылай дауысты дыбыс» деген желеумен өз алдына дауысты дыбыстардың рөлін атқарып келеді. Мысалы: «у» деп жазылып жүрген сөз Ақмет Байтұрсынұлының емле ережесі бойынша «ұу» болып жазылуы керек. Сол сияқты «ине» деп жазылып жүрген сөз «іине» болып жазылуы тиіс. Өйткені қазақ тіліндегі буындар дауысты дыбыссыз құралмайды дейтін дәстүрлі ереже бар. Оның үстіне бұл екі дыбыс орыс тілінде дауысты дыбыс болғандықтан, өзінің сол белсенділігін қазақ тілінде көрсеткісі келетіндігі белгілі болып отыр. Тағы бір жағынан орыс тілінде «Ү», «Ұ» және «І» қатарлы тіл дыбыстары жоқ болғандықтан, олардың рөлін атқарғысы келетін бұл орыс тіліндік сипаттағы тіл дыбыстары өзінің қолдану аясынан ауытқып кеткендігі белгілі. Сол себепті біз қолданбалы тіл дыбысы қатарындағы «У» мен «И» дың кері ықпалынан сақтанатын болсақ, онда қазақ тілінің шұбарлануынан аман қалуымызға болады. Өкінішке орай, біз аталмыш шабуылшы тіл дыбыстарының ықпалынан сақтанудың орнына тіліміздегі «Ұ», «І» сынды белсенді дауысты дыбыстарымызды ығыстырып шығарып, оларды сол дауысты дыбыстардың орнына қолданып жүрміз. Бұл біздің орыстың бетіне қарап, жалтақтаудан туындаған құлдық сана саясатымыздың нәтижесі деуге болады. Сондықтан латын әліпбиіне көшкен кезде дәл осындай орны толмас, өкінішті қателіктерімізден терең сабақ алуға тура келіп отыр.
Ал үшінші топтағы кірме дыбыстарға мына бөгде, келімсек әріптер жатады. Олар: Я, Ю, Х, Һ, В, Ф, Ë, Э, Щ, Ц, Ч, Й, Ь, Ъ
Басқа ұлттардың сөзін өз қалпында өзгертпей жазу үшін саяси үстемдік мақсатымен тілімізге сұғынып кірген тіл дыбыстары кірме дыбыстар деп аталады. Кірме дыбыстардың ішіндегі «Я», «Ë» және «Ю» қатарлы дыбыстардың мағынасын «йа», «йо», «иу» деп жазып бейнелеуге болатындықтан, бұлар қазақ тілінде басы артық дыбыстар екендігі бешенеден белгілі. «В», «Э», қатарлы дыбыстар болса қазақ тілінде мүлде жоқ дыбыстар. Ал Ф, Ч, Щ және Ц әріптерінің қолданып жазылатын сөздер шет ел тілінен кірген өте аз сандағы сөздер, әсіресе, орыс тілінен кірген сөздер болғандықтан, олардың орнына П, Ш, С қатарлы қолданбалы дыбыстарды қолданатын болсақ, сол шет тілінен кірген сөздердің мағынасы мүлде өзгермейді әрі олар қазақ тілінің емле ережесіне бағынып жазылады да ұлттық тіл болмысымызға тез арада үйлесіп, сіңісіп кетеді. Бұдан тыс «Й» мен «И» әрібінің орыс тілінде ұзын, қысқа деген айырмашылығы болса болар-ау, бірақ қазақ тілінде ешқандай айырмашылығы жоқ екендігіне күмәніміз болмаса керек. Енді мына бір жуан белгі, жіңішке белгі деп аталатын «Ъ», «Ь» қатарлы осы бір дыбыстық таңбалардың қазақ тіліне нендей керегі бар екендігін айтып жатудың өзі ұлттық арымызға сын. Бұның ішінде Ф, х әріптері 1938 жылдан бастап қолданысқа енсе, қалған 10 әріп 1940 жылы орыс графикасына негізделген әліпбиге көшкенде қабылданған болатын. Бұл әріптер орыс тілінен енген сөздерді бұзбай, яғни түпнұсқасына жақындатып қолдану үшін алынған. Осыған байланысты Н.Уәлиұлы былай дейді: «Әліпбидегі әріптердің саны шамадан тыс көп болуы мектеп табалдырығын аттаған оқушыларымызға да оңай тимейді. Ана тілінің дыбыстарын бейнелейтін әріптерді мектепке келген балдырғандарымыз дыбысқа (уәжге) сүйеніп, тез үйреніп алады. Сөйтіп дыбыс пен әріптің байланысы оқушы санасында білімге айналады. Ал ъ, ь, ц, щ, тәрізді таңбаларды дыбыстық уәжі болмағандықтан, жаттап алуына тура келеді. Қазақ тілінің дыбыс жүйесіне қатыссыз әріптерді жаттау миға салмақ түсіреді. Оның үстіне кирилше жазуына негізделген әліпби қазақ тілінің дыбыстық жүйесін кемелді жағдайда көрсете алмағандықтан оның орфографиясын күрделендіре түсетіндігі белгілі.
