Билiк өзiне ор қазуда
Қыста Болгария тұрғындары коммуналдық төлемдердiң қымбаттауына байланысты наразылық шарасына шықты. Болгарлардың ашынғаны сондай, билiктен қымбатшылықты тоқтатуды талап етiп, бiрқатар талаптарын мәлiмдеген-дi. Тiптi наразылық шарасында өз-өздерiн өртеп жiберген болгарлар да болыпты. Сол болгардың басына бiздiң елдегiдей күн туса қайтер едi?! 12 жыл бойы небәрi 3 есе ғана қымбаттаған коммуналдық тарифтер үшiн дүрлiгiп, болгарлар алаңға шыққан. Ал осынша уақыт iшiнде қазақстандық баға 5-7 есеге көтерiлдi, әлi де тұрақтайтын түрi жоқ.
Өткенде мәжiлiсшiлер монополистерден «халықты қанауын доғаруды» талап еткенсiдi. Бiрақ парламент өкiлдерiнiң бұл сесiне монополистердiң қисайған қылшығын көрмедiк. Керiсiнше, ендi елдегi аймақтық монополистер тарифтi өз қалауынша өзгерте алатын құзыретке ие болды. Бұрынғыдай табиғи монополияларды реттеу агенттiгiнiң рұқсатын күтiп әуре болмайды, қалағанынша бағаның сандарын шимайлай бередi. Тұтынушылардың құқығын қорғауға тиiс агенттiк басшысы "қымбатшылық бiреуге үнемдеудi үйретсе, ендi бiреудiң құбырларын жөндеуiне септiгi тиетiнiн" айтты.

Басқа тауар бағасын тiзгiндей алмай жатқанда, монополистерге берiлген еркiндiк "жығылғанға жұдырық" болмақ. Жақын маңдағы дүкен-базарды аралап, тұтыну тауарларының бағасымен танысып, қарапайым азаматтардың пiкiрiн сұрастырдық. Қымбатшылықтың қазiргi қарқыны билiктегiлердiң өзiне қазған оры болуы мүмкiн.
Әсия апа, зейнеткер:
- Бұрын жылына әрi кетсе екi рет қымбатшылық жайлайтын. Оның өзiнде жұрттың жалақысын көбейтiп барып, басқа бағаны өсiретiн. Ал қазiр не жалақы, не зейнетақыны көбейтiп жатқан жоқ. Есесiне, азық-түлiктен бастап, коммуналды тарифтердiң бағасы күн сайын қымбаттап жатыр. Осыдан бiрер апта бұрын ғана осы "Көкбазардан" сиырдың сүйек-саяғын келiсiн 600 теңгеден алып едiм. Ендi мiне, бүгiн сол сүйектердi 750 теңгеден алып отырмын. Алатын зейнетақым - 30 мың теңге. Оның 10-15 мыңы коммуналды қызметтердi төлеуге кетедi. Қалған 15 мың теңгенiң 1500 теңгесiне етi сылынған сүйек-саяқ, 100 теңгеден 3 келi картоп, 150 теңгеден 3 келi сәбiз, 70 теңгеден 3 келi пияз алам. Макарон, ұн, жарма алуға 2-3 мың теңге, ал күнделiктi нан мен сүтке 5000 теңге жұмсаймын. Осылайша зейнетақымнан әрi кетсе 4-5 мың теңге артылуы мүмкiн. Әрi-берi жүретiн жолыма бұл ақша әрең жетедi. Ай сайын алатын азық-түлiгiм осы ғана. Өзгелер сияқты шұжық, ет, жұмыртқа, көкөнiс, жемiс-жидек дегендi ұмытқалы қай заман. Монополистерге еркiндiк берiлгенi жөнiнде естiп, қаным қайнады. Халықтың ақшасынан жалақы алып отырған табиғи монополияларды реттеу агенттiгi халыққа қарайласпаса, не үшiн қажет? Әлгi Мұрат Оспанов халықтың құқығын қорғай алмаса, агенттiгiмен қоса қызметтерiнен кетсiн! "Жас Алаш" арқылы осы талабымды жеткiзгiм келедi.
Керiмжан, сатушы:
- Осы жерде ескi-құсқы киiм-кешек, заттарды сатып күнелткенiмiзге биыл алты жыл болады. Жасым елуге таяғанда, еш жер жұмысқа алмай, қайыршыға айналудың аз-ақ алдында қалдық. Қаланың қаңғыбастары мен алқаштары (қайдан тауып әкелетiндерi белгiсiз) күн сайын бiзге ескi киiм-кешектер мен заттар әкелiп, бiр бөтелке арақтың құнына сатады. Ал бiз әлгi заттарды жуып-тазалап, 50-60 теңгеден сатамыз. Байқағаным, сатып алушылардың басым көпшiлiгi өзiмiздiң қандастарымыз. Кейде сөздерiнен киiм-кешектi балаларына алып жатқанын бiлесiң. Күнделiктi ең көп дегенде, 2-3 мың теңге табамын. Сол тапқанымды бiр күндiк ас-суымызға жаратамыз. Әйелiм мектепте еден жуушы болып iстейдi. Жалақысы - 40 мың теңге. Бұл ақшаның 25 мың теңгесiн пәтерақысына, 10 мыңын - коммуналды қызмет ақысына, ал 5 мың теңгесiн жүретiн жолына жұмсаймыз. Екi баламның киiмi әлгi алқаштардың дорбасынан табылып жатады. Билiктегiлер үшiн бұл айтқандарымның бәрi өтiрiк көрiнуi мүмкiн. Өткенде бiр шенеунiктiң "елiмiзде күнкөрiсi қиын адам кемде-кем" дегенiн естiдiм. Өкiнiшке қарай, қазақстандықтардың жартысынан көбi қазiр мен сияқты күн кешуде. Осы айдың басында қымбатшылыққа наразылық танытып, көшеге шықтық. Қазiр басқа да азаматтар наразы топқа қосылуға ниеттенiп отыр. Егер шенеунiктер бағаға тоқтау салмаса, мамырдың бiрi күнi митинг өткiзбекпiз. Бұлай қол қусырып қарап отыра беруге болмайды. Жылы үйi, тойымды тамағы, тұрақты жұмысы, сапалы киiмi бар шендi-шекпендiлердi тәубесiне түсiретiн уақыт жеттi деп ойлаймын.
Раушан СЕРКЕБАЕВА,
экономист:
- Баға 2005 жылмен салыстырғанда 2012 жылы 83,4 пайызға өсiптi. Экономикамыз 2012 жылдың қорытындысы бойынша - 2,1 пайызға, елдiң iшкi жалпы өнiмi (IЖӨ) 5,4 пайызға өсiптi. Бұл егер рас болса, халықтың тұрмыс деңгейiнiң жақсарғанын бiлдiруге тиiс. Өкiнiшке қарай, бiзде үкiмет тегiлер айтқан сандар мен шындықтың арасы алшақ қой. Баға шарықтап кетiп барады. Ал жалақысын соған жақындатып жоғарылатқан мекемелердi таппайсыз. Мәжiлiсшi Ж.Ахметбековтiң айтуынша, Қазақстандағы ең төменгi күнкөрiс шегiнiң шамасы Зимбабвеге арналған есептеулерге негiзделiп белгiленген екен. Ендi осыдан кейiн не айтуға болады? Жұрт тамақтана ма, жоқ, коммуналды тарифтерiн төлей ме? Өркениеттi елдерде агенттiк басшысы М.Оспановтың әлгi бiр ауыз сөзi үшiн қызметiнен кетiретiн едi.
Меруерт ХУСАИНОВА
«Жас Алаш» газеті