Кірме дыбыстардың ішінде қазақ тіліне ислам дінінің кіруімен бірге кірген «Х» әріпі біраз дау тудыруы мүмкін. Ол тілімізге сіңіп кіріп, тұрақты түрде қалыптасып қалғандығы рас. Алайда, оның қазақ тіліндегі сөздерді жазуда қолдану аясы өте кең емес. Хат, халық, хан деген сияқты саусақпен санарлық сөздерді жазу үшін ғана қолданылады. Бәрібір біз бұл дыбыстарды көмекеймен дыбыстап, Араб болып кетпеген соң, оның орнына өзіміздің төлтума дыбысымыз «Қ» - ны пайдалансақ сөз мағынасында мүлде өзгеріс болмайды. Сол сияқты «Һ» дыбысының мәселесін де осы жолмен шешуге болады. Өйткені бұл дыбыс қолданылып жазылатын сөздер де көп емес. Сондықтан өз басым осы «Х», «Һ» әріптерінің қазақ тілінде басы артық әріптер екендігін баса айтқым келеді. Оның есесіне біз жаңа латын жазуын жасағанда төлтума дыбысымыз «Қ» әріпінің орнына қолданылатын дыбыстық таңбаны мықтап ойлануымыз керек. Өйткені, «Қ» дыбысы халықаралық тіл болып тұрған ағылшын тілінде «К» болып дыбысталып жүр. «Қазақ» деген қасиетті аты-жөніміз «Казак» болып жазылып та айтылып келеді. Егер латын әліпбиіне көшкен жазуымызда «Қазақ» деген ұлы атауды дүрыс жеткізе алатын дыбыстық таңба дүниеге келсе, нұр үстіне нұр болар еді. Ал, қалған кірме әріптердің қазақ тілі үшін ешқандай да қажеті жоқ. Олардың орнына қолданылатын әріптеріміздің ұпайы түгел.
Кірме әріптер арқылы ұлттық тілге шабыуыл жасау қытай қазақтарының жаңа жазуға көшу науқаны кезінде де zh, ch, sh қатарлы тіл дыбыстарын қазақ әліпбиіне күштеп енгізу арқылы өзінің үстемдігін бір кезде едәуір жүргізген болатын. Алайда ол науқанның реформа қарсаңында батыл қадамға тап болып, төте жазуды қолдану үрдісімен аяқталғаны белгілі. Ал орыс тіліндегі Я, Ю, Ë, Э қатарлы дыбыстар орыс тілінде өте маңызды орынға ие дауысты дыбыстар болғандықтан, отаршылдық саясат кезінде қазақ тіліне олар мақсатты түрде тықпаланып кіргізілгендігі айдан анық. Бұдан тыс орыс тілінде дауысты дыбыс болып келетін, ал қазақ тілінде жай дауыссыз дыбыс болып табылатын «У» мен «И» дың қазақ тіліндегі ықпалы мен рөлін арттыру арқылы да отарлық саясат ана тіліміздің ерекшелігіне қол сұғып отырғандығы белгілі. Бұған «О» дыбысының бірде «О», бірде «А» болып оқылуын қосыңыз. Сондықтан біз балабақшадан бастап ана тіліміздің төлтума дыбыстарын жас ұрпақтарымыздың санасына құюмен бірге кірме дыбыстардың да зияны мен ықпалын оларға нақтылы дәлелдер арқылы түсіндіруіміз қажет әрі латын жазу үлгісіне көшкенде бұл пәле-қазалардан ада-күде арылуымыз керек. Өйткені «Қазақ жерін отарлау 18-ғасырдың орта шенінен ерекше қарқынмен, түрлі «дипломатиялық» байланыстардың қат-қабат қалтарыстарында қалып қойған сұрқия саясат арқылы жүзеге асты. Орыстар айла-шарғының барлық түрін қолданды. Соның бір үлкен бағыты - алдымен мұсылмандық дәстүрді оқытатын мектептерді жойып, орыс әліпбиін енгізуді басты талап етіп қойды» (Мұхтар Құл-Мұхаммед). Екінші бір сөзбен айтқанда, орыстар қазақ қоғамында және түркі тілдес халықтарында болып жатқан әртүрлі көзқарасты байқаған орыс миссионерлері бүкіл түркі жұртының мәдени, рухани құндылықтарын жою үшін, сонымен бірге тілдік болмысын құрту үшін саяси астармен «араб жазуы қолайсыз», «қазақ және басқа түркі тілдерінің дыбыстық жүйесін беруге икемсіз» деген желеумен орыс графикасына негізделген қазақ әліпбилерін және оқулықтарын шығара бастайды. Олар орыс жазуына көшуді насихаттауды орысша оқыған қазақ жастары арқылы жүргізуді көздеді. Өткен ғасырлардағы дәл осындай отарлау саясаты бүгінгі тәуелсіздік алған жаңа ғасырымызда да дәурендеп тұр деуге болады. Сондықтан латын әліпбиіне көшу барысында қазақ тіліне «В» дыбысын кіргізейік немесе «Ф» дыбысын кіргізбесек тіліміз қаран қалады, «Х» дыбысынан айрылсақ қазақ тілі - тіл болмайды, - дейтін кейбір керанау орыстық санадағы жымсымалықтан сақерекше болуымыз қажет.
Әліпби мәселесінде шешілуі қиын болып отырған кедергілер шексіз. Қазіргі орфографияның күрделі екендігінде дау жоқ. Ал күрделі орфография орфоэпияға, айтылымға кері әсерін тигізетіндігі сөзсіз. Сол себепті де жастарымыздың сөйлеу мәнері өзгеріп барады. Қазақтың жалпақ тілі жойылу алдында тұр. Мұның себебін Ә.Жүнісбектің қазіргі әліпбиімізді «қазақ әліпбиі» деп атаудың еш реті жоқ деген сөзінен айқын аңғаруға болады. Өйткені ол қазіргі әліпбиімізді бұл «қазақ әліпбиі» емес, «қазақ-орыс әліпбиі», тіптен ақиқатын айтып «орыс-қазақ әліпбиі» десе де болады, - деген еді.
Нақтылап айтқанда, орыс тілімен қазақ тілі ортасындағы ғасырлық «соғыс» ең алдымен осы екі тілдегі Ә, Ү, Ө, Ұ, І сынды дауысты дыбыстар мен Ғ, Қ, Ң қатарлы төлтума дыбыстар ортасындағы ғасырлық соғыс екендігі айдан анық. Бұл «соғысты» аяқтау үшін біз латын әліпбиіне көшуіміз керек. Көшпеген күннің өзінде, кірме дыбыстардан құлантаза айығуымыз керек еді. Амал жоқ! 20 жыл кешіктік. Сонда да ештен кеш жақсы. Алды-алдымызға тартпай, ана тіліміздің дыбыстық жүйесінен ауытқымайтын, ережелері кемелді, әліпбиі ұлттық дыбыстар негізінде көрнектіленген жазу түрін қалыптастыра алсақ, зор табыс болар еді. Ол үшін біз төмендегі мына түйіндерге баса назар аударуымыз керек сияқты:
1. Кірме әріптерден ада-күде арылуымыз керек.
2. «Бір дыбыс - бір әріптік» ережені қатаң сақтауымыз тиіс.
3. Дыбыстарды таңбалағанда таңбаның қосарлануы және асты, үсті белгілері болмауы шарт.
4. Әсіресе, ұлттық төлтума дыбыстардың таңбасын жан-жақтылы ойланып, тұрақтандыруымыз қажет.
5. Ұлттық дыбыстарымызға таңба ойластырған кезде дәл қазіргі тұста пернетақтада бар латын әріптерін қолдануды негізге алуымыз тиіс.
Сонымен бірге латын әліпбиіне көшу барысында оның емле ережесін айтылым негізінде қазақтың жалпақ тілі тұрғысынан тұрақтандыруымыз керек. Өйтпегенде жаңа әліпбиге көшкендігіміз бос сөз болып қалады. Ол үшін төмендегі мына түйіндерге баса назар аударуға тура келеді:
1. «Дауысты дыбыссыз буын құралмайды» дейтін ережеге қатаң бағыну керек.
2. Кірме сөздерді қазақ тілінің дыбыс үндестігі бойынша ана тіліміздің мәнеріне бейімдеп жазу тиіс
3. Сөздерді айтылымы бойынша жазу керек.
4. «У», «И» қатарлы дыбыстардың жазылуындағы емле ережесіне өзгеріс енгізу тиіс.
5. Өңірлік сипат алатын горлық терминдерді бір жүйеге түсіру қажет.
6. «Үлкен», «күшті» деген сияқты сөздердің әдеби және ғылыми тілде беталбатты қолданылуына тыйым салу шарт.
7. Орыс тілінің әсерінен бұзыла бастаған кейбір граматикалық жүйелерімізді сауықтыруымыз лазым.
Егер біз шет тілінен енген сөздерді өз тілімізге бейімдемей, жасанды жазылымға бой алдыратын болсақ, онда қазақ тілінің негізгі фонетикалық заңы бұзылады да ол сингармонизим мен орфографияға және айтылымға кері әсерін тигізеді.
Ұлт ұстаздарымыздың бірі Ахмет Байтұрсынұлы 1914 жылы «Қазақ» газетіне: «...қазақты орысқа аударамыз деген пікір бәрін бүлдіріп отыр. Школдар қазақ тілін жоғалтып, орыс тіліне түсіреміз дейді. Сол үшін балалар орыс әрпімен оқысын дейді... Хүкметке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі де бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, ал халыққа керегі - өз діні, тілі, жазуының сақталуы», - деп ана тіл мәселесіне жаны қатты ашыған екен. Алаш арыстары бір ғасырдың алдында ана тілі үшін осылай шыр-пыр болғанда, біз егенменді ел құшағында не үшін тіл мәселесіне өте салғырт қарап отырмыз?! Әрине, бұл ерекше ойланып-толғануды қажет ететін мәселе.
Бекқожа Жылқыбекұлы
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетiнің
доценті, ф. ғ. К
Abai.kz